Қырандар қозғалысы елді бірлікке, ынтымаққа шақыруда. «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысы «Бірлігі мықты ел озады» – атты тақырыппен Қазақстанның барлық аймақтарында жиналыстар өткізіп, маңызды іс-шаралар ұйымдастыруда. 2013 жылдың басынан бері қозғалыстың теңтөрағалары, белгілі қоғам қайраткерлері Марат Нәбиев және Сәдібек Түгелдің қатысуымен 7 облыста жиналыстар жоғары деңгейде өтті. Қырандар Ел бірлігін Ту етіп көтеріп, барша жұртқа үлгі көрсетуде.
Осыдан тура біржарым жыл бұрын республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени «Ұлы Дала Қырандары» атты қозғалыс өмірге келді. 2011 жылдың 11 қазаны күні жаңа елордамыз – Астана қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында өткен қозғалыстың бірінші съезіне қазақстанның барлық облыстарынан 205 делегат қатысып, делегаттардың бірауыздан қолдауымен осы қуатты қозғалыс құрылсын деген ҚАУЛЫ қабылданып, қозғалыстың Жоғары Кеңесі құрылып, екі теңтөраға Сәдібек Түгел мен Марат Нәбиев сайланды. 2012 жылдың 12 қаңтары күні «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қозғалысы ҚР Әділет Министрлігінен мемлекеттік тіркеуден өтті. Бізге «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы Республикалық Қоғамдық бірлестігі деген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы ресми КУӘЛІК табыс етілді. Қазіргі таңда барлық 16 облыстық филиалы мемлекеттік тіркеуден өткізілген еліміздегі бірден-бір қозғалыс осы қырандар ұйымы болып саналады. Төменде тіркеуден өткен ұйымдар тізімі:
1.Ақмола облысы.
2. Шығыс Қазақстан облысы.
3.Қызылорда облысы.
4. Атырау облысы.
5. Алматы қаласы.
6. Алматы облысы.
7. Павлодар облысы.
8.Астана қаласы.
9. Солтүстік Қазақстан облысы.
10. Маңғыстау облысы.
11. Батыс Қазақстан облысы
12. Оңтүстік Қазақстан облысы
13. Қарағанды облысы
14. Ақтөбе облысы,
15.Жамбыл облысы.
16.Қостанай облысы.
Қазір қырандар республика көлемінде қарқынды жұмыстар істеп, жарқын істердің жаршысы, жақсы шаралардың ұйтқысы бола білуде. Марат Нәбиев пен Сәдібек Түгелдің бастауымен және тікелей ұйымдастыруымен Ұлы Даланың Даңқты Тұлпары Құлагерге және ұлттың Ұлы азаматы Балуан Шолаққа ескерткіштер тұрғызылды. Олар бұл шараларды өз қалталарынан төлеп, мемлекеттен бір тиын алмай жүзеге асырып, ел құрметіне бөленген азаматтар.
Қырандар «Ботай» және «Берел» қорымдарында табылған құнды жәдігерлердің ұлттық рухты көтерудегі және Ұлы Дала ойындарын дамытудағы ерекше маңыздылығы туралы» дөңгелек үстел және арнайы … ұйымдастырды. Оған атақты археолог-ғалымдар, тарихшылар қатысты. Олардың ішінде жоба жетекшілері, белгілі археологтар Зайберт Виктор Федорович және Зейнолла Самашевтар да қатысты.
Бұл қозғалыс тағы бір ұлағатты шараны жүзеге асырды. Ол – «Олардың есімдері мәңгілік» – атты өмірден өткен дарынды елордалық қаламгер журналистерді еске алуға арналған мәні де маңызы зор керемет кеш. Кеш 2012 жылдың 4 мамырында Астана қаласында өтті. Кеште өмірден ерте өткен , артына өшпес із қалдырған 14 қаламгер – журналистер еске алынды. Олар туралы бейне фильмдер көрсетіліп, естеліктер айтылды, қызықты концерт қойылды.. Бұл шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі журналистер, қаламгерлер қатысты. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырған «Ұлы дала Қырандары» қозғалысы.
Сонымен қатар, қырандар «Құлагер – Қазанат» – атты әлемде теңдесі жоқ «Ұлы Дала Даңқына» (Музей Славы Великой Степи) арналған мұражай құрылысын салу туралы жарқын бастама көтеріп, жалпы ұлттық АКЦИЯНЫ бастап кетті. Акция аясында жүздеген игілікті шаралар өтеді. Акцияның атауы: «Ұлы Дала – Ұлттық Рух!» – «Великая Степь – Национальный Дух!» – деп аталады. Қазіргі таңда мұражайдың эскиздері дайындалынып, құдай қаласа мамыр айында құрылысы басталады.
Қырандар халықтың өсуіне, демография мәселелеріне көп көңіл бөлуде. Олар 2012 жылдың маусым айының 12-14 күндері қытай қазақтарымен кездесулер өткізіп қайтты. Іссапар сәтті өткізілді. Соның нәтижесінде «Бұлақ көрсең көзін аш» – атты маңызды жоба жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – дарынды балаларды Қазақстанға әкеліп, оқытып, білім беру болып табылады.
Қырандар ұлттық өнерді оның ішінде көкпарды әлемдік деңгейге шығару мақсатында қоғамдық қозғалыстардың ішінде бірінші болып қазақ көкпаршыларын Турцияға апарып, бұл сапар үстіміздегі жылдың 11-15 қазанында Турцияның Денизли қаласында болды. Делегацияны теңтөраға Сәдібек Түгел бастап барған еді. Онда 25 елден 500-ден жоғары спорт шабандоздары қатысып, бақ сынасқан. Осы жарыста біздің көкпар құрама командамыз жүлделі 1-орынға ие болды! Бұл – ел үшін үлкен қуаныш, үлкен абырой, үлкен мақтаныш!
Қырандар әлеуметпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып отыр. Қозғалыстың «Түгел – Медиа» бірлестігі ашылып, оның ішінде «Ұлы Дала Қырандары» атты журналы мен жеке сайты жарыққа шықты. Қазір «Түгел – Медиаға» 7 журнал, 1 газет, 2 баспасөз клубы, 8 сайт қарайды. «Түгел – Медианың» ұраны: «Біз журналистер, біз біргеміз!». Атырау,Маңғыстау Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, Астана, Алматы қалаларында қозғалыстың филиалдарының құрылтай жиналыстары жоғары деңгейде өткізілді. Оларға қозғалыстың теңтөрағалары Марат Нәбиев пен Сәдібек Түгел қатысты.
Атқарған сан – алуан жұмыстардың нәтижесінде қозғалыстың беделі артып, қолдаушылары күн санап көбеюде. Олар елді бірліке, ынтымаққа шықырады.
Тұжырымдап айтқанда, қырандар ұлтқа қажетті барлық шаралармен, жұмыстармен тыңғылықты айналысуда.
Олардың алдында, үлкен белестер мен биік-биік таулар тұр. Қырандар ұйымы – елге, халыққа керек қозғалыс! Олардың мақсаты – ұлтқа адал қызмет істеу! Сол жолда кедергілер мен қиыншықтарға бой бермей, ел үмітін ақтау болып табылады! Қазақстандықтар қырандарды қызу қолдауда!
Қырандардың қанаты талмасын!
Ғайша Сыздықова – Журналист.