Қытайдың «Қос тілді оқыту» саясаты ондағы рухы биік қандастарымыздың еңсесін баса қоймағанын тағы бір рет дәлелдегіміз келеді. Санжы облысы Ашылы мектебінде өткен шығармашылық кездесуіміз соның куәсі. Ондағы қауашағын жаңа жарған балалардың талабына тамсанып, талантына бас имеске болмас.
«Өрге салса шын жүйрік, шынымен, өршеленеді» екен. Ондағы жеткіншектеріміз қазақ балаларының қағілез, алғыр болатынын қытайларға мойындатып қана қоймай өз ұлтының асыл мұраларын жалғаушы және оны әлемге танытатын ұлт болашағы екенін де әйгілеп отыр. Тілімізге тиек болғалы отырған ұлымыз Қытайдың Санжы дүнген автономиялы облысы Ашылы ауылдық мектебінің 4-ші сынып оқушысы, қиссашы бала Қуаныш Елеуұлы.
Қуаныштың «Қуаныш» аталуының өзі үлкен оқиғаға толы екенін кеш ұқтым, – дейді жас жыршының ұстазы, Ашылы ауылдық мектебі директорының орынбасары Қанатхан Әбілғалиұлы, – Қытайдың «Жоспарлы туу» саясатына томпақ келген шәкіртім ата-анасының артық ақша төлеуінің арқасында, ойды-қырды шулатып дүниеге келген екен. Сол үшін де көңілге бүккен «қуанышын» ата-анасы кенжелеріне сыйлапты. Осыдан екі жыл бұрын «Қазақ балалары өлеңдерін оқу, айту» атты оқулығымды құрастырып, өлең-жырға бейімі бар балалардың басын қосып жыр жаттатып жүрген кезім болатын. Қуаныш та солардың қатарына жалындай жалаулап келіп қосылды. Бірден көзге түсті. Қаншама танымал ақындардың айтыстарын сол 2-сыныпта жүргенде жаңылмай жатқа айтып жүрді. Осыдан бір жыл бұрын ашылған «бала ақындарды тәрбиелеу» сыныбында да өз қатарластарынан оза шапқан бала қиссашымыз ауылдық, аудандық, тіпті қалалық сайыстарға сүрінбей қатысып келеді.
Қиссашы Қуаныштың бір естігенін қағып алатын қасиетін үш жасында байқаған ата-анасы оны той-думаннан қалдырмай ертіп жүретін болған. Сөйтіп ол жаттаған жырларын шаршы топтың алдында оқи бастайды. Бұдан бұрын радио, теледидардан естігендерін сол сәтте санаға сақтап үлгеретін Қуаныш енді кітаптарға көп үңілетін болған. Жас жыршы қазірге дейін «Қобыланды батыр», «Шолақ қол қатын», «Ғазезжан», «Бақтағайы» қатарлы он шақты қисса-дастанды, «Құрменбек пен Жамалқанның айтысы», «Ержанат пен Жәмиғаның айтысы», «Қайрат Құлмұхаммедұлының айтыстары» сияқты 300 шумақтан астам айтыс мәтінін және Абай Құнанбайұлы мен Таңжарық Жолдыұлы өлеңдерінің 100-ден аса шумағын жатқа айтады. Бұдан бөлек, «Қазақ балалары өлеңдері» мен «Төрт түлікке қатысты өлең-жырлардың» 200 шумақтан астамын санасына сақтаған.
Жыршылық өнері жастайынан бойына дарыған Қуаныш бүгінде өзі өлең шығара да бастапты. Мынау сол 10 жасар Қуаныш Елеуұлының «Мен қазақпын» атты өз өлеңі:
Мен қазақпын, қазақ боп өсе аламын,
Қазағымды тұғырлы ете аламын.
Тілім, ділім «ҚАЗАҚ!» деп ұрандайды,
Бойда шапшып қазақы ата қаным.
Мен қазақпын, рухын өлтірмейтін,
Санасына кірбеңдік келтірмейтін.
Алтын қанат қыран боп жетіле алам,
Көк аспанда қалықтап еркіндейтін.
Мен қазақпын ойы озық, санасы үстем,
Қуат алған Ұлы дала- ұлы күштен.
Мен қазақ болғаныма мақтана алам,
Тәңір дарып, Алланың нұры түскен.