Ұлттық спорттың төрешілері, олар кімдер?

Сәдібек  Түгел.

 Ел Егемендігіне және Тәуелсіздігіне сәйкес республикамызда ұлттық спорт түрлері қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп келеді. Оның айқын айғағы деп кең байтақ Қазақстанның барлық облыстары мен аудан-қала, ауылдарында жиі-жиі өткізіліп тұратын ат бәйгелері – «Аламан», «Тоқ бәйге», «Құнан», «Жорға», «Көкпар», «Бүркітші», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Аударыспақ», «Сайыс», «Жекпе-жек», «Алыпсоқ», «Қазақша күрес», «Тоғызқұмалақ», «Желмая» жарыстарын айтуға болады. Бұл тұста мына сұрақтар туындайды. Осы жарыстар қалай, қандай деңгейде өтеді? Төрешілер кімдер?

Өйткені спорттың қай түрін алсаң да төрешіге үлкен жауапкершілік артылады. «Тура биде туған жоқ» – дегендей төреші болған азамат ең алдымен өз арының алдында адал болуы тиіс. Өйткені әрбір спортшы жарысқа қатысу үшін және сайыс барысында мұқият дайындалады, маңдай терін аямай төгеді, асыл уақытын жұмсайды. Спортта «Күші жеткен жеңіске жетсін» (Пусть победит сильнейший) деген қанатты сөз бар.

 Жарыс барысында барынша дайындықпен келген спортшы әділетсіз төрешілдіктің, сауатсыз төрешінің кесірінен асыл еңбегі еш болып, ұтылысқа душар болса, бұл барып тұрған қиянат саналады. Шындығын айтсақ дәл осындай жәйттер ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуде әлі күнге дейін орын алуда. Бұдан әрі оған жол беруге болмайды. Өйтпесек, бүкіл ұлттық спорттың абыройына нұқсан келтіреміз. Ол үшін не істеу керек?!

            Біріншіден, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізудің Ережесін дұрыс дайындауға қол жеткізу қажет. Ол үшін көп іздену, көп дайындық қажет.

            Екіншіден, ойын жарыс барысында төрешінің міндеті Ереже талаптарын өте қатаң сақтау және толығымен орындау. Бұл жерде айтарымыз – Бас төреші бәріне жауапты. Сондықтан Бас төреші – жарыс алдында бүкіл төрешілермен семинарлық-кеңес немесе уақыт болып жатса практикалық оқу өткізгендері жөн.

            Үшіншіден, жершілдікке салынбау керек. Жарыс қай жерде болса, солардың командаларына жеңісті бере салайық деген ұғымды осыдан былай мүлдем ұмыту керек.

            Төртіншіден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Спорт Түрлері Қауымдастығының  Жоғары Кеңесі Қауымдастыққа қарайтын барлық Федерация басшыларынан, құрамында 7 – адам бар Тәртіп кеңесін (Дисциплинарный совет) ашуды талап етеді. Ең алдымен Тәртіп кеңесінің Ережесін дайындау қажет. Оны Қауымдастықтың  Жоғары кеңесі бекітеді.

            Бесіншіден, әр Федерация төрешілерді оқытудың кестесін жасап, 1-ші қазаннан бастап семинарлық сабақтарды ұйымдастыруы тиісті. Оған республикада белгілі спорт мамандары дәріс берсе дұрыс болар еді.

            Алтыншыдан, жарыстың ұйымдастыру комитеті, төрешілер коллегиясы – комментаторлардың жұмысына ерекше көңіл бөлгендері жөн. Жарыс дұрыс ұйымдастырылуы мүмкін, ал комментатордың өтіп жатқан спорт түрінен хабары аз болса, бүкіл еңбек қор болады. Жиылған жұрт, көрермеңдердің көңілі жарысқа толмай, ренжіп қайтады. Әр Федерацияда комментатор-төрешілер бөлімі жұмыс істеуі тиіс.

            Жетіншіден, төрешілер, ұйымдастырушылар жарыс алдында, барысында ойыншылардың киімдеріне (экипировкаға) барынша зор көңіл бөлгендері абзал. Өйтпесе, тап-тамаша сайыстың, жарыстың маңызы төмендейді, көрермендерді өзіне тартпайды. Біздің айтарымыз, бірыңғай киім үлгісін жасау керек. Әр Федерация осыған атсалысып, өз ойларын айтып, осы жұмысты кейінге қалдырмай, бастағандары жөн.

            Төрешілер мәселесі бір мақаламен бітпейді. Бұл үлкен, ауқымды жұмыс. Оған бәріміз, Қауымдастықтың (Ассоциацияның) барлық белсеңділері бір кісідей араласуымыз керек.

            Тек сонда ғана – ұлттық спортымыздың төрешілерінің  жұмысында тазалық, әділдік, біліктілік, профессионализм болады деп ойлаймын.

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …