Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі

Биылғы жыл – Ел тәуелсіздігінің 25 мерейлі белесін қарсы алатын айырықша жыл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жақсылап қарсы алу, ол тек қана той тойлау емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту, мектептердің, ауруханалардың жұмыстарын, халыққа қызмет ететін мекемелердің жұмыстарын көтеріп, сол 25 жылдық жетістікті көрсету қажет деген болатын.
Ұлт көшбасшысы еліміздің білім беру ісін басты назарда ұстап, ел болашағы білімді ұрпақ қолында екенін үнемі айтуда. «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасында жас ұрпаққа әлемдік стандарттарға сай білім беру міндеті қойылған. Елбасы тапсырмасын орындау үшін жергілікті жерлерде жаңа оқу орындары ашылып, жастардың заманауи білім алулары үшін барлық жағдайлар жасалып отыр.
Қазіргі таңда зор сұранысқа ие болып отырған, беделді мамандық иесі атануға мүмкіндік беретін оқу орындарының біріне Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжін жатқызуға болады. Аталмыш білім ордасының бөлімшесі ауданымызда 2014 жылдың 1 қыркүйегінде ашылып, бүгінгі күнге дейін ауданымыздың жастары бұл колледжде әртүрлі мамандық бойынша білім алып келеді. Ал бүгін аталған оқу орынында оқитын студенттердің білім алудағы мүмкіндіктері ұлғая түсіп, оларға күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимарат ұсынылып отыр.
Қыркүйектің 14-ші жұлдызында Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі Жаңаарқа бөлімшесінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, лентасы қиылды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев құттықтау сөз айтып, ауданымыздың жастарының алысқа ұзамай-ақ, аудан орталығында жүріп арнаулы орта білім алуына мүмкіндік тудырып отырған және оқу орынының бөлімшесін дәл біздің ауданымыздан ашуды жөн көрген Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжіне және директоры Тілеужанова Марал Кәрібайқызына Жаңаарқа жұртшылығының атынан зор алғысын білдірді. Құттықтау сөздің тізбегін аудан прокуроры Асылхан Әділханов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтеев жалғап, студенттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына тілектерін білдірді. Ауданымызға арнайы келген Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің директоры Тілеужанова Марал Кәрібайқызы да сөз кезегін алып, көптен бергі жоспардың жүзеге асқанына қуанышын білдіре, аталған колледждің аудандық филиалының директоры Тахауиова Зәмзәгүл Сағатқызының бұл жаңа ғимаратты ашудағы зор еңбегін атап өтті. Сонымен қатар, колледждің өмірімен тығыз байланысып, үнемі қолдау көрсетіп отырған аудан әкімшілігіне зор алғысын білдірді.
Жылы лебіздерден кейін жаңа білім ордасының лентасы қиылып, келген қонақтар ішке беттеді.
Толық күрделі жөндеуден өтіп, білім алуға қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі Жаңаарқа бөлімшесі орналасқан жаңа ғимарат үлкен білім ордасына айналып, мұнда білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіп-өнетініне сеніміміз мол.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.