Жәнібек Нұрбекұлы, кино режиссері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Astana film» Жастар киностудиясының директоры:
МАҚСАТЫМЫЗ – САПАЛЫ, ҒҰМЫРЫ ҰЗАҚ ТУЫНДЫЛАРДЫ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛУ
– Сәлеметсіз бе, Жәнібек Нұрбекұлы! Ең алдымен жас достарымызды өзіңіз басқарып отырған «Astana film» Жастар киностудиясымен таныстыра кетсеңіз?
– 2004-2009 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан Анимация режиссеры мамандығын тамамадаған соң бірден Астанаға келдім. Өнердің қайнап жатқан қазаны рухани астанамыз-Алматыда бола тұра жастардың қаласы елордамыздан жұмыс бастауды бес жыл бірге оқыған досым Адай Әбілдәнов екеуіміз де жөн деп санадық. Сонымен, «Astana film» Жастар киностудиясын құрдық. Қазіргі кезде біз қазақ мультфильмін дамыту мақсатында «Қазақфильммен» келісім-шарт жасай отырып қызметімізді жалғастырудамыз.
– Бүгінге дейін қанша мультфильм жасадыңыздар?
– 2010 жылы алғаш рет «Қазақфильмнен» «Аңшы» анимациялық фильмін жасау тапсырысын алдық. Бұл суырдың пайда болуы туралы аңызға негізделіп жасалған мультфильм. Оның сценарийін Адай Әбілдәнов екеуіміз өзгертіп жаздық. «Аңшы» 2011 жылы Алматыда өткен «Бастау» Халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алса, сол жылы қыркүйекте Қазан қаласында өткен Халықаралық Ислам елдері кинофестивалінде екі арнаулы сыйлыққа ие болды. Ал, 2011 жылы «Оттан жаралғандар» атты туындыны дүниеге әкелдік. Ол Таласбек Әсемқұлов сынды үш кісінің жазған «Оттан жаралғандар» деген шығармасына негізделіп дайындалды. Бұл екі анимациялық фильмнің де қоюшы режиссері Адай Әбілдәнов.
– «Аңшы» мен «Оттан жаралғандардың» оқиға желісі қалай?
– Біріншісінде, елін аң аулаумен асырап отырған батыр аңшы бас кейіпкер ретінде алынған. Жұртын жұттан аман алып қалған аңшының ержүректігіне тәнті болған ауыл баласы «мен де аңшы болсам» деген арманның жетегінде жүреді. Уақыт өте келе елін аң аулап асырап жүрген аңшы қанқұйлылыққа басады да, аңды құрту құмарлығына айналады. Сол кезде аңшы болуды аңсайтын бала садағын лақтырып жіберіп, аңшы болғысы келмейтіндігін білдіреді. Ауыл ақсақалы тоқтау айтса да құлақ аспаған аңшы мойнындағы қасиетті тұмарды да үзіп тастайды. Оны көрген аң тәңірі – Арқар аңшыны суырға өзгертіп жібереді. Сол кезде бүркіт келіп суырды іліп әкетеді. Ал басқаларының бәрі аман қалып, көңілді, тыныш орта өз тіршілігін жалғастыра береді. Жалпы, бұл қысқа метражды мультфильм арқылы жер бетінде жауыздықтың ұзақ жасамайтындығын көрсетіп, балаларды мейірімді болуға шақыруды мақсат еттік. «Оттан жаралғандарға» келетін болсам, бұнда Абылай ханның Көкбалағы суреттелу арқылы адам мен жылқының ажырамас байланысы оқиғаға өзек болады. Ханмен бірге өсіп, жақын серігіне айналған аты Көкбалақтың өлімімен аяқталатын туынды шаманизмнің қағидаттарымен де таныстырады.
– Қазақтың мультфильм қоры көңіл құлазытарлықтай жайдан құтыла алмай отыр десек артық айтқандық болмас. Тіпті, рухымыз бен болмысымызды, салт-дәстүрімізді насихаттайтын саусақпен санарлық ұлттық анимациялық фильмдерімізді көрсетуге келгенде телеарналарымыз құлықсыз сияқты. Керісінше, шетелдің көп сериялы мультфильмдері телеэкраннан түспейді. Сіздер жасаған мультфильмдер көрерменге қалай жол тартуда?
– Шынымен де сіз айтып отырған жайларды бүгінгі қазақ мультфильмінің тағдыры деп есептесек те болады. Ең алдымен, бізде шетелдегі сияқты мультфильм индустриясы жоқ. Мәселен, шетелде арнайы мультфильм индустриясы бар. Онда бала психологтары, әлеуметтанушылар, педагог мамандардың басын қосқан топ жұмыс істейді. Сол себепті де олардың мультфильмдері тартымды болып шығады. Біз Қазақстанда да сапалы қазақ анимациялық фильмдерін көптеп жасауға болатынын дәлелдеуді көздеп отырмыз. Өйткені, «қазақтың қандай мультфильмін білесіз» деп қай қазақ баласынан сұрасаңыз да Әмен Әбжанұлы атамыздың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты ең алғаш жасалған мультфильмді айтады. Одан өзгесін жұрт біле бермейді. 2005 жылдан бері анимация саласында жақсы беталыс бар. Елбасы тікелей араласып, тапсырма да берді. Қазір «Қазақфильм» тарапынан «Ертөстік» атты толық метражды мультфильм жасалып жатыр. Алайда, осыларды телеарналардан көрсетуге келгенде қаржы мәселесі көлденеңдей қалатыны шындық. Отандық арналарымыз үшін келісе отырып жаңа анимациялық фильмдер жасатқаннан гөрі шетелдің әрі арзан, әрі жасалуы ұзақ уақытты қажет етпейтін анимациялық фильмдерін, яғни, Жапонияның осыдан он жыл бұрын түсірілген «қоқыс сандығындағы» сериалды мультфилімін ала салу тиімдірек сияқты. Олар үшін ұрпаққа пайдалы нәрседен гөрі аудармаға азын-аулақ тиын-тебен ғана төленген су тегін дүниемен балаларды алдай салу ұтымдырақ, байқағаным. Біз де бұдан екі жыл бұрын «Астана» телеарнасына, «Қазақстан» ұлттық арнасына өз жобаларымызды көрсеттік. Олардың бәріне ұнады. Алайда, жоғарыда айтқан себептерге байланысты тұмсығымыз тасқа тиіп қайттық. Алдағы күнде «Балапан» арнасы арқылы көрермендерімізге жол тартсақ деген оймыз бар. Бірақ, олар не дейтінін кім білсін?!
– Мультфильмдер қалай жасалады?
– Елдің бәрі «Мадагаскар», «Шрек» сияқты толық метражды мультфильм жасауды армандайды. Ол дұрыс-ақ, бірақ, мультипликация өте қажырлылықты, шыдамдылықты қажет ететін ауыр мамандық. Бір секундтың ішінде жиырма бес кадр, яғни жиырма бес парақ сурет кетуі керек. Бірақ біз Қазақстанда он екі кадрдан жасаймыз. Оның сыртында оның бояуы, қозғалысы, дыбысы, біріктірілуі тағы бар. Мысалы, бұрылуға кеткен бес секундтық қимыл қозғалысын аниматор бір ай немесе екі бойы жасаған болуы мүмкін. «Бүкіл өнер саласы дамып ең биік шыңына жеткен кезде анимация саласының дамуы енді басталады» деген сөздің өзінен мультфильм жасау деңгейінің қандай екенін білуге болады. Кино саласы қанша дамығанмен анимацияға кеп тіреледі. Өйткені онда мүмкіндіктер өте жоғары. «Аватарды» алып айтсақ, ол да компьютердің анимациялық техникасының барлық мүмкіндігін қолдана отырып жасалған фильм. Әлемге әйгілі Уолт Дисней мен Пиксардың өнімдеріндегі бір мультфильмнің өзін жасауға бірнеше мемлекет атсалысады. Мәселен, бүркіттің ұшқанын Франция, аттың шапқанын Ресей, тағы бір қозғалысты Түркия жасайды деген сияқты.
– Сонда «Astana film» Жастар киностудиясы тек анимациялық фильмдер жасаумен ғана айналысып жатыр ғой?
– Жоқ. Біз көркем фильмдер жасауды да жоспарлап отырмыз. Жақында ғана, Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында «Замана желімен жарысқан – Қазанат» деректі фильмінің тұсауын кестік. Бұл фильмді Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгелдің шығарған «Қазанат» кітабінің желісімен ұлттық құндылықтарды ұлықтау, бүгінгі тәуелсіз еліміздің осыншама кең байтақ жерді еншілеп қалуына жылқы түлігінің атқарған рөлі зор екендігін көрсету, сондай-ақ, Ұлттық ат спорты ойындарын насихаттау мақсатында түсірдік.
– Жүзеге асырсақ деген жоспарларыңыз қалай?
– Әрине, «армансыз адам қанатсыз құс» дейді ғой. Алдағы жоспарларымыз да жоқ емес. Қазіргі кезде анимациялық фильмдер жасау жағына басымдылық берудеміз. Қаржы жағынан мүмкіндіктер болып жатса «Аңшының» толық метражын жасау ойымызда бар. Сонымен қатар, көркем фильмдер түсіруді қатар алып жүруді мақсат етудеміз. Бір қуантарлық жай, жоғары оқу орындарында анимация кафедралары ашылып, мамандық ретінде қаралып жатыр. Өйткені сауатты оқыған адам ғана сапалы, ғұмыры ұзақ туындыларды дүниеге әкеле алады. Ал әуесқойлық тек қана әсемдік ретінде бір жарқ етіп жоқ болатыны ақиқат. Сондықтан да, Астана қаласындағы Өнер университетінен Анимация мамандығы бойынша факультет ашып, шәкірт тәрбиелеуді көздеп отырмыз. Білгенімізді бауырларымызға үйрету парыз деп есептеймін.
–Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен
Майгүл СҰЛТАН