«Егер ел болғымыз келсе және өз елдігіміз ұзақ сақталсын десек, халықтың тарихын, рухани бастауларын түсінуіміз керек» – деген Ел басшысы Н.Назарбаевтың сөзін еске алсақ қарт Алатау мен Алтайдың бір пұшпағы болып есептелетін Тарбағатайдай ғажайып өлке ежелгі сақ, ғұн түркі тайпаларының атамекені. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің : «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын» сөзіне жүгінсек, әйгілі араб зерттеушісі Әл-Ыдырысидің әлемдік картасына Гир-гир атауымен енген Тарбағатай таулары небір ғасырларды артқа тастап келеді. Жай қараған көзге сағымдай бұлдыраған шетсіз де шексіз,сары даламыз қараған кісінің көзін талдырғандай… Талай тарихқа куә болған Барқытбелдің сар даласы мен жолбарыс жонды Тарбағатай таулары өзі ғана білер тарихтың беймәлім көрпесін айқара жамылып бір сәт мызғып кеткендей…
Тарихы тереңге кеткен,ерлігі елдің ұраны болған өлкелер мен өңірлер елімізде аз емес. Соның бірегейі Шығыстағы шежірелі қарт Тарбағатай. Тарбағатай өлкесі біз үшін ерекше қадірлі, ерекше қасиетті. Күнгейі мен теріскейін көп заманнан екі елге еншілеп қойған қарт Тарбағатайдың ерлікке толы тарихы, шерлі шежіресі, кешегісі мен бүгінінде тамырын тереңге тартқан халықтық құндылықтар қазынасы ұшан – теңіз. Адамзаттың өз тіршілігін есепке алып, жыл қайырғанына да жиырма ғасыр өтіпті. Өз өлкеміздің сан мыңдаған құндылықтары жадымыздан шығып, құм топырақ астында құндақтаулы жатыр. «Тарбағатай» деп аталатын бел-белесті сары бел, тарғыл жоталы, апайтөс ұлы жазықта даладай кең пейіл, қаракөз қиғаш қас жұрттың ұрпақтары міне, тарих керуенін ғасырдан-ғасырға ұзатып келеді.
Сахарада салт аттылар болып аңызға айналған арда текті бабалардың ұрпақтары өмір сүрген Тарбағатай өлкесінің де өз кезеңінде рухани мәдени орталық болғандығы тарихи шындық. «Бөрілі байрақ көтерген Көктүрік елі, тағдыр талайын тәңірі берген текті жұрт еді, тізесі барларды –бүгілтіп, басы барларды жүгінтіп, қарсы келгенді қып-қызыл қанға бөктіріп еді…»- күні кеше ғана үлкен тарихымызда Тарбағатай баурайындағы хронологиялық жағынан 6-7 ғасырларға жататын «Алтай қорымдары» кешені деп аталып кеткен Шілікті жазығындағы сақ-скиф дүниесі Қазақстандағы үшінші алтын адам әлем мәдениетін дүр сілкіндірді. Ақсуаттың оңтүстік-шығысындағы қорғаннан табылған ежелгі Тарбағатай атырабын мекендеген көшпелі тайпалардың біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңжылдықтағы мәдени мұрасы,таңғажайып өнер туындысы, республика бойынша ең көне жәдігерлердің тоғызыншысы болып тізімге енген «Қола шырағдан» біздің өлке мәдениетінің ерекшелігінен хабар беріп тұр.
Тарбағатай өлкесінің тоқтаусыз алға басқан замана көшінде бабалардан бізге ауысқан, жалғасын тапқан асыл мұралар өркенді өсиеттер шексіз. Күнгейі мен теріскейін көп заманнан екі елге еншілеп қойған қарт Тарбағатайдың ерлікке толы тарихы, шерлі шежіресі, кешегісі мен бүгінінде тамырын тереңге тартқан халықтық құндылық пен дәстүрлер қазынасы ұшан – теңіз .Барқытбелдің шексіз де ,шетсіз даласы өмірдің өзіндей байтақ дарқан тұлғаларды, арыс ұлдарды туғызды. Олардың өмір жолдары мәңгілікпен астасып ғасырдан ғасыр асып, сан ұрпақтың елдік мектебіне, тұтас бір рухани болмыстың алтын арқауына айналды Барқытбелдей қоңыраулы өлкеде ел бағына туған, ел қамын ойлаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, қара қылды қақ жарған әділ билер, жауға қол бастап шыққан қайтпас қайсар батырлар, он саусағынан өнер тамған күйшілер, күміс көмей әншілер, көріпкел әулиелігімен аты аңызға айналған Ырғызбай сынды емшілер, жауырыны жерге тимеген палуандар өмір сүрді.
Қазақ тарихында айтулы орны бар, қазақ халқының Тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен үш ғасырға созылған ерлік эпопеясының бас қаһарманы, Абылай ханның бас сардары, қазақ халқының бас батыры, тарбағатай елінің дара перзенті Дарабоз Қаракерей Қабанбай батыр, барқытбелдің шығыс шекарасын қорғауда батырлығымен аты шыққан Би Боранбай батыр, қазақ тарихының ұлт азаттық күресінде өшпес ерлігімен, аты аңызға айналған Ер Дәулетбай сынды батырлар даңқы қазақ даласын шарлады.
Дала өркениеті өз кезеңінде аймаққа аты мәлім хан Сүлеймен, Арап батыр, Бостан, Табақбай, Байбарақ, Тоғас, Желкілдек, Нарбота, Анар, Өтеуіл, Кешу сынды тарих сахнасының саңлақтарын туғызғанын бүгінде кәрі тарих қана айта алар. Өмірдегі өлмес ерлік,өшпес өнеге қандай заман өтсе де ұмытылмақ емес. Тарбағатай ұлдарының ерлікке толы жауынгерлік жолдары өлкенің батырлар жырында таңбаланып өлмес мұраға айналған. Өлкенің көрнекті тұлғалары «қазақтың қара тілі» атанған қу дауысты Құттыбай, Сасан би, Шәкі би, Ақыш қажы, Ақтайлақ би, Тобықтының аға сұлтаны Құнанбайды сөзден тосылдырған Тана мырза, Құт Шаянбай ,ауылында алғаш мектеп ашып, халықтың сауатын ашуды қолға алған, Сұлтанмахмұт Торайғыровты қолына алдырып, жастарды ілі-білімге үйреткен, Қотанашы жайлауы Қызылашыдан рұқсатсыз кірген қытайдың қызылаяқтарын бір түнде жаужүрек батырлығымен арғы бетке асырған, Қоңыз батыр атанған Құрманқажы Кенжеұлы, ақ патшаға бодан болмаймыз деп осы өңірден алғаш рет ашықтан-ашық қарсы шыққан,ақыры сол үшін құрбан болған Қожагелді батыр, Байжігіт елінің біліктілерінің бірі Шорға болысын басқарған шешендігімен ,әрі палуандығымен аты шыққан Төгістіңұлы Әбділдабек , заманында Құнанбайға ырық бермеген Сатының ұраны болған аға сұлтан Бұтабай, Қисық сұлтан, Сатының бір жақсысы Қайырбай би, Кенжалы шешен, өз заманында Найман елінен алғаш рет қажыға барған Шал қажы, жанына сауға, дертіне дауа іздеген жұртты әулиелілігімен табындырған емші Досханаұлы Ырғызбай ата, Молдабай, Иісбай палуан қазақтың алып ұлдары болды.
Алдаспанның жарқылынан от тұтатып, қылышының ұшқынынан найзағай ойнатқан батырларымыздың ұрандаған дауысы, Елім-айлаған елдің еңіреген үні ғасырлар қойнынан жаңғырып шығып, бүгінімізге дүбірлетіп қалай жетті?! Көнеден қалған қазынаның қасиеттісі де, қымбаты да мәңгілік ғибратқа қалар көсем сөз. «Өсер ел тарихын таспен жазады» деген халық даналығына жүгінсек, біздің өлке тарихы ерлікпен, батырлықпен, қаһармандықпен жазылыпты.
Облысымыздағы таза қазақы рухтағы Тарбағатай өлкесінің әлеуметтік саяси тарихы да, мәдени рухани шежіресі де өзінің мейілінше біртұтас, мазмұнымен қазақстандық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде ден қойдырады. Өмір өзінің сабақтастығымен мәнді. Ата-бабаның асыл арманы мен арқалы істері бүгінгі ұрпақтың әрекет тірлігінде жалғасын тауып, аудан өміріндегі тарихи кезеңдер мен тұлғалар тағлымы барша қадір қасиетімен бүгінгі ұрпақтың өміршең істері мен өрелі мақсаттарына тұғыр болып отыр.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында қазақ күресінен өткен Ырғызбай Досханаұлы атындағы ІІІ –ші Халықаралық Гран При осының дәлелі. Қазақ күресінен өткен бұл байрақты бәсекеде әлемнің 15 мемлекетінің өкілдеріне облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов өз құттықтауын жеткізді. Қазақ ұлттық күрес өнері керемет бәсекеге, дүниежүзінде беделге ие спорт түріне айналды. Қазақ күресінің ұлттық құндылықтарымыздың бірі екендігін әрбір қазақ түсінетін уақыт жетті. FILA (ФИЛА) Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкеев, ұлттық ат спорты федерациясының президенті, Қ.Р.Еңбегі сіңген қайраткері ,ұлттық санаттағы төреші Сәдібек Түгел , қазақтың белгілі ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, кілең ұлттық ойындар жанашырлары қатысқан жарыс республикамыздың ең алыс түкпірінде жатқан ауыл тұрғындарын дүр сілкінтті. Еліміздегі аса ірі кен металлурия ісінің алыбы «Казцинк» компаниясы , «МАЙ» КК демеуші болған қазақ күресіндегі ірі тұлғалардың ұлттық өнер күрестің түп тағаны қаланған өлкеге ат басын бұруы жахандық үрдіске бет бұрғызған жасампаздық десе болғандай.
«Басында бұлағы бар өзен ұзаққа ағады» дейді. Тарбағатай өлкесінде даралық пен даналық ата баба рухынан әке қанымен, ана сүтімен дарыған палуандық өнерді мұрат тұтқан небір жампоздар баршылық. Сонау кеңестік саясат тұсында Мәскеуде ересектер арасында самбодан қазақ жастары арасында тұңғыш КСРО шебері атанып, Мәскеуде он бес одақтастың алдында алтын медальді ешкімге бұйырпаған, қазақ күресінен Орта Азия республикалары спартакиадасында бірнеше дүркін чемпион болған оғлан Марат Имашев Ақсуаттың шаңында шынығып, жалаңаяқ асыр салып өскен бала болатын. Дәл осы тұста аудандағы шымыр бала біткенді жинап қазақ күресінің негізін қалап, облыс атынан қатысатын жарыстарға жастарды тәрбиелеген қазақ күресі, самбодан республиканың бірнеше дүркін чемпионы, бапкер Қали Иманбаевтың жанкешті еңбегі бұл күнде естелікке айналғандай. Қазақ күресінің майталмандары осы спорт түрінен алғаш спорт шеберлігін қорғаған Қуаныш Әбекбаев, кезінде күрес өнерінің ұлы тұлғасы «Қажымұқанның інісі» атағын алған , Тұрсын Қалмақбаев, Ақсуаттық палуан, самбо, қазақ күресінен спорт шебері, облыстың абсолютті чемпионы атанған Хамит Искаковтың боз кілем үстіндегі өнерлері бір емес бірнеше кітапқа жүк боларлық дүние. Сол кездері күрес өнерін серік еткен ұрпақта жеңіске деген сенім, спорттың қиында қиыр жолына тура қарай алатын ерлік бар еді. Тарбағатай өлкесінен Қазақстан спортында есімі алтын әріппен жазылуға тиіс спортшылар шықты. КСРО спортына еңбегі сіңген спорт шебері, самбодан әлем чемпионы Бауыржан Садықановтың алғашқы бапкері Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ақсуаттық Ислахат Бешімбаев болса, Бауыржанды дүниежүзі чемпиондығына жеткізген де Қазақстан спортындағы ірі есімдердің бірі туған жерімізден шыққан Керей Қойшыбеков болды. Самбодан жастар арасында әлем чемпионы Қайрат Құнсапин, күрес өнерінің төрт түрінен Қазақстанның спорт шебері, халықаралық турнирлардың жеңімпазы Космановт Сейілхановтар қазақ спортының мақтанышы болды.
Сол жылдары қазақ күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында облыс бойынша бойынша бірнеше дүркін чемпион болып, ересектер атынан одақтық жарыстарға қатынасқан қазақ күресінің дамуына үлес қосқан Тельман Ибрагимов, самбодан КСРО спорт шебері, КСРО –ның екі дүркін чемпионы атанған Қайырхан Байзақовтың спорттағы жолдары оңай болмапты. Жеңімпаз аға ұрпақтың жолын тамаша жалғастырып келе жатқан Белоруссияның Минск қаласында моңғолдың алпауытын атып ұрып әлем чемпионы атанған Мақсат Мәзбаев пен қазақ күресінен әлем чемпионатының жеңімпазы, Азия чемпионы Мұхит Тұрсыновта ауылымыздың асық ойнап, тай жарыстырып өскен қара табан балалары. Республикамызда 20 жылдан астам самбодан Қазақстанның бас жаттықтырушысы болған КСРО спорт шебері Керей Қойшыбековтардың әулетінен Мерей, Абат, Дулат, Бекет сияқты бес бірдей спорт шебері шықса, Ақжар өңірінде кезінде Сібірдің түйе палуаны атанған ағайынды Сайхановтар әулетінен де бес ұл қазақ күресінің майталмандары болды. Бұл жай ғана кездейсоқтық емес, бұл елдің өлкенің қуаттылық әлеуетін көрсететін өмір өлшемі. Сондықтан Тарбағатай тарихындағы палуандық өнердің қалыптасу динамикасы халықтық рухани таным түсінігімен біте қайнасқан өнер деуге әбден болады. Бұл өлкеде күрес өнерін идеал тұтқан көрнекті тұлғалар осы өнерге өмірлерінің ақырына дейін адал болды. Оған айтулы күрес өнерінің саңлақтары спорт ардагерлері Қ.Иманбаев, Т.Қалмақбаев, Х.Искаков, К.Қойшыбековтардың Прагада, Тәжікстан мен Ташкентте, Афиныда өткен ардагерлер арасында өткен дүниежүзілік жарыста елдің намысын қорғап алтын әкелгені куә. Олар өз елінің асқақ мұраттарына адал,ұлттық ой сезімі мен рух санасы мейілінше шынайы, кесек болмысты, шарболат жандар еді.
Бір ғана Тарбағатайдан күрес өнерінің түрлері бойынша 10 әлем чемпионының шығуы спорт тарихында сирек ұшырасатын ғажап құбылыс, күрес өнеріндегі таланттар тектоникасы емес пе! Бұл ұлы күрес өнері тағылымындағы алтын өзек, темірқазық тізгіннің бірегей сипаты, ұлы өнердегі сабақтастық, ұрпақ жалғастығы десек артық емес. Біз әлі күнге дейін өз өлкемізде күрес өнеріне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті талант иелерін жеткілікті танымай келіппіз. Дегенмен қоғам ауысып, ұрпақтар алмасуы жүріп жатқан тұста күрес өнерінде тайға таңба басқандай ізі қалған тәуелсіз Қазақстан тарихында олардың есімдерінің лайықты дәріптелуі бүгінгі қазақ күресін серік еткен ұрпақтың тарихи санасына ықпал ететін, қазақ күресінің жаңа сапаға көтерілуіне соны соқпақ салатын елдік сана тәрбиесі екендігі даусыз. Шетелдерге қарасақ өз адамдарын «ұлы футболшы», «ұлы шахматшы» деп әлдеқашан атақ беріп қойған. Біз де осындай үлгіден тағылым алар кез жетті.
Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық турнирдің үлкен тарих көзімен алып қарағанда кішкентай ғана Ақсуатта өтуі күрес өнерінің таза рухын, биік өлшемін, қалы кілемнің болашақтарының күресті көзімен көріп өркендеуі үшін қажет әрі өткір, принціпті мәселе деп білеміз. Бұл жарыстың бүкіл қазақ қасиет тұтқан әулиелі өлкеде өтуі бір жағынан заңдылық , бір жағынан табиғи жарасымдылық. Күрес өнерін күллі көрермен алдында өтетін таза, әрі шыншыл өнер деп ұғынсақ, Күмісті жайлауындағы Ырғызбай әулие кесенесіне ат басын тіреген әрбір адам иман рухымен тыныстап, жүрегіне имандылық нұрын ала кететіні қанша ғасыр өтсе де мойындалған дүние. Жан баласына жақсылық нұрын себелеуші таупиықты әулиенің шапағаты сынақ жолындағы әрбір адамға шамшырақ болатыны айдан анық. Әмбесінде, дұрыс адам болуды мансұқ ететін әулие шарапаты қазақ күресін серік еткен қазақ ұлдарына ақ жол болатыны да рас. Ғасырдан ғасырға аңызға айналған әулиенің өзі иман тұтқан адамға шуақты шапағаты тиетіні де ақиқат нәрсе.
Болашақ чемпиондар қала балаларынан емес, қазақтың қара балаларынан шығатыны бұлтартпас шындық. Біз алты бірдей әлем чемпионы шыққан Ақсуатты бекерден бекер айтып отырғанымыз жоқ. Палуандық өнерде табиғат жаратылысы. Яғни, болашақ палуан ана құрсағынан палуан болып тегінен жаралып туылады. Бұл құдіреттің астарында елдік дейтін ұғымның ең бірініш тектілік, намысқойлық, кісілік, иманжүзділік атты бек жақсы айтуға тіл жетпейтін қасиеттері бар. Тарбағатайда өткен халықаралық турнирдің өткізіліуі мен дәрежесін талдауға біздің тісіміз батпас, бірақ болашақ боз кілемнің батырларын тәрбиелеудегі өте зәру тәрбие, әлеуметтік қажеттілік екендігі сөзсіз.
Қазақтың күрес өнеріне формальді тәрбие емес, туа бітті ұлттық сипат керек екендігі белгілі. Ал осы қазақ күресін ту етіп жүрген жеңімпаздардың барлығы шын мәнінде ауыл баласы екендігі хақ. Айтулы жарысты таңертеңнен кешке дейін тапжылмастан тамашалаған жастар күрес өнеріндегі сәттілікті де, сәтсіз сәттерді, маңдайдан аққан терді де өз көздерімен көрді. Халықтың ыстық ықыласына бөленді, зиялы қауымның, қалың көрерменнің көзінен аққан жасты, көңілінен шыққан риясыз сезімге, палуандардың шамырқанған нар намысын көрдік. Халықаралық дәрежеде атақтары бар небір апайтөс палуандардың ауыл төрінде атой салуы ұлттық өнер, ұлттық қасиет үшін жанын пида етерлік елжанды ұрпақтың бойына қаһармандық сезім сыйлағаны келешек ұрпақ үшін баға жетпес тәлім тәрбие болды.
Осындай тағылымы мол спорттық жарыстар халық өмірінде елеулі із қалдырады. Жастар мен жасөспірімдердің спортында рухани қаруға айналып жеңіс кілтінің кәдесіне жарайды. Шығыстың ұлтжанды ұлы, ұлт өнерінің жоқшысы Бәделхан Камалханұлы сынды азаматтың бастамасымен қолға алынған, «Туған жерге тағзым» ұстанымы бойынша жүзеге асқан туған жеріміздің атпал азаматтарының нар белін қайыстырар ауыр жүкті көтергендерін ел жұрты мақтан еді. Ол ел- жұрт ұлы қазақ жерінің ұлтжанды тұрғындары.
Тәуелсіз Қазақстанның қазақ күресі спортындағы жаңа есімдерді айқындауға септігі тиетін, қалың қазаққа жаңа үрдістің қарлығашындай болған халықаралық спорт жарысының мәңгілік ғұмыры ұзағынан болғай.
Ш.Көпшікбаева
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан
Тарбағатай ауданы