Жасай бер, жайнай бер ШЫҒЫСЫМ, алтын өлкем – АЛТАЙЫМ!!!

Мен Өр Алтайдың – Ұланымын!

2014 жылдың 1-шы желтоқсаны күні Шығыс Қазақстан облысының  жаңа әкімі   Даниял Кенжетайұлы  Ахметов «Сәдібек Түгел- Шығыс Қазақстан  облысының  құрметті азаматы  болуға  лайық тұлға» деген ұсынысты  облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына   жолдады. 10 желтоқсан күні  облыстық мәслихаттың депутаттары   менің кандидатурамды қолдап, бірауыздан  дауыс берді.  2015 жылдың 15 желтоқсан  күні  Өскемен қаласының Орталық Мәдениет Үйінде   еліміздің ең басты  мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған   бүкіл аймақтың  игі –жақсылары бас қосқан  салтанатты  жиналыста  облыс әкімі  Даниял Кенжетайұлы маған  өлкенің құрметті азаматы атағын  табыс етті.  Келесі күні , Астанаға келе сала  қолыма қалам алып төмендегі  Алғыс хатты  туған  еліме жолдадым:            

«Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. К. Ахметов мырзаға
АЛҒЫС ХАТ!

Құрметті Даниял Кенжетайұлы!

Ең алдымен  Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Өзі таңдап, Өзі негізін салып, Өзі  іргетасын қалаған, әлемдегі ең   көрікті    шаһарлардың  бірі жаңа Елордамыз-Астана қаласындағы абзал азаматтардан  Сізге және   облыс халқына жалынды сәлем жолдаймын! Алда келе жатқан  2015 жылмен шын жүректен құттықтаймын!  Сізге және  жерлестеріме  үлкен жетістіктер мен жеңістер тілеймін!

2014 жылдың 15 желтоқсаны күні облыс орталығы  Өскемен қаласының   Орталық Мәдениет Үйінде   мемлекетіміздің ең басты мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған   салтанатты жиналыста  Сіз маған  «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы»  атағын  табыс еттіңіз. Туған жердің  бағасы бәрінен қымбат. Еңбектің еленгені  жақсы болды. Содан бері  көңілім шалқып,   жүрегімді қуаныш кернеп,  төбем көкке жеткендей болып  жүрмін!  Елбасымыздың ең сенімді серіктерінің бірі де бірегейі,  аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері  Сізге , облыс мәслихатының депутаттарына,  шығыс қазақстандық  барлық жерлестеріме маған артқан үлкен сенімдеріңіз бен құрметтеріңіз үшін ризашылдығымды білдіріп, рахметімді  айтамын! Мен,  өз тарапымнан  Өр Алтай, Асқар Алтайдың табыстарын   «ӨСЕ БЕР, ӨРЛЕЙ БЕР, ШЫҒЫСЫМ!»  деген атпен  «ТҮГЕЛ МЕДИАҒА»  қарайтын барлық  журналдармен  басқада бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттай беремін. Құдай қаласа,  келесі жылы Шығыс Қазақстанға  арналған  арнаулы кітап жазып, жарыққа шығаруды да  жоспарлап отырмын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан Республикасының інжу –маржаны Шығыс Қазақстан облысы  одан әрі қарышты дамып, өсіп- өркендей берсін!   

Құрметпен,Шығыс Қазақстан облысының
құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген
қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел
2014 жылдың  16 желтоқсаны,
Ел Тәуелсіздігінің күні».

 

Осы Алғыс  хатта айтылғандай, кіндік қаным танып, туып өскен   жеріме арналған шығарма жазу мақсатында жазу   үстеліме қарай бет бұрдым.  Ондағы ойым  облысымыздың бүгінгі тыныс –тірлігіне,  жай- күйіне, атқарып жатқан сан-алуан жұмыстарына  арналған шығарма  жазып, кітап шығару. Алдымен мына мәселеге барынша  мол, толық түсініктеме   беруді жөн көріп тұрмын. Құдай қаласа бұл  басылым әлеуметтік желілер мен қатар  басылым  түрінде  Шығыс Қазақстаннан тыс жерлерге де, тіпті  шет елде тұратын ағайындарға  тарайды. Сонда мынандай   сұрақтар  туындауы мүмкін: -«Сәдібек Түгелдің  қай жерде,  қай ауылда  дүниеге келді?  Әке, шешесі кім?  Ол  қандай мектептерде  оқыды.?    Қазір қайда тұрады?  Қандай жетістіктері мен жеңістері бар?  Ел алдында сіңірген  елеулі еңбектері бар ма?    Бар болса,  оларды  атап өтсеңіздер екен,   болашақ ұрпақтар білсін?  Облыстың құрметті азаматы оған  жәйдән-жәй берілмеген болар?».  Жақсы сұрақтар  әрі әділ сұрақтар.    Өзімді  бұл сұрақтарға  толық  жауап беруге тиістімін деп санаймын .

Алдымен оқырмандарымды  өмірбаяныммен  және  туып-өскен ауылыммен  оның ғажайып табиғатымен таныстыра кетуді  жөн  көрдім.  Басы ашық  мәселе менің кіндік қаным тамған жер, бар қазақтың  ырысы  мен берекесі саналатын  Өр Алтай, Асқар Алтай, асау Ертіс, Ерке Ертіс  өңірі екені   барша  елге  аян.  Ұлы Отан соғысының  жеңіспен  аяқталғанының  10 жылдығын 1955 жылы  бүкіл халық болып атап  өтуге  арналған дайындықтың қызған шағында қарапайым еңбек адамдары «Қызыл Ту» колхозының жылқышылар бригадасының бригадирі  Түгел Құмарұлы  мен  колхоз жұмысшысы Мәрия Түгел келінінің шаңырағында  мен   7-ші  бала болып  мынау жарық дүниеге келдім.  Шынында жер шарын да өмір сүріп жатқан әрбір адам үшін  кіндік қаны тамған, құлдыраңдаған құлындай  құрбыларымен асыр салып ойнап-өскен жерінен артық жұмақ жер барма шіркін  бұл дүниеде?! Мұндайда дана халқымыз : «Туған жердей – жер болмас, туған елдей-ел болмас» – деп дәл тауып айтқан ғой. Сонау ғасырлардағы ержүрек ата-бабаларымыздың  бойларындағы   жандарын қиып, қасық қандары қалғанша  арпалысып-соғысып жүріп,  болашақ ұрпақтарына аманат ретінде  қалдырған Ұлан ауданының топырағы мен   Сәдібек Түгел   үшін, кір жуып, кіндік қаным  тамған , ат жалын тартып мініп, ер жетіп есейген, кейін үйленіп, отау құрып, балалы –шағалы болған және туған отанымызға адал қызмет атқарған киелі де қасиетті мекенім  болып саналады.  Ұлан ауданы  Өр Алтайдың , Асқар Алтайдың құт қонып, бақ дарыған аудандарының бірі де бірегейі десем артық айтпаған болар едім. Өйткені оның  жерінің асты да алтын, үсті де алтын аймақ. Табиғаты қандай ғажайып  десеңізші?! Сібенің бес көлі  Аллатағалының  бізге  берген   керемет сыйы емеспе?! Ондай тостағандай, суы мөлдір көлдер әлемде сирек кездеседі. «Айыртау» мен «Шыбындыкөлдер», «Сандықтау»  жайлауы, шыңдары биік  Көктау, Қалбатаулар, «Сібе», «Ұлан», «Ұранхай» өзендері, «Шешекті» мен «Атығай» асулары ауданымызға көрік беріп тұрған жерлер. Қазақстандағы суы балдай, тау бұлақтары ең көп  өлке де Ұлан ауданы. Жалпы Ұлан ауданы  жылдың  төрт мезгілі толық сақталатын:  берекелі күзі,   әдемі қысы,  көктеген-көктемі, жайнаған –жазы бар аймақ. Қойнауы кенге, өрісі малға толған өлке де Ұлан жері. Дүниежүзіндегі ең  қымбат, ең бағалы  металл  саналатын «Танталда» біздің жерден  табылған. «Ақбауырға» байланысты ғалымдар  Ұлан ауданын жер кіндігі деп атауда.  Ұлан ауданы  жүрек жұтқан батырлар отаны болып есептеледі. Біздің ауданнан  бес  Совет Одағының Батырлары, бір Халық Қаһарманы  туып-өскен. Олар:Ізғұтты Айтықов, Төлген Тоқтаров, Серікқазы Бекбосынов,  Иван Варепа,  Хамза Мұхамадиев  және партизан Қасым Қайсенов. Күй атасы-Құрманғазы,  ал күй патшасы-Кет-Бұқа  бабамыз. Шыңғыс ханнан кейін  екінші тұлға болып саналатын Кет-Бұқа атамыз Ұлан топырағының тумасы. Оған  қарт тарих куә. Алаш қозғалысының негізін қалаушылардың бірі де бірегейі  Райымжан Мәрсеков есімі   барлық елге аян.Айта берсем, бізде  таусылмайтын тарих бар. Өз заманында Жәйілмістің ұлдары Сатый мен Сатыбалды бес қаруын сайлаған батыр, тереңнен сөз қазып, тіл безеген шешен, топ бастаған көсем болыпты. Егескен тұстағы ерліктері аңызға айналып, қиуадан шауып, қисынын тауып айтқан өнегелі сөздері ұрпақтан-ұрпаққа ауысыпты.

Ұлан ауданының Аманкелді елді мекені – қатпар-қатпар, күнге ұмтылып, аспанмен таласып, мойынын өлгенше созып жатқан жалаңаш көгілдір түсті, бірінен-бірі биік таулардың етегіндегі ауыл. Ауылдың жан-жағы сарқырап ағып жатқан бұлақтар, бұлақтардың жиегі көк майса мен итмұрын, қараған, ұшқат, тобылғымен көмкеріліп, одан әріректе – мойыл, қайың, қарағай, шырша, тал мен терек иін тіресіп, тауға қарай ұмтылып, басына шығуға жанталасып жатқандай. Бірақ, жалғыз-жарым қайың мен шыршаның, бірінің үстін бірі басып үйіліп жатқан, үй орнындай жалпақ тастардың арасына қыстырылып – өсіп тұрғанын көргенде қалай таң қалмассың. Сол жартастардың арасынан топырақ тауып – сарымсақ пен рауғаш өседі. Ал шыңдардың арасындағы адам бара алмайтын құздарының ішінен мекен тауып түздің тағы бүркіттері ұя салып балапандарын өрбітеді. Төмендегі тоғайлардың арасы мен ашық алаңдарда жабайы жеміс-жидектің сан алуан түрі өседі. Әр өсімдік өзіне ғана тән жұпар иіс шығарып тұрады. Аманкелдіден төмен қарай бес-алты шақырымдай жерде буырқанып кәрі Ертіспен қауышуға асығып бара жатқан Сібе өзені өтеді. Сібе өзені басын, еліміздің қайталанбас тағы бір кереметі – Бескөлден алады. Барлық бұлақтар сарқырап келіп осы Сібеге құяды. Бұлақтардың суы тұщы, мөп-мөлдір, шілденің ыстығында сап-салқын болып, ішсең мейіріңді қандырады. Сан алуан өсімдіктерден тараған ғажайып иіс дем алған адамның көңіл-күйін көтеріп рахат сезімге бөлейді. Мал ұстауға өте қолайлы, таулардың арасында аңызақ жел, ұйтқып соғатын қатты боран сирек болады.

Бұл айтылған тұжырымдарыма  толық қосыла отырып, 2008 жылы  «Фолиант» баспасынан  басылып  жарыққа шыққан,өз оқырмандарын тапқан  «Ертуған»  атты повесімнен  де  үзінді келтіруді дұрыс деп санаймын.

«Сыртқа шыққан сайын Есір өзенін бойлай қоныстанған ауылыма көз саламын.
Біздің үйдің басқалардан бір ерекшелігі – өрде тұр. Сақан апамның айтуынша, әкем үйді таудың нақ биігіне жылқыларды көздеу үшін салған. Шын мәнінде біздің үйдің алдынан төңірек тегіс көрінеді. Оған кеше, бүгін көзім әбден жетті. Әр жылдың төрт мезгіліне табиғаты сәйкес келетін біздің өңір, біздің ауыл. Ол – Өр Алтайдың, Асқар Алтайдың Қалба тауларын өрлей қоныстанған Ұлан ауданына қарасты Сатый ауылы. Төрткүл дүниеде мен үшін мұндай жер жаннаты жоқ.

Алтын күзде диқандар көктемде егіп, жаз бойы маңдай терін аямай төгіп өсірген мол егінді орып, қырманнан өткізіп, қамбаға құйып алу қамымен тыным таппайды, дайындалған жем-шөпті, отын-көмірді ысырапсыз үйді-үйге, қыстаққа жеткізіп алудың өзі қыруар шаруа. Жаз жайлауынан малын семірткен малшылар ойға түседі. Бәйге төбеде сабан той өткізіледі. Онда әкем Түгелдің бастауымен ұлттық спорт түрлері бәйгеден, күрестен жарыстар өткізіледі. Кеште алтыбақан тербеліп, ақсүйек ойналады. Жастардың отау тігіп, шаңырақ көтерген үйлену тойлары да осы алтын күзде өте жиі өтетін. Қыс қарлы болады. Кей жылдары көп үйлерді қар басып қалатын.
Балалар үшін қыстың қызығы — шаңғы мен шана. Таудан шаңғымен ылди-төмен зымырағанда керемет күй кешесің. Денең сергиді, көңілің көтеріледі. Қыста ауыл кеші әрдайым әсерлі, өз қызығы өзінде. Соғым сойылып, ауыл үй бір-бірін шекеге, омыртқаға, уызға кезектесіп шақырып, думандатып жатқаны. Наурыз келісімен көктем лебі жетеді. Қар еріп, күн жыли бастайды. Қыс бойы қорада, қолда болған малдар өріске бет түзейді. Дала төсінде сүтке тойған құлын-тайлар, қозы-лақтар ойнақ салады. Ең бір ғажайып көрініс – Есір өзенінің арнасынан шығып тасуы!
Жаз айларына келетін болсақ — мен үшін маусым айының орыны ерекше. Біріншіден, каникулда боласың. Екіншіден атқа мініп, асау үйретесің. Даладан бүлдірген теріп, тау басынан бүркіт балапанын алуға барасың. Үшіншіден, жер-ана бусанып, кең дала көкке оранады. Міне, қанша қарасам көзім тоймайды. Алқаптағы бидай, қаулап өскен жоңышқа шөптер, жапырақтары жайылған қайың, тоғайлар төңіректі нұрландырып, құлпыртып тұр. Сайраған сансыз құстар, өзендегі шолпылдаған аққайраң мен қойтан балықтар қандай десеңізші! Міне, мен бүгін Кеңес ағамды тосып, жолға қарап табиғаттың осы бір таңғажайып көріністеріне бала көңілмен қызыға қарап тұрмын. Қиялым қияға самсап, аталарымыздың қан кешіп жүріп, осынау Ұлы даланы, қасиетті туған жерді аман-есен сақтап қалғанына бала көңіліммен шүкіршілік етіп тұрмын.

Олар бұл қасиетті жерді біздерге аманат ретінде қалдырды. Енді біздің міндет осы жерді көздің қарашығындай қорғап, сақтау  деген ой ұшқыны мені  баурап алған».

АЛТЫН ӨЛКЕМ-АЛТАЙЫМ!

Алтын өлкем – Шығысым,
Алтын өлкем-Алтайым!
Киелі, байтақ, ұлысың.
Сағынып саған жеткенде
Кеңейіп қалады тынысым.
Көңілге жырды құясың,
Ұлылар шыққан ұясың.
Шоқтығы биік – Шығысым
Жүрекке мәңгі сиясың!!!
Алтын өлкем – Шығысым!
Алтын өлкем –  Алтайым!
Оңашада ой теңізінде жүзетін әдет – пенде шіркінге жаратқанның үйіп-төгіп бере салған асыл қазынасының бірі. Ондайда қиял қанаты қияға қалықтап, арманның арнасынан асып төгіліп, дүниеауи тірлік бұғауынан құтылғандай керемет күй кешесің. Туған елім Қазақстанға аз да болса септігімді тигізер жолды іздеймін. Азаматтық, перзенттік парызым халқымның алдында қайтсем өтеледі деген мазасыздық бір бүйірден келіп кимелейді. Сан тарауға соқпақ тартқан қилы-қилы қалың ой. Бірде қызықты да қуанышты өткен күндерді еске түсіріп, еріксіз езу тарттырса, бір мезет орны толмас өкініш пен қайғының құрығына тұтылып жүрек байғұс бұлқына тулап басылады. Әлден уақытта жанды жегідей жеген беймаза күй бірсәтте тарап, ендігі кезекте балдәурен балалық шақтың, балауса сезімнің өрмегіне шырмалып, айнала дөңгеленіп береді дейсің.

Адамға сәби күндердің қызық думанын еске түсіруден асқан ләззат бар ма?! Шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан ауасын жұтып, суын ішкен туған ауылдан артық Иранбақты қайдан табарсың?! Күнәдән пәк, періште күндер, құлындай құлдыраңдай шауып, күліп-ойнап өскен жерлер, сірә, естен шығар ма? Кіндік қаны тамған топырақтың әркімге-ақ ыстық болатыны ауызбен айтып жеткізгісіз ғой. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгелі бірнеше шет мемлекеттерді аралап, көрікті жерлерін тамашалап жүрсем де, Қазақ еліне, Алтай өңіріне, оның көркем табиғатына тең келер мекенді көре алғам жоқ. Дана қазақтың дара тұлғалы, ақиық ақын-жазушыларының қиялын қияға самғатқан Өр Алтай топырағында туып-өскеніме мерейленіп жүретінімді жасырып қайтейін. Қалай жасырайын оны, қалайша ұмытайын?! Мәулен шыңдары заңғар көкпен бой таластырған қасқа сұлу өлке бір көрген жанның жадынан шығар ма, сірә. Атам заманнан ақ қар, көк мұз жамылған мұзартты таулар, сыңсыған ну ормандар бұл өңір табиғатын түрлендіріп жатқан кереметтің бастау бұлағындай дерсің.

Жылдың төрт мезгілінде де оңтүстік-батыс Алтай табиғатының жанарды арбап, жанды тебірентер сұлулығы сол қалпында тұратыны ғажап. Ал Қара Ертіс, қарт Ертістің кербез, сылқым қалпында керіле ағып, дүлей күшін ішіне бүгіп жатқан келбетін көз алдыма келтірсем, жүрегімді сартап сағыныш сыздатып өткендей толқимын.

Осы бір таңғажайып өлкеде өткен менің бақытқа толы балалық шағым күні кешегідей көз алдымда………

…. Ауылдық  жердегі ең үлкен жауапты науқан – шөп шабу еді. Жыл сайын жаз келісімен   малдардың қысқы азығы  шөпті  дайындаймыз. Ол екі айға созылады. Өйткені, «қысқы шанаңды жазда сайла» деген мәтел бар. Бұл шаруаға әкем марқұм бүкіл отбасын бір кісідей жұмылдырады. Әркімнің атқаратын міндеттері анықталған. Шешем  Мәрия ас дайындайды. Нағашы Кәрібай атамыз орақтарды төске салып, шыңдайды. Ал, біздер шыңдалған орақтарды алып, сайын даланың саф ауасымен демала жүріп,  шөптерді шабуға кірісеміз. Сондай сәттердің бірінде орақты жонатын зауыттан шыққан қайрағымды түсіріп алдым.  Орақты жонбасаң шөпке өтпейді. Енді не істеу керек? Сондай сәтте, тау етегіндегі жатқан  бір тасты алып орағымның ұшын қайрауға кірістім. «Енді қалай болар екен?» деп орақты  жаңадан шөпке салғанда  бағанағыдан да  артық  өткір пышақтай шөпті  жапырды.  Бұл мені таң қалдырды. Түскі асқа жиналарда көкейімдегі осы сауалды әкеме  айттым:
– Әке, зауыттық қайрақты түсіріп алып ,оның орнына таудың етегінде жатқан жай бір тасты пайдаландым. Айтайын дегенім, бұл тас зауыттың қайрағынан да артық болды. Осы қайрақтың арқасында шөпті түске дейін шауып отырдым. Дестелері де қалың болды. Мұның сыры неде, әке? – дедім.
Сонда әкем Түгел Құмарұлы осы сауалды бұрыннан тосқандай риза көңілмен жауап қатты:
– «Ұлым, сен жақсы сұрақ қойдың. Мен жауап берейін. Сен қасиетті,
киелі жердің Ұланысың. Өйткені, біздің әрбір тасымыз алтын ғой. Мен жай айтып тұрған жоқпын. Осы өлкені білетін адамдардың бірі ретінде шынайы айтып тұрмын. Алтай деген сөзді түркі тілінен аударғанда «Алтын тау» деген ұғымды білдіреді. Алтай – бүкіл өркениеттің бастау алған жері. Оған ешқандай күмән жоқ. Бұл жерде ұлы оқиғалар орын алған. Таудың беттерінде ұлылар мен әулиелердің, батырлар мен данышпандардың іздері жатыр.  Шыңғыс қаһан жүрген,  Ұлы Кетбұқа бабаң  туған жер. Дүние жүзінде дәл осындай жерінің асты да, үсті де байлыққа толған өлкені кездестіре алмайсың. Менделеев кестесінің барлық элементтері шығыс жерінде жатыр. Ол береке, байлық емес пе? Сондықтан да айтарым, балам, сендер нағыз алтын өлкенің өрендерісіңдер. Ертең өсесің, оқу-білім аласың, ержетіп атқа мінесің. Сонда туған өлкеңді мақтаныш ететін боласың.

Тек мақтаныш етпей, өз біліміңді, қажыр – қайратыңды, шығармашылығыңды туған жерге арнайтындығыңа мен кәміл сенемін. Өйткені, сенің ата-бабаларың ат жалында өсіп, осынау жерді дұшпандардан қорғап, сақтап қалған ғой.

Шығысқа келген сайын әкемнің осы сөздері көкейімнен кетпейді, мені алға жетелейді. Қайтсем де, туған өлкемнің өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына қолдан келгенше көмек беруге даяр екенімді білемін және  жүрекке  мәңгілікке жазып алғанмын.

Осы жерде, оқырмандарға ұғынықты  әрі  мол түсінік береді деген  оймен  тәжірибелі журналист қарындастарым  Әсем Жәнібектің  «Ұлтқа қызмет етуден  жалықпаймын» және  Майгүл Сұлтанның «Мен нағыз саясаткермін»  атты  менен алған сұхбаттарын  ұсынамын:

«1962 – 1966 жылдары  Ұлан ауданының  «Сатый» ауылындағы  «Аманкелді» бастауыш, 1966-1970 жылдары  «Точка» селосындағы «Аманкелді» сегіз жылдық, 1970-1972  жылдары  Шымқора ауылындағы Жамбыл орта мектебінде оқыдым.

Ал 1973-1975 жылдар аралығында Алмания топырағында Отан алдындағы әскери борышымды абыроймен атқарып шықтым.

– Жоғарғы білім алған оқу орныңыз,  мамандығыңыз туралы білгіміз келеді. Осы жерде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің күндізгі бөліміне түсіп тұрып, сырттай оқуға неге ауысқандығыңыз жайлы тарқатып айтсаңыз.

– Оның сыры бар. Әркім мектеп қабырғасында жүріп-ақ, болашақ мамандығы туралы ойланады емес пе. Мен үшін журналистикаға оқуға түсу түбегейлі шешілген сұрақ болатын. Өйткені, 5-сыныптан бастап, қолыма қалам алып, мақала жазумен шұғылдандым, аудандық «Өркен-Расцвет» газетінің жас тілшісі болдым. Бір сөзбен айтқанда, бала жастан журналистиканың қыр-сырын меңгеруді қаладым.

1972 жылы маусым айында онжылдықты ойдағыдай тәмамдап, аттестат алған тұста кейбір жанашыр ағайындар тарапынан басқаша ұсыныстар да болды. Мысалы: біреуі, Өскемен жол-құрылыс институтына оқуға түсіп, инженер болуымды, екіншісі зоотехник болуымды қалады. Ал мен өз қалауымды жасадым.

Сонымен, шығыстан қазіргі талантты ақын Ұлықбек Есдәулетов екеуіміз Алматыға, ол Зайсан ауданынан, мен Ұланнан келіп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне, оқуға түсуге барлық құжаттарымызды өткіздік. Алматы толы абитуриенттер. Әсіресе заңгер, сот, прокурор, журналист болам деушілер көп. Әрбір орынға, мысалы заң факультетіне -21, журналистикаға – 18 үміткерден келеді. «Шешінген судан тайынбас» деген, емтихан тапсыруға кірісіп кеттік. Құдай қолдап, сәтін салғанда 4 емтиханның бәрінен сүрінбей өттім. Екеуінен – 5, қалған екеуінен – 4 деген баға алдым. Қөңілім көтеріңкі. Университетке қабылдану туралы тізімнің шығуын тағатсыздана күтіп жүрміз.

Бір күні ҚазМУ-дың бас корпусының алдындағы үлкен тақтаға оқуға қабылданған барлық студенттердің тізімі ілінді. Бәріміз жапатармағай сонда ұмтылдық. Тізімде барлар мәз-мейрам. Ал, мен болсам, өзімді не қазақша бөлімнен, не орысша бөлімнен таба алмадым. Көңілім су сепкендей басылып, үн-жырғам түсіп кетті. Енді не істеймін деп дел-сал болып тұрғанмын. Іле-шала екінші тізім әкелініп ілінді. Онда алған бағалары және соған орай балдары бірдей үміткер-студенттердің тізімі жарияланған. Олардың оқуға қабылдануы, не қабылданбауы ректорат мәжілісінде 28 тамызда шешіледі – деп жазылыпты.

Белгіленген күні, ҚазМУ-дың бас корпусында ректорат мәжілісі басталды. Ортада ректор Өмірбек Жолдасбеков. Марқұм таудай, алып адам еді. Жан-жағына бір қарап алды да, жиналысты бастап кетті. Ректордың алдында әрбір факультетке қанша талапкердің болғанын, сосын қаншасы студент атанғанын және балдары бірдей осыншама үміткер бар, – деп декан ақпарат беруде.

Кезек, журналистика факультеті, оның деканы, доцент Темірбек Қожакеевке келді. Ол журналистикаға түсем деушілердің биыл өте көп болғанын, соның ішінен ең мықтыларының іріктелініп алынғанын айтты. Ал, бірдей ұпай жинағандардың қатарын күрт сейілтіп, 4-уінің ғана қалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы 4-удің ішінен тек біреуінің ғана артық болып тұрғанын мәлімдеді.

Ректор Өмірбек аға Жолдасбеков тізімді қолға ұстап, бізге қарады:

– Ау, жігіттер үшеулеріңіздің біреуі ғана қыз бала екен. Біз қызға құрмет тұтқан халықпыз. Ол қыз қастарыңда отыр. Меніңше талқылаудың қажеті жоқ. Осы қыз балаға жолын беретін  джентельмен жігіт бар ма?

Жанымда отырған екі жігітте үн жоқ. Бастарын салбыратып жіберген. Мен қолымды көтеріп, орнымнан түрегелдім: – «Аға, мен – джентельменмін, орнымды беремін,» – дедім.

Тып-тыныш бола қалған зал ректордың «Міне, азамат!» деген сөзінен кейін жарқын күлкіге толды. «Сәдібек Түгелов 17 жаста, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан, мектепті жақсы бітірген, аудандық газеттің үздік жас тілшісі, рекомендациялары мықты,  қазақша күрестен  чемпион» деп, ректор мен туралы мәліметті жария етті. Дауысынан бір жылы мейірім сезіліп–ақ тұр. Қасына Қожакеевті шақырып алды. Өздері жеке ақылдасты. Одан кейін, маған қарсы тіл қатты.

– Сәдібек, айналайын, сенің мүмкіндігің жоғары. Мен жаңа қалжыңдап айттым. Сен оқуға түсіп тұрсың. Қазір сенде екі жол бар. Біріншісі сөзіңді кері алып, күндізгі бөлімге қабылдану, екіншісі жаңағы айтқанымдай қызға жолыңды беріп, сырттай журналистика факультетіне қабылдану. Қайсысын қалайсың? Өзің біл.

– Аға, мен айттым ғой, қызға орнымды беремін деп, сол сөзімді өзгертпеймін.

– Жарайсың, бауырым. Онда Темке, (Темірбек Қожакеев) Сәдібек Түгеловты  журналистиканың сырттай факультетіне қабылдаңыздар. Мен айтты деңіз. Баланың болашағы бар.

Осылайша, далаға шығуға бет алдым. Қасыма Т. Қожакеев келді.

– Сен кетіп қалма.

– Жарайды, аға.

Осы тұста алдымнан күлімсіреп Ұлықбек  шықты.

– Сәдібек, басқалардың арасында джентельмендігіңді ашық көрсеттің ғой! Байқап тұрмын сенің шешіміңе қатысушылардың бәрі таң-тамаша болды. Жарайсың, ҚазМУ-ға түсуіңмен құттықтаймын!  – деді Ұлықбек.

Бұл жерде Ұлықбектің адамгершілігі мен шын достық пейілін айта кету керек. Өйткені мен оны комиссия отырысы болады деп арнайы шақыртқан жоқпын, жанкүйер ретінде өзі уақытын бөліп келген. Содан бері, 40 жылдай екеуіміз арамызда қыл өтпейтін доспыз, туыспыз. Отбасыларымызбен араласамыз.
– 2013 жылдың 28 тамызы күні Өскемен қаласының  Жамбыл Жабаев атындағы    драма театрында  «Өсе бер, өрлей бер,  Шығысым!»-атты шығармашылық  кешімде  Ұлықбек ағамыз сахана төрінен ағынан жарылып , осы оқиғаны қаз-қалпында әсерлі түрде жиналған қауымға  жақсылап  баяндап берді.  «Болар елдің балалары, бірін-бірі батырым демей ме?». Мен елмен бірге,  қадірлі ағамызға өте риза болдым. Кейін оның сөздері газеттерге  басылды, қалың оқырмандарға жетті.

Сұхбаттың жалғасы:

«Ұлықбекпен сөйлесіп тұрғанмын.

«Әй, бала» деген дауысты ести сала, артыма қарасам – Темірбек аға шақырып тұр. Бас корпустың үшінші қабатында орналасқан журналистиканың сырттай оқытатын факультетінің деканатына өзі ертіп, алып келді.

Сырттай факультеттің деканы ол кезде профессор Тауман Амандосов болатын. Ол кісі орнында болмады. Жауапты хатшы әйел қарсы алды. Келген бойда Қожакеев «Мына баланы қабылдаңдар, ректор бұйрығын дайындаңдар» деді. «Декансыз дайындай алмаймыз» деген  хатшының сөзін Темірбек аға шорт үзді.

«Мен не ойнап келдім бе осында, әлде сенімен көз қысысуға келдім бе, ректордың тура бұйрығымен келіп тұрмын. Жаз, бұйрықты!» – деді. Темекеңнің қаһарына шыдайтын адам бар ма? Әп-сәтте сырттай оқитын журналистика факультетінің 1 курс студенті атты студенттік билетке ие болдым. Осы оқиғаға және Темірбек ағаға байланысты мына оқиғаны да баяндайын.

2002 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Тараз қаласының 2000 жылдығы кеңінен  атап өтілді. Айтулы іс-шараға  Елбасымыз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, қатысып отырды. Мерекенің көркі – Бауыржан Момышұлы атындағы ипподромда өткізілген ат бәйгесі, көкпар, қыз қуу, теңге алу ойындары болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының делегациясын басқарып, ВИП трибунада серіктеріммен отырмын.

Қасымызда шетелдік мәртебелі қонақтар, өзіміздің министрлер, облыс әкімдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар. Орталарында ұстазымыз – Темірбек Қожакеев. Жанына барып сәлем бердім. Жарыс басталып кетті. Мен ара кідік комментарий айтып, жарыс ұйымдастырушыларға ұсыныс, нұсқау беріп отырдым. Қасыма жарыс барысы туралы Бөрібай Жексембин мен Аманкелді Карентаев келіп,  ақылдасып кетеді. Сол жерде шетелдік меймандардың сұрақтарына жауап қайтардым. Аламан бәйге жарысына 100-ге жуық ат қосылды. Әрбір жүйрікке мінездеме берудемін. Мінбеде отырғандар маған сұрақ қоюда. «Осы аламаннан қай жүйрік озады?», – деп, мен: «Қызылордадан  келген Қантайдың «Императорына» көңіл аударыңыздар, – дедім, – Бүгінгі бәйгеде осы тұлпар озады.» Аламан тартысты өтті. Айтқанымдай, «Император» тұлпар бәрінен озып, жарыстың жеңімпазы атанды. Қонақтар дәл тауып айттыңыз деп, жапатармағай  мені құттықтауға кірісті.

– Түгел баласы, тоқта, саған айтар бір ауыз сөзім бар,-  деп қасыма Темірбек аға келді,  – Мен есіме түсіріп тұрмын, өзіңнің есіңде ме, 1972 жылы сен күндізгі бөлімге оқуға түскенде, сонда бүгін үлкен ғалым болады екенсің. Бірақ, өкініші жоқ, ғалым болмағанмен де, абзал азамат болыпсың. Бағанадан бері барлық айтқан сөздеріңе риза болып марқайып отырдым, – деді. Оның отыз жыл бұрын болған оқиғаны ұмытпағанына, мен де іштей риза болдым. Топырағы торқа болғыр, ұстаз ағаның, осы бір айтқаны жадымда сақталып қалды.

– Алғашқы еңбек жолыңызды неден бастадыңыз? Алматы қаласына дейін атқарған жұмыстарыңыз туралы да айтып өтсеңіз?

 Әскерден кейін Алматы қаласында жұмысшы-слесарь болып жұмыс істедім. Содан соң, Ұлан аудандық «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы-тілші болдым.

Ал 1978-1979 жылдары Ұлан аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1979-1984 жылдары аудандық комсомол комитетінің 1-шы хатшысы, 1984-1988 жылдары  Ұлан аудандық партия комитетінің  ұйымдастыру  бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істедім.   Сегіз жыл  аудандық партия комитетінің бюро мүшесі,   он жыл аудандық  кеңестің депутаты  болып сайландым.

1988-1990 жылдары Жоғары партия мектебінде екі жыл күндізгі бөлімде оқып, «саясаттанушы» мен «социолог» деген мамандықтарды алып, аудандық бақылау комитетінің төрағасы және басқа да жауапты қызметтерде  болдым. Ал 1992 жылдан бастап, «Ұлан таңы-Уланские зори» газетінде бас редактор болдым.

 

Енді  журналист  Майгүл Сұлтан дайындаған  «Мен нағыз саясаткердің өзімін» сұхбатынан қысқаша  үзінді беріледі.: «–  Саясаткерлігіңізді немен дәлелдейсіз, аға ?

Жауап: Сонау 1990 жылы Алматы саясаттану және басқару институтын тәмамдап, кәсіби  саясаттанушы және социолог мамандығына ие болдым. Ал, 1994 жылдың 7-ші  наурызы күні өткізілген ҚР Жоғары Кеңесінің 13 шақырылымының сайлауына өзімді өзім ұсынып, додаға түстім, сайлауға белсене қатыстым, үлкен  саяси тәжірибе жинадым. Айта кету керек, Қазақстан парламентаризмі тарихында  демократиялық  талаптарды барынша мол сақтаған осы сайлау болды.

– Сіз сайлауға қай аймақтан,қай округден түстіңіз. Оған неше адам қатысты – Бұл сайлауға мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан, Таврия және Самар аудандарын біріктірген округтен түстім. Оған обылысымыздың үш  азаматы:  мен, Мамырбаев Рақымбек және Аманжол Жүнісов қатыстық. Айта кету керек , сайлаушылармен кездесу, үгіт-насихат жұмыстары  шынайы бәсекелестік жағдайда , тартысты әрі қызықты өтті. Оған негізінен мен себепкер болдым. Облыс басшылығы үкілеп Р. Мамырбаевты шығарды. Ол кезде Рәкең облыстық соттың төрағасы, биік лауазымды қызметтің иесі. Менің бұл додаға түсуім, бәрін алдын-ала болжап, екшеп-текшеп отыратындар үшін күтпеген жаңалық еді. Олардың есептер і  бойынша  аталмыш округтен бір-ақ кісі сайлауға түседі, сол адам жеңіске жетеді.Сайлау науқанына бірден қызу кірістім. Үгіт-насихат жұмыстарына  барынша көңіл бөлдім. Сайлаушылармен әр кездесуім әсерлі өтетін болды. Соның нәтижесінде мені қолдаушылардың саны  күн сайын  көбейді. Мұндай жағдайды күтпеген  біздің облыстағы шенеуніктер кәдімгідей абыржып-сасып қалды. Енді не істеу керек? Олар ойланып-толғанып тағы бір адамды   резерв тұрғысында қосуды шешеді. Ол  — Самар аудандық аурухананың бас дәрігері А. Жүнісов еді. Әділдік үшін  айтуым керек, Рақымбек Мамырбаев  сайлау алдындағы дайындық барысында өрелі азаматтық танытты, әкімшілік ресурстарды қолданбады. Екеуміз үш ауданды бірге араладық, халықпен кездесулерде бірге болдық. Сайлаушылармен болған ондаған жүздесу сәттерінде бірімізге-біріміз құрметпен қарап, қолдау көрсетіп отырдық. Екі адам тең болған жағдайда,үшіншінің өтетін заңдылығы  негізінде біздің округтен Аманжол Жүнісов депутаттық мандатқа ие болды.  Өкінішке орай,  өзіңіз білесіз, Жоғары Кеңестің   ғұмыры  ұзаққа  бармады,бір жылға жетпей таратылды. Бұл  жерде айтайын деп отырғаным,  сайлау додасына қатысуда менің жеке есебім  бар еді. Ол саясаттанушы ретінде өзімді сынап, тексеру болатын. Сол сыннан мен саясаткер ретінде сүрінбей өттім деп айта аламын. Көп тәжірибе жинадым, саясат  саласында қабілет,қарымымның  барлығына көз жеткіздім. Бұл бірінші, дәлелім.

Екінші дәлелім, 2000-2001 жылдары жаңа Елордамыз-Астана қаласында «Менің Қазақстаным» атты халықтық-патриоттық қозғалыс болды. Мен соның бүкіл жұмыстарына белсене араластым, атсалыстым. Қозғалыстың басшыларының бірі болдым.

Үшінші дәлелім, Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып, қайнаған қазанның ішінде, саяси эпицентрдің  нақ ортасында жүруім деп айта аламын. Астана қаласының  Халықаралық Баспасөз Орталығын құру арқылы еліміздің және шетелдік саяси құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істедім.

Төртінші дәлелім, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан Ұлы Дала ойындарын  достарыммен  бірлесіп, бір жүйеге келтіріп, алдымен  Ұлттық   Ат спорты түрлерінің  Федерациясын,  кейін  құрамында 20 астам  республикалық Федерациялары бар Қауымдастықты құруға ұйытқы болуым.

Бесіншіден, 2005 жылдан бастап, құрамында 72-мың мүшесі бар, «Жерұйық» экологиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары ретінде де қоғамдық-саяси жұмыстардың  бел ортасында жүрдім.

Алтыншыдан, ұлтымыздың өр азаматы Марат Әскенұлы Нәбиев екеуміздің халықтың қолдауымен «Ұлы Дала Қырандары»-атты республикалық қоғамдық-саяси қозғалысты құрып, ресми  мемлекеттік тіркеуден өткізуіміз.

Ал, 1994 жылы желтоқсан айының 14-і күні «Қазақ телевидениесі мен радиосы корпорациясының» бас басқармасына бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Кейін, «Қазақтелефильм» мекемесінде бас редактор, вице-президент, сосын үкімет арнасының комментаторы, «Біз қайда барамыз?» бағдарламасының жетекшісі болдым.

Осы жерде ,   «Абай»,  «Қамшы» және басқада  интернет -сайттарда басылған  «Біз қайда барамыз?» атты   оқырмандар тарапынан жоғары баға алған  мақаламды толығымен  жариялауды жөн көріп тұрмын:

«Біз қайда барамыз?»

«Біз қайда барамыз?  Осы сөзде үлкен мән мен ұлағаттық мағына жатыр. Испандықтардың «Кемеңе  дұрыс атты тауып қойсаң, мұхитта жақсы жүзеді» деген нақылы бар.

1994 жылдың желтоқсан айында «Қазақ телевидениесі мен радиосы корпорациясының» бас басқармасына бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым. Қазір ойлап отырсам, ол жерге менің ұйымдастырушылық қасиетім керек  болған сияқты. Ойламаған жерден орталық телевидениеге келу, ұйымдастырушылық қабілеттеріммен қатар, шығармашылық өсіп-өркендеуіме айқын жол ашты. Саяси-әлеуметтік мәселелері барынша белең алып тұрған тұс еді. Ел ішін маскүнемдік жайлап, жезөкшелік ауа жайылып, түзу жолдан тайдырып тұрған кез-тін. Қалың елдің қабырғасы қайысып, не істерлерін білмей дағдарып тұрған шақта, жол сілтеп жөн көрсететін хабарлардың болғаны жақсы емес пе?

Көп ізденіп, келелі бір іске қол жеткізгендей болдым. Қазақ қауымында қордаланып қалған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге арналған «Біз қайда барамыз?» атты бағдарламаны аштым. Бұл бағдарламаның басқаларынан өзгешелігі – оған білікті мамандар, интеллигенция өкілдері, жастар мен ардагерлер шақырылатын. Әңгіме ток-шоу ретінде үлкен студияларда жазылатын. Қазақ тіліндегі алғашқы ток-шоу жанрларының бірінің  басында болғанымды қуанышпен еске аламын.  «Біз қайда барамыз?»- атты  ат қойып, айдар тапқан  хабарымның негізгі мақсаты   қазақ қоғамындағы  келеңсіз жағдайлармен  күресіп,  отандастарымыздың  бойына  ұлттық құндылықтарымызды енгізу, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие қалыптастыру   болып табылатын.

Алғашқы хабарым – «Арақ – атамыздың асы емес» деп аталынды. Онда қазақ қоғамындағы іш қынжылтар мәселелердің өршіп бара жатқандығы ашығынан әңгіме етілді. Маскүнемдіктің молайып, ішімдіктің дендеп бара жатқандығын жар сала жеткізгіміз келді. Әсіресе, жастардың жаппай бұзылуына араша болғымыз келген ойымыздан жаман нәтиже шықпаған сияқты. Маңдайалды хабарға әртүрлі материалдар, сюжеттер пайдаланылды. Мен Қазақстан бойынша барлық деректі алға тарттым. Әңгімеге нарколог-дәрігерлер, білікті мамандар, профессорлар, академиктер, милиция қызметкерлері қатыстырылды. Бірден бұрқ ете қалған бұл хабар бұйығы елді сілкінтті. Дүйім жұртты дүр еткізген дәл осынау хабарда тұңғыш рет елімізде маскүнемдіктің кең белең алып отырғандығы мойындалды. Кезінде дұшпандарымыз әлдеқандай мақсатпен әкелген бұл зәһар ұлттың бордай тозуына бастайтын қауіпті кеселдің басты екендігі дәлелденді.

Екінші бір хабарым бүтіндей зиялы қауымды қатты алаңдатып, рухымыз бен намысымызға қара құрттай күйе жағып отырған жезөкшелікпен күрес мәселесіне арналған еді-ау. Бұл хабардың аты – «Қазақ қызына қырық үйден тыйым» деп аталатын. Жұртшылық мұны да жылы қабылдады. Қаракөз қыздарымыздың  арсыздық жолына  түсуіне не себеп болғаны  жан-жақты талқыланды. Бағдарламаны телекөрермендер  жылы қабылдады.Арды бәрінен  жоғары ұстайтын қазақ баласы үшін  хабардың тәлім-тәрбиесі  биік болды.

Үшінші хабарым негізінен дін тақырыбына арналған еді. «Ислам діні және жастар тәрбиесі» деп аталған кезекті хабарды дайындауға бір мыңға тарта адам қатыстырылды. Студиядағы әңгіменің өзіне екі жүзден астам адам қатысты. Ең бастысы аталмыш көрсетілімге Қазақстан мұсылмандар діни бас басқармасының бұрынғы төрағасы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы мен марқұм, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов сынды асқар таудай ағаларымыз қатысып, бетпе-бет әңгіменің көрігін қыздырды. Өзара пікір таластырды. Әңгіме сондай тартымды өтті. Бүкіл республика болып, осы хабарға үн қосқандай әсер тастады. Хат күн сайын емес, әр сағат сайын ағылып келіп жатты. Ел ішінде ар-ұятты айтып, намысты қорғайтын адамдар мен топтар құрылды. Хабарды жақтап шыққандардың қатары күн санап ұлғая берді. Дәл сол тұста сол кездегі қазақ телевизиясының директоры болып тұрған марқұм Әділбек Тауасаров: «Бұл хабар қазақ телевизиясының алтын қорына жататын хабар» деп бағасын беріп кетті.

Төртінші хабарымда «Қуанса ауыл, қуанамыз бәріміз» деп аталды. Оған ауыл тағдырына, ауылдың болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар әр аймақтардан келіп белсене қатысты, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.  Бұл хабарда біз  құрып бара жатқан ауыл  мәселесін  өткір  түрде көрсете алдық. Ауылға дер кезінде  мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетілмесе ,жұмыссыздық мәселесі шешілмесе қадірі кетіп, тұралап қалатыны, ауылдан жастар қалаға қашып, ауылымызда тек кәрі-құлтаң қалатыны  ашық айтылды. Бұл хабарда сол кезде үлкен резонанс тудырды.

Бесінші хабарым: «Мүгедек мұңын кім тыңдар?!» деп аталып, діңкәс жандардың өмірлері, қиыншылықтары кеңінен талқыланды. Хабар тек қана мүгедектердің емес,  зиялы қауымның да  қолдауына ие болды. Біз айтқан сын-ескертпелер    билік басындағыларға жеткізілді. Олардың тарапынан  тиісті  іс-шаралар  жүзеге асқанына өзім куәмін.

Алтыншы хабарым: «Пара және жемқорлық» деп аталды. Бұл бағдарламада қазақ қоғамында  жаңадан бел алып келе жатқан жемқорлық мәселесі өткір көтерілді. Хабарға  заң  қызметкерлері,  бас прокуратура басшылары, қарапайым  адамдар қатысты.  Еліміз бойынша тұңғыш рет коррупцияға дер кезінде  тойтарыс бермесек, ертең санымызды соғып, шынтағымызды тістеп қалатынымыз, жемқорлықтың  өте зиянды құбылыс екені жария етілді.

Сол бір аз уақыттың ішінде де талай шаруа тындырған екенбіз-ау.. Күнделікті күйбеңмен байқамайды екенбіз. Егер сәл зер қойып, өткенді ой елегінен өткізсек,  жақсы телевизиялық дүниелеріміз мол болған екен. Осы  атышулы  «Біз қайда барамыз?»  бағдарламасымен қатар «Ниет» атты хабарым да дайындалып,өмірге келді. Онда да  елге, жерге, ұлтқа, болашақ ұрпаққа қажетті көптеген көкейтесті мәселелерді тілге тиек етіп алдық. Мәселен:  «Ұлттық ат ойындарының дамуы», «Ұлттық спорт мәселелері», «Ұлы Дала құндылықтары»деп, әрмен қарай жалғасып кете баратын сол сияқты толыққанды телехабарлар бірінен соң бірі эфирге шығып жатты. Қалғып жатқан қоғамда пікір туғызып, соңынан осы хабардың нақтылы шешімдер қабылдауға итермелеп жататындығын айтпай-ақ түсініп отырған шығарсыздар. Бір хабарым екіншісінен сәтті шығып,  мыңдаған   көрермендер тарапынан  қолдау тауып, қазақ телевидениесінен ойып тұрып өз орнын  алып жатты.

Одан қалды Мажарстан мемлекетінің 1100 жылдығына арналған «Әлем шабандоздарының І фестивалі» деп аталатын 7 сериялы документальді фильмім 1997 жылғы Қазақстан Журналистер Одағының шығармашылық жарысында шаппай бәйге алып, Лауреат та атанып үлгерген едім.

Осылай қалың ел қазақтың қолдауына ие болып тұрған «Біз қайда барамыз?» бағдарламам бір күні, аяқ астынан жабылды да қалды.  Сол кездегі  қазақ телевидениесінің бас директоры  Момынова Бақыткүл Кеңесқызының    кабинеті. Әр апта сайын өтетін жиналыста редакция басшылары бас қосып, алдағы жоспарлар мен атқарылған   жұмыстар хақында   пікір алмасудамыз.  Бағдарламалар жетекшілерінің есептері  айтылып болған сәтте,кенеттен  бас директордың орынбасары Асқар Бәпішев деген  біреу, менің «Біз қайда барамыз?»  хабарым туралы ақпарат Министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың арнайы тапсырмасы  болғаны туралы  орыс тілінде сөйлей кетті. Сол тұста әңгімеге Бақыткүл Кеңесқызы араласып былай деді:- «Подождите, Аскар, этот вопрос мы вместе с автором, втроем обсудим после  окончания совещания». Айтқандай жиналыс  соңында үшеуміз қалып  «Біз қайда барамызды?» талқыладық. Асқар Бәпішевтің  айтқанынан түсінгенім  ақпарат және келісім Министрі Алтынбек Сәрсенбаев  менің бағдарламамды өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп отырған бірден-бір хабар ретінде  жоғары бағалайды екен. Бірақ,  қазір  біздің мемлекет өтпелі кезеңде тұр.  Сіз жариялап отырған кемшіліктер, келеңсіз жағдайлар  уақытша  нәрселер. Мемлекет  онымен күресуде. Уақыт өте келе  олар өздерінен -өздері  жоғалады.  Сондықтан,  қазіргі таңда  «Біз қайда барамыз?» сұрағы  актуальді емес. Мен, әрине бұл уәжбен  үзілді-кесілді келіспедім. Мен,  бұл бағдарламаны   қазақ қоғамындағы белең алып келе жатқан, біздің менталитетімізге,  болмысымызға жат келеңсіз жәйіттердің алдын-алу үшін  ұйымдастырып  отырмын   деп оларға қарсылық білдірдім. Егерде біз кемшіліктердің алдын-алып, тиісті шараларды жүзеге асырмаса, санымызды соғып кешігіп қалатынымызды айтып қарсыластым. Өткенде өкініш,  халқымыздың асыл ұлы Алтекеңе ешқандай реніш жоқ. Кейін өзі қоғамдағы  кейбір әділетсіздіктермен күресемін деп, оққа ұшты.  Жатқан жері торқа, топырағы майда болсын.

Сонымен,  ағайындар «Біз қайда барамыз?». Осы актуальді сұраққа  бірігіп жауап іздейік?!

Құдай тағала қолдап, 1991жылдың желтоқсан айының 16 күні   тәуелсіздікке қол жеткізіп, Егеменді ел атандық. Бағымызға қарай Қазақстанның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.   Тәуелсіздік бұл мың өліп, мың тірілген қазақтардың тарихындағы ең Ұлы оқиға екені баршамызға белгілі.

Туған жұртының тәуелсіз ел болуын көксеп көре алмай кеткен, өз елім деп өксіп өмірден өткен ата-бабаларымыздың асыл арманына қол жеткізгенімізге де жиырма екі жыл толып, жиырма үшінші жылға аяқ басты. Бодандықтың бұғауын бұзып, бейбіт ел болған 23 жылда қазақ қайта тұлпардай түлеп, қырандай қияға қанат қағып тұғырына қайта қонды. Азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап іргедегі елдермен ғана емес, ірі мемлекеттермен қарым-қатынас орнатылды. Алыс-беріс артып, барыс-келісте көбейді. Бүгінде Батыс пен Шығыстағы азуын айға білеген, дамудың даңғыл жолына түскен елдері санасатын елдің біріміз. Жиырма жылда егеменді еліміздің асқан асуы аз емес, әлі жасалмай жатқан кемшіліктерде жоқ емес. Осы уақытқа дейін Отанымызда ел игілігі үшін  жасалған дүниелерді елге айтып, көлеңкеде қалып, көптен күрмеуін таппай келе жатқан қоғамдағы келеңсіз мәселелерді биік мінберлерде билік алдында көтеріп, шешу жолдарын көрсетіп, бағыт беретін, қаперден шығып қараусыз қалған құнды дүниелерді қайта жаңғыртып ұрпақ игілігіне жаратуға мұрындық болатын жас әрі жаңа «Ұлы Дала Қырандары» атты бүкіл қазақстандық қоғамдық әлеуметтік-мәдени  қозғалыс құрып отырмыз. Басқанын бодауында болса да бас бермеген, айтқанына көніп айдауына жүрмеген, қара бастың қамы, отбасының жанын ойламай, Ұлы даладағы ұлтының ақ ордасын ойлаған, жау қолына түссе де елін сатып жалтақтап жағымсынбаған, қылша мойынға қанша қыл арқан салса да сағы сынбаған, татар дәм-тұзы таусылғанша тура жолдан таймай «АЛАШ» деп алдаспандай жарқылдап өткен текті бабалардан қалған қазылы қазынаға, мол мұраға, байтақ даладағы байлыққа ие боп, игілікке жарату үшін әр қазақ азаматы үн қосып, ат салысу қажет.

Жоғарыда айтып өттім, әділдік үшін тағы да қайталап айтамын тәуелсіздіктің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бұл күнде қазақты әлем таныды, мойындады. Шекарамыз бекіді, еліміз жаңару жолына түсті.

Қыран қанатты Көк Туымыз, қазанаттың суреті салынған Елтаңба мен «Менің Қазақстаным» атты ән ұранымыз бар. Егемендіктің нәтижесінде, Елбасымыздың  идеясымен және тікелей бастауымен  жаңа  Елордамыз- Астана қаласы салынды.  Мен,  Аллатағаланың  қолдауымен   жаңа Елордамыз – Астана  қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы бақытына ие болған   жанмын!   Қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың нақ эпицентрінде  болып,   жаңа  Астанамыздың  дамуына  үлес қосқан  және  қосып келе жатқан азаматпын.  Бүгін Астана күн санап көркейіп, гүлденіп, құлпыра түсуде. Астана халқымыздың мақтанышына айналды. Ерке Есілдің  жағасында  тұрып,   кең байтақ Қазақстанның басқа да ірілі-ұсақты жұмыстарына  белсене қатысып,  ұлтқа қажетті  жаңа жобалардың  жүзеге асуына  атсалысып  келемін.  Бір сөзбен түйіндесек, жанды жадыратар бастамаларымыз  бен  жақсылықтарымыз  мол. Құдайға шүкіршілік дейміз.

Дәл осы тұста  журналист  Күнәйім Сәкеннің «Азамат болсаң , алдымен уәдеңді орында!»-атты  менен алған  көлемді сұхбатымен оқырмандарымды таныстыруым қажет  болып тұр. Бұл еңбек бірнеше  БАҚ-да,  интернет-сайттарда жарияланып, халықтың қызығушылығын тудырды.

«Азамат болсаң, алдымен уәдеңді орында!

Сұрақ: Сәдібек аға, Сіз елдің аузында, халықтың көзінде жүрген азаматтардың бірісіз. Сіздің «Орталық коммуникациалар қызметі» мекемесі өткізетін сан-алуан баспасөз мәслихаттары үстінде облыс әкімдеріне төтесінен қоятын ойлы сұрақтарыңызға, өткір пікірлеріңіз мен азаматтық белсенділігіңізге көптен тәнтіміз. Сіз еліміздегі тыңнан жол сала алатын, жарқын бастамалар мен жұрт игілігіне жарайтын ерекше идеялар авторысыз. Ең бастысы Сіз бастаған істеріңізді толық бітіретін,ел алдындағы уәдені қайтсе де орындап шығатын азаматсыз. Бізге жастарға осы жігіттік мәрттігіңіз өте ұнайды. Сондықтан да, Сізбен кездесіп, көкейімдегі жүрген көптеген сұрақтарыма жауап алсам ба деп едім. Сұхбатымның мақсаты – қазіргі кезеңдегі біздің қоғамда болып жатқан оқиғаларға, жанды жадыратар жаңалықтарға, келеңсіз жағдайларға байланысты Сіздің пікіріңізді білу. Сізге, қоятын көп сауалдарымның алдында айтарым, редакторымнан менің ойлағанымнан өзгешелеу, тосын ұсыныс-тапсырма алдым. Ол мына мәселені толық зерттеп кел деді:

– «Құлагерге ескерткіш тұрғызу барысында Сәдібекті дүние-мүлкін ломбардқа өткізуге не мәжбүрледі, нақты не себеп болды? Ол оқиға қай жерде болды? Кім оның қасында болды? Елдің пікірі қандай? Бір сөзбен айтқанда, бұл біздің порталдың оқырмандарын қызықтыратын ерекше оқиға. Осы туралы барлық мағлұматтарды жина және Өзінен де біл деді.». Бастықтың аты- бастық қой. Оның тапсырмасын алдымен орындап, кішігірім журналистік зерттеу жүргіздім. Соның нәтижесімен Сізді таныстырып өтсем деп едім.

«Азамат болсаң, алдымен уәдеңді орында!».

– Сол уақытта, Сіздің қасыңызда белгілі заңгер, Астана қаласының «Әділет» адвокаттар мекемесінің директоры Жұматай Абильдинов аға болыпты. Сол кісіден көп мағлұматтар алдым. Жұматай ағаның айтқаны төмендегідей:

–«Сәкең маған телефон шалып , А. Жұбанов көшесінің бойындағы нотариусқа келуімді сұрады. Бұл мерзімі 2009 жылдың мамыр айының басы болатын. Мына қағаздарды қарап берші деді. Құжатты қолға алған сәтте, денем дірілдеп,шошып кеттім. Сату – алу келісім шарты жасалынып қойылған. Тек қол қою ғана қалған екен. —Сәке, мынау сұмдық қауіп қой. Сізді бұған кім мәжбүрлеп отыр? Алған ақшаңызды уақытында қайтара алмасаңыз, бәрінен айырыласыз дедім. Бір-ақ,Сәкең, менің айтқаныма көнбеді».

-«Ескерткішті тұрғызбасам, елдің алдындағы уәдем орындалмай қалады. Ол мен үшін өлгенмен тең»-деді. Біздің қазақ мұндайды «Басын бәйгеге тіккен Азамат» – деп айтады, жоғары бағалайды.

-«Сәке, өзіңіз білесіз, мен заңгер ретінде ескертіп тұрмын деп тұрсам да, іштей Сәкеңнің алған бетінен қайтпайтын, жігіттік намысты бәрінен биік қоятындығына риза болдым. Мемлекет қазанынан бюджеттің ақшасын тек жапырып алуды, жеуді, қарапайым халықты алдауды, тонауды білетін, сосын шетелге тұра қашатын сатқындар көбейген мына заманда да , дәл осындай мәрт, нағыз патриот азаматтардың азда болса барына көзімді анық жеткіздім. Бір, Аллатағалаға , шүкірлік еттім.Содан бері , Сәдібек Түгелді үлгі ретінде үйде де, достар арасында да, елде де айтып жүремін. Сәкең ондай құрметке бірден- бір лайық азамат. Бұл жерде баса айтар бір пікірім бар. Негізінен алғанда, ескерткіштер мемлекет қаржысына, бюджеттің ақшасына салынады. Сондай монументтер салынып, оның салтанатты ашылу тұсында кейбір облыс, қала, аудан әкімдері өз қалтасынан ақшасын шығарып салғандай, әтеш сияқты қоразданып, айналасындағыларға менсінбей қарап, кекірейіп жүреді. Олардан жүрегің айныйды. Ал, тіпті, ескерткіштер салуға бөлінген мемлекет ақшасын оңды-солды шашып, жемқорлықпен қымқыратындары бар. Сондай мемлекет қаражатына салынып, жараусыз қалған ескерткіштермен салыстырғанда, Ұлы Дала тұлпары Құлагер ескерткіші мың, миллион есе құнды әрі таза еңбек деп есептеймін. Сондықтан да, азамат ретінде, заңгер ретінде Сәкеңнің бұл қадамын ерлік деп есептеймін»

Марат Нәбиевтің мәрттігі.

Сосын, Құлагер ескерткішінің салынуына байланысты халқымыздың біртуар азаматы, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиевтің өткір сөздеріне риза болып, азаматтық позициясына тәнті болдым. Біраз ауқатты, лауазымды адамдар бас қосқан жерде, бір байшікеш мырза өрескелдеу әңгіме бастайды.—«Жаңа көшеден шегірткедей кіп-кішкентай машина мінген Сәдібек Түгелді көрдім. Естуімше бір атқа ескерткіш саламын деп , бар жиғанын ломбардқа өткізіп жіберіп, жаяу қалыпты. Ломбард ойыншық емес. Қарызын қайтармаса үйінен де күйінен де айырылып далада қалады . Осындай Қожанәсірді бірінші рет көріп тұрмын деп, үйді басына көтеріп,тырқ-тырқ күледі. Бұл сөзге шыдамай кеткен Марат аға орынан атып тұрып:

«-Әй, олигарх, не оттап, не қыртып тұрсың?! Намысың қайда?! Сәдібек ұлттың тарихын асқақтатып осындай қадамға барып отыр емес пе?! Менімше, бұл нағыз ерлік! Сен, неге салмайсың осындай ескерткішті, жиған–тергеніңді оффшорға жіберіп, қалғанын жамбасыңа баса бермей?! Біз тұрғанда, халықтың ішінен шыққан Сәдібек Түгел ешқашан далада қалмайды, жаяу қалмайды!» – деп оған тарпа бас салады. Жауап қатуға уәжі жоқ бейшара «супербай», қып-қызыл болып сол жерден қашып кетеді.

Сұрақ:- Аға, олигарх айтқан кішкентай машина туралы білгім келеді?

Жауап:- Ол дұрыс айтқан. Өзім күндіз-түні мініп жүрген көлігімді ломбардқа салғаннан кейін, шарасыздан әйелімнің титтей «Киа-пикантосын» пайдалануға тура келді. Сол машинаны теуіп жүрген кезде бір қызық оқиға орын алды. Абылайхан даңғылынан Кенесары көшесіне өтер сәтте, мені алдыңғы бағдар шамын жыпылықтатып, пип-пип деп бір машина тоқтатты. Не болып қалды –деп терезенің шынысын түсіріп қарасам ,маған қарай қабағы түсіп кеткен белгілі журналист, «Ел» республикалық газетінің бас редакторы Қойшыбай Есентаев келеді.

–«Сәке, Ассалаумағелейкум! Әдейі тоқтатып тұрмын. Байқаймын, бірнеше күн болды басқа көлікпен жүрсіз. Не болып қалды? Өзіңіздің қара Джипіңіз қайда? Мына машина Сізге мүлдем жараспайды, келіспейді. Қысылып жүрсеңіз менің машинамды тебіңіз, міне кілтіңіз деп тұр.»

«Бүгін құлын, ертең тай, ұстараның жүзіндей аударылған дүние ай»- демей ме, өмірде қандай қатал болсам да, көңілім толқып кетті. –Қойшыбай бауырым, осы айтқаныңның өзі , мен үшін, қандай қолдау екенін білесің бе?! Жүр кеттік, бильярдқа дедім.

Сұрақ:–Ал, елден естуіміз ше , Сіздің жездеңіздің уайымдағаны сондай, жүрегі ұстап, ауруханадан бірақ шығыпты ғой.

Жауап:–Ол да рас. «Әкенің жақсысы жездедей болады»- деген біздің қазақ.Ертеңінде жездемнің көңілін сұрауға ауруханаға бардым. —«Палатаға кірген бойда, жезде, ештеңе бүлінген жоқ, достарым бар емес пе, алған қарызды уақытында қайтарып, залогтағы дүние-мүлікті аламын , бәрі дұрыс болады, сен оған бола жүрегіңді ауыртпа»- деп тіл қаттым. —«Сәдібек, мен саған тілектес жанмын ғой. Айтайын дегенім, ең жаман түсімде көргім келмейтін, нар тәуекел іске барып отырсың. Ұтылып қалма. Қазір , біздің қоғамда не-бір табалайтын ағайындар бар. Оларға сенің өскенің , жеңіске жеткенің емес, жеңілгенің мен құлағаның керек. Солардан сақ бол! Қалай дегенмен, жарайсың, ұлтқа керек батыл қадам жасап отырсың! Алла тағала қолдасын!»- деп жездем ақ тілегін жеткізді.

Құлагер ескерткіші арқылы «Кімнің кім екенін» білдік. Бір қыртты өлтіріп ала жаздадық.

Мына бір оқиғаның жанында жездемнің ауырып қалғаны әшейін ойыншық сияқты. Оқиға былай өрбіген: ….Құлагер ескерткішінің салынарында «Құлагер – Ұлы дала тұлпары» атты республикалық бастама көтерілді. Оған жүрегі елім, жерім, ұлттық құндылықтар деп соғатын азаматтар белсене араласып, ат салысты. Солардың бірі арқа қазағы Тастемір деген азамат. Ол Құлагер ескерткішін салуға демеушілік жасайтын адамдарды іздеу барысында Қазақ темір жолы бойынша өткізілетін тендерлерден жыл сайын мол ақша қарпып алатын, бір құрылыс компаниясының сақалы беліне түсетін, қолынан тәспиығы түспейтін директорымен кездеседі. Кездесуінің себебі, әлгі бизнесмен қазақ жүрген жерінде кеудесін соғып, мен ұлтжандымын, мен ұлттық мүддені сақтаймын, мен ұлт үшін отқа түсемін деп аузы көбікке толып, сөз сөйлейтін адам еді. Тастемір оның қандай азамат екенін іс жүзінде тексеріп алайын деп жолыққан ғой. Келген бойда оған жаңа елордамыз – Астана қаласының жанында аты аңызға айналған, мың жылда бір рет туатын атақты Құлагер тұлпарға ескерткіш салынатынын, оның қажеттілігін айтады. Бұл әңгімені естіген жаңағы екіжүзді қырт бұлқан-талқан болады. Сонда оның айтқаны:

– «Астапыралла, астапыралла, хайуанға да ескерткіш салынады екен ғой. Мен барлық ескерткіштерге қарсы діндар кісімін. Маған салса, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб, Алматы, Көкшетаудағы Абылайханның, Астанадағы Кенесары ескерткіштерін, Қабанбай кесенелерін құрту керек, алып тастау керек дейді». Мұндай ұлтқа, ұлт руханиятына қиянат келтіретін сөзге шыдамаған Тастемір батыр оған қарсылық білдіріп былай дейді:

«-Ал, жарайды делік, сіз , о дүниелік болған ата-бабаларымыз Яссавиге, Арыстан бабқа, Абылайға, Қабанбайға, Кенесарыға қарсысыз. Ал, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевқа «Қазақ Елі» алаңының алдында ескерткіш ашылған сәтте сонда ба тұрғаныңызды теледидардан көріп едім. Сіз сонда біз үшін аса құрметті, аса мәртебелі, тәуелсіз еліміздің негізін қалаушы Елбасының ескерткішіне де қарсы болдыңыз ғой. Соны айтыңызшы, – деп, қарсы сұрақ қояды. Сонда әлгі бейшара не айтарын білмеей, ааа…ааа…ааа деп есінен талып, ауызынан ақ көбік шығып құлап түседі. Сөйтсе, оның эпилепсия – талма ауруы бар екен. Әлгі жерде бәрі әбір-сәбір болады да қалады. Бастығының осылай ауыратынын білген көмекшісі мен хатшысы жүгіріп кеп, біреуі аузына су құяды, екіншісі таяқпен аузын керіп, есін жиғызады. Сөйтіп, қадалған жерінен қан алатын Тастемір бауырымыздың қасиетінің нәтижесінде, сөз жүзінде газет- теледидардың бетін бермей елге ақыл айтып көсемситін, іс жүзінде былшыл қырт әрі екі жүзді, ұлтқа қауіпті өте арам пиғылды қазақтан айырылып қала жаздадық.

Сұрақ: – Сәдібек аға, сонымен, менің редактор, бастығым сұрағандай ломбардқа жүгінуіңізге кім Сізді мәжбүрледі?! Оқырмандарға түсінікті болу үшін, толығырақ айтып берсеңіз.

НАРТӘУЕКЕЛ

Жауап: – Жағдай мәжбүрледі. Жігіттермен алдын- ала кеңескесін, олардың уәделеріне орай бұл жұмысты 2008 жылдың соңғы айларында бастап кеттім. Идея мақұлданды, жоспар жасалынды, ондаған эскиздің нұсқалары істелінді, оған танымал азаматтар қатысты. Белгілі архитектор Сұлтан Ильяев жасаған вариантты ҚР ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарған мемлекеттік комиссия 2009жылдың қаңтар айында бекітті. Бірнеше дөңгелек үстел басындағы бас қосулар, жиналыстар, экспедициялар өткізілді. Оған еліміздің жақсылары мен жайсаңдары қатысты.  Алдымен әрбір құрылыс нысандарына тән геодезия, жобалау, жер мәселелері қаралып, шешілді. Бішкекте қырғыз елінің атақты сәулетшісі, профессор Болатбек Садықовтың шеберханасында Құлагердің мүсінін жасаудамыз, оған үш елдің шеберлері қатысуда, қазақстанда құрылысшылар ескерткіштің фундаментіне бетон құюда және тағы басқа үлкенді-кішілі қаражат тілейтін жұмыстар жүргізілуде. Графикке сәйкес оларды қаржыландыру керек. Ақша жоқ. Біз, әлемдік қаражат дағдарысына тап болдық. Уәделерін үйіп-төгіп берген жігіттер, дағдарыстың салдарынан суы тартылған өзендердегі балықтардай қарбалаңдап қалды. Енді қайттік. Дағдарысты тоссақ, ескерткіш салынбайды. Сондықтан, нартәуекелге баруға тура келді. Ар жағын өзіңіз білесіз.

Адамдар-ау, айтыңдаршы, сендердің алдарыңда қандай жазығым бар? Мені не үшін ұрып өлтірдіңдер?

Сұрақ: Құлагерге арналған «Құлагер құдыреті-Феномен Кулагера»- атты кітабыңыз неге аяқталмай қалды?

Жауап:Қазақша нұсқасы бітпей тұр. Әзірге. Жағдай былай болған.Құлагер ескерткішінің салтанатты ашылуы қарсаңында «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабековтен екі тілде кітап шығарайық деген ұсыныс болды. Келістік. Мен бірден жазуға отырдым. Мерзім өте тығыз болатын.Орысша бөлімін жылдам жазып шыққаныммен, қазақшасын жазарда қаламым жүрмей тұрдым да қалдым.Оған Құлагер тұлпармен екеуара әңгімеміз себеп болды.Мен сұрақ қоямын. Ол жауап береді. Бір сәтте,мың жылда бір-ақ рет туатын асыл жануар тіл қатып былай деді: «Мені мақтайсындар, жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар шыққан, алдына қара салмай 12 Ұлы Аламанды ұтқан, қазаққа қуаныш сыйлаған деп. Олай болса айтыңыздаршы адамдар мені не үшін ұрып өлтірдіңіздер?».Осы жерге келгенде қаламым жүрмей қалды. Себебі жауап жоқ. Аға, үлгере алмай қаламыз деп Нұрлан асықтырады. Бір күні ертесімен «Фолиантқа» келіп, Нұрекеге болған жағдайды баяндап бердім.Құлагердің сұрағына толық жауап бермегенше бұл кітап жазылмайды дедім. Ол түсінді. Содан бері тұлпардың сауалына жауап іздеп жүрмін…Тірі болсақ жауап табармыз деп ойлаймын. Сонда ол кітап жарыққа шығып, оқырмандарымен қауышады.

Ұлы Даланы насихаттап жүргеніме 30 жылдың жүзі болды.

Сұрақ: – Сәдібек аға, бастығымның маған жүктеген тапсырмасын артығымен орындадым деп есептеймін. Енді өзімнің дайындап келген сұрақтарыма көшейін: Қазір елімізде «Ұлы Дала» деген атаулар көбейіп кеткен сияқты. «Ұлы Дала» сөзіне неге әуессіздер? Сіздер 2011жылы құрған қозғалыстарыңыздың атын неге «Ұлы Дала қырандары» деп қойдыңыздар?

Жауап:- Мен бұл сұраққа бұрындары да жауап бергенмін. Қазір де айтып өтейін… Біздің қазақ Ұлы далада жаратылып, Ұлы далада өсіп келеді. Ұлы дала бүкіл әлемдік өркениеттің бастау алған жері. Ол тұрғысында жер шарының ең беделді археолог ғалымдары сенсациялық жаңалықтар ашуда. Мысалы, Ботай, Берел, Тарбағатай қорымдарынан табылған қазбалар оған дәлел бола алады. Жалпы алғанда, Ұлы дала болмысы, тарихы, мәдениеті,салт-дәстүрі нағыз ұлттық идеологияның өзі. Біз қазір идеология жоқ деген сыңаржақ байбаламдарды естиміз. Ол бекер сөз. Идеология бар. Ол – ұлы даланың ұлттық құндылықтары. Жаңағы сіз айтқан қозғалыстың 1-құрылтай съезінде біз ұйымның «Ұлттық құндылықтарды ұлықтайық»- деген бағдарламасын қабылдадық. Қозғалыстың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы дала мәдениетін жаңғырту болып табылады.

Екіншіден, мен осы Алла Тағала сыйлаған ғұмырымда отыз жылдай  «Ұлы Дала-Ұлттық Рух!»- деген атпен көптеген шараларды жүзеге асырып, Ұлы Даланың ат ойындарын зерттеумен келемін. Ұлы Далаға арнап ондаған зерттеу мақалалар мен кітаптарды жазып, жарыққа шығардым. Сонымен қатар, Ұлы далаға арналған «Ұлы Дала Батырлары», «Ұлы Дала Тұлпарлары»- атты игілікті іс-шаралардың басы-қасында, ұйымдастырушылардың бірі болып жүрмін. Мысалы, Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы болып саналатын ұлттық ат ойындары, жылқы шаруашылығы, «Қазанат» тақырыбы, көкпар, аламан, қыз қуу, аударыспақ, бүркітшілік т.б.

Үшіншіден, Ұлы деген сөзден қашпау керек. Қазақ – Ұлы халық. Қазақ Ұлы болмаса, осынау жерді ұстап тұра алмаған болар еді.. Менің зерттеуімде, қазақтың тарихында болған барлық соғыстардың 93/3 пайызы осы Ұлы дала жері үшін болған. Біздің міндетіміз – ұлы даланы қастерлеу, құрметтеу, тарихын зерттеу, соны тек зерттеп қана қоймай болашақ ұрпақтың игілігіне жарату – қазіргі қазақ жастарын ерлікке, батылдыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке, жерді сүюге тәрбиелеу. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы ата-бабаларындай ержүрек азаматтарды дайындау».

 

«ЖІГІТТЕ ДЕ ЖІГІТ БАР-АЗАМАТЫ БІР БӨЛЕК, ЖЫЛҚЫДАДА ЖЫЛҚЫ БАР-ҚАЗАНАТЫ БӨЛЕК» деп атамыз қазақ айтқандай тұжырымдасам,  мен  бүкіл саналы өмірімді – Ұлы Дала мәдениетінің темірқазығы болып саналатын ұлттық ат ойындарының дамуына,  туған Отанымыз- Қазақстан Республикасының  гүлденуіне,   жаңа Елордамыз-Астана қаласының   өсіп-өркендеуіне   арнап келемін. Турасын айтсам,  маған бұл жолда  қайсарлық пен  қайраткерлік танытып,   кездескен небір қиындықтарға төтеп беруге тура келді.

«Қайдасың қазағымның Қазанаты?!»-деп  әлемге жар салып ,  елімізде алғашқылардың бірі болып  халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық құндылықтарының бірі де бірегейі болып саналатын  қазанат тақырыбын жете зерттей білдім  және қазанат ұғымын қоғамда қалыптастыра алдым деп  толық айта аламын.  Мен  парасатты азамат  Кеңес Рақышевпен бірге әлем мойындаған және  қалың оқырмандардың   құрметіне ие болған  «Қазанат» кітап-энциклопедиясын жарыққа шығардым.

Тағы  бір, ерекше  тірлігім,  жігіттік намысты  Ту етіп ұстап, дүние мүлкімді  ломбардқа салып, достарыммен аты аңызға айналған,  небір атақты ақындардың жыр-дастандарына арқау  болған Ұлы Даланың  даңқты тұлпары  Құлагерге «Астана-Көкшетау» автобанының  бойында 2010 жылы керемет ескерткіш тұрғыздым. Қазір   ұлт патриоттарымен бірлесіп  теңдесі жоқ «Ұлы Дала Даңқы»- «Музей Славы Великой Степи» мұражайын салуды қолға алып отырмын.

Тағы бір жетістігім.  – Ұлттық спорт түрлерімізді дүниежүзіне танытуым және мойындатуым деп айта аламын.. Қазақ құсбегілерінің Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Әлем бүркітшілерінің 1-ші Фестиваліндегі, Қазақ қөкпаршыларының Туркиядағы  тарихи жеңістері соған куә. Сол жарыстарда  мен  бастаған қазақтар әлемнің 53 мемлекеттерінен озып, үлкен доданың 2 мәрте бас жеңімпазы атанып,  елімізге үлкен абырой әкелді.  Мен, Ұлттық Ат   спорты Федерациясының, Ұлттық  спорт түрлері Қауымдастығының негізін қалаушылардың  бірі. Мен   ұлттық спорт түрлерінің жүйелі дамуына және оның ережелерінің алғашқы нұсқаларын  жасауға   белсене қатысып, атсалысқан азаматпын.  Менің  бастауымен,   «Қазақ атбегілерінің  кодексі»-«Кодекс конников Казахстана», «Ұлттық спортың  гүлденуі 2010-2020»-«Расцвет национального спорта 2010-2020»  мемлекеттік бағдарламасының   және  «Ұлттық спорт туралы»-«Закон о национальном  видах спорта» заңдарының жобалары   дайындалынып, жазылды.

Жиырма  үш жылдың ішінде  мен қоғамдық негізде мемлекеттен бір тиын қаржы алмай достарыммен Ұлттық спорт түрлерінен 27 республикалық Федерация, 16 облыстық, 80 қалалық, 195 аудандық, 325 ауылдық-селолық филиалдар құруға  қатыстым.  Менің тікелей басшылығымен және  ұйымдастыруымен   Қазақстан  бойынша  ондаған . жүздеген бәйгеден, көкпардан, ат спортынан халықаралық, республикалық деңгейлердегі жарыстар  өткізілді.  Мен   Ұлттық Ат  спорты Федерациясы мен  ұлттық спорт түрлері Қауымдастығын құру кезінде барлық облыстарға, аймақтарға  ат  басын тіреп, өзім барып,  жиналыстар өткізіп, қажетті жұмыстар   істеген азаматпын.

Келесі   келелі атқарған жұмысым-Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың  Өзі таңдап, Өзі негізін салып, Өзі іргетасын  қалаған  жарқыраған жаңа Елордамыз – Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болу бақытына ие болып, қайнаған қазанның,  жаңа шаһар  құрылысының  басы-қасында,  нақ эпицентрінде болып жемісті  жұмыстар атқара алуым.  Мен Астана баспасөзінің негізін қаладым.  Астана  қаласының «Халықаралық баспасөз орталығын» құрып,  бір мыңнан астам әртүрлі   Елордаға  қажетті  ұлағатты іс-шаралар, оның ішінде  баспасөз мәслихаттары, брифингтер, кездесулер,  журналистік семинарлар, басқосулар  өткіздім.  Соның ішінде,  жыл сайын    менің  идеяыммен және  тікелей басшылығымен ұйымдастырылынып өткізілінетін  «Өмірден ерте  өткен дарынды елордалық    журналист-қаламгерлерді еске алу»  кештерін атап  айтамын.   Мен   жаңа Астана баспасөзінің шежіресін жазған журналистпін.   Қазақстан  журналистер қауымы құрметтейтін кең байтақ еліміздің  көрікті жерлеріне баспасөз саяхатының ұйымдастырушысы болдым.  Мен  Астанаға арналған 7 кітаптың авторы,  қазақ радиосы  ұйымдастырған «Астананың 10-жылдығының қаһарманы»  байқауы номинациясының жеңімпазымын. Қазір «Астана хикаялары» атты кітапты жазу үстіндемін .  Менің  парасатты азамат Дәурен Мұсамен  бірлесіп жазған «Алғашқы Астаналықтар»- «Первопроходцы Астаны» кітап-  энциклопедиям оқырмандар тарапынан үлкен бағаға ие болынып  отыр. Бүгінгі таңда   жаңа Елордамыз-Астана  қаласының тыныс-тіршілігін,  өсіп-өркендеуін насихаттайтын  қуатты «Түгел Медиа» бірлестігін   құрып, оның жұмысын   жүргізіп отырмын.

Жақын досым, ұлт патриоты  Марат Нәбиев пен  бірге 2011 жылдың 12  қазанында  ұраны: «БІРЛІГІ МЫҚТЫ ЕЛ ОЗАДЫ!» -атты, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын «Ұлы Дала Қырандары» атты республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысын құрдық.  Бұл қозғалыстың да  негізгі   мақсаты халыққа адал қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы Дала  мәдениетін жаңғырту және ел бірлігін   нығайту   болып табылады.   Бұл күнде  қырандар көптеген игілікті іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп  халық құрметіне ие болуда.   Олардың ішінде,  «Ұлы Дала Даңқы»-«Музей Славы  Великой Степи» мұражайының алғашқы тасын қалауы,  «Ұлы дала –Ұлттық Рух!», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Туған табиғатты аялайық», «Ауыл-алтын бесігіміз»- атты    елге қажетті акцияларын өткізуі,қытай елінде тұратын қазақтардың  тұрмыс – тіршілігімен танысу сапары және қазір республика деңгейіндегі  жастарды   биік рухани адамгершілікке,  ізгілікке  инабаттылыққа, арды сақтауға тәрбиелейтін жұмыстарды тиянақты  жүргізулеріміз  дер едім.

Қазақстан  Жазушылар Одағының мүшесі ретінде мен  жазып шығарған кітаптар тізімі:

  1. «Көк Күмбезді – Астана» – 2004 ж.
  2. «Астана – Город Солнечной мечты» – 2004 ж.
  3. «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?!» – 2004 ж
  4. «Джигиты и аргымаки Казаната» – 2004 ж.
  5. «Қазанат» – 2006 ж.
  6. «Астана – Триумф Независимости страны» – 2007 ж.
  7. «Астана – жерұйығы Елімнің» – 2008 ж.
  8. «Ертуған» – 2008 ж.
  9. «Бүркіт – Ұлы Даланың Символы» – 2008 ж.
  10. «Беркут – Символ Великой степи» – 2008 ж.
  11. «Алғашқы астаналықтар» жинағы-2011 жыл.
  12. «Первопроходцы Астаны» жинағы-2011 жыл.
  13. «Астана хикаялары»-2014 жыл.
  14. «Өсе бер, өрлей бер, Шығысым!». 2014 жыл.
  15. Астана қаласы баспасөзінің шежіресі-2014 жыл.

Мен қаламгер-журналист ретінде  7- республикалық журналдардың негізін қалап, олардың  бас редакторы болып, «Біз журналистер, біз біргеміз!»- «Мы журналисты, мы вместе!»-деген  ұстаныммен  еліміздің   ақпарат кеңістігінен  өз орынымды  алып отырмын.   «Түгел Медиа» бірлестігіне  қарайтын  журналдар тізімі.:

  1. «ҚАЗАНАТ» журналы.
  2. «Құлыным» журналы.
  3. «Біз , астаналықтар» журналы
  4. «Ұлы дала Қырандары» журналы.
  5. «Керемет той» журналы.
  6. «Журналистер әлемі» журналы.
  7. «Ұлттық спорт» журналы

Сонымен менің  шығармашылық жұмыспен  тиянақты айналысып келе жатқаныма  биыл тура   47 жыл толып отыр. Осы  ұзақ мерзім ішінде  қолымнан қалам түспей   туған өлкем  Шығыс Қазақстанды  барынша мол әрі   кеңінен насихаттап келемін.  Менің жерлестерім  мен  жазып, жарыққа шығарған   көптеген  кітаптарымның  кейіпкерлері болып табылады.    Бүкіл 7 республикалық  журналдарым да  жақсылықтардың жаршысы,   ұлағатты шаралардың ұйтқысы болып,  Өр Алтайға  жемісті қызмет  атқарып   келеді. Тек 2013-2014 жылдары  Шығыс Қазақстанның    он екі аудандарында,  алты  қаласында болып,   олардың жетістіктері мен жеңістерін  журналдарымда    көрсеттім.  Мен  батыр Қабанбайдың  біздің аймақтағы   үш ескерткішінің ашылуына қатысқан  азаматпын.  Олар  туралы  ондаған Бұқаралық Ақпарат Құралдарына  арналып  мақалалар жазылды, шебер  насихатталды.  Мен қайда жүрсем де  , туып-өскен  өлкемді бір сәтке де   жадымнан шығармай жүремін. Тізе берсек , атқарған жұмыстар жетерлік.   Менің «Өсе бер, Өрлей бер, Шығысым!»- атты  айтқан сөзім  бүкіл Қазақстанға тарап кетті. Міне, соның негізінде     осы аттас    толыққанды  кітап жазылды.  Ол да    мыңдаған оқырмандардың  құрметіне ие  болатынына кәміл сенемін.  Мен  2001 жылы  Өскемен қаласында көкпардан  Қазақстан Республикасының  тұңғыш   чемпионатын  өткізуге мұрындық болдым.  Бұл  чемпионатқа біз   ағамыз  , атақты көкпаршы, ұландық   Мельс Наримановтың есімін бердік. Ондаған   ұлттық спорт түрлері  жарыстарының   шығыс жерінде өтуіне    тікелей себепкер болып, оған басшылық жасадым, көптеген шәкірттерді даярладым.   Достарыммен бірлесіп, солардың  қолдауымен    Кенді Алтайға  арналған  7 деректі   фильм түсірдім.  Олардың  геройлары  да    біздің елдің азаматтары,  қазір қасымызда  жүрген  біздің замандастарымыз. Бір сөзбен түйіндесем,  шығысты  қолда бар   барлық   газет-журнал,  интернет – сайттармен, радио- телевидениялармен  қолдап, көтермелеп,  абыройын арттырып, мерейін өсіріп,   мол насихаттап келемін. Бұл жұмысты одан әрі   тегеурінді жалғастыра беремін.  Еліме қызмет етуден шаршамаймын, қайта қуат аламын.

Өсе бер, Өрлей бер, Шығысым!

Құрметпен,
Шығыс Қазақстан  облысының құрметті  азаматы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел.

Сондай-ақ, оқыңыз

Жолдауға қолдау

Астана қаласында  күн сайын әр мекемеде  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы …