Өмірбаян

Садыбек ТугелСәдібек Түгел  1955 жылдың 23-ші ақпанында Шығыс-Қазақстан облысының Ұлан ауданының Аманкелді ауылында жарық дүниеге келді. Әкесі – Түгел, шешесі – Мәрия. Ол кезде әкесі Түгел – жылқышылар бригадасының бригадирі, шешесі Мәрия – колхозда еңбек еткен.
Олар сегіз баланы – 3 ұл, 5 қызды тәрбиелеп өсірді. Ауылда, ел, туыстар арасында әке-шешесі абыройлы, беделді адамдар болды. Отанға адал қызмет атқарды, еңбек сіңірді. Түгел Құмаров  қазақ жылқысының өсуіне зор  үлес қосқан, есімі шығысқа  танымал атбегі болған кісі. Ол  жылқы шаруашылығы мен ат спортының  жанкүйері болған жан. Әкесі 1981 жылы 74 жасында, шешесі 1999 жылы 85 жасында қайтыс болды.
.

Сәдібек Түгел 1962 жылы туған ауылындағы Аманкелді бастауыш мектебінің бірінші сыныбына барып, 1966 жылы 4-ші сыныпты бітірді. Сол жылы қыркүйек айының бірінші жұлдызында Точка селосындағы (қазіргі Баяш ауылы) Аманкелді сегіз жылдық мектебінің 5-ші сыныбына оқуға келді. Бұл мектептен 1970 жылы 8-ші сыныпты бітіріп, 9-шы сыныпқа көшті. Екі жыл Шымқора ауылындағы Жамбыл орта мектебінде оқыды. 10-шы сыныпты осы мектептен 1972 жылы бітіріп, 10 жылдық білімі бар деген аттестатқа ие болды.  1972 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті.
1980 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінен жоғары білімді «журналист» деген мамандық алды. Ол әрдайым білімін жетілдіріп, жалғастырып отырды.
1973 жылы мамыр айында Совет Армиясы қатарына шақырылды. Әскери міндетін Совет Армиясының Қарулы Күштерінің Германиядағы тобында атқарды.
Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. Екі жыл Алматы қаласындағы мақта-мата иіру фабрикасында слесарь болып жұмыс істеді.
1977-1978 жылдары аудандық «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы, 1978-1979 жылдары Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1984 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы, 1984-1988 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1988-1990 жылдары Жоғары партия мектебінде екі жыл күндізгі бөлімінде оқып, «политолог», «социолог» деген мамандықтарға ие болды.
1990-1992 жылдары аудандық бақылау комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерде болды.
1992-1994 жылдары «Ұлан Таңы – Уланские Зори» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді.
1994-1998 жылға дейін Алматы қаласында «Қазақстан Телевидениесі мен Радиосы» корпорациясында жауапты қызметтерді атқарды.
1998 жылдың басында Жаңа Елордамыздың тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалды.
Астанаға алғашқылардың бірі болып келгендіктен және өзіне көрсетілген үлкен сенімді абыроймен атқару мақсатында жұмысқа белсене кірісті. Сол кезде С. Түгелдің тікелей атсалысуымен жаңа Астананың баспасөзінің негізі қаланып, іргетасы салынды. Көптеген жаңа Бұқаралық Ақпарат Құралдары құрылды, астаналық ақпарат кеңістігі қалыптасты. Сәдібек Түгел Астана қаласының Халықаралық Баспасөз Орталығын ашып, 1000-нан астам баспасөз маслихаттарын, брифингтер, кеңестер және қызықты кездесулер өткізді.
Саясаттанушы ретінде 2001 жылдан 2002 жылға дейін Республикалық Халықтық-патриоттық «Менің Қазақстаным» қозғалысының төрағасы болды.
2002 жылдан 2004 жылға дейін Халықаралық Баспасөз Орталығының басшысы болып жұмыс істеді.
2004 жылдан 2005 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бөлім меңгерушісі болды.
2004 жылдан бері ҚР Ұлттық Спорт Түрлері қауымдастығының 1-ші вице-президенті, Ұлттық Ат Спорты Федерациясының президенті.
2005 жылдан бері жүйелі түрде шығармашылық жұмыспен айналысып, кітап жазып, шығаруда. Бұл үлкен күрделі жұмыс.
С. Түгел жазып шығарған кітаптар:
1. «Көк Күмбезді – Астана» – 2004 ж.
2. «Астана – Город Солнечной мечты» – 2004 ж.
3. «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» – 2004 ж.
4. «Джигиты и аргымаки Казаната» – 2004 ж.
5. «Қазанат» – 2006 ж.
6. «Астана – Триумф Независимости страны» – 2007 ж.
7. «Астана – жерұйығы Елімнің» – 2008 ж.
8. «Ертуған» – 2008 ж.
9. «Бүркіт – Ұлы Даланың Символы» – 2008 ж.
10. «Беркут – Символ Великой степи» – 2008 ж.

11. «Алғашқы астаналықтар» жинағы-2011 жыл.

12. «Первопроходцы Астаны» жинағы-2011 жыл.

13. «Астана хикаялары»-2013 жыл.
Ол патриоттық, қоғамдық жұмыстармен белсене айналысады. Ұлы Даланың атақты тұлпары Құлагерге ескерткіш салу идеясының авторы әрі негізгі  ұйымдастырушысы. Бұл  жылқы жануарына салынған  әлемдегі ең үлкен ескерткіш болып саналады. Қазір ол достарымен бірлесіп, дүниежүзінде теңдесі жоқ  «Ұлы Дала Даңқы» мұражайын салуда.

 

Сәдібек Түгел 7- республикалық журналдың  бас редакторы. Олар:

1. «ҚАЗАНАТ» журналы.

2. «Құлыным» журналы.

3 «Біз , астаналықтар» журналы

4. «Ұлы дала Қырандары» журналы.

5. «Керемет той» журналы.

6. «Журналистер әлемі» журналы.

7. «Ұлттық спорт» журналы.

Бұдан басқа «ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігі бар. Оның құрамында 17  бұқаралық ақпарат құралдары  жұмыс істейді. Бір сөзбен түйіндегенде қуатты   медиа  бірлестіктіктің жұмысын  жүргізіп отыр. Сәдібек Түгел  «Бас редакторлар клубының » толық мүшесі ретінде  еліміздің ақпарат кеңістігінде  белгілі тұлға. Ол «ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының  негізін қалаушылардың бірі әрі оның теңтөрағасы.
Сәдібек Түгел  Астанаға арналған «Астана қаһармандары» – «Первопроходцы Астаны» атты жобаның авторы. Қазір «Астана азаматтары» атты қоғамдық бірлестік ашуда. Ондағы мақсаты – жаңа Елордамыз Астананың абыройына абырой қосу, мәртебесін одан әрі биіктету болып табылады. Қай елде, қай жерде болмасын Астананы айтып, насихаттап жүреді. Өйткені С. Түгел жаңа Елорданың ірге тасы қаланып, негізі салынған кезеңде қайнаған қазанның ішінде болған азамат..
Жаңа Астананың алғашқы қадамдарын, құрылысын, келбетін, өмір-тынысын Бұқаралық Ақпарат Құралдарында жақсы насихаттағаны үшін 2- мәрте Елбасының Алғыс хатымен, Президенттің Грантымен және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атағымен, «Астана» медалімен марапатталды. Астана радиосы ұйымдастырған үлкен Акцияда «Астананың 10 жылдығының қаһарманы» атағына ие болды.
Ол ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Академигі. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының құрметті азаматы. ҚР мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сінірген жаттықтырушысы.

 

Сәдібек Түгел Ұлттық Спорт саласында да айтарлықтай табыстарға қол жеткізген азамат. Ол адал және сенімді  достарымен бірге жиырмасыншы ғасырдың 90 жылдары  ҚР Ұлттық  Ат Спорты Түрлерінің негізін қалады,  алғашқы ережелерді жазды, жұмысын жетілдірді. Сәдібек Түгел  бүкіл қазақстан атбегілерінің   тұңғыш құрылтайын  өткізуге инициатор болған  азамат. Ол құрылтай  1995 жылдың  1-наурызы күні Алматы қаласында  өткізілді. Сонда   ұлттық спорттың негізі қаланды.

Сәдібек Түгел  «ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ ДАМУЫ» заңы жобасының және  «ҰЛТТЫҚ СПОРТ-ҰЛТТЫҚ РУХ» атты  2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама жобасының негізгі авторы болып саналады.  Ол құжаттар  Үкіметке, Парламентке, депутаттарға,  спорт Агенттіктеріне  табыс етілген. Қазір ҚР ҰСТ Қауымдастығының құрамында   20-дан астам республикалық Федерациялар, 16 облыстық, 115 аудандық, 80 қалалық, 395 ауыл-селолық филиалдары бар.  Қазір Сәдібек Түгел бұрыннан келе жатқан   сенімді достарымен ұлттық өнерлеріміз, «бәйгелерді», «көкпарды», «сайысты», «жекпе-жекті», «тоғызқұмалақты», «бүркітшілікті» және т.б. ойындарды Халықаралық деңгейге көтеруде. 2007 жылы  қазақ бүркітшілерін  Ұлыбританияға  әлемдік Фестивалға  бастап апарған да  -Сәдібек Түгел ағамыз. Сода біздің бүркітшілер 33 мемлекеттерден озып, 1-ші орынға ие болды. Ол жақында ғана  көкпардан ұлттық құрама команданы  Түркияға  өзі басқарып апарып, елге жеңіспен оралды.  Сәдібек Түгел қазіргі  республикалық  «Көкбөрі Федерациясының» және халықаралық «Көкбөрі» Федерациясының  негзін қалаушылардың бірі де бірегейі болып саналады. Соның ең ұшар басында тұрған азамат. Себебі, «КӨКПАР»  Федерациясы 2001 жылы  тікелей  ұлт азаматы Сәдібек Түгелдің  ұсынысымен, тегеуірінімен  ұлттық ат спорты Федерациясының 2- сьезінде 2001 жылдың 12 ақпанында Астана қаласында  құрылды. Оны бүкіл жұрт біледі, ел біледі. Ол халықаралық  «Көкбөрі»  Федерациясының негізін қалаушылардың бірі. Ал,  қазіргі Қауымдастықты  құруға мұрындық болған Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясын 1995 жылы  ашылуға   тікелей себепкер болған, осындай Федерация   қазаққа керек деп ұсыныс хатпен  Үкіметке хат жазған да  біздің Сәдібек Түгел болатын. Ол ұсыныс-хаттар архивте сақталған. Сәдібек Түгел әйгілі «ҚАЗАНАТ» кітабының авторы. Ол ұлттық спортты насихаттауда, оның  имиджін қалыптастыруда  қоғамда ерекше орын алады. Ол туралы  Елбасы  Н. Ә. Назарбаев  ақ тілек Алғы сөзінде  және  Алғыстарында айтқан. Сәдібек Түгел Ұлттық спорттың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан  тұлға. Оны осы еңбектері үшін  бүкіл қазақ құрмет тұтады.
Сәдібек Түгел ағамыз  жан жары Қайникамал –  екеуі  ұлы Айдын мен қызы Әйгерімді тәрбиелеп – өсіріп, олардан төрт немере сүйіп отырған бақытты жандар.

Дайындаған Қымбат Қалиева.
Астана қаласы.
2013 жылдың 13 шілдесі.

Сондай-ақ, оқыңыз

Астана   мені  баурап  алды!

                         Елордамыздың  20  жылдығына   арналады.  Алғашқы   астаналықтардың   бірі,   жаңа   Елорданың    тұңғыш  баспасөз  хатшысы,  танымал   қоғам  …