Рухы өр, намысы берік қазақтың өнері ешқашан жетімсіремейді. Оған дәлел Қытайдағы қандастарымыз арасындағы белгілі әнші және композитор Бағдат Естемесұлының жазған әсем әндері. Еңбегін ел жаттап, әні Алтайдан Арқаға дейін шырқалып жүрген ағамыздың жазған балалар әні де аз емес.
1955 жылы 14 қыркүйекте дүниеге келген Бағдат Естемесұлының атағы мен абыройы бір басынан артылады. Ол ҚХР Шыңжаң педагогика университеті Музыка институтының профессоры, ол ҚХР Композиторлар одағының мүшесі, ол ҚХР Музыка зертттеу одағының мүшесі. Қажырлы еңбек пен табиғи таланттың арқасында осыншама атақтарға ие болып жүрген композитор бүгінге дейін «Шабандоздар», «Ау, балалық», «Қарлығашым», «Қамшы жыры», «Қазағым-ай», «Сыңар аққу», «Бір тамшы жас, бір тал оқ», «тың даланың көктемі», «Той жыры», «Ақ періште», «Алтын Іле», «Үліңгір» сияқты 300-ден астам әнді жазды. Қытайдағы қазақ тілді бастауыш және орта мектептерінде оқытылатын «Музыка» оқулығын құрастырушылардың бірі Бағдат Естемесұлының «Қазақ айтыс өнеріндегі әуендердің ерекшелігі», «Қытай қазақ музыкасының бүгіні мен ертеңі», «Әсет қалай әндетті» сияқты 30-дай еңбегі халықаралық конкурстарда жоғары бағаланған. Автордың жазған «Ән қанаты», «Ән әуені» атты екі ән жинағы қымбат қазыналарға толы.
Белгілі композитор қазіргі кезде Шыңжаңдағы белді жоғары оқу орындарында «Музыка теориясы», «Гармония», «Әуен шерту өнері», «Музыка шығармаларына анализ жасау», «Музыка оқыту өнері» сияқты 10 шақты пәннен сабақ беріп, болашақ музыканттарды тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етуде. Талантты сазгер 2006 жылы қыркүйекте «Әнді сүйсең…» атты шығармашылық кешін Үрімжіде өткізген екен. Бағдат Естемесұлы биылғы жылы ақпанда Шыңжаң педагогикалық университеті Музыка институтының жанынан қазақ студенттерінің басын қосып Үрімжідегі қазақтардың тұңғыш «Саз қанаты» атты ұлттық аспаптар оркестірін құрыпты. Аталған оркестр сәуір айында Қытайдың Чыңду қаласында өткен республикалық конкурсына қатысып күміс медальді еншілеп үлгеріпті. Композитордың төмендегі «Шабандоздар» атты балалар әнін Қытайдағы қазақ оқушыларының білмейтіні жоқ десек қателеспейміз. Ендеше, жас достар, бұл әнді біз де бірлікте үйренейік!