Сәдібек Түгел.
Қолыма қалам алып, әкем туралы ой-пікірлерімді жазарда бертінде болған бір оқиға есіме түсті. 1998 жылдың ақпан айы. Алғашқылардың бірі болып Ұлы көштен қалмай, Алматыдан жаңа астанамыз Ақмола қаласына келген кезім. Күн-түн демей, жарғақ құлағым жастыққа тимей атқарып жүрген қызметім Елордамыз – Ақмола қаласы әкімінің баспасөз хатшысы – баспасөз қызметінің жетекшілігі. Жаңа астанаға қоныстанған барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасаудағы мақсатымыз Елордамыздың мәртебесін асырып, беделін көтеру болатын. Сондай күндердің бірінде жұмыс кабинетіме «Хабар» агенттігінің тілшілер қосының бастығы, белгілі тележурналист Мақсат Садық келді. Ол: Сәке, көкейімде жүрген бір сұраққа жауап іздеп келіп тұрмын. Сауалымды төтесінен қояйын. Осы қызметке үміттенгендер көп болды. Он шақтысын тікелей танимын. Солардың ішінде біреуінің көкесі министр, екіншісінікі облыс әкімі, үшіншісінікі – белгілі кәсіпкер. Соған қарамай олар осы қызметке өтпей қалды. Ал сүйемелдейтін ешбір жақыны жоқ сен өтіп кеттің. Маған бұл – жұмбақ. Сонда сенің «крышаң» кім? – деп сұрақ қойды. Мен ойланып қалдым. Жауабын қайтаруға тиістімін. Шынында жаңа Елорданың сол кездегі бірінші баспасөз хатшылығы қызметіне талаптанғандар өте көп болды. Қала әкімі Әділбек Жақысбековтың мені тағайындардағы: «Бұл орынға отыз шақты азаматтың құжаттары түсті» деген сөзі есімде.
-Мәке, маған тосыннан күтпеген сауал қойдың. Жауабын берейін.
-Әрине, менің де өте үлкен сүйемелдейтін, қайда жүрсем де қолдап, көмектесетін адамдарым бар. Сенің тіліңмен айтқанда, «Крутой крышаларым» бар. Тіпті менің крышаларым біреу емес, екеу. Осы тұста әкіммен байланыстыратын телефон шылдыр етті. Телефоннан қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз Әділбек Ырыскелдіұлының тез шақырып жатқанын хабарлады.
-Мақсат, әлгінде сұрағыңда жұмбақ деп айттың ғой. Жұмбақ болсын.
-Маған көмектескен, әрдайым көмектесетін жандардың есімдерінің алғашқы әріптерін ғана айтайын. Бірінікі «Т» әрпінен, ал екіншісінікі «М» әрпінен басталады. Ойлан. Жауабын тапсаң, қонақкәде менен болады, – деп әкімнің кабинетіне қарай бет түзедім. Арада екі-үш күн өткеннен кейін Мақсат телефон соқты.
– Сәке, жұмбақтың шешімін қанша ойлансам да, таба алмай тынышым кетті. Ресторанға түскі асқа мен шақырамын, сауалымның жауабын ала кел, – деді.
-Мақсат бауырым, жұмбақтың жауабы оңай болғанымен, мен үшін ерекше қасиеті бар. «Т» дегенім әкем -Түгел, «М» дегенім шешем- Мәрия еді. Міне, тап осы екеуі менің түпкілікті қорғандарым, сенің сөзіңмен айтқанда «мықты крышаларым» болады, – дедім.
-Әдемі жауап қайтардыңыз. Шынында да азаматқа әке мен шешеден артық сүйемелдеуші бола ма?! Жауабыңызға толық қанағаттандым. Сізге зор табыс тілеймін, – деп Мақсат маған қолын ұсынды.