Бұл — нағыз ерлік

Дүние мүлкін, астындағы көлігін Ломбардқа өткізіп, Ұлы Даланың тұлпары Құлагерге ескерткіш салған, ұлтымыздың біртуар Азаматы Сәдібек Түгелмен сұхбат.
– Сәдібек аға, Құлагер ескерткішін салу жұмыстары аяқталды деп естідім. Алдымен Сізді құттықтаймын! Өйткені, Сіз идея авторы әрі негізгі ұйымдастырушысыз ғой.
– Рахмет. Бұл маңызды оқиғамен мені ғана емес, Құлагерге ескерткіш салуға арналған республикалық Акцияға белсене қатысқан барлық азаматтарды да құттықтауымыз керек. Өйткені, біз бастаған бастама бүкілхалықтық сипат алды. Үкіметтен, бюджеттен көк тиын алмай ескерткішті орнаттық. Құрылыстың маңыздылығы да осында. Ол «Астана-Көкшетау» тас жолының бойына орналасқан. Монумент аз уақыт ішінде ерсілі, қарсылы ағылып жатқан жолаушылардың қызықтап көретін, тамашалайтын орынға айналып үлгерді. Ат мүсінінің ұзындығы- 8,5, биіктігі – 5 метр, салмағы – 5,5 тонна, монументтің жалпы ұзындығы – 11 метр. Осымен біз ескерткіш салудың бірінші кезеңін аяқтап отырмыз.
– Ескерткіш салудағы мақсат не?
– Біріншіден: зұлымдыққа тойтарыс беру, ізгілікті баянды ету, жер бетінде әділдік бар екенін паш ету; екіншіден; ұлттық құндылықтарды ұлықтау, оны ел игілігіне жарату; үшіншіден: бүкіл әлем алдында азаматтың сенімді серігі, қанаты, досы қазақ жылқысы – Қазанаттың мықтылығын, жүйріктігін, төзімділігін баянды ету; төртіншіден: бауырын кеңге жазып құйылтып бара жатқан аты аңызға айналған Құлагер тұлпар дүниежүзіндегі озық мемлекеттердің бірі, туған еліміз – Қазақстанды бейнелейді.
– Ескерткішті қанша мерзімде салдыңыздар?
– Тура бір жылда салдық. Өткен 2008 жылдың 10-шы қарашасы күні «Құлагер ізімен» атты экспедиция ұйымдастырдық. 2009 жылдың 27 –қарашасы күні «Ұлы Даламыздың аты аңызға айналған тұлпары Құлагерге ескерткіш орнату» – атты республикалық Акция өз жұмысын бастады. 2009 жылдың 7 қаңтарында «дөңгелек үстел» басындағы кездесуді ұйымдастырып, ақсақалдардан бата алдық, 2008 жылдың 20-шы ақпанында Мемлекеттік комиссия ат мүсінінің эскизін бекітті.
– Ескерткіш қашан ашылады?
– Дәл қазір ат бәйгесін өткізуге ауа райы қолайлы емес. Қар жауып, күн суытып кетті. Өзіңіз айтыңызшы, қалай, Құлагер ескерткіші бәйгесіз, ат жарысысыз ашылады. Ақылдаса келе, ескерткіштің салтанатты ашылуын 2010 жылдың мамыр, маусым айына қалдырдық.
– Жаңа бір сөзіңізде, бұл Құлагерге ескерткіш тұрғызудың бірінші кезеңі дедіңіз. Екінші кезеңі де бар ма?
– Бар. Екінші де, үшінші де, төртінші де кезеңі алда. Екінші кезеңі деп отырғаным – Құлагерге, жалпы Ұлы Далаға арнап мұражай салу, үшінші кезең – «Құлагер» ат атшабарын салып, «Құлагер-Аламан» бәйгесін өткізу, төртінші кезең – Құлагер ескерткіші арқылы, Ақан ағамыз арқылы, Ұлы Дала өнегесі арқылы жастарды, балаларды, ұрпақты ерлікке, батырлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелуіміз болып табылады. Мен, сенемін түбінде бұл жер – ұлттық тәрбие Ордасына айналады.
– Ескерткіш салу идеясы қалай туындады?
– Құлагерге ескерткіш салу Алланың қолдауымен, жігіттік намыстан шықты. «Мен бастамасам, кім істейді» – деген шешімнен басталды. Ол туралы көп айтылып, көп жазылды. Бір сөзбен айтқанда, мың жылда бір рет туатын, Ұлы Тұлпарға ескерткіш орнатамын деп нартәуекелге бел будым. Жиған-тергенімді аямай салдым және жолдастарым, достарым, ұлттық құндылықтары бағалайтын алтын азаматтар қол ұшын берді. Солардың ішінен бөле жара айтарым Ақмола облысының әкімі Рау Альберт Павлович. Ол кісі нағыз патриот, Ұлы Дала мәдениетін қастерлейтін адам. Оған барлығымыздың атынан алғыс айтамын. Ал, мүсіннің авторы Сұлтан Иляев деген шымкенттік азамат.
– Сәдібек аға, дәл осындай фанатизм неге керек? Сіз басыңызды бәйгеге тіктіңіз. Құлагерге ескерткіш орнатамын деп, барлық дүние-мүліктеріңізден бір күнде айырылып қала жаздадыңыз! Егер, айырылып қалсаңыз ел күлмес пе еді?!
– Жоқ. Қайта қолдар еді. Оған мен толық сенемін. Өйткені өз ұлтын қастерлейтін азаматтар, ағайындар бар. Олар тұрғанда қазақ ұлты жоғалмайды. Сондықтан мен, халқыма сендім, өз күшіме сендім, сөйтіп осы айтулы ескерткішті салдым.
– «Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» – деген халық мәтелі бар. Сіз нағыз ерсіз. Көптің ішінен суырылып алға шығып, көзсіз ерлікпен аз уақытта әдемі ескерткіш орнаттыңыз. Құтты болсын! Бұл сөзіме барлық оқырмандар қосылады.

Аягүл САДУАҚАС

Сондай-ақ, оқыңыз

Құлагерге ескерткіш орнатылды

6 маусым күні Ұлы Даламыздың атақты тұлпары Құлагерге арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Бөлісу: