Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені!

DSC_38322016 жылдың 12 қаңтары күні Алматы қаласының «Қазақконцерт» мәдениет сарайында жастарымыздың арасында отансүйгіштік рухты насихаттайтын «Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атты патриоттық мәдени – іс шара жоғары деңгейде өткізілді. Бұл кешенді бас қосу жиналысының негізгі мақсаты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын және елімізге аса қажет бастамаларын қолдау негізінде ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, «Ұлы көштің» 25 жылдығына және «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының 5 жылдығына арналды. Келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне қажеті мол осы келелі жұмысты Алматы қаласының әкімдігі мен «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы бірлесіп атқарды. Тағлымы мол жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар, ауған соғысының ардагерлері, желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен қала жастары «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының тең төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелдің мазмұнды баяндамасына дән риза болды. Оқырмандардың сұрауларына орай С. Түгелдің «Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атты баяндамасын толық жариялап отырмыз:

Құрметті достар!Қадірлі Ұлы Дала елінің ұлдары мен қыздары!

Шын мәнінде, сіздер мен біздер: «Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атты ерекше маңызы бар жиында бас қосып отырмыз. Бұл мәдени-патриоттық іс-шараның құндылығы оның сәтті тауылып қойылған «Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атауында емес, айтылар айшықты ойлары мен санаға сіңіріп, кәдеге жарайтын қорытындысында деп есептеймін. Осында отырған баршамыздың Ұлы Далаға тікелей қатысымыз бар. Атап айтарымыз, бұл сұрақта біз тақыр-таяң емеспіз. Ат үсті келе салғанымыз жоқ. Жинаған, терген тәжірибеміз бар.

Өзімнің «Ұлы Дала» тақырыбымен үзбей шұғылданып келе жатқаныма отыз жылдан асты. Осы мерзімде іске асырған жобаларым мен шығармашылық жұмыстарымның аттары «Ұлы Дала» сөзінен басталып «Ұлы Дала – Ұлттық Рух» атты жалпы халықтың Акцияның шеңберінде өткізіліп келеді. Мысалы: «Ұлы Дала ат ойындары», «Ұлы Дала Батырлары», «Ұлы Дала Тұлпарлары», «Ұлы Дала Даңқы мұражайы», «Бүркіт – Ұлы Дала символы», «Ұлы Даланың Қазанаттары», «Құлагер – Ұлы Дала Жүйрігі», «Ұлы Даланың салт-дәстүрлерін дәріптеп, насихаттайық!», «Ұлы Даланың аң-құсын сақтайық!» және тағы басқалары. Тіпті бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған ұйымның да атауы «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысы деп аталады.

Қазақ халқы үшін «Ұлы Дала – Ұлы ұғым». Біздің қазақ Ұлы далада жаратылып, Ұлы далада өсіп келеді. Ұлы дала бүкіл әлемдік өркениеттің бастау алған жері. Ол тұрғысында жер шарының ең беделді археолог ғалымдары сенсациялық жаңалықтар ашуда. Мысалы, Ботай, Берел, Тарбағатай, Көкшетау, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Семей, Тараз, Кереку, Атырау, Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу, Орал-Жайық бойлары, Сарыарқа қорымдарынан табылған қазбалар оған анық дәлел бола алады. Жалпы алғанда, Ұлы дала болмысы, тарихы, мәдениеті,салт-дәстүрі нағыз ұлттық идеологияның өзі. «Ұлы Дала» – ұлтымыздың кіндік қаны тамған, ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген құт қонған, ұялы мекені. «Ұлы Дала» туған еліміздің қадір-қасиеті, болмысы мен мәдениеті, тарихы мен өмірі, абыройы мен айбыны. Ұлы Даланың арқасында қазағым қор болмаған.

Бұл ретте айтарымыз, Ұлы Дала Елі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше ұсыныстары мен тамаша бастамасын толығымен қолдаймыз және құптаймыз. Айтарымыз, Елбасы Ұлы Даланың маңыздылығына жете көңіл бөліп, биік белеске көтеріп отыр.

Жалпы алғанда біз Ұлы деген сөзден қашпауымыз керек. Қазақ – Ұлы халық. Қазақ Ұлы болмаса, осынау көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын алып жерді ұстап тұра алмаған болар еді. Менің зерттеуімде, қазақтың тарихында болған барлық соғыстардың 93,3 пайызы осы Ұлы дала жерін жаулардан қорғау үшін болған. Біздің міндетіміз – Ұлы даланы қастерлеу, құрметтеу, тарихын зерттеу, соны тек зерттеп қана қоймай болашақ ұрпақтың игілігіне жарату – Ұлы даланың қазіргі жастарын рухты болуға, ерлікке, батылдыққа, отансүйгіштікке, жерді сүюге тәрбиелеу. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы ата-бабалардай ержүрек азаматтарды дайындау болып табылады.

Биыл Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Ширек ғасыр тәуелсіз мемлекетпіз. Өз жері, өз шекарасы бар әлем мойындаған бірыңғай елміз. Осыған жеткізген жаратушы иеміз аллатағалаға және «Ұлы Далада» сан ғасыр еркіндік пен егемендікті аңсаған, сол жолда бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерін жауларға бермей арпалысқан ата-бабаларымызға әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз.

Ұлы Даланы – Ұлы етіп қалыптастырған заңдылықтары мен алғы шарттары және өрелі құндылықтары өте көп. Оны бір баяндамада, бір күнде толық қамтып шығу мүмкін емес. Уақыт шіркіннің шектеулігіне орай мен оның тек үш құндылығына ғана тоқталғанды жөн санап тұрмын. Олар:

  1. Біріншіден: «Ұлы Даланың» әділеттілігі, турашылдығы, шырқыраған шындықты бетке айтулары, «бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ» деген дала демократиясының болулығы. Ұлы Даланың жемқорлықтың желкесіне балта шабатын тәжірибесі.
  2. Екіншіден: «Ұлы Даланың» бірлігі мен ерлігі.
  3. Үшіншіден: «Ұлы Даланың» мықты салт-дәстүрлері мен бай мәдениеті. «Ұлы Даланың» рухының биіктігі мен Намысты, Ар-ожданды бәрінен жоғары ұстаулары. Жинақтап айтқанда «Ұлы Дала Руханияты» немесе «Ұлт Руханияты» қақында.

Енді өз ойыммен осыларды тарқатайын:

  1. Ең алдымен «Ұлы Далада» әділеттілік болған. Соттар әділ шешім шығарған. Қазіргі, кейбір соттардай көп ақша берсең «азаптап өлтірілген , өлген адамның өзін жазықты жасап қою» болмаған. Олар «тура биде туған жоқ» деп өмір сүрген. Әділ дала демократиясы болған. «Бас кеспек бар болса да, тіл кеспек жоқ» деп шырылдаған шындық жағында болған. «Ұлы далалықтар» қай кезеңде, қай ғасырда болмасын жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізіп, ұры-қарылардың көзін құртып , олардан жерімізді тазартып отырған. Аталарымыз, өлтірмегендерді атқа теріс мінгізіп, теріс бата беріп, үрім-бұтағымен барса келмеске жер аударған. Олай болмағанда , ұлтқа қауіп жемқорлықтан деп санаған.

Қазіргі таңды алсақ, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына, еліміздің көркейіп гүлденуіне, отанымыздың жедел қарқынмен дамып, өркениетті елдердің қатарынан ойып тұрып, орын алуына зор кедергі болып отырған бір кесел бар. Оның аты  – ЖЕМҚОРЛЫҚ. Коррупция мемлекетіміздің барлық саласында орын алып отыр. Пара алу, пара беру, бюджеттің қаржысын қымқыру, тендерлерден откат алу, жауапты мемлекеттік қызметтерді ақшаға сату белең алуда. Соның кесірінен, кейбір әкімдер мен министрлер, жауапты жұмыста болған мемлекеттік шенеуніктер, бірінен кейін, бірі сотталып, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өте жағымсыз үлгі көрсетіп отыр. Олар бақшадағы арам шөптей қаптап кетті. Солардың ішінде, бұрынғы Үкімет басшысы бар дегенде жағаңды ұстайсың. Коррупциямен аяусыз күрес туралы сан рет заңдар қабылданды, бірақ жемқорлық жылдан-жылға меңдеп келеді. Қазір жемқорлық қарапайым еңбеккерлердің мойындарына талтайып мініп алып, екі өкпесін қысып, тынысын тарылтып барады. Бейне бір «Жеті басты, Айдаһар іспетті», қылғытып жеп, қазына байлығын аямай жұтып келеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан, бюджеттің ақшасын жеу үдеп барады. Бұл үлкен қылмыс.

Еліміздегі жемқорлықтың (коррупцияның) әбден меңдеп, сіңіп кеткені сондай, адамдар арасында «жемқорлықты жою мүмкін емес» деген өте зиянды, әрі қате пікір қалыптасып, қарапайым халық онымен келіскендей сыңай байқатуда.

Бұл жерде біздің позициямыз анық. Елбасының жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан сындарлы саясатын, бағдарламаларын қолдаймыз.

Қоғамымызды жаулап алған жемқорлыққа тойтарыс беруге, күресуге болады. Дүние жүзінде коррупциядан ада болған, тазарған ондаған мемлекеттер бар. Бізде, солардың тәжірибесін енгізуіміз керек. Турасын айтсақ, мемлекеттің қалтасына қол салған шенеуніктер мен олигархтар әділ жазасын алып, өлім жазаларына кесілуі шарт. Ол үшін, ең алдымен заңды қатайту керек.

  1. «Ұлы Даланың» бірлігі мен ерлігі. Осы қазақтың бірлігі мен ерлігі болмаса әлемде тоғызыншы орын алатын жерді сақтап, ұстап тұра алмаған болар едік. Бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді, бірлік бар жерде тірлік бар» деп өмір сүрген.

Ия, бізде «Ұлы Далада» ерлікте болған, бірлікте болған. Аталарымыз батыр болған. Оған ешқандай дау да жоқ, талас та жоқ. Бір мысал. Шығыстан шыққан Ерасыл – Қабанбай Қожағұлұлы хиуалықтардан, басқа да жаулардан оңтүстік өңірді үш мәрте өз аяғымен келіп азат еткен. Мен шығыстанмын деп жатып алмаған. Сондай барлық қазақ батырлары бірлікпен, ерлікпен қазақтың бүкіл жерін бірге жүріп жаулардан тазартқан.

  1. Үшінші құндылығымыз: «Ұлы Даланың» рухының биіктігі мен АР – Намысты, ұлттық Ожданды бәрінен жоғары ұстаулары. Ықшамдап айтқанда: «Ұлт Руханиятын» Ту етіп ұстаған біздің батыр да әділ ата –бабаларымыз. «Ұлы Даланың» мықты салт-дәстүрлері мен бай мәдениеті туралы ойлар. Осы тақырыптарға кеңірек тоқталып өтуді дұрыс деп санап тұрмын.

Құрметті ағайындар, бауырлар!

Ар-ұждан — моральдық сана-сезім ұғымы әрі этика категориясы: жеке адамның өзінің қоғамдағы маңызын сезінуін және қоғамның осы маңыздылықты тану сәттерін қамтиды. Өзінің мазмұны және өзіңде көрініс табатын моральдық көзқарастың табиғаты жөнінен Ар-ұждан ұғымы «намыс» ұғымымен теңдес делінген Уикипедияда.

Өкпесі күйіп, көзі шығып тұрған Ар-ождан мәселесі бір жиналыс не бір күнгі бас қосумен шешіле салатын оңай дүние емес. Біз оны жақсы түсінеміз. Ол жан-жақты талқылауды, үлкен зерттеуді, ғылыми-әлеуметтік сараптауды және мемлекеттік, қоғамдық, ұлттық тұрғыда арнайы бағдарлама қабылдап, оңтайлы шараларды тегеурінді түрде жүзеге асырғанда және ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанда ғана келеді. Біз Арды сақтау жұмысын қозғау барысында жаңа бір Америка ашып тұрғанымыз жоқ. Қайта, қоғамның, Үкіметтің, халықтың көңілін осы қазақтың намысын таптайтын, ұлт руханияты саласындағы нөмір бірінші проблемаға көңіл аудару, қоғамдық пікір қалыптастыру, Үкіметті және Парламентті осы мәселемен жете айналасуға мәжбүрлеу болып табылады.

 

 Жезөкшелік — өте қауіпті құбылыс. Ол ең алдымен қоғамдық адамгершілікті аяққа таптайды, қалыптасқан отбасының рухани құндылықтарын аяққа басады. Бір сөзбен түйіндеп кетсем, бүкіл әлемнің алдында Қазақстан осы тұрпайы жағдаймен масқара болуда. Сөзім дәлелді болу үшін мына мысалды келтірейін:

Үнді елінің аты мәшхүр блогері Шахкар Абиди атты азаматқа мың да бір алғыс айтып, үстіне шапан жауып, астына ат мінгізуіміз керек. Себебі ол, дер кезінде үнді мамандарының, эксперттерінің Қазақстанды жезөкшелік жайлағаны жөніндегі «жаңа үрдісті» байқап отырғандарын және Америка Құрама Штаттары дипмиссиясының 2012 жылдың қорытындысына арналған есебіндегі Қазақстан Республикасын әйелдер мен жасөспірім қыздардың секс-трафигінің бастаушысы және транзиттік орталығы ретінде көрсетуін жариялады. Ал айтыңдаршы бізге қазақ қоғамына, қазақтарға мұнан артық қандай соққы, қандай қорлау керек? Аталарымыз: -«Мешкеу деген жаман ат» десе, мынау ярлык тіпті онан миллион есе сұмдық «клеймо – қара таңба» болып тұр. Осыны түсінетін сәт әбден келді.

Оның үстінде үлкенді кішілі барлық қалаларымызда, еліміздің басқа да елді мекендерінде гей-клубтар мен түрлі түсті жын-ойнақ мекемелер арам шөптей қаптап көбеюде. Қазақстандық шаһарлардағы 20 астам гей-клубтар мен 40 астам жын-ойнақ мекемелер күндіз түні жұмыс істеп халқымыздың болашағы жастарымызды таза жолдан адастыруда, ар-ұяттан жұрдай қылуда. Бұл цифрларды мен ресми мекемелерден, соның ішінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл мырзаның үкіметке жолдаған сауалынан алып отырмын. Осы сұрақты бір жарым жыл бұрын Астана қаласында «Телекоммунациялар қызметі орталығында» брифинг өткізген Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов мырзаға қойғанымда, ол да осы цифрлардың растығын толығымен мойындады.

Арсыздықтың шектен шығуы көгілдірлердің басынғаны сондай халқымыздың ұлы тұлғасы Құрманғазы атамызды қорлады. Жұдырықтың үстіне жұдырық осы 25 жылдың ішінде қазақтың қаракөз қыздары шет жұртқа жаппай тұрмысқа шығуда. Олардың саны күн санап көбеюде. Қазақ қыздарының басқа ұлттарға, шет елдіктерге тұрмысқа шығуы 10 пайыздан асты. Бұл дегенің не сұмдық? Қазақ ұлты қайда барады? Дәл қазір елімізде 18 жастан 35 жас аралығындағы 700 мыңдай қыздарымыз тұрмыс құрмаған. 300 мыңға таяу қандас бауырларымыз сүр бойдақ болып сүрпиіп жүр. Бұның үстіне ажырасуды қоссақ. Қазір әрбір 10 некенің 4-еуі ажырасып отыр. Тағы бір сұмдық қазақтың жастарын белсіздік кесепаты жайлап барады. Мамандардың айтуынша, олардың саны 30 пайыздан асып жығылады.

Осының бәрін ойлап, зердеден өткізсек, төбе шашымыз тік тұрады. Жүрегіміз ауырып, намысымыз қайнайды. Біз қайда барамыз? Неге осындай күйге жеттік? Осы арсыздықтарға, ұлтымызға мүлдем жат құбылыстарға келеңсіз жәйттерге тосқауылды қашан қоямыз? Ағайындар осылай жүре берсек ұлт ретінде құримыз. Жоғарыда айтып өттім жел болмаса шөптің басы қимылдамайды.

 

Орыстарда мынадай қанатты сөз бар: – «ИМИДЖ все, остальное ничто!». Ұлтымыздың болмысына өте жат, лас туризмдердің, лас проституцияның, лас гейлердің, лас бордель сауналардың, лас жын-ойнақтардың арқасында біздің елімізге өте жаман лас атау таңылып отыр. Бұны естігеннен, көргеннен өлген артық деп санаймын.

Әділін өздеріңіз айтыңыз, біз неге осындай күйге жеттік??? Дәл осы жағдайда байлық неге керек, барлық неге керек? Капитализация, приватизация, трансформация, нарық экономикасы, баю, баю және де баю керек деп жүріп күлкімізді жинап ала алмай қалып жүрмейік. Сөз жоқ, баю керек. Оған дау да жоқ, таласта жоқ. Астанада қар күрегіш машиналар бар. Солар жауған қарды бұрқыратып күреп жүреді. Біздің экономикамызда сол қаркүрегіш машиналар сияқты бұрқырап, дамуы керек. Оған біз бөркімізді аспанға лақтырып тұрып қуануымыз керек. Қуанбағанда ше, осылай дами берсек, 30 елдің емес (әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орында аламыз ғой, соған сәйкес), 9 мемлекеттің ішінен қара көрсетуіміз әбден мүмкін. Оған барлық жағдай бар. Мұнай, газ, уран, алтын, қорғасын, мырыш, тантал, алюминий және тағы да басқа жер ресурстарының байлығынан әлемде алтыншы орындамыз.

Оның үстінде мың жылда бірақ рет туатын кемеңгер, стратег көшбасшымыз Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлындай дүниежүзі мойындаған Президентіміз бар.

Ашығын айтайық осы жағдай қоғамды қатты алаңдатып отыр. Логикаға салсақ секс-туризм экономикасы нашар, намысы тапталған, ар-ұяты аз елде ғана орын алады емес пе? Бізде ұлтқа, жастарға жоғары адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беретін ұлттық идеология жоқ.

Біздің аталарымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным – АРЫМНЫҢ садағасы. Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша – арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы»  – деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған.

Біз осындай сұмдық жағдайға қалай қол жеткіздік және оған нелер себепкер болды деген сұрақтарға жауап іздеп көру керек. Біріншіден, жоғарыда айтқанымдай бізде идеология, жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесі кемшін соғуда. Оны баю, баю еще раз баю деген ұғымдар басып қалған.

Бұл дегеніңіз – алдымен экономика сосын идеология дегеннің салдары деп есептеймін. Менің пікірімше экономика мен идеология қыран құстың екі қанатындай тең болу керек. Бірге жүруі, бірге мәңгі болуы керек.Тек сондай жағдайда ғана ұлт руханияты жоғары деңгейде болады деп есептеймін.

Осындай адам жаны шошитын жат құбылысқа біз қалай жеттік? Жауап: – «қоғамдағы қалыптасқан өлсем де ұрласам да мал тапсам болды, ар-ұяты сыпырып тастап, лас жолмен қайтсем де көп ақша тауып, байысам болды деген қағидадан шығып отыр» емес пе.

Оның кесірінен, руханиятымыздың өсуі кешеуілдеп, ұлттық тәлім-тәрбиеміз, ар-ождан мәселелері ұмыт қалды. Жастарды жаман, кір, лас жолдарға салатын кешендер бой көтеріп, ар-ұятты жоғалтты. Соның нағыз дәлелдерінің бірі де бірегейі біздің еліміздің «ең саунасы» көп елге айналуы дер едім.. Ал, ол кешендер шынтауытын айтқанда, бизнемендердің, кәсіпкерлердің, кейбір құқық қорғаушылардың күреп лас ақша табатын, бордел-сексханаларына, жын-ойнақ сауналарына айналып кетті. Бұл не деген сұмдық? Бұл не деген бизнес?

Біз осыдан 2-3 жыл бұрын осы Алматы қаласының Алмалы ауданында қанша сауна барын есептетік. Бір Алмалы ауданында 138 сауна бар екен. Сонда Алматының барлық 7 ауданында мыңнан аса сауна бар. Осы үрдіс жақсы ма жаман ба? Әрине жаман. Осы сауналардың көбі рухани азғындық, жеңіл жүрістілердің мекеніне айналған. Міне осы құбылысты, безобразияны шетелдіктер шебер байқап отыр.

Бұны бір проблема деп қойыңыз. Екінші проблема елімізде ұлттық рухтағы үгіт-насихат, рухтық тәлім-тәрбие, жастарды, балаларды жаман жат құбылыстардан жиркендіретін жүйелік жұмыстар, үгіт , насихат, тәрбиелік мәні бар істер ақсап тұр. Бұл мәселелерде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде телевидениенің алатын орны ерекше зор. Мен ,азамат ретінде Қазақстанда телекомпаниялар санының көп болуын қолдағандардың бірімін. Әлі де, телеарналардың санының көбеюін дұрыс деп санаймын.

Бірақ, өкінішке орай, телеарналар ұлттық тәлім-тәрбие тұрғысынан көрінбей отыр. Ұлттық рух, отаншылдық, арды жоғары ұстайтын бағдарламалар жоқтың қасы. Оның орнын бір бітпейтін «гакку, гакку», қыжыртпа әңгімелер мен жеңіл әзілдер, таңның атысынан кештің батысына дейін бір тынбайтын жеңіл-желпі ән салу үрдісі басып алған. Біз думанды елміз дейміз. Думан сөзінің бір түсініктемесі – «свистопляска». Қай арнаны баспасаң адамды мезі қылып жіберетін қайталанба әндер мен бос сөздер.

Осы жерде кейбір әзілкеш, әзіл-қалжың қазақ театрларына айтар ескертпелеріміз бен реніштеріміз бар.

Айтыңыздаршы, неге осы әзіл-ысқақ қазақ театрының жігіттері әйелдердің рөлін ойнауға құштар? Қай театрды алмасаң да, әйел болып ойнап жүрген қазақтың жігіттері. Жиіркенесің олардан. Өз басым, биыл қыста, Оңтүстік    Қазақстанның Арыс ауданында болғанымда «Нысана» театрының әртіс жігіттеріне, сосын, бір мерекеде кездесіп қалғанымда, «Шымкент шоу», «Кентау шоу» театрының басшысы Мырзабекке де ренішімді айттым. Одан қорытынды бола ма, әлде жоқ па оны әзірге білмеймін. Нұртас Адамбаев деген көп-көрім азамат бар. Соның театрындағы жігіттер де, әйелдердің ролін ойнауға құштар. Сол Сабина келінді қыз актриса ойнаса болмай ма еді? Қазір қазақтың кіп-кішкентай қара домалақ ұлдары Сабинка болып ойнайды. Кімді тәрбиелеп жатырмыз? Айналайын, әзіл-ысқақ театрының азаматтары жаман әйелдердің ролін ойнауды доғарыңдар!? Бұл үрдіс қазаққа жараспайды!

Бұл жерде айтайын дегенім, аналарымызды, әйелдерді, қаракөз қыздарымызды әйел болып ойнамай, азамат, жігіт болып алақанымызға салып құрметтейік, қастерлейік, қолдайық, қолпаштайық, өмірдің бар жақсылығын сыйлайық дер едім.

Аналарымызға қатысты тағы бір мәселе бар, бәріміз болып шешетін және бүгінгі тақырыпқа тікелей қатысы бар. Ол – қасиетті аналарымызға тіл тигізбеу. «Өй шешеңді… бәлен етейін», «Анаңды… бәлен етейін» деген былапыт, тұрпайы жиіркенішті, намысқа келетін боқтықты айтпау. Бір мысал: 1998 жылдың қараша айы, Астана қаласы, «Шаробан» бильярд клубы. Осындай намысқа тиетін былапыт сөзі үшін білдей бір жоғары оқу орнының проректоры соққыға оңбай жығылды, сәл өлмей қалды. Өзіміз куә болдық.

 

Келесі маңызды мәселе – атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді,ұлттық тәрбиені күнделікті өмірде кеңінен қолдану болып табылады. Салт-дәстүр бізге ең керек ,ең мықты академия, институт болып табылады. Мысалы: ұл мен қызды бала кезден атастыру салты. Сонда шетелдіктерге кетпейді.Қазақ «Қыз – ырыс» дейді. Ырысымыздан айырылмайық!

Қазіргі таңдағы ұлтқа қажетті – өрелі салтымыз осы. Қолдануымыз керек. Әйтпесе, қыздарымыз қырым-қытайға, негрлерге, араптарға, түріктерге, еуропалықтар мен америкалықтарға және де басқа ұлттардың өкілдеріне тұрмысқа шығып, елден біржолата кетуде.

Бағанадан бері айтқандарымды бір арнаға тоғыстырып тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтсам ұлттық идеологияға, ұлттық тәлім-тәрбиеге, салт-дәстүрге қатаң қарауымыз керек. Сол үшін де осы бүгінгі жиналысты өткізіп отырмыз.

Құрметті жиналысқа қатысушылар! Сіздердің қолдарыңызда «Ұлы Дала елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атты бүгінгі жиналысқа қатысушылар Сіздердің қабылдайтын Үндеудің Жобасы бар.

 

Осы жанайқай Үндеуді толықтыратын мына ұсыныстарды айтып өтейін.

 

Біріншіден: Еліміздегі идеология мәселелерін қайта қарап, талқылау керек. «Ұлттық идеология және қазақтың Ар-Ождан мәселелері» атты 2016-2030 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарлама қабылдау керек. Жаңа «Ұлт идеологиясы және жастар тәрбиесі» атты жалпыұлттық құрылым құру.

Екіншіден: «Ар-ождан» заңын қабылдау.

Ар-ождан полициясын құру.

Үшіншіден: Осы «Ар-Ождан» Заңының негізінде жезөкшелерді, нашақорларды қатаң жазаға тарту.Бас бостандықтарынан айырып, қоғамнан аластату.

Төртіншіден: «сексхана» атанған қаптап кеткен «сауна-хауыздарды», «түнгі клубтарды», «гей, гейша» клубтарды, басқада «жынойнақтарды» «бордельдерді» тез арада жабу.

Бесіншіден: елімізде лас туризмге мүлдем жол бермеу.

Алтыншыдан: жастардың, балалардың тәлім-тәрбиесіне алдымен отбасында, сосын балалар бақшасында, мектепте, барлық оқу орындарында, ұйымдарда, кәсіпорындарда бірінші кезекте көңіл бөлу. Барлық оқу орындарында, барлық мекемелерде «Ар-Ождан» сабақтарын өткізу.

 

Жетіншіден: Қазақ «Қызға –қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. «Қыздың намысы  – елдің намысы». Қыздың намысы тапталса, елдің намысы ойран болады емес пе? Біз Арды бәрінен жоғары ұстаған халық едік ерте де. Қазір не болды? Ар-ұяттан неге айырылдық?

Сегізіншіден: бір ғасыр-4 ширек ғасырдан құрылады. Ал, бір ширек ғасырда  – 25 жыл бар. Сол 25 жылда қазақтың қызы оқуын оқып, өсіп, бойжетіп тұрмыс құруы керек. Сол 25 жылда қазақтың ұлы ат жалын тартып мініп, оқуын оқып, өсіп-ержетіп – үйленуі керек. Олай болмаған жағдайда қоғам дабыл қағуы тиісті.

Тоғызыншыдан:Қазақ қыздары тек қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығулары керек, басқаларға тұрмысқа шығуларына қатаң тиым салынуы қажет деп санаймын. Себебі , осы үрдіс әрі қарай осылай жалғаса берсе, қазақ ұлты келесі ғасырда жоғалып кетуі әбден мүмкін;

 

Оныншыдан: Жоғары оқу орындарындағы қыздардың ақылы оқуын тоқтату. Біздің жастар тегін білім алулары керек.

Он біріншіден: идеология саласында телевидение, радио, интернет салаларын қатты қадағалап, ұлттық рухымызға зиян тидірмейтін өнімдерді ғана көрсету керек.

Он екінші: Осы жұмыстарға арналған «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени – әлеуметтік қозғалысы дайындаған «25» -атты маңызды Бағдарламаны Үкіметтік деңгейде қабылдап, ұлттың «АР-ОЖДАН» мәселесін басты назарда ұстау қажет деп есептеймін. Бұл менің азаматтық ұстанымым болып саналады.

Он үшінші шарт: бұл шаралар ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып атқарылатын жұмыстар болғандықтан, бірігуіміз керек, тізе қосып, бірлесе күрессек қана ұлтымызды «Ар дағдарысынан» алып шығамыз, жастарды , қазақтың қыздарын азғындаудан сақтаймыз.

Бірлігі мықты, жемқорлығы мен жезөкшелігі жоқ ел ғана озады. Соны түсінуіміз керек.

Сөз соңында айтарым: баршаңызды ел өміріндегі, туған отанымыздың дамуындағы мәні де маңызы ерекше зор оқиғалар мен даталар болып саналатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығымен, «Ұлы көштің» 25 жылдығы және «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының 5 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге жаңа жеңістер мен жетістіктер тілеймін! Ары мен намысы биік ел болайық!». Кеш барысында әсем ән айтылып, қызықты бейне фильмдер көрсетілді. Ұлттық руханияттың дамуына мол үлес қосқан азаматтар мен аналар «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының медальдерімен және Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Мәдени-патриоттық іс –шараға қатысушылар бірауыздан «Ұлы Дала Елі – Ұлттық Руханияттың мекені» атты ҮНДЕУ қабылдады.

 

Дидар НҰРЖІГІТ, журналист.

Сондай-ақ, оқыңыз

Мені халық қолдады.

Әріптесіміз журналист, танымал қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Халықтың сүйіктісі» атанды. 2018  жылдың 3-ші ақпаны күні …