Ұлттық спорт пен жылқы шаруашылығын дамытуға арналған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасын орындап жүрген азаматтардың бірімін.
«Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде, жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын.»
Іске сәт жігіттер!
ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВАқорда. 28. 05. 2007 ж.
«Ұлттық спорт» журналының тілшісі Альберт Мүрсәлімовтің сұрағы:
Сәке, ең алдымен «Іске сәт жігіттер!» – атты Елбасының тарихи Алғы сөзінің жазылу сырын айтып берсеңіз дұрыс болар еді? Өйткені, жер–жерде ел азаматтары, атбегілер, шабандоздар, мамандар Елбасының осы маңызды ұсыныстарына ерекше мән беріп, күнделікті жұмыстарында басшылыққа алуда.
Жауап: 2006 жылы Түркияның Стамбул қаласына Кеңес Рақышев екеуміз жазған «ҚАЗАНАТ» кітабы үш тілде басылып жарыққа шықты. Басылым бірден оқырмандардың зор құрметіне бөленді. Атбегілердің қолынан түспейтін, іздеп оқитын шығармасына айналды. Сол кезде үлкен үйдегі тілектес ағалардан: «Жылқы шаруашылығы мен ат спорты үлкен тақырып. Тек ,кітап шығарумен тоқталмай, осы аттас журнал шығарыңдар»-деген ұсыныс түсті. Айтылды , болды, біз бірден «Қазанат» журналын шығаруға кірістік. 2007 жылдың 28 мамыры күні Ақордадан телефон шалынды. – Қайда жүрсіз, жаңа журналыңызға әдейі арналынып ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Алғы сөзі жазылды. Мемлекет басшысы мәтінді оқып , қолын қойды Соны тез келіп алып кетіңіз. Құстай ұшып Ақордаға жеттім. «Бұл жәй ғана қағаз емес, маңызды құжат, Елбасының сендерге берген МАНДАТЫ мен сенімі әрі жауапты тапсырмасы. Сенім биігінен көрініңдер!» – деп ағаларым мандатты қолыма ұстатты. Бұдан шығатын қорытынды мен осы салада ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасын орындап жүрген азаматтардың бірімін.
Сәке, жаңа «Ұлттық спорт» журналын ашуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бірден айтайын, ұлттық спорттың төңірегінде жүрген бауырлар дәл осындай басылымды бұрыннан тосып жүр еді. Соны Сіз, дер кезінде дөп бастыңыз деп есептеймін. Өз тарапымнан маған осы басылымның жауапты редакторлығын сеніп тапсырғаныңыз үшін де көп рахмет айтамын.
Осы орайда, дайындап әкелінген Сізге қояр біршама сұрақтарымнан сауалдарымнан бұрын келісіп алатын менің нақты шартым бар. Ондағы ойым, Сізден ат спортына және жалпы ұлттық спортқа байланысты барынша мол әрі толық мағлұмат алу. Басы ашық мәселе Сіз, Сәдібек Түгел Ұлы Даланың зерттеушісі ретінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық ат спортының ыстығына күйіп, суығына тоңып, соның басы-қасында жүрсіз. Сіз журналымыздың тұңғыш санындағы сұхбатыңызда ұлттық спорттың тарихын, Ұлттық ат спорты Федерациясы мен Қауымдастықтың құрылуын, жеткен жетістіктерін, проблемаларын, кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін жіпке тізгендей айтып берсеңіз бүкіл журнал оқырмандары үшін де түсінікті болар еді. Сіз осы айтылған ұсыныстарым мен шартымды қабыл алсаңыз мен журналды жарыққа шығаруға дайынмын.
Жауап: Шарттарыңызды қабыл алдым. Сауалдарыңызды қоя беріңіз. Мен жауап беруге дайынмын.
Сұрақ: Сәке, қазір бүкіл қазақ халқы, алаш жұрты Сізді ұлттық спорттың ұйымдастырушысы, насихатшысы, белсенді қайраткері ретінде таниды. Айтыңызшы, Сіз ұлттық спортпен қашаннан бері шұғылданып келесіз? Қаражаты мүлдем жоқ ұлттық спортты ұйымдастыру, басшылық жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Сізді кім қолдайды және күш–қуатты қайдан аласыз.
Жауап: Жалпы ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Аллатағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойындарын ұйымдастырумен белсене айналыстым. Содан бері, жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын.
Марқұм ерекше ат құмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді.
ҚАЗАНАТ-ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ
Ол кісі айтып отырушы еді:
– «Қазанатқа қазақтар қарыз. Өйткені, Қазанат – қазақтың қазынасы.Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, Қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады. Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған.». Бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушының бірімін. Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!
Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайтадан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә.
Небір ақиық ақындарымыз қазанаттарға, тұлпарларға арнап сан алуан тамаша өлеңдер шығарған. Соның ішінде Ілияс Жансүгіровтың бір жырын оқып көрелік:
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан.
Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Халықпыз артық көрген атты тақтан.
Қызық-ау біздің бәйге қырда шапқан,
Шыдар ма қазақ қаны ұшып кетпей
Аттарға шаң шығарып келе жатқан?!
Айтыңызшы не деген керемет маржан сөздер! Ілияс ағамыз ерекше жаратылған жан ғой.
ЖЫЛҚЫНЫ ӘЛЕМДЕ ЕҢ АЛҒАШ ҚОЛҒА ҮЙРЕТКЕН БІЗДІҢ АТАЛАРЫМЫЗ
Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолына түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.
Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды.
Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек,
Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек» – деген аталарымыз.
ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫЛАРЫН ҚҰРТУДЫҢ АСТАРЫНДА СҰРҚИЯ САЯСАТ ЖАТЫР
Бұрынғы замандарда жылқының саны көп болған ғой…
Иә, көп болған. Бір-ақ, мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың бас жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік малдың түрлері жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын.
Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны неге күрт кеміді?
Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының астарында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін істелінген қолдан жасалған қылмыс. Оның авторы – Сталин, қосалқы авторы Голощекин деген оңбағандар. Сталин 1926 жылы Қазақстанға басшылыққа Голощекин Ф. И. жібереді. Жарты жылдан кейін оны өзіне шақыртып, тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрайды.
Филип Исаевич, Қазақстанға барғаныңызға бірталай уақыт болды. Жергілікті жұртты Совет Үкіметіне бағындыра алдыңыз ба? – дейді.
Басшысының не ойлағанын жылдам түсінген Голощекин: Иосиф Виссарионович, көшпенділерді тез бағындыру үшін рұқсат алатын ұсынысым бар. Соны сізге айтайын деп едім.
Айтыңыз
Менің зерттеуім бойынша, Иосиф Виссарионович, қазақ халқының мықтылығы миллиондаған бас жылқыларында жатыр. Қазақтар – ер халық. Ал, атқа мінсе тіпті өзгеріп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Ұлан ғайыр созылып жатқан кең далада оларды ұстау қиын. Одан шығатын жол біреу-ақ. Ол – қазақтарды аттан түсіріп, астарындағы асуларын тартып алу.
Логикаңыз дұрыс, Филипп Исаевич, өзімде солай ойлап едім. Шыңғысхан аттарымен әлемді бағындырып ,әйгілі болған ғой. Ұсынысыңызды қабыл алдым. Іске кірісіңіз, тез арада қазақтарды аттан түсіріп, тұлпарларын жойыңыз – деп Сталин нақты тапсырма береді.
Сталиннің тапсырмасын орындауға Голощекин барын салады. Қазақ даласының сәні, қорғаны, ішсе қымыз, жесе тамағы, жылқы малын аз уақытта қырып салады. Міне, мұны рухани жою деп айтады. Сталин мен Голощекиннің қасақана істелген зұлматына шыдамаған бауырларымыз мүмкіндігінше шет елге үдере кетті. Сол кезде қазақ жылқыларының қасақана қырылғаны туралы мәліметтер, деректер архивтерде сақталынған.
Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар.
Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжиңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.
Біз, қазақтар – қазанаттар десек – Алпамыстың – Бойшұбарын, Қобыландының – Тайбурылын, Қамбардың – Қарақасқасын, Исатайдың – Ақтабанын, Абылайханның – Шалқұйрығын, Қабанбайдың Құбасын, Ақан серінің – Құлагерін, Бошайдың – Үш қарасын айтамыз.
ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ, ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ТІКЕЛЕЙ АТСАЛЫСЫП,
ТЕР ТӨГІП КЕЛЕМІН
– Қазанаттар туралы жақсы айттыңыз. Бұл үлкен тақырып қой. Қалғанын келесі сандарда жалғастырармыз. Енді, ұлттық ат спортына оралсақ дұрыс болар еді. Сәке, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ойыны «Ат ойындары» емес пе?
– Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырауластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты.
– Сәке, осы жерде ұлттық спорттың тарихымен таныстырып өтсеңіз. Біздің басылымның оқырмандары – негізінен жастар. Оларға тарихты білу – артық болмас деп ойлаймын. Ұлттық спорт туралы молынан айтып беруіңізді қалап отырмын.
– Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.
Түйіндеп айтсақ, Ұлттық спорт – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы. Ал, мәдениет – ұлт рухы, болмысы!
Ұлттық спортымыз – екі мыңжылдық тарихында, менің зерттеуімде 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.
1-кезең: Дәуіріміздің 6-ғасырынан – 18 ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы 13 ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.
2-кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық 18, 19 ғасырлармен мен 20 ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. Байтал тұрғы бас қайғы заман.
3-кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейін – 74 жыл аралығы. Ұлттық спортымыздың – көлеңкедегі шөп сияқты дамуы.
4-кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаннан бүгінгі күнге дейінгі аралық.
Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.
– Дұрыс айтасыз. «Ат спорты» ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе? Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? Тұңғыш атбегілер . құрылтайы. қашан өткізілді?
– Жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық спорты Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.
Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға арнайы көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды. Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындары өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.
Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министріне хат жаздым:
ҚР жастар ісі, туризм және спорт
Министрі Б.С. Әйтімова ханымға
Ұсыныс хат
Құрметті Бірғаным Сарықызы!
Тәуелсіз мемлекет болғанымызға үш жыл толып, төртінші жылға аяқ басты. Егемендігімізге сай спорттың олимпиадалық түрлері өсіп-өркендеу кезеңін бастан кешіруде. Үкімет тарапынан қажетті қаражат бөлініп, спорт кешендері көптеп салынуда. Бұл сөзсіз қуанарлық жағдай.
Өкінішке орай, мың жылдық тарихы бар, халқымызбен бірге жасап келе жатқан төл спортымыз – Ұлттық ат ойындарымыз – Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, теңге алу, қыз қуу, аударыспақ және басқа түрлері көзге ілінбей, ұмыт қалып тұр. Айтайын дегенім, халықта осы спорт түріне деген үлкен құлшыныс бар, бірақ оны қолдайтын спорт басшыларында, әкімдерде құлық жоқ. Олар ұлттық ойындарымызға үрке қарайды, спорт түрі деп санамайды. Мен оларды мәңгүрттер деп санаймын. Негізгі кемшілік – ережелердің жоқтығы. Сізден сұрарым, біз дайындаған Қазақ Ұлттық ат спортының барлық түрлерінің Ережесін заңды түрде бекітуге және Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясын құруға ат салысуыңыз болып табылады.
Құрметпен,
Ұлттық ат спортының жанашыры,
атбегі Сәдібек Түгел
15 қаңтар 1995 жыл.
Алматы қаласы.
Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен, жарыққа шыққан екі кітабым да ол туралы жазып, рахметімді білдірдім. Әлі де жүрген жерде, газет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін. Өйткені, ол ұмытылмайтын жағдай. Ал, өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсыныс – хатым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізуде. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын. Бұл дегеніңіз оның әділдігін, адалдығын білдіреді. Тілегім,балалары мен немерелерінің қызығын көрсін.
Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің