Турнирді ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің Алматы қалалық сайлауалды штабы ұйымдастырды. Басты мақсат- ұлттық құндылықтар қатарына жататын зияткерлік ойын түріне жас ұрпақтың ынтасын оятып, бұқаралық спорт түріне айналдыру.
Тоғызқұмалақтан Алматы қалалық федерациясының президенті Еркебұлан Халеловтың айтуынша, оның бұл зияткерлік ойын түрімен шұғылданып келе жатқанына 25 жылдан асыпты.
«Қазақстанда тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Ол қазір 20-30 мемлекетке кеңінен тараған. Біздің еліміздің командасы өте жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Өзім бас болып Алматы қаласындағы Арбатта былтыр жаз бойы тоғызқұмалақты үйренгісі келетіндерге кешкі 17-ден бастап , күн батқанша тегін үйреттік. Бұл жас ұрпақтың ой -өрісін дамытуға арналған ойын түрі болғандықтан, тек ресми ғана емес,бұқаралық сипатқа ие болса деймін. Осы бағытта ұлттық ойын түрлеріне басты көңіл бөліп келе жатқан «Ұлы Дала қырандары» РҚБ атынан ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасында ұлттық құндылықтарды жас буын бойына дарытып, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, тіл мен діл, жер,ар-намыс мәселесін бәрінен биік қоямын деген ұстанымдары көңіліме қонады» ,- деді ұлттық спорт жанашыры Еркебұлан Халелов.
«Бұл ежелден келе жатқан ұлттық ойын түрі. Ықылым заманнан бері атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқан бұл ойын түрін мектептерге денешынықтырудан арнайы пән ретінде енгізсе оның одан әрі жанданатынына сенемін. Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Алматыға келіп турнир ұйымдастырып,жастарға ұлттық зияткерлік ойынымыздың маңызын ұғындырып бергендей болды. Өзім осы турнирге арнайы келдім. Ат спорты ойындарын жоғары деңгейге шығарған Сәдібек Түгелдің тоғызқұмалақты да жаппай жас ұрпақтың айналысуына қызығушылық тудырып,дамытады деп ойлаймын»,- дейді түркітанушы ғалым Рақымғазы Құсайынов.
Турнирге қатысушылармен бірге тоғызқұмалақ ойнап,оларды жеңіске жігерлендірген қоғам қайраткері , жазушы Сәдібек Түгел болашақта ұлттық ойынымыздың бұл түрімен жас буын мектеп қабырғасында айналысып, бұқаралық сипатқа ие болуына «Ұлы Дала қырандары» РҚБ айырықша назар аударатынын жеткізді. Сонымен қатар турнирге қатысқан Әл- Фараби атындағы Қаз МҰУ-дің студенттері Сара Жеткерген, Аружан Нартай, Гүлбану Мадияр және Алматы халықаралық сервис және менеджмент колледжінің студенттері Давид Василенко,Әлжан Жұбанғалиев , Алматы ақпарат техникалық колледжінің студенті Данил Захаровтар үздік ойын үлгісін көрсетті.
Еске сала кетсек, тоғызқұмалақ әлемдегі 150- ге жуық зияткерлік ойынның көшін бастап тұр. Ресми деректер бойынша, елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асса, олардың 9 мыңдайы кәсіби спортшылар болса, 190 мыңы мектеп жасындағы балалар.
ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабының баспасөз қызметі.