20 мамырда Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясында ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
«Ұлы Дала қырандары» РҚБ ұлттық спорт түрлерінің дамуына айырықша мән бергендіктен, бұл кездесуге аталған оқу орнының студенттері ерекше ықыласпен қатысты. Сайлауалды бағдарламасындағы басты ұстаным етіп алған төрт тұғырды жиналғандар алдында тарқатып айтқан қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел : «Мен бағдарламамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты мақсат етіп алғандықтан, барлық кездесулерді ана тілімізде жүргізіп келемін. Халқымыз ана тілі және жер-ана деп неге айтады? Бұл- тіл мен жер тағдырын бөліп қарауға болмайды деген сөз. Демек,ұлттың жаны мен арына баланған мәселеге бейжай қарамайтын ұрпақ ар-намысты бәрінен биік қою керек. Ол үшін жастардың әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөлу қажет. Менің бағдарламамда барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету, жоғары білім және медициналық көмекті тегін беру,зейнетақы көлемін көтеру,жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мәселелері де көрініс тапқан» -деп бағдарламасындағы айтылған міндеттерді рет-ретімен баяндады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиев : «Сәдібек-халықтың нағыз ұлы. Жаңа ғана өздеріңіз естіген төрт тұғырды түгендегеннің өзі неге тұрады? Әркімнің Президенттіке үміткер болуға батылдығы да жете бермейді. Сәдібек мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұмысты да қатар алып жүрген, үлкен шыңдалу мектебінен өткен әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат» ,-десе, белгілі спорт ғалымы және ұйымдастырушысы,педагогика ғылымдарының докторы Анатолий Құлназаров: «Студент-жастарға мұндай қоғамдық бағытта спорт саласында ұзақ жылдар бойы талмай жұмыс жүргізген Сәдібек Түгелдей азаматпен кездесудің өзі үлкен бақыт, жас буын осындай тұлғалардан үлгі алуы тиіс. Мен оның бойындағы бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін табандылық мен жауапкершілік сияқты қасиеттеріне тәнтімін»,-деп сөзін түйіндеді.
Кездесуде сөз алған «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай: «Сәдібектің бағдарламасы ұлттың жанына, діліне, болмысына құрылған»,- дей келе Құлагер ескерткішін орнатқан ерлігіне арнап жазған «Оралу» атты өлеңін оқыса, «Мысль» журналының бас редакторы Аяған Сандыбай,ҚР еңбек сіңірген қайраткері,белгілі композитор Болат Әшірбаев,ақын Алмас Ахметбеков, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевтар Сәдібек Түгелдің жазушылық, қайраткерлік,азаматтық қырларын тілге тиек етті. Тағлымы мол кездесуді белгілі журналист Алма Серікқалиқызы жүргізді.