Дамир-Гауһар

Дамир-Гауһар: «ИншАлла, екі дүниеде де бірге боламыз!»

Адам өміріндегі  аса мәнді  де сәнді  мереке – жастардың үйлену  тойы. Бұл – ұлдың ержетіп, қыздың бойжетіп, кәмелетке толған жастардың өмірден өз орнын  тапқан салтанаты.
«Отан отбасынан  басталады» дегендей, қоғамның  негізі – отбасылық өмір. Ер мен әйел – отбасының екі іргетасы. Ол үйленумен қаланады. Себебі, адам баласы адамгершілік қасиетін, абыройын, намысын үйлену арқылы берік қорғай алады. Ойшыл А.Шопенгауэр айтпақшы: «Үйлену дегеніміз – өз құқығыңның жарымын азайтып, міндетіңді екі есе көбейту деген сөз».

2012 жылдың 11 тамызында елордамыздың астанасы – Астана қаласында дүркіреген той өтті. Бұл той – Алпысбаевтар жанұясының қуанышы. Алпысбаев Хайрулла Кенжебекұлының немересі Дамир және немере келіні Гауһар бүгін шаңырақ көтеріп отыр.

Тілші: Дамир-Гауһар, шаңырақ көтеру тойларыңыз құтты болсын! Ең алғаш танысқан сәттеріңізді еске ала отырсаңыздар…

Дамир: Бұдан бес жыл бұрын Гауһардың сіңлісінің тойында мен куйеу жолдас, Гауһар қыз жолдас болды. Таныстығымыз ұзағынан сүйіндіріп,міне, қол ұстасып, жаңа өмірге аттанып отырмыз.

Тілші: Қазіргі қоғамда екі жастың тез үйленіп, тез айырылысуы «сәнге» айналған сияқты. Ал сіздер махаббаттарыңыздың берік екеніне сенімдісіздер ме?

Гауһар: Иншалла, екі дүниеде де бірге боламыз деп неке қию рәсімі кезінде бір-бірімізге уәде бердік.Сондықтан махаббатымыздың берік екеніне сенімдімін.

Дамир: Менің ойымша, біздің махаббатымыз өте берік. Себебі, үйленгеніміз тек екеуміздің арамызда емес, Алланың алдында, шариғат жолымен бір-бірімізге уәде бердік.

Тілші: Намазды қай жылдан бастап оқып келесіз және өзіңіздің шын ниетіңізбен бе, әлде сізді біреу мәжбүрледі ме?

Дамир: Сұрақ өте орнықты. Бәріміз де қазақпыз, мұсылманбыз дейміз, дегенмен 70 жыл иманға деген қуғындар етек алып, сол себепті ислам жолы шашыраңқы болды. Кейін егемендігімізді алып, одан ғаламтордың дамуы да көп адамдардың көзінің ашылуына септігін тигізді. Ал өзіме оралсам, 2002 жылы әжем намаз оқитын болды, сол кісіге қарап біраз нәрсеге үйрендім. Жүрегім иманға жақын болды. 2008 жылы Гауһармен танысып, иманға деген ниетім күшейе түсті. Содан ораза айы басталды, Құрбан айт дегендей, тағы да көп себептер болды. Осылай 2008 жылдың 12 қыркүйегінен намазға жығыла бастадым.

Гауһар:  Мен таза жолмен жүретін адамдарды көріп, сол адамдарға қатты қызықтым. Сол кезден бастап ислам жолын іздеп, иманға деген қызығушылығым артып, 2006 жылы ораза ұстадым. Міне, осылай  сол жылы намаз оқи бастадым.

Тілші: Алдағы мақсаттарыңыз қандай?

Дамир-Гауһар.Үйлену тойы – ол біз үшін үлкен мақсат. Аллаға шүкір, бірінші мақсатымызға жеттік. Алдағы уақыттағы мақсатымыз – Англияда магистратурамызды бітіріп келу.

Тілші: Ата-аналарыңызға деген алғыстарыңыз болса…

Дамир-Гауһар. Әрине, осы тойдың керемет өтуіне ең алдымен біздің ата-аналарымыз себеп. Көріп отырғандарыңыздай, бәрі мәз-мейрам, жүздерінде күлкі, бәрі де осы ата-анамыздың арқасы. Біз ол кісілерге мың да бір алғысымызды білдіргіміз келеді. Ауырмай бізбен бірге бақытты ғұмыр кешсін дейміз. Біз оларды өте қатты жақсы көреміз!

Тілші: Сұхбаттарыңызға рақмет! Құрған шаңырақтарың биік, босағаларың берік, керегелерің кең болсын!Үйлеріңнің іші жанға, сырты малға толсын! Екі жаққа да сыйлы болыңдар! Денсаулықтарың зор, махаббаттарың баянды болсын!


Назыгүл – Гауһардың анасы: «Балаларыма бақыт тілеймін!»

Тілші: Сәлеметсіз бе?! Тойларыңыз құтты болсын! Астанамызға құда-құдағи болып келіп жатсыздар, көңіл күйіңіз қалай? Жастар жайлы не айта аласыз?

Назыгүл құдағи: Көңіл күйім жақсы, өте қуаныштымын, той жақсы өтті, көңілімізден шықты. Өте ризамын. Енді, алдымен, Дамир ұлымды мақтан тұтатынымды айта кетейін. Ол өте дарынды, ақылды, оқыған. «Болашақ» бағдарламасымен Канадада білім алды. Оқып жүріп шетелдегі көп елдерді аралап, ел танып, жер танып келді. Оқуын үздік бітірді. Келген соң магистратураға Лондонға түсті, сол кездерде бос уақыты болып Гауһар екеуі жақын араласып, бір-бірінің үйіне қонаққа барып жүрді. Содан бері, міне, екеуі бірін-бірі 5 жылдай уақыт таниды.

Ал Гауһар Алматы қаласында туып-өсті. Алматыдағы Қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, Шанхай қаласында жоғарғы оқу орнына оқуға түсті. Міне, бүгінгі күні қолына дипломын ұстап, екеуі жанұя құрып отыр.

Тілші: Осы тойда қандай да бір салт-дәстүр немесе ұлтымызға тән ырымдар қолдандыңыздар ма?

Назыгүл: Қазақ болған соң онсыз, әрине, болмайды. Той арақ-шарапсыз, яғни  «халал» түрде өтті. Оның өзі де бір дәстүр. Тағы да қыз шығарып салу, тойбастар деген сияқтылар көп болды.

Тілші: Қуанышыңызды білдіре кетсеңіз…

Назыгүл: Гауһар – менің үлкен қызым, Дамир да жанұясының үлкені. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, кейінгісі де солай жүреді» демекші, қадамдарына гүл бітсін. Көріп отырмыз қызымыз жақсы жанұяға келіпті. Екеуінің бақытты екеніне көзіміз жетіп отыр.

Тілші: Балаларыңызға айтар тілегіңіз.

Назыгүл: Екі балама бақыт тілеймін. Екеуі де бір бағытта жүрсе екен деймін. Ең бастысы дендері сау болсын, бір-біріне тірек болсын. Бірін-бірі сүйіп, құрметтесін деймін.

Сұхбаттасқан
КОПЕНОВА Мәдина