Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы. Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан.
1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы – Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. Кенесары Қасымұлы өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеттігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатқан.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды жойып, қазақ елін ресейдің қоласына бағындыру саясаты негіз болды. Ресей патшасының қазақтың ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп беруі, жергілікті халыққа ауыр салық салуы ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясына қарсы наразылықты Ғұбайдолла сұлтан бастап, кейін оны Саржан сұлтан мен Қасым сұлтан жалғастырып екеуі де қаза тапты. Әкесінің бастаған ісін жалғастыруға Қасым сұлтанның ұлы Кенесары шығып, қазақ елін соңынан ертіп, қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтты. Ол алғашқыда дипломатиялық қадамдар жасап, бірінші Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдап, онда : «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», – деді.
Ал 1837 жылғы желтоқсанда І Николай патшаға «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады, біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп хат жазды. Алайда бұл талап орындалмай, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, оны сақтап қалудың жолы соғысып тартып алу екендігін түсінді. Сондықтан да соғысқа жан жақты дайындалып, жасақ жиып, қару-жарақ соғып, зеңбірек құюға кірісті. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық Үш жүздің руларынан сарбаз жинап, әскери іс-қимылда: Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Қошқар, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды.
Үш жүз қазақтарының бодандыққа қарсы күреске белсенді қатысуы орыс патшасын қатты алаңдатып, көтеріліске қарсы күрес жүргізбекші болды. «Бір мемлекетте екі патша болмайды» деген қарарға қол қойған орыс императоры Николай бірінші 1843 жылдың 27 маусымында Кенесарыға қарсы кең ауқымды әскери жорық жасау туралы шешім қабылдады. Көтерлісшілерге қарсы патша армиясының ең озық қарумен қаруланған тұрақты жасақтары және А. Жантөрин, Б. Айшуақов секілді патшаға бағынған сұлтандар бастаған қазақ атты әскері жіберілді. Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды. 1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағын жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Бұдан кейін Кенесары өз ордасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды.
Орыс патшасы Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген соң қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқан хандығы мен қырғыздарды айдап салып, Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қойып шағыстыруға тырысты. Қазақтың сатқын сұлтандарын Кенесары ханның соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлығымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
Азаттық үшін шайқаста Кенесары хан қырғыз манаптарының өзіне қосылып бірігуді талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған қырғыздар оған мойынсұнбады. Кенесары хан оларға шабуыл жасап, осы жорықта өз жақтастарының опасыздығы салдарынан Кенесары мен Наурызбай дұшпандардың қолына түсіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында айуандықпен өлтірілді. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.
Абылай ханның ұрпағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середа өз зерттеулерінде: «Кенесары хан өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары хан ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады»,-деп жазды.
Кенесары ханның кесілген басы жеңістің дәлелі ретінде Омбыға, патша басшылығына жеткізілгені белгілі. Мұны Әлихан Бөкейхан «Сұлтан Кенесары Қасымовқа байланысты тарихи материалдар» атты 1923 жылы Ташкентте жарық көрген кітабында жазып кеткен.
Кенесарының кесілген басына иелік етуші қырғыз манабы Жантай Қарабековке «бүлікші ханның басын орысқа тарту ет» деп ақыл берген қазақ ру басыларының бірі Сыпатай мен Рүстем сұлтан болыпты.
Соңғы рет Кенесарының басы Омбыда болған. Оны тек көріп қана қоймай, қарауылдық қызметте оны күзеткендердің бірі – аты аңызға айналған сол ханның немерелес туысы және сол кезде Омбы кадет корпусының курсанты болып жүрген Шоқан Уәлиханов. Бұл турасында Шоқанның кадет корпусындағы досы әрі кластасы, белгілі ғалым-этнограф Григорий Потанин өзінің естеліктерінде егжей-тегжейлі жазған. Қасым ханның бас сүйегі, Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада, немесе Эрмитажда сақтаулы деген таңылмалы пікір айтылып келеді.
Алайда, Кунсткамера мен Эрмитаждан ханның басы туралы бір де бір тарихи құжат не мәлімет табылмады. Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография мұражайы (АЭМ) директорының орынбасары Ефим Резван: «Өкінішке қарай, мүмкін бақытқа орай, әлемдегі Кунсткамера туралы айтылғандардың бәрі шындыққа жанасады, біздің қорымыз өте бай. Ол қор расымен де 300 жыл бойы жинақталған. Бізде шынымен де көптеген өте қызықты экспонаттар бар. Бірақ, дәл қазір әңгіме болып отырған Кенесары ханның басы Кунсткамерада жоқ және ешқашан болған емес», – деп түйіндеді. Зерттеушілер Кенесары ханның бас сүйегінің соңғы болған жері Орынбор қаласы болғандықтан оны осы жерден іздеуді жалғастыруда.
Қазақ халқының тарихында Кенесары хан, елінің тәуелсіздігін, дербес мемлекеттігін қалпына келтіру, халқының басын біріктіріп тыныш бейбіт өмірге жеткізуді мұрат тұтып, сол мақсатқа жету жолында өмірін де құрбан еткен, дарынды қолбасшы, саясатшы, қайраткер есебінде халқының жадында қалды.
Бүгінде Кенесары азат еткен Ақмола бекінісінің орнында Қазақстанның елордасы -Астана тұр. Астананың төрінде Хан Кенесарының аттың үстінде отырған мүсіні қойылған. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет атанғанына 20 жыл толып, Кенесары ханның арманының орындалғанын халқы тойлап жатыр. Келер жылы Кенесары ханның туғанына 210 толады.
Альберт Мурсалимов