2012 жылы маусымның 12-сі мен үшін, мен үшін ғана емес, қиыр шалғайдағы егінші, малшылардың балалары үшін, менің ақкөңіл қызметтес, достарым үшін де мәңгі ұмытылмас күн.
– «Сен-қазақ!» (www.senkazakh.com) сайтының жетекшісінен телефон келді (ол азаматпен артынан телефонда таныстым), «Құлыным» журналының редакторларын ертіп біздің мектепке келсек – дейді деген қызметтесімнен келген телефон басқа жұмыстарымнан кілт тоқтатты. «Иә, келсін, келсін…» дедім мен қуанышымды жасыра алмай.
Екі минут өтпей тағы телефоным шыр ете қалды.
–Ассалаумағалейкум! Мен «Сен-қазақ!» сайтының жетекшісі Ақытбек деген ініңіз едім. Бүгін «Құлыным» журналының қызметкерлері сіздердің мектепке бармақшы. Рұқсат па екен? – деген Ақытбектің өтінішіне бірден келістім.
– Иә, келіңдер, келіңіздер! Қарсы аламыз!
Тілдесуді осылай қысқа қайырдық. Жұмыс жайы бойынша оқушылардың туындыларын дайындау жұмыстарын бастап кеттім. Қуанышымда шек жоқ.
Уәделі уақыт та келіп жетті. Балаларды дайындап үлгергенім сол-ақ екен Ақытбек Шеризатұлы бастаған Қазақ елінен келген Сәдібек Түгел аға, жолдасы Қайникамал апай және Майгүл Сұлтан қарындастарым келіп үлгерді.
Қысқа амандықтан соң қонақтарды шағын жиын залына бастадым. Орта бойлы, самайын қырау шалған ақсары кісі, салмақты әрі қарапайым көрінді. Жүзінен жүректі жылытар мейірімділіктің сәулесі көрінеді. Ол осы журналдың бас редакторы, жазушы Сәдібек Түгел ағамыз болып шықты.
Жиын залына жайғасқан соң Ақытбек Шеризатұлы қонақтарды жедел таныстыра бастады. Әңгімені Майгүл қарындас жалғастырды. Одан соң Cәдібек аға бұл жаққа ат басын бұру жайын, өзі істеп отырған жұмыс жайын, «Құлыным» журналының және «Қазанат» кітабінің мән-жайын таныстыра келіп, ұлттық ғұрып әдет, салт-сана, мәдениет істері жөнінде істеп жатқан істерін қысқа таныстырды.
Осылайша «Құлыным» журналының Ерентаудың етегіне орналасқан қазақ малшы, егінші балаларымен болған сұхбаты да басталып кетті. Ең әуелі мектебіміздің қазақ қиссаларының көбін және айтыс ақындарының жырларын жатқа білетін 4-сынып оқушысы Қуаныш Елеуұлы «Қобыланды» дастанынан үзінді оқып, әйгілі айтыс ақыны Қайрат Құлмұхаметұлының әуенімен өз сөзінде жазылған «Сәлемдеме» атты өлеңін оқығанда, Қуанышқа риза болған Сәдібек аға өзі жазған кітаптың бірін сыйға берді. Одан соң Майгүл қарындастың «Қазақстан қашан егемендік алған? Қазақстанның ақын, жазушыларынан кімдерді білесіңдер?» деген сұрағына оқушылар толық жауап бере алмай қалған кезде, «Қос тіл» саясатының өкініш арқалатқан тұстарынан бетіміз қызарып, басымыз төмен салбырай бастаған еді. Майгүлдің «Болашақта кім болғыларың келеді? Асқақ армандарыңды айтып беріңдерші, балалар!» деген екінші сұрағына берілген жауаптар көңілімізді орнықтыра бастады.
– Менің арманым Абай, Мұхтар сияқты ақын, жазушы болу. Қазақтың салт дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын келесі ұрпақ санасына сіңіру, ертеңге жалғау.
– Менің арманым математика оқытушысы болу арқылы есепке жүйрік қазақ балаларын көптеп тәрбиелегім келеді.
– Мен болашақта жақсы оқып, мәтематика оқытушысы болу арқылы есепке жүйрік шәкірттерді тәрбиелесем деймін.
… Осындай ойлы да ойламды жауаптар беріліп болған соң, ендігі кезекте оқушылар Сәдібек ағаға сауал тастады. «Сіздің «Құлыным» журналын шығарудағы басты мақсатыңыз не?» деген сұрақ біздің «оқушылар қандай сұрақ дайындады екен? Білгісі келетін мәселелерді дұрыс айта алама екен?» деген алаңдаудан бірден сейілтті.
Сәдібек аға өзінің үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) қазақтың салт-дәстүрлері, жылқы тарихы, жылқыға байланысты әдет-ғұрыптары, ойындары туралы жарық көрген «Қазанат» атты кітабы мен Астана қаласында шығатын балаларға арналған республикалық әдеби-танымдық «Құлыным» журналын біздің мектептің Алтын қорына тарту етті .
Уақыт шіркін осындайда зу ете қалады. Амал қанша? Сағаттың тілі 2 сағаттан астам кездесу қимылын соңына да шығарып үлгеріпті.
Әр жерде жүрсек те рухани жан-дүние тұтастығының тереңдей түсуін, ұлттық салт-дәстүр, мәдениет, қазақы танымның өшпей жалғаса беруін, екі елдің достығының қоюлап, тереңдей беру, қазақ ұрпақтарының аман-сау, мықты азамат болсын деген ақ ниетін батасына сыйдырған абзал аға кездесудің соңғы нүктесін қойды.
Біз кездесудің естелік суретіне түстік. Атамекеннен келген аяулы, ақкөңіл де қарапайым аға мектептің оқыту ғимаратының алдында сабақтан шығып үйлеріне қайтып бара жатқан қазақтың қарадомалақ ұл-қыздарымен тағы да естелік суретке түсіп, балаша мәз болып, қол ұстасып, қоштасып жатты .
Бәлкім, бұл «жүрегім елім деп соғады, ел ұрпағы аман болып, әлемдегі қазақтың рухани тұлғасы бүтінделіп, іргесі берік бола түссін» деп тілейтін бауырмал ағаның өз ұлтының ұрпағына деген шексіз құрметі мен жанашырлығы шығар. Жүрегін толқытып, желпіндіріп, жебеп бара жатқан қимастық сезім шығар ?!
Мен дәл осы кезде аға жүзінен күн нұрымен шағылысқан шұғылалы нұрды – бақыт нұрын көргендей болдым. Шексіз мейірім мен риясыз сүйіспеншіліктың ізін байқадым.
Біздің сонау алыстағы ата жұрттан ат басын бұрған «Құлыным» журналына ризашылығымыз шексіз. Аяулы аға Сәдібекке, апаймыз Қайникамалға, қарындасымыз Майгүлге де, «Сен-Қазақ!» порталының жетекшісі Ақытбекке шексіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жанымызда жүрген, шақырып келтіре алмайтын қонақтардан өз ұрпағы үшін ықыласты оймен ат басын бұрған «Құлыным» журналының қызметкерлеріне тағы бір рахмет айтамыз!
Иншалла, құлындарының басынан сипап, еркелетіп жүретін «Құлыным» журналы аман болсын, ісі ілгері бола берсін! Басынан сипатқан құлындары ұлт жүгін арқалап, ана тілін ардақтап, ұлағаттай білетін мықты тұлпар болсын деген тілек айтқымыз келеді.
***
Кездесудің жалғасы дастарқан басындағы дәмді әңгімемен жалғасын тапты. Аяулы ағаның жай істен үлкен ой тудырып айтқан әңгімесі жан ділімізбен жарасып барады. Қайникамал апайымыздың қоңыр дауыспен айтқан әні мен ойлы әңгімесі аға жанын ардақтап, аялап келе жатқан асыл жар екенін одан ары айғақтай түсті .
Осы реткі шығармашылық кездесуді ұйымдастыруға себепші болған Майгүл қарындастың қазақтың қара сөзінің иін қандыра айтқан ойлары мен тәп-тәтті, жүрекке жылы тиетін өлеңі қазақ рухының жалғасын табуына үлкен ой салып тұр. Міне бұл да өзімізден үлкен арманмен аттанып Атажұртқа ат басын бұрып, елім деген адамға Қазақ елінің қақпасының қашанда ашық екенін, төрінен орын беретінін әйгілеп тұрғандай.
«Құлынымды» асықтырған уақыт құрғыр дастарқан басындағы тәтті әңгіменің үзілуіне себеп болды. Ауылдың бетоннан құйып осызаманға лайықтап жасаған киіз үйінің төрінде отырып, тағы бір рет суретке түсіп, естелік қалдырдық.
Жаңа ғана себезгілеп жауып өткен жаңбырдан кейінгі таза ауада сәл тыныстап алған аға бізбен қоштасып аттанды.
Бас-аяғы 4 сағатқа еркін жетпейтін «Құлыным» журналының бізге тартқан сыйы «Қос тілді» оқытуын 30 жылда әзер қол жеткізетін табысымыздан мың мәртебе үлкен болып сезілді.
Қимастықпен қол бұлғап қала бердік. Қазақы қанмен оралған аяулы жандар кешкі арайға малынған Ашылы қазақ ауылынан алыстап бара жатты.
Жаңбырдан кейінгі ауа қандай тамаша! Талай жаңбырды көріп жүрміз, бірақ бүгінгі жаңбыр одан өзгеше! Жаңбыр себезгілеп өтсе де берер нәрі аса мол көрінді бізге. Шығыс жақтан кемпірқосақ көрінді. Қандай әсем?! Бұл біздің жүрекке ұялаған қазақы танымның күллі дүниедегі қазақ қанымен жалғасып жатқаны сияқты сезілді…
Аттандырып салған әріптестерімнің бәрінің де көңілі толқулы. Кей кездері жұмыстан шаршап қайтарда жанарларынан байқалып қалатын кірбеңдіктің ауылы алыстап кеткен. Көздері нұр шашады. Әрине, бұл «Құлынымның» бізге сыйлаған рухани сыйы.
«Құлыным» қайтты. Бірақ бізге терең әсер мен өшпестей ой қалдырып кетті. «Жақсымен өткізген бір күнің, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай›› деген осы екен. Бәрінен де қызығы ертесі болды. Бүкіл мектеп оқушыларының қолында бірден өздерінің жазған шығармалары. «Құлынымға» табыстамақшы. Неткен риясыз сезім, кіршікіз көңіл…
«Маңайымызға бажайлап қарамаппыз-ау» деп толқып қалдым. Балалар «Кешегі ата қайта келеме?›› деп сұрап жатыр. Көңілдері, жүректері әлденеге асығады. «Кішкентай құлындарым, ол аталарың кетіп қалған» дедім іштей:
Құлындарым, тұлпарлардың тұяғы,
Сені күтіп тұр алдыңда сый әлі.
Балғын жүрек өр кеудеңді тепіклеп,
Жанарыңа барлық әлем сияды.
Үкілі ойың өрекпиді қамданған,
Жанарыңда жарқын жаһұт шам жанған.
«Мен жастарға сенемін, жүрегінде оты бар»
Құлагердей кісіндейді алда арман .
Құлындарым, ертеңгі елге ерке архив,
Тұлпар болар болат кеуде сом тартып.
Кісінеп тұр Тайбурылың сияқты,
Асқақ арман кермелерде жер тарпып.
Сендерді алға сүйрер бекімді өмір,
Сенімім сезімімнің өтінде жүр.
Тілеймін құлындарым тек сендерден,
Жұқпасын шашаққа шаң, кекілге кір…
Осы сезімнің жетегінде көңіліме жыр шумақтары оралып, құлдыраңдаған құлындарыма сұйінген менің аузыма «Шығармаларыңды интернет арқылы аталарыңа жіберіп беремін» деген сөз әзер оралды.
Мен не істеп беремін, не істесем екен деп қоямын… Сапарлары алыс, жолдары бұралаң. Құлындарым қашан Құлагер болар екен?!
«Құлыным» бізге осындай ой тастады… Сәдібек аға тек аға қана емес, нағыз азамат екенін түсіндім.
Мұхтар ағамыздың:
«Асқар тауды қадірлейтін ел қайдада,
Асқар таудай адам болу тым қиын.
Адам болмай, аға болсаң жай ғана,
Онда маған ағалығың бір тиын…» деген өлең жолдарын ішімнен қайта-қайта оқыи бердім…
(ЖАЛҒАСЫ БАР…)
Қанатхан ӘБІЛҒАЛИҰЛЫ,
ҚХР, ШҰАР Санжы облысы Ашылы ауылдық центрлі мектебі директорының орынбасары