Біз, қырандармыз!

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тең төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, ұлт мақтанышы Марат Әскенұлы Набиев«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тең төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, ұлт мақтанышы Марат Әскенұлы Набиев:

Біз, қырандармыз!

– Марат аға, балаларға арналған әдеби-танымдық республикалық «Құлыным» журналына сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет айтамын.

Неге келіспеймін. Біздің осы қозғалысты құрудағы негізгі ойымыздың бірі – жастардың жарқын болашағы үшін күн демей, түн демей жұмыс істеу. Сондықтан да балалар, жастар тақырыбы біздің қозғалыс үшін өте қасиетті есепте. Өйткені жастар – біздің болашағымыз. Қазіргі таңда балаларды қалай тәрбиелесек, үйретсек болашақта еліміз сондай мықты болады деп ойлаймын. Осы ретте айтарым, біздің қоғам балалар басылымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.

«Ұлы дала қырандары» қозғалысын ашу қандай идеядан бастау алды? Бірлестіктің құру жұмыстарын қашан қолға алдыңыздар?

Бұл жерде мен мына ақпаратты айтып өтейін. 2000 жылдың басында елімізде «Менің Қазақстаным» атты қозғалыс болды. Сәдібек Түгел екеуіміз соның жұмыстарына белсене араластық, жуан ортасында болдық. Мен осы қозғалыстың Астана қалалық филиалының төрағасы болдым. Белгісіз себептермен «Менің Қазақстаным» қозғалысы 2001 жылдың соңында жабылып қалды. Бір сөзбен айтқанда есіл еңбегіміз еш болды. Сол кезде қазіргі қозғалысымыздың тең төрағаларының бірі, қалың ел-қазақтың құрметіне бөленген Сәдібек Түгел досым екеуіміз болашақта жаңа бір құрылым, жаңа бір қозғалыс ашамыз деп келістік.

– Қозғалыстың атауы жөнінде айтып берсеңіз?

Жақсы сұрақ. Сол кезде біз қозғалыстың атын Ұлы далаға байланыстырып қоямыз деп шешкенбіз. Себебі, Ұлы дала ұлттың ұлағатты мекені ғой. Біздің халық осы Ұлы далада өсіп, Ұлы далада өркендеп келеді. Талай-талай, қилы-қилы замандарды бастан өткізді. Қазақ не көрмеді. «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламаның» кесірін де басынан кешті. Біз бүгін әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орында тұратын мекенде тұрып жатырмыз. Ол жайдан-жай емес. Қаншама қан төгілді. Біздің батыр аталарымыз Аттила, Шыңғыс хан, Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбайлар қасық қандары қалғанша күресіп осы жерімізді қорғап қалды. Екіншіден, Ұлы далаға «қырандар» сөзін қосуымыздың да мәні бар. Қазақта «Жапалақ жемін басып жейді, қыран құс шашып жейді» деген қасиетті қанатты сөз бар. Біздің халық қыран мінезді халық. Міне, сондықтан да бірлестігіміздің атына «Ұлы дала қырандары» деген жақсы ат қойдық. Өзімізге де ұнайды, басқаларға да ұнайды.

– Қозғалыстың мақсаты мен жоспарлары қандай?

Осы жасқа келгенше Отаныма, халқыма, артымыздағы өсіп келе жатқан  ұрпағымыз  үшін қандай жұмыс тындырдым, олар қандай елде, қандай заманда өмір сүреді,  деп  өз-өзіме есеп бердім. Біздің таяудағы мақсатымыз – шет елдердегі бауырларды елге қайтаруымыз,   халқымыздың жеделдетіп көбейуіне, әйелдеріміздің бала тууына барлық  жағдайды жасап, санымызды   40 миллионға жеткізуіміз керек. Шет елден біреу келсе төрге шығарып, жерімізді басқа да сұрағандарын беріп  өзіміз босағада қалып қоямыз. «Түркімен төрін бермес»  деген сөз бар. Біз де басқа елдер секілді  төрімізде өзіміз отыруымыз керек. Біздің қозғалысымыздың басты мақсаты барымызды жоғалтпай, халқымыздың рухын көтеріп, қолда бар игілікті одан ары дамытып елді байлыққа, бақытқа жеткізу. Қазақстан халқын Қазақстан байлығының шын иесі ету. Болашақ ұрпағымыз, жасаған игі істерімізді ризашылық сезіммен еске алатындай, құрмет тұтатындай жұмыстар жасау.

Келешек ұрпақтарға байланысты айтар болсам, ана мен балаға барлық материалдық, моральдық жағдайды жасау.  Көрші Ресей елінің тәжірибесін енгізу арқылы әр туған бала үшін 8-10 мың  доллар көлемінде сыйақы, баланы бағуы үшін  90 мың теңге (орташа жалақы) ай сайын жәрдемақы берілуі қажет дегендерді жоспарға алып отырмыз.

– Біздің оқырмандарымыз-балаларға деген ізгі ниетіңізді айта кетсеңіз?

«Құлыным» журналының мақсаты жеткіншектерді отансүйгіштікке, батырлыққа, батылдыққа тәрбиелеу болса біздің қозғалыстың да көздегені сол. Бала – біздің болашағымыз. Біз олардың ертеңі үшін аянбай тер төгу арқылы ұлтымыздың ертеңін одан сайын көркейтуге үлес қосуымыз керек. Жастарымыздың жанары қырандай от шашып, парасатқа толы кеудесі Ұлы даламыздай ұлан-байтақ кең болып өссе сол біздің арманымыздың орындалғаны.

Әңгімелескен
Майгүл СҰЛТАН

«Құлыным» журналының анықтамасы

Марат Әскенұлы Набиев – ел құрметіне бөленген азамат. Ол жастайынан батыл, алғыр және тапқыр болып өсті. Жаны жақсылыққа, ізгілікке құштар Марат  Әскенұлының өмірі ұрпаққа үлгі, ұлтқа өнеге. Ол Балуан Шолаққа ескерткіш тұрғызды. Мыңдаған адамдарға, оның ішінде жастарға қамқоршы, сүйеуші болып келеді. Ол шахматтан жастар арасындағы әлем чемпионы Дәурен Сәдуақасовтың бас демеушісі. Жас талант иесі, скрипкашы Руслан Тұрымтаевтің де қамқоршысы болып келеді. «Құлыным» журналының барша оқырмандары атынан Марат Әскенұлы ағамызға рахметімізді айтамыз. Сізге мықты денсаулық, мол бақыт, ғұмыры ұзақ жас, жаңа жетістіктер мен жеңістер тілейміз! «Ұлы дала қырандары» қозғалысының жолы ашық болсын! Қырандарының қанаты талмасын!

Құрметпен: «Құлыным» журналының ұжымы

Сондай-ақ, оқыңыз

«СӘДІБЕК ТҮГЕЛ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ»

  СҮЙІНШІ!!! Лайықты бірегей тұлға, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел ағамыз «Үздік қоғам қайраткері» номинациясында жеңімпаз …