Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отырған еді, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:
– Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды.
Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімді жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден далаға лақтырып тастады да:
– Апа, осы қиқымның еш нәрсеге керегі бола қалмас?
– Балам, сол да жерде қалмайды,- деді шешесі.
Осылайша олар терезеден далаға қарап сөйлесіп отырғанда манағы мақтаны жел көтеріп ұшырып кетеді де, оны бір торғайдың іліп алып, тістеп ұшып кеткенін байқайды.
Қыз анасынан:
– Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны не қылады? – деп сұрады.
– Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөзімнің келгенін. Сол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді,- деп иүсіндірді анасы.