«Бірлігі мықты ел озады»

«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының «Жас Қыран» жастар қанатының «Бірлігі мықты ел озады» атты бүкіл Қазақстан жастарына арналған
ҮНДЕУІ


Біздің елдік, ерлік рухымыздың биік болуы, халықтық қалпымыздың сақталуы, татулығымыз бен тұтастығымыздың тұрақтылығы осы болаттай берік бірлігіміздің жемісі. Бүгінгі әлем жұртшылығы тамсана көз тігіп, қызыға бағалайтын үлкен бір құндылығымыз – Қазақстан халқының бірлігі болып табылады. Бұл толассыз шындық. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев бірлігімізді бағалап, оны көздің қарашығындай сақтау қажеттігін үнемі айтып келеді. Елбасы 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» – атты тарихи Жолдауында бірлік, ынтымақ туралы жақсы пікірлер мен тұжырымдар айтты. Біз, жастар осындай елге аса қажетті тапсырмаларды орындауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бабаларымыздың осынау кең байтақ жерге ие болуының сыры да осы ынтымақта болса керек. Өйткені ел билеген, көзі ашық көкірегі ояу азаматтарымыздың барлығы дерлік ынтымақ бірліктің маңыздылығы мен мәні жайлы түрлі ұлағатты сөздерін халыққа жеткізуден жалықпаған.
«Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда. әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
– Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді.
Әлібек би:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда. Төле бала:
– Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.
– Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, – депті.
«Жалғыздың шаңы шықпас», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық»,
«Бөлінгенді бөрі алар», (Сырым Датұлы)
«Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», (Әлихан Бөкейханов)
«Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады», (Әлихан Бөкейханов)
«Еділ бол да, Жайық бол – ешкімменен ұрыспа,
– Жолдасыңа жау тисе – жаныңды аяп тұрыспа», (Асан қайғы) т.б сынды өмірде елді
бірлікке, халықты ынтымаққа шақырар көптеген мысалдар, мақал-мәтелдер толып жатыр ғой. Оның мәнісі – әр пенде өзін-өзі іштей бірлікке тәрбиелеп, ынтымаққа баулуы тиіс деп сенемін. Сонда ғана, бүгінде де, болашақта да ел бірлігін, татулығы мен ынтымағын сақтап, еліміздің бірлігін келесі ұрпаққа аманат етер жеткіншектеріміз өсіп, ұлтымыздың болашағына деген нық сенім пайда болады.
«Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады».
Ата-бабаларымыздың әрдайым «Бірліктерің мықты болсын» – деген мәңгілік өшпес аманаттарын толығымен орындайық. «Бірлік пен ынтымақ» бар жерде жеңістер мен жетістіктер мол болады. Бірлігі мықты ел озады. Біз, «Ұлы дала Қырандары» республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының «Жас Қыран» жастар қанаты елді бірлікке, ынтымаққа шақырамыз. Өзіміз бірлікті Ту етіп ұстап Егеменді еліміздің абыройын одан әрі арттыруға бар күшімізді жұмсай береміз.
Бәріміз бір болып, ел бірлігін одан әрі нығайта берейік! Бізге қосылыңыздар!

2013 жылдың 10 сәуірі күні «Түгел» баспасөз клубында қабылданды.

Сондай-ақ, оқыңыз

«Олардың есімдері – біздің жүрегімізде»

18 мамырда ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел елордадағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына …