«Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының қазақ тілін дамытуға арналған үндеуі

«Ұлы Дала Қырандары»  қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің  2-ші съезі делегаттарының қазақ тілін дамытуға арналған   

 ҮНДЕУІ:

Құрметті қазақстандықтар!

Біздер  «Ұлы Дала Қырандары» республикалық коғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының 2-ші съезінің делегаттары барлық қазақстандықтарға арнап   қазақ тілінің тағдыры және дамуы туралы Үндеу жолдаймыз!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 14 желтоқсан 2012 жылғы Жолдауында: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек» десе, таяуда,  Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында «Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі ­– мемлекеттік тіл болып отыр» деді.

Әрбір жүрегі елім деп соққан адамның өзінің халқына, тіліне деген ерекше патриоттық сезімі болатыны сөзсіз. Ұлттық санасы ояу адам ғана өз елінің шын жанашары бола алады.    Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болумен қатар, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды, мәдениетінің деңгейін  көрсетеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілге көзқарас өзгерді. Бұл мәселе қоғамда түсіністік пен қолдау тауып келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді білу заман талабына айналды. Дегенмен, тіліміз мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болғанымен, халықтардың арасында қолданыс аясы кеңейіп, кең қолдау тауып кете алмай келеді. Мемлекеттік қызметшілердің арасында қазақ тілінде еркін сөйлейтіндері басым көпшілігіне айналмай отыр, өйткені мекемелерде тілдік орта қалыптаса алмауда. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 20 жылдан астам уақыт өтті, тәуелсіздіктің құрдастары үлкен азамат болды.  Еліміз көптеген жетістіктерге жетіп, асуларды алды. Алайда қазақ тілі өзге тәуелсіз елдердің тіліндей бүкіл халықтық қолдауға, қажеттілікке, мемлекеттік дәрежеге жете алмады.

Тіл жоқ жерде – ұлт та жоқ. Сондықтан, қазақ тілі осындай кең пейілді, ұлы қазақ ұлты бар екендігінің айғағы екендігін ұмытпай, тілімізді дамыту, оның мәртебесін көтеру – әрбір саналы азаматтың парызы болуы керек.

Құрметті Ағайындар!

Біз Сіздерді қазақ тілін үйренуге, дамытуға, кең қанат жайуына  үлес қосуға шақырамыз. Өзіміз ана тілінде сөйлемейінше, оны құрметтемейінше, өзге ешкім де бұл тілді де, тілдің иелерін де  құрметтемейтіндігін жүректеріңізде сақтауларыңыз керек.  Сондықтан намысқа тырысып өз тілімізді құрметтейік, үйренейік, айналамызға үйретейік! Президентіміздің «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керек» деген аталы сөзін жүзеге асырайық.

Құрметті Қазақстандық басқа ұлт өкілдері!

Қазақ халқы – кең пейілді, бауырмал, ешкімді кеудесінен кері итеріп шеттетпеген, қонақжай халық. Қай уақытта да қонағын құдайдай сыйлаған, төрін ұсынып, ең құрметті асын қонағының  аузына тосқан халық. Елбасымыз Қазақстан халық  Ассамблеясының ХХ сессиясында «Кезінде тағдырдың жазуымен  қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді» деді. Сіздерді – қазақ халқын сыйлауға, оның тілін үйреніп еркін сөйлеуге  шақырамыз.

Құрметті министрлер, депутаттар, әкімдер,  мемлекеттік қызметкерлер!

Біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыз Сіздерге қарайды, Сіздерді үлгі тұтады. Көптеген мемлекет тұтқасын ұстап, ел тағдырына  араласып  келе жатқан басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде сөйлемейді. Жергілікті халықты, қасиетті жерді, елдің тәуелсіздігін құрметтеген, халқын сыйлаған парасатты азаматтар – 20 жылдан асқан уақыт ішінде қазақ тілін толық игеріп алған болар еді, өкінішке орай ондай құрметке лайық адамдар көп емес. Елбасымыз жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық» деген еді. Сіздерді ұрпағымызға оң үлгі көрсетіп, қазақ тілін меңгеріп,  құрметіне ие болуға шақырамыз.

Құрметті мекеме, кәсіпорын, ұйым басшылары!

Сіздер ұжымдарыңызбен бірге болашақтың негізін қалап жатырсыздар. Қазақ тілін өркендету,дамыту,ұлы тіліміздің өміршеңдігін баянды ету Сіздерге,ұжым,мекеме,басшыларына  тікелей байланысты.

Сондықтанда,Сіздерге сөз арнап отырмыз.Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.Олай болса осы тілге бар жағдайды жасайық ағайын.

 

Үндеу «Ұлы Дала Қырандар»қозғалысының 2-ші съезінде 2013 жылы 13 мамыры күні қабылданды.Астана қаласы.

Сондай-ақ, оқыңыз

Босағаның болмысты перзенті жайында эссе

Халқымызда «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» …