Астана қаласының 20 жылдығына арналады.
Астана тұрғындарына Елорданың тұңғыш баспасөз хатшысынан Ашық хат!
Қадірлі Астаналықтар! Құрметті жерлестер!
Мен бүгін Сіздерге ашық хат арқылы шығып отырмын. Ондағы мақсатым ХХ-ХХІ ғасырдың тоғысындағы қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсінен орын тепкен әлемдегі ең жас та, ең әсем шаһарлардың бірі Астана қаласында тұратын тұрғындардың Астаналық мәдениетіне байланысты. Мен қарапайым қазақ азаматы 1998 жылдың басында тағдырдың жазуымен, Алла тағаланың қолдауымен Астана қаласының баспасөз қызметіне келдім. Нағыз қаланың қайнаған ортасында тарихи оқиғалардың эпицентрінде болдым. Көптеген маңызды іш-шаралардың жүзеге асуының тірі куәгерімін. Сөз жоқ, жаңа Елордамыз, Астана қаласы, Елбасымыз, Қазақстан Республикасынынң Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген басшылығымен және Астаналықтардың жанқиярлық еңбегінің арқасында биік деңгейге көтерілуінде болды. Соның нәтижесінде қарасаң, көзің тоймайтын, әдемі архитектуралық кешендері бар, ертегідей шаһар салынды. Біз оған бөркімізді аспанға атып қуанамыз және мақтанамыз. Осы орайда айтарым, көптен бері көңіліме қаяу түсіретін, жүрегімді ауыртатын жәйттердің көп кездесетінін тілге тиек етпекпін. Ол біздің Астана тұрғындарының қаланың тазалығына, қалада тұратын адамдардың тазалыққа бей-жай қарайтындарына тосқауыл қоя алмауымыз дер едім.
Өз тәжірбиемнен айтайын, мен 2012 жылдан бері қарай Астана қаласының Керей – Жәнібек хандар көшесінде орналасқан жаңа 9 қабатты үйдің 9 – қабатында тұрамын. Күнде байқайтыным, күл-қоқыс салынған дорбалар кіреберіс маңайында, дәлізде, жеделсаты маңында, ішінде де қойылып, шашылып жатады. Сусыннан босаған бөтелкелер, пластмассалық дүниелерден аяғыңды алып жүре алмайсың. Айнала толған бөтелкелер, автотұрақтың маңайына, әсіресе, жаз айларында ластайды, қыс айында болса қардың үстіне балконнан лақтырады, не болмаса көлік терезесінен лақтырады. Әр апта сайын жедел саты істен шығып қалады, сосын сыртқы есік қиратылады. Оны істен шығарып, қираттатын, бөтен біреу емес, сол жердегі адамдардың өздері. Осы дұрыс па?! Неге біз үлкен еңбекпен келген, халық үшін жасалған дүниелерді қолмен қиратамыз, қастандық жасаймыз? Сол халықтық мүліктерді құртуға бізге кім рұқсат берді? Сонымен қатар, есік алдына автокөліктерді қалай болса, солай орналастыра саламыз. Соның салдарынан жедел жәрдем, өрт сөндіргіштер жүре алмай да қалады. Кейбіреуі машиналарын гүлзарлардың үстіне қояды. Үйдің жанында спорт алаңы бар. Соны біреулер қасақана кеп қиратады. Олар кімдер? Неге солай істейді? Немқұрайлықтың кесірінен көше толы жатқан қоқыс салынған жәшіктер, қапшықтардың иісі шығып, төңкеріліп жатады. Айта берсек, осындай келеңсіз жағдайлар көп, бұлар бізді қынжылтады және ренжітеді. Соның салдарынан Астаналықпыз деген биік мәртебемізге сөз келеді. Оған біз бәріміз бір кісідей болып, тосқауыл қоюымыз керек.
Француздарда «Париждіктерді париждіктер еткен, париждіктер емес, Париждің өзі» деп айтылғандай, Астананың керемет қала болуы бізге, осы қалада тұрып жатқан Астаналықтарға тікелей байланысты. Сонда ғана еңселі елордамыздың жолы таза, болашағы айқын болады. Сондықтан айтарым, Астана қаласының келбетінің сұлу, таза болуына бәріміз жауаптымыз және бір кісідей болып атсалысайық. Астаналықтардың санасы сергек, қалаға деген құрметі биік болуы керек. Ал, арман қуып, болашағының іргетасын осында қалағанды армандайтын келушілер лас, тазалық орнатылмаған қаламыздың көшелерін көрсе, не ойлайды? Астана – Қазақстанның жүрегі. Басқа қалалар осы қаламызға қарап бой түзеп, ізімізбен келеді. Олай болса, өзгеге үлгі болған қаламыз неге сол дәрежеге лайық болмасқа?! Мендегі тілек, Астана сол тұғырынан түспесе екен. Жеміс ағашын да көктеп, маңайын тазартып отырсаң, жемісі мол, саялы болмай ма?!
Қандай адам болмасын, өз үйінің төрін шаңдатып, ауласын қоқысқа толтырмайды. Жас қаламыз Астананы да өз үйіміздей қарап, әр бұрышына жауапкершілікпен қарап, мұнтаздай тазалық орнатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.. Олай болса, Кемшіліктерді көрсек те, көрмегендей болып тұрмайық. Алда жадыраған жаз. Осы жазды жақсы тазалықпен өткізейік. Менің бұл жерде айтайын дегенім, Елбасы, Үкімет және Астана қаласының әкімшілігі Астананың үлкен кешенді жұмыстар жүргізді. Оны бәріміз күнде көріп отырмыз. Оларға мың алғыс айтамыз.
Қадірлі Астаналықтар, «театр гардеробтан басталады» дегендей қаланың қала болуы, ауладан басталады. Ауламызды, дәлізімізді, көшелерімізді таза ұстайық, атсалысайық. Қаланың мәдениетіне тазалығына жүрдім баратын қарайтын ластайтын , тұрғындарды болдырмайық! Ол үшін бәріміз Астаналық деген жоғарғы статусқа лайық болайық.
Құрметпен,
Жазушы-журналист,
Астана қаласының тұңғыш баспасөз
хатшысы Сәдібек Түгел.