ШҚО, Өскемен қаласы әкімдігінің
«№24 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі,
МАМАДИЛОВ АЛИЖАН
3 «В» сынып оқушысы.
Жетекшісі: АЛИМСАЕВА АЙЖАН ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен болашақ дамуы бар саяхат маршруттары
Секция: Әлемде талай қызық бар
Пікір
Ғылыми зерттеу жұмысында 3 «В» сынып оқушысы Мамадилов Алижан Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында орналасқан Ақбауыр үңгірі жайлы мәлімет алуды, оның ерекшеліктерін зерттеуді мақсат еткен.
Ғылыми жұмыстың бірінші бөлімінде ескерткіш терминіне тоқталып, жалпы Қазақстан аумағындағы тарихи ескерткіштерге шолу жасаған . Екінші бөлімінде Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштерді айта келіп, Абауыр үңгіріне ойысқан. Оның ерекшеліктеріне, маңыздылығына тоқталған.
Зерттеу бөлімінде сыныптастары мен ата-аналарына сауалнама жүргізіп, мониторинг жасаған.
Батырханның бұл зерттеу жұмысын қазақ тілі, қазақ әдебиеті сабақтарында, тәрбие сағаттарында қосымша материал ретінде пайдалануға болады.
Ғылыми жұмысты оқи отырып оқушының алдына қойған мақсатына жеткенін байқауға болады.
Мазмұны
І.Кіріспе ——————————————————————————- 4
ІІ.Негізгі бөлім ———————————————————————- 5
- Тарихи ескерткіш дегеніміз не? ———————————————— 5
2.1.Қазақстандағы тарихи ескерткіштер —————————————- 8
2.2.Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштер —————- 9
2.3.Ақбауыр үңгірі ————————————————————- ——10
ІІІ.Зерттеу бөлімі-———————————————————————
3.Ақбауыр тас ескерткішінің саны———————————————— 11
3.1. Ақбауырдағы бейнелер ———————————————————11
3.2.Сыныптастардың пікірлері—————————————————–11
ІV.Қорытынды————————————————————————12
V.Пайдаланған әдебиеттер ——————————————————-13
VІ.Қосымша————————————————————————— 14
Абстракт
Ғылыми жобаның тақырыбы: Ақбауырдың сыры
Ғылыми жобаның мақсаты: Ақбауырдың тарихи ескерткіш екенін дәлелдеу
Ғылыми жобаның зерттеу сатылары:
Тарихи ескерткіштер жайлы мәлімет жинау.
Ақбауыр жайында мәліметтер жинау:
А) мектеп кітапханасына бару;
Б) қала кітапханаларынан іздестіру:
В) «Юнга» кітапханасына бару;
Г) Өлкетану мұражайына бару;
Д) әлеуметтік желілерден іздестіру.
3.Мәліметтерді талдау.
- Оқушылар мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізу.
- Мониторинг жасау.
Кіріспе
Ғылыми жобаның мақсаты: Ақбауырдың тарихи ескерткіш екенін дәлелдеу
Ғылыми жобаның міндеттері:
- Ақбауырдың маңыздылығын дәлелдеу
- Ақбауырды өлкеміздің бөлінбес құндылығына айналдыру
- Ескерткіштің қазақ халқына қатыстылығын айқындау
Ғылыми жобаның болжамы:
Ақбауыр
Ғылыми жобаның зерттеу сатылары:
Тарихи ескерткіштер жайлы мәлімет жинау.
Ақбауыр жайында мәліметтер жинау:
А) мектеп кітапханасына бару;
Б) қала кітапханаларынан іздестіру:
В) «Юнга» кітапханасына бару;
Г) Өлкетану мұражайына бару;
Д) әлеуметтік желілерден іздестіру.
3.Мәліметтерді талдау.
- Оқушылар мен ата-аналар арасында сауалнама жүргізу.
- Мониторинг жасау.
Ғылыми жобаның зерттеу әдісі:
Эмпирикалық
Теориялық
Математикалық
Ғылыми жобамыздың жаңашылдығы:
Өлкеміздің зерттеліп, ұлттық құндылықтарына айналған «Еңлік-Кебек» секілді тарихи ескерткішіне айналса деймін.
Ғылыми жұмыстың нәтижесі мен қорытындысы:
Ақбауыр халық арасында, көпшілікке белгісіз дүние екені белгілі болды.
Ғылыми жұмыстың практикалық қолдану салалары:
Аталған тақырыпты тәрбие сағаттарында пайдалануға болады.
Қазақ жері өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Оның ұлттық тарихы аса ерте замандардан бастау алады. Ел мен жерді қорғау ең алдымен сол ел мен сол жердің тарихын білуден басталады. Ел мен жердің тарихын білу тарихта өткен қасиетті ата-бабалар әруағына тағзым етіп, олардың игілікті істерін еске алудан бастау алады. Ұлт тарихынан білімді болудың басты мақсаты-өткеннен тағылым алу. Осыған орай еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштері білу-біздің тарих алдындағы міндетіміз. Әлемдегі әр ұлттың өз тарихында кие тұтатын мекендері бар. Ол жерлердің киелілігі сол халықтардың шығу ошағы немесе ұлттық мәдениетінің ошағы, елдіктің ошағы болуына байланысты болса керек. Қазақ халқының тарихында осындай жерлер өте көп. Алтай мен Жетісу, Ұлытау мен Қаратау, Еділ мен Жайық, Ертіс пен Сыр, Маңғыстау, Түркістан мен Отырар –міне, қазақтың төл бесігі болған киелі мекендер. Бұл аймақтардың өз ішінде және кішігірім киелі орындары бар. Мысалы, айтар болсақ, оларға түркі әлеміндегі қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесі, Арыстанбаб кесенесі, Қарашаш ана кесенесі, Гауһар ана зираты, Әли Қожа бейіті, шығыстағы Алтай ескерткіштері мен Жидебайдағы Абай мұражайы, Қарағандыдағы Беғазы кешені, Жамбыл облысындағы –Айша бибі кесенесі мен Қарахан кесенесі.
ІІ.Негізгі бөлім
Тарихи ескерткіш дегеніміз не?
Ескерткіш – кең мағынасында — елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді (құрылыстарды, ғимараттарды, т.б.) қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Яғни адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі дамуы жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық-рухани үлгі-нұсқаларын; адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау қалыптасқан. Оларды шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба ескерткіш, өнер ескерткіші, сәулет ескерткіші, археологиялық ескерткіш, ұлттық дәстүрлі қолөнер ескерткіші, діни ескерткіш, т.б. деп те түрліше жіктеуге болады. Мәселен, адам қабірінің басындағы оба, қорған, дың, сондай-ақ, сақ дәуірінен, көне түркі,қыпшақтар кезеңінен жеткен тас мүсіндер, сынтас, сартас,құлпытас, қойтас, үштас, бестас, сағана, төртқұлақ, кесене, т.б. археологиялық және сәулет ескерткіштері — ең алғашқы ескерткіш түрлері қатарына жатады. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мемлекеттік деңгейдегі шара болып табылады және өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігін құрайды;
Тар мағынасында — ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туынды. Бұл атау монумент деген ұғымның мағынасына жақын. Алайда ескерткіш, әдетте, дүние салған адамның құрметіне тұрғызылады. Ескерткіштің кең тараған түрі де осы — көлемі нақты тұрпаттан үлкендеу мүсіндік бейнелер. Олар, әдетте, көрнекті жерге (қала алаңына, саябаққа, тарихи орындарға, тарихи адамдардың туған жерлеріне, ұрыс даласына) орнатылады. Өлген адамға ескерткіш орнату дәстүрі ерте заманда-ақ пайда болған. Мысалы, ежелгі Грекияда аса көрнекті қолбасшылар мен қоғам қайраткерлерінің құрметіне, Римде императорларға ескерткіш қойылған. Қайта өркендеу дәуірінде Италияда Микеланджело, Францияда Т.Бонтан, т.б. сияқты мүсін өнері шеберлерінің аты әйгілі болды. 19 ғасырда Еуропа мен Америкада әр түрлі оқиғаларға, 20 ғасырда ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлеріне, жазушы, суретші, музыкашыларға ескерткіштер жасау үрдісі кең етек алды. Қазақстанда ескерткіш орнату 1940 жылдан кейін кең өріс алды. Алғашқы ескерткіштердің бірі — Алматыдағы “Амангелді Иманов” ескерткіші (Мүсінші Х.Б. Асқар-Сарыджа, сәулетші Т.Бәсенов; 1947). Сондай-ақ, әдебиет, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қабірі басына бейне-мүсін қою немесе олар тұрған үйдің қасбетіне жазулы ескерткіш тақта орнату да дәстүрге айналған.
Онда үңгірлердің пайда болуы, морфологиясы, микроклиматы, суы, өсімдігі, ежелгі қолданысы мен бүгінгі жағдайы қамтылады. Спелеология ХІХ ғасырдың екінші жартысында француз Э.Мартельдің ұйытқы болуымен қалыптасты. Спелеология ТМД-да тек Кавказда ғана қолға алынған. Ал қазақ даласында да қилы тарихтан сыр суыртпақтайтын, ертегі-аңыздарға арқау болған қаншама үңгірлер бар. Бірақ бізде осы үңгірлерді зерттейтін спелеология ілімі жоқ. Егерде кенже қалған осы саланы қолға алатын ілім дамитын болса, үңгірдің қыр-сырына қызығатын талай жұрт біздің елге қарай ағылар еді. Бұл – біріншіден, елімізді өзге әлемге паш етіп, танытатын болса, екіншіден қып-қызыл пайданың көзі. Бүгінде өркениетті елдер жер бетіндегі тарихи орындармен қатар, жер астындағы үңгірлерін де қорғауға алып, көненің көзі ретінде жұртқа көрсетіп, көл-көсір пайда тауып отырғаны анық. Қазақ даласында талай қызықты, шым-шытырық әңгімеге арқау болған үңгірлер жеткілікті. Мәселен, соның бір-екеуін ғана атай кетейік. Қаратаудағы «Қатынқамал», Шығыс Қазақстандағы «Ақ бауыр», Шыңғыстаудағы «Қоңыр әулие» (Қоңыр әулие атты үңгір Баянауыл аймағында да бар), «Бектауата» және т.б. Бұлардың қай-қайсысы да өткеннен сыр шертері анық. Мәселен, Қаратаудағы «Қатынқамал» үңгірі жайлы түрлі аңыз көп. Соның бірі Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі бір оқиғаны былайша әңгімелейді. «Жоңғар шапқыншылығында Ақүйік өзені бойындағы Қаратаудың ұшар басында осы үңгірге қырық қыз-келіншек паналаған. Үңгірді паналаған қырық қыз-келіншек жоңғар шапқыншылығы аяқталғанша, сонда өмір сүрген. Азық-түлігін оқта- текте түнделетіп ер-азаматтар жасырын жол арқылы тасыған. Бұл үңгір төменгі өзен бойынан, еңістен қарағанда көзге шалына бермейді. Өйткені маңайындағы қалың бұта мен қоқыс тастар үңгірдің аузын көрсетпей жауып тастаған. Оған таудың етегінен өрмелеп шығып, одан қия-қия соқпақтар арқылы төмен түсетін болған. Жол жобасын білетін ауыл адамдары болмаса, сырттан келген адамдар үңгірге жете алмаған. Міне, осы үңгірді паналаған қырық қыз-келіншек жоңғардың ажалына ілінбей қалған, кейін еліне қосылған. Содан бері бұл үңгір «Қатынқамал» аталады. «Бектауата» үңгіріне ежелден бала көтермеген әйелдер, ауырған адамдар түнеп, қасиеті мол үңгірден өздеріне күш-қуат, денсаулық және бала тілеген. Жеті мың жылдық тарихы бар «Ақбауыр» үңгірі де құпияға толы. Әсіресе, онда ертедегі адамдардың тасқа ойып салған суреттері, таңбалары жеткілікті. Өткеннің тірі куәсі деуге болатын жер. Ал Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие» үңгірі жөнінде де қызықты әңгімелер-аңыздар көп. Соның бірі – жарты әлемді басып алып, ұлы империя құрған, шығыстан шыққан Ұлы қаған Шыңғыс ханның мүрдесінің осы жерде жатуы жайында. Аңыз солай дейді. Үңгірдің түбінде тұнып жатқан шағын көлдің тұңғиығында үлкен қара сандық бар, оның ішінде Шыңғыс ханның жауһар тастары мен алтындары, яғни қазынасы осында сақтаулы. Ал қара сандықты ешкім ашып, ішіндегі қазынаны алмау үшін, сандыққа ешуақытта өлмейтін өте улы қара қоңыздар салынған дейді аңыз. Қалай айтсақ та, аңыздың өзегінде қаншалықты шындық барын кім білсін, әйтеуір, «Қоңыр әулие» үңгірінің құпиясы әлі ашыла қойған жоқ. Әрине, қазақ даласында жүздеген үңгір бар. Сол үңгірлерге байланысты жергілікті мекендерде көптеген аңыз-әңгімелер жеткілікті. Бірақ оны ешкім зерттеп жатқан жоқ. Осы орайда айтарымыз, елімізде спелеология ілімін дамытатын кез жетті. Егерде бұл сала жолға қойылса, спелетуризм өз-өзінен өркендер еді. Жалпы, қазақ даласы көненің көзі болып саналатын, өткеннің айғағы болатын шежірелі орындарға өте бай. Бәрін тізбелемей, әлемдік тарихтан ойып тұрып орын алатын Ұлы қолбасшы, Алтын орданың негізін қалаған, Ұлытауда тұрған Жошының мазары, Алаша ханның мазары, ұлы жиһангер Ақсақ Темірдің Алтын Орданы шабуға бара жатып, Ұлытауда екі жүз мың әскеріне тас жинатып, тау көтерген жері, оған қашап жазу жазып кетуінің өзі бөтен жұртты таңғалдыратын, қызыға көретін мекенге жарар еді. Бұдан қала берсе, ерте және орта ғасырларда қабырғасы қаланып, бүгінде тек сұлбасы қалған Сыр бойында жатқан қырық кенттің де орны туристердің ат басын тірер мекенге айналдыруға әбден болар еді. Бұдан өзге, үш жүз алпыс екі әулие мекен еткен, киелі Маңғыстауда қаншама тарихи орындар жеткілікті. Амал қанша, осыншама киелі де қастерлі жерлерге ие бола отырып, әлі күнге өзгеге мақтаныш ретінде көрсете алмай отырмыз. Мұның бірі иісі қазақ жұрты мекен еткен ұлы далада талай іргелі қағанаттар, ұлыстар, мемлекеттер бой көтергенінен, тек көшпелі өмірмен тіреліп қалмай, шаһарлар салып, гүлденген мәдени орталықтар болғанынан хабардар берер еді ау. Жұмыр жердің бетінде жұртты таңғалдырған үңгірлер өте көп. Соның бірі және бірегейі – АҚШ-тың Кентуки штатындағы Флинт-Мамонтов үңгірі. Оның ұзындығы – 288 шақырым (кей деректер 500 шақырым дегенді келтіреді). Оның бір шетінен кіріп, екінші шетіне шығу үшін туристерге қанша уақыт кететінін есептей беріңіз… Ұзындығы жағынан екінші орында – тек гипстен тұратын Украинадағы «Оптимис» деп аталатын үңгір. Оның ұзындығы – 144 шақырым. Бұлардан кейін Швейцариядағы «Хеллох» және Украинадағы «Озерная» деп аталатын үңгірлер. Олардың ұзындығы 130 және 104 шақырымнан. Ал ең терең үңгір ол – Испания мен Францияны бөліп жатқан Пиреней тауындағы «Пьер-Сен-Мартен». Оның тереңдігі 1332 метр. Енді түсіп көр оған! Қап тауындағы «Қарлы» деп аталатын үңгір одан 1320 метрге «таяз». Одан кейінгі орында – Альп тауындағы «Берже» және «Жан-Бернар» үңгірлері. Тереңдіктері 1298 және 1141 метр. Ал мұз құрсанып жатқан үңгірдің бірі – Гренландияда. Тереңдігі 60 метр. Әлемде су астында жатқан ең үлкен үңгір Мексиканың Юкатан жарты аралындағы «Үлкен» үңгір. Оған 13 су асты үңгірі мен дәліздер кіреді. Бір қызығы, ол кейінен су басып кеткен баяғы үндістердің өркениетке қол жеткізген мая тайпасының бір қаласының орны екен. Ал ең ұзын жерасты жолы Одесса қаласында. Оның ұзындығы – 2500 шақырым. Туннель көптеген залдардан тұрады. Кейбірі кейіннен жасалып, табиғи үңгірмен жалғастырылған. Бұл жер- асты жолдары Ұлы Отан соғысы жылдары жауып тұрған оқтан қорғану үшін кеңес және неміс солдаттарына да көп қызмет атқарғаны тарихтан белгілі. Ал Римдегі жерасты жолдары 800, Париждегі жерасты жолы 300 шақырымға созылып жатыр. Акустикасы ең жоғары үңгірге Сицилиядағы Сиракузы қаласының маңындағы «Дионис құлағы» деп аталатын үңгір жатады. Мұнда жай сыбырлап сөйлескеннің өзі әр бұрышқа жаңғырып естіліп жатады. Ал айқай салсаң, дауысың зеңбіректің атқанындай дауыс шығарады екен. Сондай-ақ дауысты ұлғайтып шығаратын үңгірлер әлемде жеткілікті көрінеді. Ал ең кең үңгірге АҚШ-тың Нью-Мексика штатындағы «Карлсбадск» үңгірі жатады. Оның ұзындығы – 1300 метр, ені – 200, биіктігі – 100 метр. Ең түбінде кеңдігі 400 метр болатын алаңы бар.
2.1.Қазақстандағы тарихи ескерткіштер
Қазақстандағы 25 мың тіркелген ескерткіштер арасында алғашқы адамдардың тұрақтары, мыңдаға жылдар бойғы тарихы бар қалалар бар. Осы мыңдаған археологиялық куәліктер арасында ежелгі, ортағасырлық, шығыс сәулет өнерінің құнды қазынасы жатыр. Қызылорда облысындағы б.з.д. IV-II ғғ Баланды-II ескерткіші – кірпіштен жасалған әлемдегі алғашқы күмбездердің бірі. Маңғыстау ескерткіші – өзіндік, автономды сәулет стилінің әлемде қайталанбас дамуы. Жамбыл облысындағы Айша-Бибі кесенесі – Қазақстан территориясында VII-VIII ғасырларда құрылыс технологиясының даму деңгейінің зор екендігін көрсететін тағы бір әлемде қайталанбас сәулет туындысы. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесін ЮНЕСКО әлемдік ескерткіш деп таныды.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамасымен негізгі приоритеті тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру, реставрациялау, консервациялау және мұражайландыру болып табылатын «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарлама жасалып, қабылданды.
«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарлама қабылданғалы бері қазірге дейін Айша-Бибі кесенесі, Арыстанбаб, Абат-Байтақ, Есімхан, Қара Сопы, Мақұл Там, Ысқақ Ата, Джабраил Ата, Караман Ата қорымдарында, Петропавл қаласындағы «Резиденция Абылай хана» кешені сияқты 78 тарих пен мәдениет ескерткіштерінде реставрациялық жұмыстар аяқталды, біздің түп-тұқияндарымыз туралы көптеген мәлімет беретін ғылымды мыңдаған артефактылармен байытқан 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізілген.
2.2.Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштер
Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштері– Қазақстанның шығыс өңірінде көне дәуірлерден сақталған археологиялық ескерткіштердің тобы. Негізінен қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы жәдігерлерді біріктіреді. Түрлі тарихи дәуірлерді қамтитын, көлемі бойынша Қазақстандағы аса үлкен топтардың бірін құрайтын, саны жағынан мыңдап саналатын ескерткіштерді зерттеу 19 ғ-да басталды. Оған белгілі ғалымдар: Г.И. Спасский, А.В. Адрианов, Н.Я. Коншин, В.В. Радлов, С.С. Черников, С.Аманжолов, А.Аманжолов, С.С. Сорокин, А.А. Крылова, Х.Алпысбаев, А.Г. Медоев, Ф.Х. Арсланова, С.Ақынжанов, З.Самашев, Ю.И. Трифонов, Ж.Таймағамбетов, А.А. Чариков, А.С. Ермолаева, Ә.Төлеубаев, Г.Г. Петенева, т.б. ат салысты. Тас дәуірі ескерткіштері арасында ең көне уақытқа жататын нысан ретінде Күршім ауд-ндағы ерте палеолиттік (ашель кезеңі) Қозыбай тұрағы белгілі. Зевакино зираты құрамында 500-ден астам нысан бар аса көрнекті ескерткіш. Трушниково, Малокрасноярка қоныстарынан алынған бірегей материалдар осы өлке ғана емес, жалпы Қазақстанның соңғы қола кезеңіне қатысты құндылықтарға айналды. Қола мен ерте темір дәуірлерінің арасын алып жатқан өтпелі кезең ескерткішіне жататын Измайловка зиратынан қызықты әрі бірегей мәліметтер алынды. Ерте темір дәуірінде өлкені мекендеген сақ тайпаларының жүздеген ескерткіштері анықталып отыр. Тас, топырақтан үйілген обалары бар сақ қорымдары Ертіс пен оның салаларының алқаптарында, Қалба-Нарымның теріскей және күнгей беткейлерінде, Шыңғыстау мен Тарбағатайдың жоталарында, Шілікті алқабында жиі кездеседі. Бұл дәуір тұрғындарыныңмәдениетін зерттеуші ғалымдар оны 3 кезеңге бөліп қарастырады: майемер (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар), берел (б.з.б. 5 – 4 ғ-лар) және құлажорға (б.з.б. 3 – 1 ғ-лар) кезеңдері. Атап айтқанда, зерттеу деректері Шілікті және Берел сияқты сақ обаларынан алынып отырған соны материалдармен кеңінен толықтырылды. Орта ғасырлар дәуірінің жәдігерлері арасында Түрік қағандығы кезеңінің жерлеу орындары мен көптеген тас мүсіндері, әсіресе, Ертіс бойында көптеп саналатын қимақ (кимек) обалары, қыпшақ заманының жәдігерлері белгілі. Ескерткіштердің айрықша түріне өлкеде кеңінен тараған тастағы таңбалар, яғни петроглифтер жатады. Көне замандардан бастап орта ғасырларға дейінгі уақытты қамтитын петроглифтердің бірнеше мың үлгісі сақталған. Ш. І. а. е-н ашып-зерттеу жұмыстары нәтижесінде Қазақстанның, Кіндік Азияның, тіпті бүкіл далалық Еуразияның көне және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар құнды деректердің өте көлемді тобы жинақталған.
2.3.Ақбауыр үңгірі
Ақбауыр үңгірі – қола дәуірінің ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы. Ұлан ауданы. Бестерек ауылының солтүстігінен 38 км жерде Ақбауыр тауының етегіне орналасқан. Жүйелі зерттеу жұмыстарын 1970 – 90 жылы ҚР ҒА археолог экспед. (жетекші З.Самашев) жүргізді. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіре берісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын, киелі орын болған. Үңгір таудың етегінен 5 – 6 м. биік орналасқан. Оның алдындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде (жыл басы – наурызда) үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, т.б. рәсімдер өткізілген. Суреттердің мазмұны өте күрделі. Композицияның семантик. орталығында қос аяқты арба, өгіз, таутекенің суреттері бейнеленген. Олардың айналасында әр түрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. Энеолит, қола дәуірлерінде салынған бұл суреттер жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өрбуін тілеу мағынасын білдіреді. Сол кездегі діни ғұрып бойынша өлген адам қабіріне қос аяқты арбаны бірге қойған. Ол адамдардың жанын, рухын басқа дүниеге тасымалдайтын құрал деп саналған
ІІІ.Зерттеу бөлімі
3.Ақбауыр тас ескерткішінің саны
Ақбауыр үңгірін зерттеу барысында оның бірнеше үлкен тас ескерткіштерден тұратын білдім. Оның маңайында үлкен, түйе тастар жатыр. Жап-жазық далада қайдан пайда болған тастар деп те таң қалуға болады. Әлде ғарыштан әлдеқандай себептермен түскен тастар ма, ол жағы белгісіз. Жалпы саны алтау. Оның барлығында тасқа қашалған суреттер салынған.
Ақбауырдағы бейнелер
Суреттердің мазмұны өте күрделі. Композицияның семантик. орталығында қос аяқты арба, өгіз, таутекенің суреттері бейнеленген. Олардың айналасында әр түрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. Көбі аңдардың бейнесі. Суреттердің сапасы жақсы. Бейнелер анық көрінеді. Қандай жолмен салынғаны, қандай бояулар қолданғаны белгісіз. Бұл сұрақ менің қызығушылығымды тіпті арттыра түсті. Кейін осыны анықтаумен айналыссам ба деймін.
3.2.Сыныптастардың пікірлері
Зерттеу барысында Ақбауыр көпшілікке танымал ма екен? Бұл туралы білетіндер бар ма екен деген сұрақ туындады. Осы мақсатта сыныптастарым мен олардың ата-аналарынан сауалнама алдым. Сауалнама 3 сұрақтан тұрды. Біріншісі, тарихи ескерткіш туралы естуіңіз бар ма? Екіншісі, Шығыс Қазақстан облысының тарихи ескерткіштерін білесіздер ме?
Үшіншісі, Ақбауыр туралы естідіңіздер ме? Сонымен қорытындысы төмендегідей болып шықты:
Оқушылар сауалнамасының нәтижесі:
№ | Сұрақ | Иә | жоқ |
1. | Тарихи ескерткіш туралы естуіңіз бар ма? | 10% | 90% |
2. | Шығыс Қазақстан облысының тарихи ескерткіштерін білесіздер ме? | 5% | 95% |
3. | Ақбауыр туралы естідіңіздер ме | 0% | 100% |
Ата-аналар сауалнамасының нәтижесі:
№ | Сұрақ | Иә | жоқ |
1. | Тарихи ескерткіш туралы естуіңіз бар ма? | 100% | 0% |
2. | Шығыс Қазақстан облысының тарихи ескерткіштерін білесіздер ме? | 34% | 66% |
3. | Ақбауыр туралы естідіңіздер ме | 15% | 85% |
ІV.Қорытынды
Қорыта келе, тарихи-мәдени ескерткіштердің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Сол ескерткіштер арқылы өткенімізді зерттеп, тарихқа терең үңіле аламыз. Осы тарихи-мәдени ескерткіштерді ғылыми негізде терең әрі дәйекті зерттеу, зерделеу сол арқылы өсіп келе жатқан ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу, сол өткен тұлғалардан үлгі – өнеге беру қазіргі қазақ мемлекетінің алдында тұрған бірден бір маңызды мәселелерінің бірі болып табылады.
Алайда, олардың кейбіреулері мемлекеттік орындардың қорғауына алынбаған, тіпті біршамасы тоналған күйінде тұр. Бұл біздің өткен тарихымызды жоғалтуға алып келуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасы аясында кезек күттірмейтін бірнеше мәселелер бар. Олар ескерткіштердің толық тізімін жасау, қорғау аймақтарын анықтау, белгілеу, мемлекеттік қорғауға алыну. Жойылу қаупі төнген археологиялық ескерткіштерді ғылыми тұрғыда зерреу жұмыстарын қолға алып, осы тұрғыда насихат жұмыстары кеңірек жүргізілуі керек. Елбасымыздың 2005 жылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауына сәйкестарихи-мәдени ескерткіштерді туризмнің ірі орталығына айналдыру керектігі, ондағы мәдени құндылықтарымызды қорғауға алынуы керектігі айтылған.
Осы тарихи ескерткіштерді көркейте отырып, көне ескерткіштері туристік жерлерге айналдырып, барынша отандық және шетелдік туристерге жағдай жасап, ескерткіштерді ел экономикасының көтерілуіне себебін тигізуіне мүмкіндік туғызуымыз керек. Бұл қазақ елін, жерін, тарихын бүкіл әлемге паш ете отырып, экономиканың көтерілуіне де өз үлесін қосады және Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайта түседі.
Сонымен өздеріңіз көріп тұрғандай, Ақбауыр зерттеуді қажет ететін тың дүние. Оның біздің өлке, облыс үшін маңызы зор деп ойлаймын.
V.Пайдаланған әдебиеттер
- Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. Алматы, 2003
2. Марғұлан А.Х. К изучению памятников романа Сарысу, Улытау. Вестник. АНКазССР Аламты, 1948 №2/55
3. Жолдасбеков М. Егемен Қазақстан. 2005 мамыр
4. Жолдасбеков М. Алтын арқалы асыл мұра. Егемен Қазақстан. 2005 мамыр
5. Мәдени мұра. Тарихи орналасқан ескерткіш – Алтын адам, Арыстан баб, Айша бибі кесенесі. Жас алаш, 2003 желтоқсан
6. Марғұлан Ә.Х. Эпос – жыр туғызудағы тарихи мұралар//Халық мұғалімі, 1940, №4
7. Қазақ Ұлттық энциклопедиясы. 1,2,3,5,8
8. Ғұн тарихының жылнамасы. Көне қытай тілінен аударғандар. А.Мүтәліп, А.Жиылұлы. – Түркістан, 2004
9. Садықов С. Тастағы тарихымызды іздейік. Қазақ елі, 2005
10. Самаев А. Семей. Семей 2004
11. Тоқтабай А. Ескеркіштер – ел тарихы: тарихи ескерткіштерге рестобрация жасау мәселелері // Қазақ әдебиеті, 2003 мамыр
VІ.Қосымша
Балбал тас. Қордай асуы. Жамбыл облысы, 7 қазан 2012 жыл.
Күлтегін көне түркі жазба ескерткіші. Моңғолия, 7 маусым 2008 жыл.
Тоныкөк көне түркі жазба ескерткіші. Моңғолия, 31 мамыр 2008 жыл.
Әлемнің әйгілі мәдени ескерткіші –Пантеон Көне Грекиямен Көне демократия нышаны.
Әйгілі ескерткіштің бірі –Эйфель мұнарасы