«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді біздің дана халқымыз. Үстіміздегі жылдың 8-ші ақпаны күні жаңа Елордамыз-Астана қаласына қарайтын «Интернациональный» елді-мекенінде ауыл ардагерлері Сәтті Кәрімұлы мен Райхан Кәрімкелінінің шаңырағында жүрек тебірентерлік қуанышты оқиға өтті.
Мынау жарық дүниеге осы жылдың 28 қаңтарында келген немерелеріне «Ерсайын Манаев» атындағы мешіттің бас имамы Ибрахим Сматаев азан шақырып, сенің атың Сәдібек деп жеті мәрте қайталап ат қойды. Сол сәтте, кішкентай Сәдібекті халқымыздың біртуар азаматы үлкен Сәдібек Түгел аға көтеріп тұрды. Біз осы әдемі рәсімді көзімізбен көріп, куә болдық. Мерекеге халық көп жиналды. Біз, өз тарапымыздын олардан алған әсерлерімен бөлісуді сұрадық: «Дәулет Сәтті ұлы кішкентай Сәдібектің әкесі: -«Сәдібек менің екінші ұлым. Үлкенімнің аты –Сұлтанбек. Ол тура 2-жаста. Мен үшін Сәдібек қасиетті есім.Ұлт қайраткері Сәдібек аға Түгел нақты істің адамы. Сәдібек аға басқалармен салыстырғанда, айтқан уәдесін қайтсе де орындайтын,сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат. Сол үшін оны құрмет тұтамын. Құлагер ескерткіші соның нағыз дәлелі емес пе. Осы жерден өткен сайын бір тоқтап өтем.Ағаның жігіттік мәрттігіне тәнтімін. Сондықтан да, ырымдап балама ағаның атын қойып отырмын».
Атасы Сәтті Кәрімұлы: -«Біздің үйдің жанында «Құлагер» ат спортының клубы бар. Қолым босағанда немерелерімді сонда апарамын. Атқа мінгізіп, серуендетемін. Сәкең осы клубтың ұйымдастырушыларының бірі. Оның небір үлкенді-кіші жарыстарға білікті басшылық жасағанын көріп жүрмін. Жүрегі елім жерім деп соғады.Жалпы біз Құлагер десек үш тұлғаны ерекше айтамыз. Олар: Ақан сері, Ільяс Жансүгіров және Сәдібек Түгел. Ол кісінің атқарған сан-алуан жобалары елге өнеге, ұрпаққа үлгі. Несін айтасыз, атасы ретінде Сәдібек есімін қуана қабылдадым.Немеремнің Сәкеңдей елге танымал, қайраткер-азамат болғанын қалаймын».
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел:-«Қуанышымды жасыра алмай,үлкен әсерде, толқып тұрмын. Бұл сенім маған үлкен жауапкершілік жүктейді.60-жылдық мерей тойымның алдында ерекше сый болды. Кішкене, сәби Сәдібектің жолы ашық болсын деймін!».
Үлкен бақ, ұлағатты жұмыстарды өзі бастап,толығымен орындап шығатын тұлға азаматтарға ғана бұйырады. Осы жерде Сәдібек ағаның , туған ұлтына арналған ерлікке тең еңбектерінің нәтижесінде, халқымыздың маңдайы жарқыраған асылдарының бірі болғанына көзім жетті.
Нұрлан Сағынай. Астана қаласы.