Қаламгермен кездесу – бұл жазушының кітабымен жүздесу, бұл автордың шығармашылық шеберлігіне назар аудару, автордың жоспарлары жайлы білу. Иә, осындай сәтті естен кетпес кездесу тілдер мерекесіне орай Целиноград ауданындағы №5 Ақмол орта мектебінде белгілі жазушы, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы және Ақмола облысы Целиноград ауданының құрметті азаматы, ҚР еңбек сінірген жаттықтырушысы, ұлттық ат спорты негізін қалаушы, Ұлы Дала қырандары қозғалысының тең төрағасы, бірнеше кітаптың авторы, 7 республикалық журналдардың редакторы Сәдібек Түгелмен арнайы ұйымдастырылды.
Атаулы білім ордасын білікті маман, тәжірибелі басшы Шахарбаев Тойлыбек Атамұратұлы жетекшілік етеді. Ақмолдағы білім ордасын ең іргелі мектептердің бірі деуге болады. Мектепте ұйымдастырылып жатқан іс-шараның дерлігі жоғары деңгейде өтуде. Солардың бірі сәті түскен ауданның құрметті азаматы, белгілі жазушы Сәдібек Түгел ағамызбен оқушылардың жүздесуі еді. Бұл да бір іскер мектеп басшысы Тойлыбек Атамұратұлының оқушыларды руханилыққа, шығармашылыққа баулудағы игі шараларының бірі десе де болады.
Өзекті де өткір шығармаларымен оқырман жүрегінен өшпес орын ала білген Сәдібек Түгелмен өткен сәтті кездесу кеші жоғары деңгейде, өте көңілді өтті. Ең алдымен сөз алған мектеп директоры Тойлыбек Атамұратұлы кешке қатысушыларды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен, Тілдер күні мерекесімен құттықтап, жазушы туралы жас ұрпаққа қысқаша мәлімет айтып өтті. Сәдібек ағамыздың қаламынан топ жарған көркем дүниелер туғаны қалың оқырманға аян. Осы ретте кеш барысында шығармашылығына байланысыты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Сәдібек Түгел негізінде қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер жайлы жазады, қаламгердің қаһармандары – қарапайым азаматтар, тұлғалар, өмірдегі шынайы азаматтар. Кеш барысында жазушы ағамыз оқушыларға өзінің шығармашылық жұмыстары туралы әңгімелеп, оқушылар сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар мектептің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламасы да тамашаланды.
Өз кезегінде саңлақ жазушы Сәдібек ағамыз мектепте оқыған сәттерінен бастап алғашқы қалам тербеп жазушылыққа жетелеген мақаласы жайында да оқушыларға әңгімелеп берді. Әсіресе оқушылардың «жазушылыққа қалай келдіңіз?» деген сауалына жазушының балалық шағынан мектеп жасынан бастап шағын мақалалардың жаза бастағанынан бастау алғандығын жеткізіп, оның жастайынан еңбекқор, патриот, өр екендігін тілге тиек етті. Ең алғашқы жазған мақаласы да ауылдағы 5-6 сынып оқып жүрген кезіндегі совхоз кезінде оқушыларды жаппай қойларды селеуден тазарту жұмысына апарған, селеу тазартқан сәттерін жазуды осы жас қаламгер Сәдібек ағамыз өз жауапкершілігіне алып, май шамның жарығымен басынан өткерген селеу тазарту жұмысын әсерлі жазып, газетке алғаш жолдағанын кеш барысында айтып, марқұм әкесінің жарияланған алғашқы мақаласын бүкіл ауыл тұрғындарына оқытып, сүйіншілеп атпен ауылды айналып шауып шыққанында әңгімелеп берді. Иә, дарынды баласының қуанышына шаттанған әкесі де болашағынан үміт күткені де бүгінде әкенің арманы ақталып, жазушылықтың ұлы жолына түскені де бекер емес. Кеш қонағы, жазушы Сәдібек Түгел қазақ, көркем әдебиеттерді оқу, іздену, еңбектену, арқылы осындай дәрежеге жеткенін, мамандыққа, өз ісіне, адамгершілікте адал болу қағидаларын өмір жолымен ұштастыра отырып, оқушыларға кеңінен әңгімеледі. Жазушы Сәдібек ағамыз өмір жолында сүйіп шұғылданған, жазушылық қаламынан шыққан рухани істері мен өзі қатысқан мазмұнды оқиғалары туралы қызықты эпизодтарынан айтқан әңгімелерін жас жеткіншектер ұйып тыңдады.
Ақмолдағы сәтті кездесу аясында оқушылар өмірі мен шығармашылық жолына арналған кітап көрмесін тамашалап, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Өз кезегінде Сәдібек Түгел ағамыз №5 Ақмол мектебінің оқушыларына: «Сендерге қызыға да, қуана да қараймын. Осы мектепте оқып жатқан сендердің білімдеріңнің де терең екенін сезіп отырмын, менің сендерге айтарым, оқыңдар, еңбектеніңдер, әсіресе, қойған мақсаттарың биік, жетуге бар таланттарыңды, білімдеріңді салыңдар, әрі қарай қадамдарыңа жол ашық деп ойлаймын», -деген аталық тілегін жеткізді. Кездесу барысында жастарды қызықтырған жазушының өмірбаяны мен шығармашылық жолымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерге бар күш-жігерін арнаған белсенділігі қызу пікір өзегіне айналды. Іс-шарада талай ұрпаққа рухани азық болған тырнақалды туындылардың авторы, белгілі жазушымен жүздесуге, келгендердің қарасы қалың болды. Кеш қатысушылары арасында ұстаздар да өз сауалдарын қойып, мол мағұлматқа қанықты. Әсіресе оқушылардың «Құлагер» ескерткішін қалай тұрғыздыңыз? деген сауалына жазушы ағамыз қандай қиындықтарды басынан өткергендігін, мойымай алға қойған мақсаты жүзеге асқандығын кеңінен тоқталып өтті. Замана желімен жарысқан қазақтың қазанаты жайлы жалпы жылқының қазақ өміріндегі орны туралы терең айтып, жылқының құрметіне баршаны мойындатқан атақты Құлагерге арналып орнатылған ескерткіш жайында да тоқталып өтті.
Иә, «Ұлы адамның бойында ұлы іс жүреді» деген осы шығар. Қашанда елдің қамын, ұлт болашағын, ұлттық құндылықтығ ар-намысты биік ұстанған Сәдібек ағамыздың әр қадамы ұлы істермен жалғасып жатқаны үлкен ерліктермен тең. Қай сала болмасын азаматтық іс атқарып, жауапкершілікпен атқаратын адамгершілік қасиеті баршамызға үлгі боларлықтай. Жүздесуде оқушылар ұлттық спорт, Ұлы Дала қырандары қозғалысының атқарған шаралары жайында көптеген сауалдар қойылып, кешке қатысушылар үлкен әсер алды. ұлттық спортты ұлықтап, негізін қалаған Сәдібек ағамыздың қоғамдағы орны де айрықша. Оның ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы әлемді мойындатқан «Қазанат» кітабының өзі қазақ тілді оқырманға ғана емес, ағылшын тілді аудиторияға да жақсы таныс. Жазушының шұрайлы тілде жазылған бірегей туындыларының қатарындағы «Ер туған» повесі, «Астана хикаялары», «Ұлт және азамат», «Додада топты жарған азаматым!», «Астана баспасөз шежіресі», т.б. кездесу барысында ұйымдастырылған көрмедегі кітаптары жайында оқушылар мол мағлұмат алып, зор әсер алып қайтты. Жиылғандар арасында автордың шоқтығы биік туындысы «Қазанат» неліктен бұлай аталғандығын сұрағандар көп болды.
Автордың әрбір сөзі даналыққа ұласып, ұлттық құндылыққа, жастардың отансүйгіштікке, рухы жоғары, тәрбиелі, қыздарымыздың ибалы, ер азаматтардың намысшылдыққа деген айрықша құрметпен қарауды ескерткендей болды. Ұлтжанды азамат ретінде қоғамдағы атқарған іс-шараларына да қысқаша тоқталып өтіп, жастардың ой елегіне руханилықты сала отырып, қаламгер біздің туған Жер-Анамыздың алдындағы перзенттік парызымыз туралы айтып өтті. Әрбір сауалға байыппен, зор ықыласпен жауап берген жазушы Сәдібек Түгел ағамыз жиылғандарға өзінің ризашылығын да білдіріп жатты. Кездесу кешіндегі ой-пікірлер сонымен қатар шынайы өмірдегі, тіршіліктегі түйткілді жайттарға ойысып, бүгінгі күндегі жастар арасындағы өзекті мәселелерге де кеңінен баяндалды. Кеш барысында Сәдібек Түгел басқарып отырған «Түгел медиа» ұжымы әзірлеген жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы слайд көрсетілді, соңынан оқушылар мен мұғалімдер ризашылығын білдіріп, жазушы ағамен естелікке суретке түсті. Кешті ұйымдастырған мектеп директоры Шахарбаев Тойлыбек Атамұратұлына жазушы өзінің жазған «Қазанат» кітабын тарту етіп, кешті ұйымдастырған мектеп ұжымына, ұстаздарға алғысын жеткізді.
Бүгінде дәуір дүрмегін дөп басқан туындыларымен қалың оқырманның ықыласына бөленіп, қоғамда белсенділік танытып жүрген Сәдібек Түгел ағамыздың әрбір шығармасы шынайылығымен, ерекше көркемдігімен құнды, атқарып келе жатқан ұлы істері де қашанда маңызды, мәнді. Сәдібек ағамыздың шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Сондықтан біз халқымызға сіздей ұлтжанды ер азаматты сыйдай бергені үшін Тәңірге рахмет айтамыз! Деніңізге саулық тілеп, шығармашылығыңызға табыс, биік белестерден көріне беріңіз демекпіз! Қабілет-қарымы алғашқы әңгімелерінен-ақ танылған дарынды жазушы табиғи болмысын жоғалтпаған қарымды қаламгер десек артық айтпағаным. Оның осы болмыс-бітімі өзінің кейіпкерлерінің бойынан менмұндалап тұрады. Сонысымен де қоғамдағы өзекті мәселелерге ой тастап, қозғау салған пікірлері де тұщымды жазылған туындылары да тартымды, сонысымен де оқырманға қажет дүние.
Дидар Нұржігіт.