Белгілі қоғам қайраткері, жазушы-журналист, «Түгел Медиа» бірлестігің басшысы Сәдібек Түгел Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Күнінің қарсаңында «Целиноград ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімі Таткеев Малғаждар Саттарұлы ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Сәдібек ағамызға салтанатты түрде «Целиноград ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті. Ал, тағы бірнеше ауданға еңбегі сіңген тұлғалар Балабеков Ғабдулла Баймолдаұлы, Қожабаев Едіріс Асанұлы, Құсайнов Амангелді Құсайынұлы, Родионов Алексей Александрович ауданның құрметті азаматы атанды. Барлық марапатталған азаматтар бұл өздеріне Тәуелсіздік Күнінің қарсаңында жасалған тосын сый екенін айтып, аудан әкімі Таткеев Малғаждар Саттарұлына өз алғыстарын білдіріп, 85 жыл тарихы бар Целиноград ауданының өркендеп өсе беруіне тілектес екендіктерін жеткізді.
Целиноград ауданына келер болсақ, орталығы Ақмол ауылы Астана қаласының іргесінде орналасқан. Аудан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірі. 1975 жылдан Целиноград құс өсіретін өндірістік бірлестігі жұмыс атқарады. Ауылда орта мектеп, мәдениет үйі, ауданы кітапхана, мектеп кітапханасы, ауданы емхана, АЛЖИР тоталитаризм және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей-мемориалдық кешені мемлекеттік қазыналық кәсіпорны бар. Одан басқа «Ақмола Феникс» АҚ, «Бағысов» шаруа қожалығы, «Вилма – 2» бірлескен компания, 38 жеке кәсіпкерлік орналасқан. Аудан арқылы Астана — Қорғалжын автомобиль жолы өтеді.
Осындай «Құрметті азамат» атақты алуда танымал қаламгердің қай өңірде болмасын елге сіңірген еңбегі зор. Аталмыш Целиноград ауданының құрметті азаматы атануы да елге жасаған еңбегінің көрінісі. 2001 жылдан бастап «Жаңажол» ауылымен тығыз қарым-қатынас орнатып, алғашқылардың бірі болып осы ауылда «Наурыз» тойын, «Воздвиженка» ауылында жабағы жарысы, тай жарысын ұйымдастырып, үлкен қолдау көрсетті. «Жаңажол» ауылының әлеуметтік мәселелеріне барынша мол көңіл бөліп, ауыл тұрғындарының көптен бергі тілегі болған азаматтық қайраткерлігімен өз қаражатына 2005 жылы «Сатый-2» дүкенін ашты. Зейнеткерлер зейнетақыларын ала алмай, тұрғындар газет-журнал оқи алмай жүрген сәттерінде халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, осы ауылға мәселе болған поштаның ашылуына да үлкен септігін тигізді. Сонымен қатар Астанаға келген шетел тілшілеріне арнайы осы ауданда орналасқан АЛЖИР тоталитаризм және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей-мемориалдық кешеніне пресс-тур шарасын ұйымдастыруға ұйытқы болған. Қайрат Сатыбалдыұлымен бірлесіп Сәдібек Түгел ағамыз бұрынғы Рождественский аталған қазіргі «Қабанбай» ауылында бабамыз Қабанбай батырға арналып салынған кесененің бой көтеруіне зор үлес қосқан азаматтардың бірі де бірегейі. Осындай ілкімді істерді атқарған еңбегін ел ескеріп Сәдібек ағамызға өскелең жас ұрпаққа өнеге боларлық ұлт азаматы ретінде Целиноград ауданының «Құрметті азаматы» атағын беруді тұрғындардың өздері ұсыныс жасаған еді. «Ұлы адамның ойында ұлы іс жүреді» демекші бұл атақ Сәдібек ағамыздың аудан үшін жасаған ұлы істерінің бұл жемісі деп білеміз.
Сәдібек ағамыздың атап өткендей ат салысқан еңбегінің бірі – Қабанбай батырға араналған кесененің тұрғызылуы. Қай елдің де қасиетті жері – сол ұлттың мыңдаған жылдарғы мәдениеті мен тарихының шежіресі саналатын осындай батыр бабаларымызға арналып бой көтерген ескерткіштер бүгінгі ұрпаққа өнеге, мол тағылым. Құдайға шүкір, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің тарихындағы талай ақтаңдақтардың беті ашылып, өшкеніміз қайта жануда. Абылай ханның аты аталғанында Қаракерей Қабанбай баһадүр батырдың да есімі еріксіз еске түсетіні ақиқат. Міне, 2000 жылғы 3 қарашада Астана қаласының іргесінде Қабанбай батырға арнап далаға даңқы шыққан биіктігі 25 метрлік көрікті кесене тұрғызылған. Көрнекті қазақ қолбасшысы – Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі Қазақстанның әйгілі назар аударарлық жерлерінің бірі. Бұл Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылдық округінің аумағында Астана қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан.
Сәдібек Түгел – жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астанаға 10 жыл» республикалық байқауындағы «Астана қаһармандары» аталымының жеңімпазы. Бала жастан ат жалын тартып мінген, көкірегі ояу, ұстанымы жоғары ел ағаларының бірі. Ағымдағы жылы асқарлы алпысты алқымдаған Сәдібек ағамызға арналып туған өлкесі Ұлан ауданында арнайы шығармашылық ұйымдастырылды. Сәдібек ағамыз елімізде қазанат ұғымын кеңінен қалыптастырып, төрткүл әлем мойындаған, халықаралық «Кітап өнері» байқауында жеңімпаз атанған «Қазанат» кітабын жарыққа шығарып, Ұлы Даланың тұлпары «Құлагер» ескеркішін тұрғызған нағыз отаншыл тұлғалардың бірі десек артық айтпағанымыз. Сәдібек Түгел 12 кітаптың, 7 деректі фильмдердің, 1000-нан аса арта публицистикалық мақалалардың авторы. Сонымен қатар ұлттық ат спортының, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушы.
Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешендер мен қол бастаған батыр, ел үшін еңбек еткен тұлғаларды халқымыз қашан да көкке көтеріп, есімдері мен өнегелі істерін ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат етіп келген. Сәдібек ағамыздың осынау ұлы істерін халқы ұмытпай, елге сіңірген елеулі еңбегін ескеріп, тағы бір ауданның құрметті азаматы атанып жатқаны зор мәртебе.
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ