Соңғы уақытта әлеуметтік желілерден қарап отырсақ, қазақ журналистикасы аясында, әсіресе жекелеген журналистердің сөйлеу мәнеріне, талдап ұсынатын тақырыптарына сын айтатындар көбейді. Сондай сынның алдыңғы шебінде жүргендердің бірі КТК телеарнасының тілшісі Нартай Аралбайұлы.
Нартай әріптесіміздің мына сұхбаты арқылы оқырмандарымызға қазақ журналистикасында қазір заржақтық пен сылдыр сөздің уақыты озғандығын, және ойлы дүниені халық қашанда жоғары бағалайтынын түсінсе деген ниетте беріп отырмыз.
«Қоғамдағы түйткілді дүниені сипай қамшыламай, ашына, ағытыла сөйлегенім солай естілетін шығар телеэкраннан…»
Оқырмандарға өзіңіздің туылған жеріңіз және журналистика саласына келуіңіз жайлы кеңінен айтып өтіңізші.
– Туған жерім Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Бөрлі ауылы. Нарынның бұйрат-бұйрат құмдарында ер жеттім. Махамбет пен Исатай қарашаның қамын ойлап қолдарына қару алған жер, Құрманғазы мен Дина күйлерін күмбірлеткен өлкеде туғаным мен үшін зор мақтаныш. Жауыны аз, көтерілер шаңы көп, бірақ сол өлкеден артық жер жоқ мен үшін жер бетінде. Әркімге туған жері ыстық қой. Журналистикаға қалай келгенімді айтсам…2008 жылы отбасындағы жалғыз перзент екеніме қарамастан алып Алматыға арман қуып жол тарттым. Әке-шешем тілеуімді тілеп қалды. Алла бұйыртып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіне оқуға түстім. Жатақхананың қызығы мен шыжығын 1 жыл көрдім. Қалған 3 жылда пәтерде тұрдым. Көшеде саудада жасадым, адал еңбек қой несіне арланайын. Талай редакцияны жағалап тәжірибе өтуге сұранып жүрдім, тіптен қызметке тұрғымда келді. Бірақ сарыауыз студентті қызметке әп дегеннен кім алсын. Мақала жазып тұрдым, баспаға басылса төбем көкке жететін. Содан не керек, Қазақстан ҰТА жаңалықтар бөліміне жерлес бауырым Ерболат Қуаныш есімді телеоператор жетектеп апарды. Ол жер нағыз тележурналистиканың ұстаханасы еді ғой. Алматыдағы болған бөлімді айтам… Сол жерде Есболат Айдабосын, Әуесбайдың Қанаты, Нұрсұлу Қасымова сынды аға-апаларым білгендерін үйретті. Сьемкаларға алып шығып, ненің не екенін көрсетті. Сабақтан сәл қолым тисе сол ұстаздарымның жанына жетуге асығатынмын. 2010 жылы жарты жылдық тәжірибеден кейін Ұлттық арнадан алыстап қызмет іздеуге тура келді. Сол жылдың 10 сәуірінде Алматы телеарнасына бардым тілші болуды мақсат тұтып. Басқа-басқа емес бұл телемекенде Серік Әбікенұлының қол астына қызметке тұрдым. Мәтініне мін таға алмайтын, ойының ұшқырлығына таңдай қағып тек таңданысу қалатын бұл ұстазымнан да білмеген талай телетуындының тұсын үйрендім. Жанар Байсемізова сынды әпкем де сол тұста үлкен жәрдемін тигізді, қолдап жүріп сағымды сындырмай шыңдады. Мың алғыс, Аллаға шүкір журналистикалық жолымда жақсы адамдар кездесті. Сол 2010 жылдың қазан айында КТК телеарнасына қызметке ауыстым. Жаңалықтар бөлімінің журналисі атандым. Ақмарал Әбжани атты басшы әрі ақылшы апайымыздан тілшілік тіршіліктің тың қырларын үйрендім. Қызмет қылдым, республикадағы миллиондаған қара көз қазақтың қажетіне шама-шарқымызша жарауға тырысып бақтым. Содан бері 2 жарым жыл өтті, КТК телеарнасында қызметтемін. Артур Ізбасов, Дастан Шымырбай, Ерланби Дәулетияр сынды Алашқа аты мәлім арқа сүйер ағаларым да көп көмегін қылды. Алладан қайтсын баршасына.
Қазіргі атқарып жүрген қызметіңізде не маңызды сіз үшін?
Мен үшін қарапайым қаракөз қазақтың тағдыры маңызды. Қиналған қандасыма жәрдем қылу ең басты мақсат. Ұлтымның тұтастығына тамшыдай әсерімді тигізіп, қазақтың тілінде сөйлеп, қазақтың мұң-мұқтажын айтудан басқа қазіргі телетіршілігімде маңызда нәрсе жоқ. Айналып кетейін Алашымның сөзін сөйлеуге тіл мен жаққа қуат берген Аллаға сансыз шүкірлік.
Еліміздегі саяси және әлеуеметтік жүйе қандай бағытта келе жатыр деп есептейсіз, ел азаматы ретінде жеке пікіріңіз қандай?
Саяси жүйеге сақа саясаткерлер, әлеуметтік жүйеге әлеуеті жететін әлеумет қарасса болар. Қай тұсты қарасақ та қазір “Аққу, шортан,һәм шаянның” тірлігі боп кетті. Әлі келгендер жыртықтарына жамау сұрап жүр. Бұл тұста ең бастысы қарапайым халық екенін ұмытпаған абзал. Қарақұрым қараша қаңғырып қан құсып жүрсе, әлеуметтік жүйеден де саясаттан да садаға кетсін. Ал қазіргі жағдайда өткенге салауат айтып, бүгінімізге шүкірлік қылып, ертеңімізге үмітпен қараған абзал. Алла жар болсын!
Сөздің шыны керек,басқа арналардың тілшілеріне қарағанда сіздің дикцияңыз, яғни дауыс ырғағыңыз өзгеше, екпінді. Бұл сіздің өзіңіз ойлап тапқан стиліңіз бе әлде?
– Мен осыған дейінгі сұхбаттарымда талай рет айттым тағы айтайын, әріптес. Жауыр болған жауап болды. Бұл стиль ме жоқ па басым оған ауырмайды. Елдің назарын аудартайын деп екпіндетіп жүргенім жоқ. Бала кезден қалыптасқан сөйлеу мәнерім. Біреуге ұнар біреуге ұнамас. Біреу бұлай етті екен деп бәріміз бір бағытта әуендетіп кетпейтін шығармыз. Қазағымның басына күн туып аш жалаңаш, болмаса қайғыдан қан жұтып әділдікке жете алмай жүргенін айтқанда ашынбасқа шара бар ма? Сондықтан мен қалай сөйледім солай сөйлей беремін. Даттайтындар да мақтайтындар да бар. Мен қазақтың тілінде сөйлеген қайсар қазақтың баласымын. Ұлтымның қамын ойлап ашына ағытыла сөйлегенім солай естілетін шығар телеэкраннан. Қарапайым елдің басындағы ахуалға мінбердегі мырзалар назар аударса екен деген ниет қана менде.
Бүгінгі күнгі қазақ азаматтарының болмысын қалай бағалайсыз?
– Қазақ азаматтарының болмысын қалай бағалайын…қазақтың атпал азаматы болу деген ер үшін ең үлкен сый емес пе. Біздің қазақ жігіттері сарбаз емес сардар бәрі. Тек сол нағыз қазақтың қайсар азаматы деген атқа лайық болмай лайлап жатқандар да бар. Көпке топырақ шашпайық, тарихта қазақ ешқашан ешкімнен қаймықпаған қайсар ел ғой. Демек бұл жұрттың азаматтары да өңкей оғландар. Қазақ боп туғанымыз бұл тағдырдың сыйы деп білем.
Телеарнадағы жұмысыңыздан бөлек тағы қандай шығармашылықпен айналысасыз?
– Телеарнадағы қызметтен бөлек қолым қалт етсе өлең жазатыным бар. Кейбір өзіме ұнаған өлеңдерді өнердегі ағаларымның дыбыс жазу студияларында оқып үнтаспаға жинап та жүрмін. Шығармалар жазғанды және әдеби кітап оқығанды жаным сүйеді. Кейбір қарабайыр өмірдегі күнделікті қарбаластан ойыңды ада етеді. Бұл қырым қызметтік күндерді аяқтап кеп кештерде үйде отырғанда айналысатын тұсым. Ал күндіз қолым қалт етсе Алла үйі мешітке тартам, құбылаға қарап құлшылық қылғаннан кез келген мұсылман сынды рухани ләззат аламын.
Шынайы сұхбатыңызға рахмет!
Бағила ТӨЛЕГЕН
журналист