Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға атаулы «Алматы тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалінде жүлделі 2 орынға ие болған талантты жас ақын, шығысқазақстандық өрен Қызырбек Дүргінбай бауырымыздың Зуха батыр рухына арналған «Қаралы жыр» туындысын ұсынамыз.
Қаралы жыр
(Зуха батыр рухына)
Жаттанды әнін жарық күн тәмам қылып
Көлеңкелер қарайды маған күліп.
Батқан күннің артынан баспалап кеп,
Бар ойымды бас салды қараңғылық.
Тарам – тарам тағдырлы ой таратардай.
Құрқылдайды құзғын құс қара таңдай.
Бассыз кеткен бабамды жоқтағандай,
Бүрген түбі бүріскен қара торғай.
Қайғысы бар өзіндік қаралы олда.
Тоз – тоз болған торғайда пана барма?!
Ұры ажалдан жасыған рухымды,
Қарқ – қарқ етіп шоқиды қара қарға.
Тәлкегімен тағдырдың таласып ар.
Қарауытқан көз алдым қара шұбар.
Көлеңкенің ішінде көлбеңдейді,
Кесілген бас көзінде наласы бар.
Қап – қара түн қолымда қара қалам.
Қаралы жыр оқиды дала маған.
Жаралы ойдың соңында жалғыз нүкте,
Бабам басы секілді домалаған.
Жіберердей мына түн ақымақ қып.
Сыр бермейді мәңгірген атырап түк.
Қаралы ақын хат жазып отыр әне,
Жыртып алып жүрегін жапырақ қып.
Қилы тағдыр көңілді етті сынық.
Кеудемдегі шер болған кекті ысырып.
Қаламымның ұшынан құлаған мұң,
Қара өлеңнің ішіне кетті сіңіп.
2016 жылдың 7 қазан күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында шетелдік және қазақ жастары арасында «Алматы тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты өнер фестивалі өтті.
Өнер додасында термешілер арасындағы сайыста бас жүлдені Қытай Халық Республикасынан келген Сәулежан Тақзия иеленсе, 1-орын Өзбекстаннан келген Бауыржан Ермекбаевқа, 2-орын Қытайдан келген Алтыншуақ Төлегенқызына, 3-орын Сәния Өнерханға бұйырды.
16 ақын қатысқан мүшайрадан бас жүлдені Әділет Ахмет «Атажұрт» өлеңімен жеңіп алса, 1-орын Айжан Тәбаракқызының, 2-орын Қызырбек Дүргінбайдың, 3-орын Еркебұлан Қолғанаттың еншісіне бұйырды.
Ал көркем сурет номинациясынан Үйсін Тұрсынбек бас жүлдені иеленді. Қылқалам туындысымен ерекшеленген Аршын Қабылбек 1-орынды, Ержан Юспуов 2-орынды, Жалын Бауырхан 3-орынға қол жеткізді.
Айта кетейік, фестиваль аясында Зұқа батырдың туғанына 150 жыл толуына орай, оның ұрпақтары тарапынан тағайындалған сыйлықтар арнайы жас өнерпаздарға тапсырылды.
Айта кетейік, аталған фестиваль шетелдегі дарынды қазақ жастарының бейнелеу, поэзия және музыка саласындағы шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
Оған 35 жасқа дейінгі жастар бұрын еш жерде жарық көрмеген туындыларын ұсынды. Сайыста суретшілер мен термешілер еркін тақырыпта, ал ақындар мүшәйраға ұсынылатын 3 өлеңінің екеуін отаншылдық пен Зуқа батырдың 150 жылдығына арнады.
Зуқа батыр Сәбитұлы (1867, Зайсан көлінің маңы 1928, Қытай, Көктоғай қонысы) Қытайда тұратын қазақтар арасынан шыққан қоғам қайраткері, батыр.
Зуқа батыр туралы 3 тарихи роман жазылған. Атап айтқанда, Қажығұмар Шабданұлының түрмеде отырып жазған «Пана» романы, Батырхан Құсбегиннің «Зұқа батыр» және Байахмет Жұмабайұлының «Сағыныш» романы.