Қазанат – қазақ қанаты

DSC_0024Ұлттық ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, қауымдастықтың бас кеңесшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек ТҮГЕЛМЕН әңгіме.

– Сәке, сіз, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық ат спортының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат ретінде осы сұхбатыңызда ұлттық спорттың тарихын, Ұлттық ат спорты федерациясы мен қауымдастықтың құрылуын, жеткен жетістіктерін, проблемаларын, кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін жіпке тізгендей айтып берсеңіз бүкіл газет оқырмандары үшін де түсінікті болар еді деп ойлаймын. Айтыңызшы, сіз ұлттық спортпен қашан­нан бері шұғылданып келесіз? Қаражаты мүлдем жоқ ұлттық спортты ұйымдастыру, басшылық жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Сізді кім қолдайды және күш-қуатты қайдан аласыз?

– Жалпы, ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Алла тағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойындарын ұйымдастырумен белсене айналыстым. Содан бері, жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын. Марқұм ерекше атқұмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген-білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып отыратын көреген кісі еді. Ол кісі айтып отырушы еді:

– «Қазанатқа қазақтар қарыз. Өйткені, қазанат – қазақтың қазынасы.Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады. Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың қазанаттары болған», деп бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушының бірімін. Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!

Жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайдан жаралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы Даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих куә.

Жылқыны әлемде ең алғаш қолға үйреткен біздің аталарымыз. Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты, тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолына түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.

Ал енді сұрағыңа келсек, қазақтың қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдандыра білді. Соның арқасында әлемге танылды.

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке деп кете береді. Біздің қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-бабаларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бекер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек», деген аталарымыз.

– Бұрынғы замандарда жылқының саны көп болған ғой…

– Иә, көп болған. Бір-ақ мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың бас жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік малдың түрлері жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын.

– Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны неге күрт кеміді?

– Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының астарында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін қолдан жасалған қылмыс. Оның авторы – Сталин, қосалқы авторы Голощекин деген оңбағандар. Сталин 1926 жылы Қазақстанға басшылыққа Голощекинді жібереді. Жарты жылдан кейін оны өзіне шақыртып, тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрайды:

– Филипп Исаевич, Қазақстанға барғаныңызға бірталай уақыт болды. Жергілікті жұртты Совет өкіметіне бағындыра алдыңыз ба? – дейді. Басшысының не ойлағанын жылдам түсінген Голощекин:

– Иосиф Виссарионович, көшпенділерді тез бағындыру үшін сізден рұқсат алатын ұсынысым бар. Соны сізге айтайын деп едім.

– Айтыңыз.

– Менің зерттеуім бойынша, Иосиф Виссарионович, қазақ халқының мықтылығы миллиондаған бас жылқыларында жатыр. Қазақтар – ер халық. Ал, атқа мінсе тіпті өзгеріп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Ұлан-ғайыр созылып жатқан кең далада оларды ұстау қиын. Одан шығатын жол біреу-ақ. Ол – қазақтарды аттан түсіріп, астарындағы асауларын тартып алу.

– Логикаңыз дұрыс, Филипп Исаевич, өзім де солай ойлап едім. Шыңғыс хан аттарымен әлемді бағындырып, әйгілі болған ғой. Ұсынысыңызды қабыл алдым. Іске кірісіңіз, тез арада қазақтарды аттан түсіріп, тұлпарларын жойыңыз, – деп Сталин нақты тапсырма береді.

Сталиннің тапсырмасын орындауға Голощекин барын салады. Қазақ даласының сәні, қорғаны, ішсе сусыны, жесе тамағы – жылқы малын аз уақытта қырып салады. Міне, мұны рухани жою деп айтады. Сталин мен Голощекиннің қасақана істелген зұлматына шыдамаған бауырларымыз мүмкіндігінше шет елге үдере көшті. Сол кезде қазақ жылқыларының қасақана қырылғаны туралы мәліметтер, деректер архивтерде сақталған.

Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар. Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжиңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.

Біз, қазақтар, қазанаттар десек, Алпамыстың – Байшұбарын, Қобыландының – Тайбурылын, Қамбардың – Қарақасқасын, Исатайдың – Ақтабанын, Абылай ханның – Шалқұйрығын, Қабанбайдың – Құбасын, Ақан серінің – Құлагерін, Бошайдың Үш қарасын айтамыз.

– Қазанаттар туралы жақсы айттыңыз. Бұл үлкен тақырып қой. Енді ұлттық ат спортына оралсақ дұрыс болар еді. Сәке, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ойыны «Ат ойындары» емес пе?

– Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пайызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер – біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жарыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырауластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты.

– Сәке, осы жерде ұлттық спорттың тарихымен таныстырып өтсеңіз.

– Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар. Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, ұлттық спорт – Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы. Ал мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз 2000 жылдық тарихында, менің зерттеуімде, 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

Бірінші кезең: Дәуіріміздің VI ғасыры мен XVIII ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы XIII ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

Екінші кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық XVIII, XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басына дейінгі 217 жыл. Байтал тұрмақ бас қайғы заман.

Үшінші кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жыл мен 1991 жылдар, Кеңес Одағы тарағанға дейінгі – 74 жыл аралығы. Ұлттық спортымыздың көлеңкеде қалуы.

Төртінші кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бүгінгі күнге дейінгі аралық. Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.

– Дұрыс айтасыз. Ат спорты ойындарының жанданған кезі соңғы жыл­дары ғана емес пе? Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? Тұңғыш атбегілер құрылтайы қашан өткізілді?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, ұлттық спорт Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алына бастады. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сынды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле бастады. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Сол уақыттарда белгілі адамдардың мерейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жиіленіп өте бастады. Бірақ, қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ойындарын өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалушылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт министріне хат жаздым. Абырой болғанда, бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен жарыққа шыққан екі кітабымда да ол туралы жазып, ризашылығымды білдірдім. Әлі де жүрген жерде, газет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін. Өйткені, бұл – ұмытылмайтын жағдай. Ал, өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсыныс-хатым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізуде. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында Ұлттық ойындар ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Ережелер дайын болғаннан кейін, 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет Қазақ атбегілерінің құрылтай конференциясын ұйымдастырдық. Бұл күн Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы үшін тарихи дата болып есте қалды.

– Ұлттық ат спорты федерациясының Алматыдан Астанаға қалай әкелін­гені туралы да аз-маз айта кетсеңіз.

– Екі ғасырдың тоғысында халқымыздың тарихында ерекше орын алатын ұлы оқиға болды. Ол елордамыздың Алматыдан Астанаға көшірілуі еді. Мен сол ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Алматыдан Астанаға қызмет ауыстырдым. Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым. Осы кезеңде федерациямыздың жұмысы тоқырап, жетімсіреп қалды. Өйткені, адамдарсыз жұмыс жүре ме? Не істеу керек? Ойланып, ақылдасып федерацияның офисін Алматыдан Астанаға әкелу керек деп шешім қабылдадым. Бұл сәтте маған ағалық көмегін беріп, қолдау көрсеткен қазақтың біртуар азаматы, тау тұлға Анатөлі Қожыкенұлы Құлназаров болды. Ол кісіге федерациядағы жағдайды айтып, телефон соқтым. Ағам бірден қолдай кетті. «Осы айтқандарыңды қағазға түсіріп, маған жібер, мен қолдаймын», деді. Сосын, Анатөлі ағамыз айтқан сөзінде тұрды. 1998 жылдың ақпан айында ол Алматыдан Елсияр Қанағатов пен Нәбидолла Кикебаевты жіберді.

Мен оларды темір жол вокзалынан тосып алдым, орналастырдым. Сосын бәріміз бірігіп, бірлесіп, тізе қосып, ауызбірлікпен Ұлттық ат спорты федерациясының съезін 1998 жылдың 7 сәуірі күні өткізіп, Әділет министрлігінен тіркеуден өткіздік.

Съезд делегаттары Қайрат Назарбаевты – федерация президенті, мені – бас хатшы, Ерлан Атамқұлов пен Елсияр Қанағатовты – вице-президент, Нәбидолла Кикебаевты – атқарушы директор, Абай Жүсіповті қаржылық директор ретінде бірауыздан сайлады. Жұмыс жанданды. Жер-жерде федерацияның филиалдары ашылды. Федерация туралы жағымды пікірлер қалыптасты. Барлық жарыстар федерацияның атымен, соның ережесімен өткізілді. Ел біздің жұмысымызға оң баға берді.

Осылайша, ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруаларды атқардық. Алғашында ол Ұлттық ат спорты федерациясы болса, қазір үлкен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына айналып, өз құрамына 27 федерацияны біріктірді. Облыстық, аудандық филиалдары бар. Құрылғаннан бері мыңдаған халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстар өткіздік. Республика бойынша 11 ұлттық спорт мектебі, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары, 27 ипподром жұмыс істейді.

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бүкіл Қазақстан бойынша ұлттық спорттың барлық түрлерінен 18475 әртүрлі жарыстар, шаралар, басқосулар өткізілген. Халықаралық «Көкбөрі» федерациясын құрдық. Ұлттық спортымызды әлемге паш еттік. Бұл зор жетістік деп ойлаймын. Қауымдастық 1 миллиондай адамның басын біріктіріп отыр.

– Сенімді достарыңызбен және елмен бірігіп, Ұлттық ат спорты федерациясына қатысты қыруар шаруа тындырыпсыздар. Көп рахмет. Халық айтса, қалт айтпайды ғой. Ел сіздердің осы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Федерацияны одан кейін қауымдастықты құруда және оның жұмысын күнделікті жүргізуде кедергілер мен қиыншылықтар да болған шығар. Олай деп отырғаным биылға дейін басқа спорт түрлерімен салыстырғанда ұлттық спортқа мемлекет тарапынан қаржы бөлінбеді емес пе? Ал енді «Самұрық-Қазына» қоры ақша бөлген деп естиміз.

– Иә, тек соңғы бір-екі жыл көлемінде ғана «Самұрық-Қазына» тарапынан қаржылай көмек көрсетіле бастады. Дәлірек айтсақ, 2011 жылы қаражат бөлінді. 2012 жылы бөлінбеді. 2013 жылдың басынан бері ұлттық спортқа қаражат бөлінді. Ол дегеніңіз, жүздеген, мыңдаған азаматтың, бауырлардың қажырлы, патриотизммен, энтузиазммен, күн-түн, ай-жыл, ыстық-суық демей атқарған еңбектерінің ақталғаны ғой деп ойлаймын. Бұл – Елбасының дұрыс саясатының нәтижесі. Сол үшін ел Президентіне зор алғыс айтамыз.

– Кейбір ағаларымыз «Ұлттық спорт түрлерімен әлемдік аренаға шыға алмаймыз» деген де күстәналаушылық әңгімелерін айтып жатады. Кейде дәйекті дәлелдер келтіргенде, шынымен де осы іс-әрекеттеріңіз бекер емес пе деген ой келеді…

– Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмаймыз дегендердікі ұлт деген ұғымнан мақұрым, орыстанып, еуропаланып кеткендердің бос әңгімесі. Ат спорты арқылы бізді қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, спортын, этнографиясын, тарихын насихаттаймыз. Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барады. Оларды көрген шетелдіктердің талайы естерінен танды. Бір ғана қамшының өзі мәлімет береді. Ер-тұрман мен ат әбзелдері нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысын көре аласыз. Сондықтан, ұлттық спорт арқылы біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын шетелге танытамыз. Ұлы Дала мәдениетін паш етеміз.

Еуропаны мәшине, техника жасаудан оза алмауымыз мүмкін, ал енді қазақтың қазанаты арқылы ұлттық спортты дамытсақ, онда күллі Батысты артта қалдырар едік.

– Сіз Ұлы Дала тұлпары Құлагерге ескерткіш салу идеясының авторы әрі ұйымдастырушысысыз. Идея қайдан, неден туындады? Дүние-мүлкіңізді ломбардқа салып, ұлтымыздың мақтанышы – Құлагерге ескерткіш тұр­ғызуыңыз ғажап оқиға болды. Жастарға берер тағылымы өте зор.

– Ашығын айтайын, бұл идея жігіттік намыстан, азаматтық нар тәуекелден шықты. «Мен бастамасам, мен істемесем кім істейді?» деген ойдан келді. Ерейментау ауданындағы ескерткіштің ұрлануы менің намысыма тиді. Зұлымдыққа тойтарыс беру қажет болды. Көп сөзден нақты бір іс артық, деп осы шаруаға белсене кірістім. Халық қолдады. Бұл күнде ол – «Астана – Көкшетау» автобанына сән беріп тұрған сәулет өнері. Адамдар көп барады. Ел ұнатады. Сол маған үлкен баға.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алда үлкен асулар мен белестер тосып тұр. Құлагер ескерткішінің жанынан досым, халқымыздың асыл азаматы, атақты меценат Марат Нәбиев екеуміз «Ұлы Дала даңқы» атты мұражай саламыз. Оның алғашқы кірпішін қалап қойдық. «Ұлы Дала қырандары» қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының жұмысын жандандырудамыз. Қырандар елді ынтымаққа, бірлікке шақыруда. Қалың оқырмандарға айтарым: ұлтқа адал қызмет етуден шаршамаймыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.

Сондай-ақ, оқыңыз

Мені халық қолдады.

Әріптесіміз журналист, танымал қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Халықтың сүйіктісі» атанды. 2018  жылдың 3-ші ақпаны күні …