Асау үйрету

 Сәдібек  Түгел.

 Асау үйрету- ерекше өнер. Жылқышылардың жөн сілтеушісі әрі ақылманы боп  жүрген әкем жігіттердің қолқалауын жерге тастағысы келмеді ме, әлде бойға сіңген әдеті тыншу бермеді ме, сол күні түске таяу уақытта әлденеше күн бұғалық іліндірмей келген қаба жал құла дөненді көргенде:Жігіттер, құланы жығып ерттемесеңдер, біреуіңді жазым етері кәдік.Мінезі тым шәлкез екен. Не өзін, не өзгені майып етіп жүрер, әуелгісін өзім көрейін, – деп саңқ етті.Мүмкін «Құнан мен дөненнің жынын басу балалардан қала ма, әрі соларға тақымым толмайды», -деп уәж айтатын әкемді құланың тұлғасы қызықтырды ма, кім білсін… Құйрық-жалы төгілген, сүйегі аса ірі құла дөнен төрт жасқа енді шықты дейтін емес, дәп сақа айғырлардай сом тұяқтанып, қаншырдай жарап, мейіздей қатқан. Төрт-бес  әлді жігіт жабылып жүріп құла дөненді зордың күшімен жығып, әрең дегенде ер салды-ау. Мен үлкендердің «Кет те кет, қаш та қаш!» деген айғайларын құлағымнан ысырып, дәл жандарында жүрмін.Сәл-пәл жинақыланып алған әкем әлден уақытта. Ал, қоя беріңдер!- дегені сол-ақ екен, төрт аяқты буған қыл арқан көзді ашып-жұмғанша сусып түсті.

Қос құлағын қайшылап, басын оқ жыландай қақшитқан құла орнынан атылып тұра берген сәтте әкем де ерге қона кетті. Сонда салмағы едәуір кісіні құла дөнен бұйым құрлы көрген жоқ. Тұра аспанға тік шаншыла қарғып, одан қаз мойнын ішіне ала мөңкіді дейсің. Бұған дейінгі асаулардың тулауы мына құланың қасында ештеңе емес екен. Нағыз долы мінез танытып, үстіне нық отырған кісіден құтылмаққа жанталаса мөңкіп жүр. Бір кезде оңтайлы тұста әкем дырау қамшымен оң сауырдан шықпырта тартып-тартып өткенде бағанадан айнала орағытқан құла дөнен ылдиға қарай жалт бұрылғаны. «Қайран Түгел аға-ай, өзіңдей болу қайда бізге?!» деп таңдай қаға, сүйсіне тамашалап тұрғандар сонда шу ете қалысты. Әу баста, жұрттың неге шуласқанын мен түсіне қоймаған едім. Сәлден соң ғана анық аңғардым. Ер-тоқым ауып, бауырға кеткен. Әкемнің бір аяғы үзеңгіге кептелген, оң қолы құланың қаба жалына шеңгелдей жабысып қалған. Бауырына түскен ерден шошына үріккен дөнен сарт-сұртепкіленіп, бір орнында шыр көбелек айналып жүр. Бір мезетте арқырай аспанға шапшыған дөненді бастырмалата қамшылап құйғытқан әкемді және бір көзім шалып қалған. Бірақ бұл кезде бұл жайдақ еді. Содан төрт-бес сағаттың айналасында құланы сенделектетіп әкеп байлаған еді. Асау кәдімгі «жынын алдырған бақсыдай» болыпты да қалыпты.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Астана   мені  баурап  алды!

                         Елордамыздың  20  жылдығына   арналады.  Алғашқы   астаналықтардың   бірі,   жаңа   Елорданың    тұңғыш  баспасөз  хатшысы,  танымал   қоғам  …