Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ

Ана тілім

Арлы ана тілім бар.
Тілімде мол білім бар.
Өз тілінде кісінеп,
Ойнақтап жүр құлындар.
Мөңірегін құнанның
Төбе шашын жұлыңдар!
Аңыраған дөненді
Шапалақпен ұрыңдар!

Құсқа айналу

Етік кидім қыста.
Қыстың күні қысқа.
Конкиімді киіп ап,
Шығып едім тысқа,
Айналғандай болдым
Қанаты бар құсқа.

Сенім

Аң сұлтаны арыстан
Бәйге алып жүр жарыстан.
Арыстанның баласын
Байқап көрдім алыстан.
Озып кетем мен одан
Жалаңаяқ жарыссам.

Алаш туы

Кие тұтам нанды.
Ұнатамын әнді.
Әнұраны Қазақтың
Ұрпақ үшін мәнді.
Алаш арлы көк туым
Желбірейді мәңгі!

Кітап оқу

Мен сүйемін партаны,
Ойнамаймын қартаны.
Кітап деген магинит
Мені өзіне тартады.
Тартқан сайын мені ол
Оған деген құштарым
Сағат сайын артады.

Білім қадірі

Білім – тозбас алтын,
Сақтайтын сап қалпын.
Білім қуып, іздену
Ата-баба салтым.
Білімді ерді әрқашан
Қадірлейді халқым.