Жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасыр тоғысында туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін Ұлы тарихи оқиға орын алды. Ол – қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсінде теңдесі жоқ, таңғажайып жаңа Елорда – Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады. Астана – дүние жүзіндегі ең сәулетті шаһарлардың біріне айналды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Өзі таңдап, Өзі негізін салып, Өзі іргетасын қалаған Елордамыз күн санап қарқынды дамып, құлпырып, гүлденіп келеді.
Астана – қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің, ең бастысы – еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған кұбылыс. Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала – өнер-білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Астана – мәңгілік таусылмас тақырып қой. Жаңа Елорданың өсіп-өркендеуіне, дамуына барынша ат салысып, үлкен үлес қосып жүрген азаматтар бар. Ең алдымен солар туралы жазу керек. Олар қандай құрметке болсын лайық деп ойлаймын!» – деген еді біздермен, журналистермен болған кезекті бір кездесуінде.
«Біз – астаналықтар!» атты журналды шығарудағы мақсатымыз – жаңа Елордамыз – Астана қаласының бүкіл тыныс-тіршілігін, тарихын, дамуын көрсету және насихаттау. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, астаналықтардың ерен еңбектерін жан-жақты көрсету басты тақырыптарымыздың бірі болады. Сонымен қатар бұл басылым қала өміріндегі проблемалар мен орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алып отыратын болады.
Журналымыздың алғашқы санынан біздің журналистердің Астанаға арналған материалдарымен таныса аласыздар. Олардың ішінде «Ботакөз» құрылыс компаниясының президенті, белгілі елордалық кәсіпкер Ақашев Марат Қабиболлаұлы, «Аполлон» фирмасы туралы, «Алғашқы астаналықтар» кітабынан үзінділер және тағы басқа да қызықты мақалаларды оқи аласыздар.
Бізбен бірге болыңыздар.
Жаңа Елордамыз – Астана қаласы гүлдене берсін!
Астана тұрғындары және барша қазақстандықтар бақыт пен қуанышқа кенеле берсін!
Сәдібек Түгел,
журналдың бас редакторы,
Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы