Тарихын танып жатыр Тарбағатай

Ерлан Текешов,
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі

Айтуға ғана оңай болғанмен, Тарбағатайда тамыры тереңге кетер тарихи бір іс тындырылды. Өткен ғасырдың сонау 90-шы жылдың басында Қаракерей Қабанбайдың 300 жылдығын тойлағанда арман ретінде әркімнің санасында қылаң берген ескерткіш тұрғызу идеясы тура жиырма жылдан соң іс жүзіне асты. Халықтың рухани қажеттілігі мен рухани сұранысы орындалды.

Реті келген соң айта кеткен де дұрыс па деймін. Мен өткен жылдың мамыр айында өзім туып өскен ауданыма әкім болуға ұсыныс жасалғанда аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы «Туған жеріңе қызмет ет. Тұғырлы идеяларды ту етіп ұста. Соның бірегейі – бүкіл қазаққа ортақ хас батыр Қаракерей Қабанбайдың тас мүсінін тұғырға қондырсаң да артық емес. Бұл жерлестеріңнің рухын көтереді, жастарыңа жалын береді. Өйткені, Тарбағатайдың тарғыл тасында ұлы баба тұлпарының ізі ең көп қалған өңір ғой» деген сөзі жадымда жатталып, істің бастауы болып еді. Ағайынға рахмет, бұл бастаманы ортаға тастағанда жанып түсті. Еңбектеген баладан демейін, еңкейген қартқа дейін керемет қолдады. Ауданды айтпағанда, алыс-жақында жүрген жерлестерім қолұшын созды. Қорға артық-кемі 40 млн. теңге қаржы түсті. Демеушіліктен бәйгелерге, жарыстарға 9 машина қойылды. Алды Тойото Ландкрузер Прадо джип болса, соңы да су жаңа қазақстандық  автокөліктер болды.

Білетіндердің айтып жүргеніндей, бүкіл ел көлеміндегі бабамыздың алып ескерткішінің бірегейі болып отырған, биіктігі 15 метрге жуық, бұл мүсінді тұғырға тұрғызу үшін қаншама күш-жігер жұмсалды. Ен даладағы ескерткіш тұрғызылатын алаңдағы техника күшін қажет ететін ауқымды жұмыстарды «Топаз» жер қойнауын зерттеу компаниясы (Болат Бағадаев), ПМК-құрылыс (Қайрат Нәбиев), «Бота» (Қайрат Қожахметов), «Айзат» (Бақытжан Құнапиянов), «Тарбағатай жолдары» (Айтбек Жамағатов), «Ақсуат» КМК (Сержан Нұрғалиев), «Зайсан-құрылыс» (Болат Нұрасылов), «СМУ-Шығыс» Қуат  Әбжанов, Шығысэнерготрейд (Қанат Рахышев), барлық аудандық мекемелер, муниципалды базар, 17 ауыл әкімшіліктен келген адамдар күн-түн демей айлап жұмыс істеді. Еліміздің түпкір-түпкірінде жүрген аудан тумалары да қомақты қаржылай көмектерін көрсетті.

Ат жарысына 4 машина тікті.

Кешегі құлазып жатқан даланы ел танымай қалды. Қалай өзгерген, қалай жаңарған десті. Күре жолдың бойында асқақтап батыр бабамыздың алып мүсіні тұр. Бұл енді әрбір тарбағатайлық үшін мақтаныш! Бойға қуат, ойға оралымды нәр бергендей.

Той дүрілдеп өтті. Оған алыс-жақыннан 10 мыңнан астам адам жиналды. Асқа еліміздің түкпір-түкпірінен қоғам, өнер, ғылым қайраткерлері келді. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, барлық ауданның әкімдері мен облыстық мекемелердің басшылары қызықты  тамашалады. Барша елге сауын айтылған бабамыздың асындағы аламанда 270-ден астам сәйгүлік сап түзеді. Сол күні бүкіл Тарбағатайдың төсі дүбірге толы болды. Қазақи салт-дәстүріміз, ұлттық ат спорт ойындары жарқырай көрінді. Қаймағы бұзылмаған қонақжай қалпымыз тағы бір қырынан паш етілді. Берекесі  берік, елі еңбекшіл, халқы қайсар, қойнауы құтты, табиғаты тылсым, тарихы бай – Тарбағатайдың аты аспандап тұрды!

Оның жөні де бар еді. Бұл не көрмеген Тарбағатай! Арысын айтсақ, Алатау мен Алтайдың бір пұшпағы болып есептелетін Тарбағатай – «Тарғыл таудан көтерілсе серпіліп күн, сарғайып күткендердің дертін  ұқтым,  тарлан тау бес мың жылдан бермен қарай Отаны – ғұн менен сақ, ер түріктің …». Берісін айтсақ, жоңғармен болған соңғы жойқын соғыстар осы жерде өткен. Осы жерде жоңғар деген ұлт жойылған. Қаракерей Қабанбай бабамыз ең соңғы шайқастарын осы жерде аяқтаған. Осы жерде Жеңіс туын тіккен. Біздің арғы ата-бабамыз сұрапыл шайқастарды басынан өткерген…

Біз қалай осал болайық!

Біздің бабаларымыз небір қиын замандарда да, табиғаттың  сан түрлі қиын-қыстау кезеңдерінде де ошақтың отын өшірген жоқ. Қайта лаулата түсті. Оған тарих куә.

Тарбағатайда қай кезде де рух аласармаған. Өткеннен келе жатқан өміршең дәстүрлердің бәрі бізде бар. Қонақжайлылық дейсіз бе, үлкенге-құрмет, кішіге-ізет дейсіз бе, өнер дейсіз бе, елді, жерді сүю дейсіз бе – ұлтқа не тән, бәрін бізден табан асты табуға болады. Қадыр ақын «Не керемет білмеймін, бір керемет бар мұнда» деп бекер жырға қоспаған ғой. Бізде бәрі ақын, бәрі шешен, өнер десе, спорт десе, қазақы салт-дәстүр десе «Әдеп сақтап әрең жүреді». Мұны тектілік демей-көріңіз.

Ал, тарихты тану десе, таласатын, ойға қонымды сөз жарыстыратын тұстары тіпті көп. Өйткені, Тарабағатайдың әрбір қойнауы, таңбалы тасы тұнып тұрған тарих. Шіліктіден үшінші «Алтын адамның» табылуы тегін дейсіз бе?! Ел аузындағы аңызда айтылғандай, батыр бабаның астындағы Қубас аты атымен аталған кезеңі де осы жерде.  Он жыл бойы облыста алдына қара түсірмеген, қазірде аңызға айналған Елікжирен том-том кітапқа арқау болған. Ал, Әуезовтың 90 жылдығында республикалық жарыста 54 аттың ішінен дара келген кешегі Еркежиреннің атағы бүгінде алысқа кеткені сонша оған арналған «Еркежирен» әні аламанның асқақ ұранындай айтылып келеді.

Жалпы, Тарбағатай туралы тарихты таратып ұзақ айта беруге болады. Ең бастысы, елдің ертеңге ұмтылысы, келешекке құштарлығы қуантады.

Өмір өзінің сабақтастығымен мәнді. Ата-бабаның асыл арманы мен арқалы істері бүгінгі ұрпақтың әрекет-тірлігінде жалғасын тауып, аудан өміріндегі тарихи кезеңдер мен тұлғалар тағлымы барша қадір-қасиетімен, бүгінгі ұрпақтың өміршең істері мен өрелі мақсаттарына тұғыр болып, нұр үстіне нұр жауғандай. Туған өлкенің кесек келбетіне көз жіберсек,  ел аңсаған арман, күткен үкілі үміт,  қойын толы қуаныш бар. Бүгінгі Тарбағатайдың  толған көңілі, толағай өмірі, гүлденген өңірі әрбір адамның  тірлігіне толғау болып, тұрмыс сәні-тіршілік мәніне айналды. Төрт түлік малын өргізіп, ақбоз үйлерінде ұрпақ өрбіткен, өңірінен сыңғырлы домбыра үні шалқыған, ән тербеген аймағымыз ауданның алтын қорындай…

Тарбағатайлықтардың еңбегіне толы істер жер келбетін өзгертті. Ауданды жан-жақты өркендетудің нақтылы қадамдары жасалды.  Ел мен жерді көркейтуде тың қарқын, соны серпін бар.    Елдің еңбегі ел игілігіне жаратылуда. Өндіріс пен ауылшаруашылығының барлық құрылымдары, кәсіпкерлік дамып, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар жұмыс істеуде.  Ауданның экономикалық өсуі,  білім беру жүйесі, медициналық қызмет көрсету, мәдениет пен өнер, спорттың  дамуы да  айқын көрініс береді.

Адамдарға жасалған жарқын істер жаңа ауруханалар, жаңа мектептер,  жаңа әлеуметтік нысандар саламатты өмір салтын, салмақты тұрмыс нарқын айғақтайды. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деген қазақтың ұлы жырауларының бірі Ақтамбердінің арманы бүгін орындалды. Тарбағатай ауданы да  күлдір де күлдір күреңін кісінетіп, жағасы алтын, жеңі жез ақ кіреуке киіп,  облысымыздағы  аудандардың алдыңғы қатарынан көрінуге ұмтылыс жасап келеді.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қанатты тұлпарлар

Мал бағып, жылқы өсірген, өмірінің көп уақыты ат үстінде өтетін көшпелі халықтардың мәдениетінде жылқы малының …