Республикалық ЖИТС алдын алу және күрес Орталығының мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда АИТВ-ның өсу қарқыны елімізде үш есеге төмендеді. Соңғы 10 жыл ішінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өлім-жітімі 2,6 есеге азайды, ал анадан балаға берілу жағдайы 4 есеге азайды. Соңғы 10 жылда АИТВ-ға тестілеумен қамту 2,5 есеге өсті, әрбір алтыншы тұрғыны өзінің АИТВ-дәрежесін біледі. Жыл сайын қала тұрғындарының 30 пайызы АИТВ-ға тесттен өтеді. Бұл үрдістер үкіметтің АИТВ-ның таралуын болдырмау жөніндегі іс-әрекетінің тиімділігін көрсетеді.
Қазақстан әлемдік көрсеткіште АИТВ-жұқпасының таралымы жағынан төмен таралған елдер тобына кіреді. Яғни 15-49 жас аралығында таралу көрсеткіші 0,2 пайыздыды құрайды, орташа әлемдік көрсеткіш – 1,6 пайыз.
Жиырма жетінші ақпанда Астана қалалық СПИД ке қарсы күрес орталығы Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен қалалық Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен БАҚ өкілдеріне «АИТВ-ның бизнеске әсері жоқ» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.
Шараға Астана қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәргері Абдраимов Сабит Бекмағанбетович, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Бейсенова Сархат Сағынтайқызы, сондай-ақ ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы арнайы уәкілі Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлы қатысып тақырып бойынша журналистер сауалына жауап берді.
Шараның мақсаты БАҚ өкілдері арқылы бизнес көшбасшыларына адамдағы иммун тапшылығы вирусының олардың бизнесіне ешқандай кері әсері жоқ екендігін түсіндіру. Астана қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәргерінің айтуынша, елімізде аталмыш жұқпамен емделу мемлекеттік бюджеттен тегін жүзеге асырылады. Ол адмдардың АИТВ жұқтырмаған сау адамдармен құқықтары тең екендігін, оларды жұмыстан шығаруға, жұмысқа қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ басқа да құқықтарын бұзуға жол берілмейтіндігін жұмыс берушілердің білгені дұрыс дейді. Мамандарымыз қазіргі таңда АИТВ-жұқпасын созылмалы инфекциялық ауру деп қарауға болатынын айтады. Адам ағзасындағы вирустың көбеюін бәсеңдететін антиретровирустық препараттарды уақытымен тұрақты түрде қабылдаған науқастарымыз биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады. Оларда білім алып, қызмет атқарып, тіптен ана атанып сау балаларды дүниеге әкелуге мүмкіндігі бар. АИТВ адамнан адамға байланыс арқылы, ауа арқылы, қол ұстасу, жөтелмен немесе қоғамдық орындарға бару арқылы берілмейтінін білген жөн. Кез-келген тұрғын аталмыш жұқпаның жұғу жолдарын, одан сақтану шараларын білсе оның өзіне қауіпті емес екенін түсінетін болады дейді дәргерлер. «Ал тұрғындарымыздың әсіресе бизнес өкілдерінің АИТВ жөнінде көбірек ақпараттануы еліміздің бәсекеге қабілеттілік жолында да маңызы зор. Себебі қазіргі таңда еліміздің бәсекеге қабілеттілігі ұлт денсаулығымен тікелей байланысты» дегенді айтады шараға қатысушы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Бейсенова Сархат Сағынтайқызы.
Сондай-ақ мамандарымыз шара барысында журналистерге еліміз 2005 жылдан бастап 140 елмен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингіне қатысатынын да айтып өтті. Орталықтың бас дәргері Абдраимов Сабит Бекмағанбетұлы, «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» индикаторы жыл сайын ақпан-наурыз айларында өткізіліп, бизнес-субъектілерінің басшыларымен тәуелсіз сауалнама жүргізу негізінде бағаланады. Еліміздің осы көрсеткіш бойынша рейтингі АИТВ-инфекциясыбойынша бизнес көшбасшыларының ақпараттық деңгейіне тікелей байланысты. Осылайша, 2016-2017 жылдардағы соңғы сауалнама нәтижесі бойынша Қазақстан жалпы рейтингте өз позицияларын сәл төмендетіп, 100-ші орынға ие болды.
Мысалы, АИТВ жұқпасының таралуы Қазақстанға қарағанда жоғары болғандығына қарамастан,«АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» индексі бойынша Армения 38-орында, Грузия 44-орын, Ресей 60-шы орын. Керісінше, «АИТВ-ның таралуы» көрсеткішінде бірінші орынды Қазақстанмен бөліскен елдерде, компания басшыларының сауалнама нәтижелері бойынша басқа жағдай байқалады, біз әлдеқайда артта қалып отырмыз.Мысалы, Германия 30-шы орынды иеленсе, Хорватия 6-орында, Египет жетекші 1 орынға ие» деді өз сөзінде. Оның айтуынша жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі 114 индикатордан тұрады, олардың бірі «АИТВ-ның таралуы» және «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» индикаторлары. Осы сауалнамада бизнес басшыларына тек бір сұраққа жауап беру ұсынылады: «сіздің ойыңызша келесі аурулар компанияңызға қаншалықты әсер етеді?», соның ішінде АИТВ/ЖИТС. Көрсеткіш алты балдық шкала бойынша бағаланады. Оның дұрыс жауабы – «бизнеске ешқандай әсері жоқ»- 6 баллдық көрсеткішті белгілегені дұрыс жауап болады дейді мамандар.
Бахытгул Сали.