Ақ Ертісім — Ұланым!

Ақ Ертісім – Ұланым!

Сөзі: Б.Р. Кенішбаев. Әні: А.Ж. Есмұқанов

Қалба, Кіндік таулары-ай,
Сібенің шалқар көлдері-ай,
Точканың жанғыз талдары-ай,
Жастығым өткен жерлер-ай!

Қайырмасы:

Ақ Ертісім – Ұланым,
Ұрандаған бұл әнім.
Сағынғанда жерімді,
Шырқап салар бұл әнім!

Жер ортасы секілді-ай,
Айыртау, Көктау жерлері-ай!
Нұрын шашқан киелі-ай,
Жастығым өткен жерлер-ай!  

Қайырмасы:

 Ақтау, Бұқтырма теңізім,
Ақбауыр жартас, кенішім.
Туған жерім жүрегім,
Жыр жазамын сен үшін!

Қайырмасы:

Қасиетті Ұланым!
Ұл-қызы туған ел үшін!
Ұланнан шыққан батырлар,
Жанын берген жер үшін!

Қайырмасы:

Астана – 2011 жыл – 22 наурыз

«Ақ Ертісім – Ұланым!» атты өлеңге арнап жазылған түсініктемелер

Астана қаласында 2011 жылы 22 наурыз күні туған жеріме, Ақ Ертіс өзенімен Бұқтырма теңізінің сол жағалауын бойлай Қалба тауларының сілемдерін алып жатқан қасиетті және киелі Ұлан жеріне, туған еліме өзім арнап шығарған «Ақ Ертісім – Ұланым!» атты өлеңіме жазылған түсініктемелер.

1. Кенішбайұлы Рақымның айтқандарынан.

Кіндік тау. Точка мен Никитинка селоларының арасында Сібе өзенінің жағасында Бұлхақ руының жерінде Кіндік деген кішкене тау бар. Қариялар Жер кіндігі осы тау деп отырушы еді (Бұлхақ руының жерлері Бозанбай өзенінің Сібе өзеніне құятын жерінен бастап Ұранхай өзенінің Сібе өзеніне құятын жеріне дейін Сібе өзенінің екі жағын ала, сол жағалауда Кіндік, Тассай, Қайыңды бет, Қарашоқы тауларының бойында, ал оң жағалауда Көктау, Қаратау, Қызылтас тауларының бойында созылып жатыр).

Точка ауылы. Кеңес мемлекеті орнағаннан кейін Үкімет ауыл-қалаларға, жер-жерлерге жаңаша атау беру науқанын жүргізген. Ол кездерде Точка ауылының (бұған дейінгі аты Жанғыз тал ауылы болған) табиғаты өте көркем болған еді. Осы маңда көптеген сулары балдай бастаулар болатын, олардан Сібеге жан-жағынан көптеген бұлақтар құйылып жататын, суларында неше түрлі балықтар шулап жататын. Сібе өзені суы мол және терең, таза және түбі көрінетін тұнық, арнасы толық, ағынды, балығы көп өзен еді, судың бетіне жақын әдемі көгілдір түсті арқасы көрініп, шоршып, секіріп көкжал балық жүретін, одан төмен аққайран, одан төмен қойтан, одан төмен шортан, одан төмен үлкен-үлкен, кейбіреуінің ұзындығы бір метрден асатын нәлім, ең түбінде жылан балық жүзіп жүретін, малта тастардың астына басын кіргізіп, құйрығын шығарып жалпақ бас балық жататын. Сібе бойында иірім-иірім тоғайлар құлпырып тұратын, оларда неше түрлі ағаштар, жеміс-жидек өсетін, тіпті жабайы алма да кездесетін. Әсіресе, бұл тоғайларға өте бір ерекшелік беретін ағаштар Точканың жанғыз талдары болатын. Әр тоғайдың өз аты болған, мысалы, жоғар жақтан бастасақ Тәттібай тоғайы, Іргебай тоғайы, Көшкімбай тоғайы, Рахым тоғайы, Қоңырақай тоғайы, Шайық тоғайы деп кете беретін. Тоғайларында, тауларында, сайларында аң-құс жылтырып айрылатын, аю, қасқыр, арқар, елік, бұғы, бұлан, түлкі, қарсақ, барыс, сілеусін, қоян, жылан және тағы басқа жан-жануарлар, жәндіктер көптеп кездесетін. Жұрт бұл маңды қасиетті, киелі жер санайтын. Қариялар Жер Ортасы осы, Жердің Ортаңғы Нүктесі осы екен деп отырушы еді. Өскеменнен келген орыс басшылар жергілікті жердің осы ерекшеліктерін ескере отырып бұл ауылды Точка (Нүкте) деп атау дұрыс болады деп шешіпті, яғни олар бұл ауыл Жердің Ортаңғы Нүктесі деген аңызға сенген.

Жанғыз тал. Жанғыз тал деген сөз тіркесіндегі «жанғыз» сөзін «жалғыз» сөзімен шатастырмау керек. Точка ауылының маңындағы Сібе өзенінің бойындағы талдар отқа жақсы жанады және көп уақытқа дейін қызуын ұстайды. Мұндай талдар тек Точка ауылының маңында ғана өседі, басқа жерде кездеспейді, сондықтан оларды Точканың жанғыз талдары, жанғыз талдар яғни жанатын Һәм қызу ұстайтын талдар дейді. Точка ауылының бұған дейінгі аты Жанғыз тал ауылы болған.

2. Рақымұлы Болаттың естеліктерінен.

Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов – Ұлан ауданынан шыққан Кеңестер Одағының Батырлары. Қазақ ұлтынан Кеңестер Одағының Батыры атағын алғандардың саны жүзден асады. Олар кім дегенде, алғашқы ауызға ілігетін атақтылары Талғат Бигелдинов (Кеңестер Одағының Батыры атағын екі рет алған), Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Нүркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықовтар болатын.

Қасым Қайсенов – Кеңес мемлекеті тарапынан ерлігі ескерілмеген, ал бірақ ел арасында халық батыры саналатын, аты аңызға айналған, атақты жерлесіміз. Қасым атамыздың Кеңестер Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылғаны туралы құжаттарды өз көзіммен көрдім. Сол кезде саясат дұрыс болғанда Қасым ағамыз Кеңестер Одағының Батыры атағын екі рет алар еді ғой деп ойлаймын. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана қаһарман атамыздың ерлігі жоғары бағаланып оған Халық Қаһарманы атағы берілді.  

Белгібаев Әнуәрбек – қазақ ұлтынан алғаш солдаттан генералға дейін көтерілген маман барлаушы, генерал-майор, Москвада КГБ СССР-де үлкен қызметте болған, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері.

Кенішбаев Рақым – Кеңестер Одағы бойынша Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының қатарында 50 жыл болған деген төс белгінің иесі атанған 100 адамның бірі, мектеп директоры, колхоз парторгі, пошта директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше ордендер және медальдардың иегері, зеңбірек расчетінің командирі, взвод политругі, мұғалім, шежіреші, арабша, латынша, орысша, қазақша оқып және жаза білген, темір түйіп, ағаш ойған, он саусақтан өнер тамған ұста болған.

Тарғын ауылы – батырлар ауылы. Кеңес заманында «Лениншіл жас» деген газетте «Батырлар ауылы» деген мақала жарияланып, онда Кеңестер Одағы бойынша алғанда бұндай бірден төрт Кеңестер Одағының батыры шыққан ауыл (село, ауыл, деревня, хутор, аил, кичлактар арасында) біреу-ақ екен деген мәлімет беріліп, бұл ауылдан Ізғұтты Айтықов, Серікқазы Бекбосынов, Хамза Мұхамадеев, Иван Варепа сынды батырлар шыққаны туралы айтылып, ол батырлардың қатарына белгісіз бір себептермен мемлекет тарапынан ерлігі ескерілмеген, ал бірақ ел арасында халық батыры саналатын осы ауылдың тумасы Қасым Қайсеновті де қосуға болады делінген.

Қазақтың бәрі қойшы болып кету қаупіне қарсылық. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында Қазақстандағы қойдың санын 50 миллионға жеткіземіз деген үлкен Бүкілодақтық бағдарлама болған. Республикадағы қойдың саны жылдан жылға өсіп 1985 жылы  36 миллион 200 мыңға жеткен болатын. Бұл бағдарламаны орындау мақсатында Қазақстанның барлық жерінде қазақ жастарынан комсомол-жастар шопандар бригадалары көптеп құрылды. Сол кездегі Қазақстандағы қазақтың саны 7 миллион еді, олардың кем дегенде 3 миллионы қой шаруашылығының айналасында жүрген еді. Енді, егерде республикадағы қойдың санын 50 миллионға жетсе, қалған қазақтың бәрі қойшы болып кететін қауіп пайда болды. Қазақ жастарының көбі білім, ғылым, техникадан, өркениеттен қалыс қалып, ауылдағы қарапайым қойшыға айнала бастады. Осы аталмыш бағдарламаға ғылыми негізделген қарсылық, болашақта халқымыз өмірдің ағысынан қалып қояды-ау деген сезімнен туған қарсылық Ұлан ауданында басталып, ең алғашқы болып «Красный Алтай» совхозының Точка бөлімшесіндегі Күшбірлік ауылындағы комсомол-жастар шопандар бригадасындағы жастар тарқап кетіп, басқа да бригадалар жабылып қалды, жаңадан ашуға жоспарланған бригадаларға жастар бармай қойды. Ұлт болашағы үшін Ұлан ауданынан басталған бұл қозғалыс бірте-бірте бүкіл республика аймағына тарап, жер-жерлерде комсомол-жастар шопандар бригадалары жабылып, қойдың басын жосықсыз көбейту тоқтатылып, қазақтың бәрі қойшы болып кету қаупінен арылды. Осы жастар қозғалысын аға буын арасынан белсенді түрде қолдаған деп Бекбау Сәдуақасовты және Сейтқазин Ерқайратты айтар едім. Сол кездерде, ауылдың ақсақалдары, ел басқарған азаматтары жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың дамуына ықпал етіп отырушы еді. Мысалы, қазақ жастары тек қойшы ғана болмау керек, олар жан-жақты болу керек деп Ашимов Жаңабай, қазақтың ұл-қыздары техникамен көбірек айналысып инженер болу керек деп Райхан Жұмаханов, мал сойылып кетеді, техника бұзылып металлолом болады, сондықтан жастарымыз жақсы құрлысшы болу керек, өйткені келер ұрпаққа солар салған мықты үйлер мен ғимараттар мұра болып қалады деп Мусин Марат, біздің жастар саясатты да білу керек, спортпен де айналысу керек, өнерлі де болу керек деп Ерсайын Өмірзақов айтып отырушы еді. Жастарға осыған ұқсас үлгі, өнеге көрсетіп, үгіт, насихат жүргізетін ер-азаматтарды республиканың барлық жерінен кездестірдім. Бұндай тәрбиенің арқасында қазақ жастарының көзі ашық, көкірегі намысқа толы, ұлттық сана-сезімдері өте жоғары болып келеді. Маған әр бір қазақ жасының ұлттық сезімі жалпы халықтық деңгейде бірі мен бірі телепатиялық түрде тығыз байланысып жатқан сияқты көрініп тұрады. Тарихқа көз салсақ, ұлт болашағы мәселесі қозғалған кезде қазақ жастары бір кісідей, ешкім ұйымдастырмай-ақ, сол сұрақтарды шешуге белсене араласады екен. Осындай құбылысты қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде байқадым.

Тәуелсіздіктің алдында болған оқиғалар. Баяғыда, Алматы қаласында, 1986 жылдың жазында, менің кабинетіме Қайсенов Көбеген (батыр атамыз Қасым Қайсеновтің інісі) келді. Ол Москва қаласында Серго Орджаникидзенің (Кеңес мемлекеті алғаш құрылғанда одақтық деңгейде қайраткер болған кісі) немересінің өте бір қызықты баяндамасын тыңдағанын айтты. Осы баяндамада келтірілген небір талдаулардың негізінде болашаққа болжау жасауға, жастардың сана-сезімінің қалай дамитынын білуге, халқымыздың, ұлтымыздың келешегін байқауға болатын сияқты деді. Сосын, бұл баяндама маған өте ұнады, көңіліме қонды, менің пайымдауымша, осының бәрі Болат сен сияқты ұлт болашағына қатты толғанатын азаматтар айтып, шамасы келгенше істеп жүрген іс-шараларға ұқсайды, сондықтан, осының бәрін жазып алып, ғылыми негіз беріп, заңдастырып, іске асыру керек шығар деген еді. Мен оның айтқандарының барлығын жұмыс дәптеріме жазып алдым.

Көбегеннің айтқандарының қысқаша мазмұны былай еді: «соңғы кездерде жастардың санасында үлкен өзгерістер болып жатыр, осы құбылыстар халықтар мен ұлтардың дамуына өте ықпал етеді, өйткені болашақ жастардікі, сондықтан жастармен санасу керек, ал, жастар саясатта, өндірістік қатынастарда, халықаралық және ұлтаралық байланыстарда еркіндікті аңсайды, еркіндік әйтеуір келеді, бірақ жастар оны күткісі келмейді, сондықтан оны жақындатуды ойлайды, комсомол жастар ұйымы болғандықтан біз оларға көмектесуіміз керек, еркіндікке барудың қысқа да тиімді жолдарын табуымыз керек, ол жолдардың кейбіреуін теория жүзінде біз білеміз, соларды тәжрибеге айландырып, іске асыруымыз керек». Яғни, бұл қазіргіше айтқанда экономикада нарықтық және саясатта демократиялық жүйеге көшу керек дегенге саяды.

Мен 1986 жылғы қазақ жастарының желтоқсан көтерілісінің екінші күнінен бастап көтеріліске қатысып жүрген жұмысшы, студент, оқушы жастармен жатақханаларда, заводтарда, фабрикаларда, құрылыс, өндіріс және оқу орындарында кездесулер өткізе бастадым. Кейінірек республиканың түкпір-түкпірінде осы мәселеге байланысты небір пікір таластарға қатыстым. Әрине, бұл отырыстарда бірінші айтылатыны Москваның Д.А. Қонаевты орнынан алғаны мүмкін дұрыс шығар, ал ол кісінің орнына қазақ болмағаны өте қате дей келіп, қазақ жастары саясатта, өндірістік қатынастарда, халықаралық және ұлтаралық байланыстарда бостандық, еркіндік, тәуелсіздік керек екенін баса айтатын және осы мәселенің маңызының зор екенін, бұл жолдың өте дұрыс екенін, қоғам әйтеуір соған келетінін дәлелдейтін. Сонда мен қазақ жастарының білімділігіне, ойларының озық екендігіне, болашақты болжай алатындығына, сана-сезімінің биіктігіне, көрегендігіне, жаңашылдығына, түсінушілікке және сыйластыққа ыңғайлылығына, мәдениеттілігіне және басқада толып жатқан керемет қасиеттеріне таң қалатынмын, сосын қазақ жастарының 1986 жылы желтоқсанда бүкіл әлемнің даму бағытын өзгерткен көтеріліс жасағаны табиғи заңдылық екен ғой деп өзімше қорытынды шығаратынмын, одақтық деңгейдегі қайраткерлердің мемлекеттің бүкіл күшін пайдаланып, енді білдік пе әлде жоқпа деп ойланып, күмәндәніп жүрген күрделі мәселелерін қарапайым қазақ жастары біліп, іске асырып жатқанын өте бір ерекше сезіммен мақтан тұтатынмын.

Точканың жанғыз талдары туралы. Мен ес білгенде Точканың тоғайларының ішіндегі ең қалыңы Рақым тоғайы еді. Қалғандары өте сирек еді. Көшкімбаев Жүніс атамыз (әдемі, бойы ұзын адам еді, аяғы атта отырғанда жерге сәл ғана тимей тұратын), ол кісі қайтыс болған соң Орынбаев Қабдуақит атамыз бұл тоғайларды қорып жүретін. Бірақ, олар кеңес мемлекетінде жекеменшік тоғай болмау керек деген желеумен жергілікті билік және партия тарапынан қолдау таппады, ал тоғайлар оталып, жанғыз талдар құрып кетті. Мен Алматыға көшердің алдында Қабдуақит атамыз мені шақыртты. Ол кісі, қатты ауырып жатыр екен, маған менің әкем туралы біраз әңгімелер айтып берді. Сосын, Жүніс атаң екеуміз ақысыз-пұлсыз Точканың тоғайларын қорыдық, бірақ бізді ешкім қолдамады, сондықтан шамамыз жетпеді, олар құрып бітті, жанғыз талдардың оншақтысын тауып алып клубтың алдына ектім, ақысыз-пұлсыз өзім суарып, қарап жүрмін, сұрыптау жүргізген болдым, бірақ білімім менің жетпейді-ау, Баймұхан мұғалімнің жоқтығы білінді (кезінде Ұлан ауданына белгілі ботаник болған кісі), жуықта о дүниелік боламын, сен ауыл басшыларына айт, бұл жанғыз талдардың тұқымын сақтап қалсын болашақ ұрпақ үшін деді.

Мен бөлімше басшыларына айтып кеттім, олар жарайды деп қалды. Ол атамыз содан көп кешікпей қайтыс болыпты.

Сібенің жеті көлі. Сібенің жеті көлі табиғаттың әсем және өте бір ерекше құбылысы болып есептеледі. Олардың ішіндегі Шалқар атты көлі әлемдегі ең таза және ең тұнық көл екен.

Ақбауыр жартасы. Ақбауыр жартасындағы суреттер дүние жүзіндегі ең көне суреттер екендігін қазір ғалымдар дәлелдеп отыр.

Ұлан ауданы. Ұлан ауданы Ақ Ертіс пен Бұқтырма теңізінің сол жағалауын бойлай Қалба тауларының сілемдерін алып жатыр.

Осы және басқа себептерге байланысты Ұлан жерін қасиетті және киелі деуге болады деп ойлаймын.

Астана – 2011 жыл – 22 наурыз

Сондай-ақ, оқыңыз

Менің «Крутой крышаларым»

Сәдібек  Түгел. Қолыма қалам алып, әкем туралы ой-пікірлерімді жазарда бертінде болған бір оқиға есіме түсті. 1998 …