Біздің көкпар командасы шетелден абыроймен оралғанын ести сала, Қазақстан Республикасы делегациясының басшысы, Ұлттық ат ойындарының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық Ат Спорты Федерациясының президенті Сәдібек Түгелмен кездесуге асықтық.
– Сәке, жеңістеріңіз құтты болсын!
– Рахмет. Бұл біздің, тек Федерацияның, тек құрама командасының жеңісі емес, бүкіл ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын азаматтардың, жалпы қазақ қоғамының табысы дер едім.
– Осы жарыс туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– 2012 жылдың 12-14 қазанында Турцияның Денизли қаласында әлем елдерінің ұлттық ойындарынан фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 мемлекеттері қатысты. Олар: Америка, Жапония, Мажарстан, Словакия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Албания, Германия, Австрия, Болгария, Грузия, Азербайджан, Литва, Ауғанстан, Латвия, Эстония, Чехия, Франция, Италия, Малайзия, Индия және Түркия. Фестивальға 500-ден астам ұлттық ойындардың шеберлері, спортшылары, шабандоздары, көкпаршылары, палуандары , әр- түрлі ауыр заттарды көтеретін, ауыр автокөліктерді сүйрейтін күштілері күш сынасып, қатысты. Әрбір ұлттардың ұлттық ойындарының 25 түрінен қызықты жарыстар, әсерлі көрсетулер болды. Қазақстан көкпардан құрама команда апарды.
– Оның құрамында кімдер болды?
– Елімізге аттары мәлім, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары, көкпардан спорт шеберлері: Дәулетбек Омбаев, Темірқан Айтбаев, Қазбек Амангельдинов, Мұстафа Уатаев, Бақтыбай Шырынкулов, Еркеғали Мырзабаев. Бас бапкер әрі алаңдағы ойыншы болып Қуан Құрамаев барды.
– Қалай ойнадыңыздар?
– 12 қазан күні Қырғыз Республикасының құрама командасымен ойнадық. Матч өте тартысты әрі қызықты өтті. Өйткені қырғыздар бұл жарысқа қатты дайындалып, қайтсек де жеңеміз деп келген екен. Ол жөнінде маған сол аймақта тұратын қырғыз бауырлар айтты. Біздің жігіттер намысты бермеді, шебер ойнады. Нәтижесінде біз – 10:5 есебімен жеңіске жеттік. Екінші ойын Турцияның көкпаршыларымен болды.Ол да керемет өтті. Есеп 7:2 қазақтар жеңді. Бұл дегеніңіз қазақ көкпаршыларының халықаралық деңгейдегі айтулы жеңісі болып табылады.
– Осы фестивальден алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз?
– Фестиваль өте жоғары деңгейде өткізілді. Үш күн толығымен 500 мың адамдар тұратын Денизли қаласы ұлттық рухта өмір сүрді. Мыңдаған түріктер ойындарды тамашалады, қол соғып қошамет көрсетті. Қазақтың көкпарына деген құрметтері мен құлшыныстары ерекше болды. Түркия үкіметіне алғысымнан басқа айтарым жоқ. Біздің барлық шығындарымызды, баруымыз бен келуімізді солар көтерді. Көкпарға аттар берді. Ең бастысы олар Ұлттық ойындарға арналған «Қызыл жалау» атты сайыс аренасын салып, іске қосқан. Біздің көкпар ойынына өте ыңғайлы. Бір сөзбен айтсам түрік бауырлар рухты көтеретін , ұлттық ойындарын мемлкеттің толық қарауына алған. Оған қаржы аямай жұмсауда. Үлкен әсер алып қайттым. Қазір, өзіміздің ұлттық ат ойындарымызға арналған ұсыныстарымды Серік Ахметов басқаратын Үкіметке жіберуді көздеп отырмын. Қолдайды деп сенемін. Өйткені- ұлттық спорт – ұлттың рухын қайрайды әрі көтереді.
– Сәдібек аға, әсерлі әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен, журналист Ғайша Сыздықова.