«Бүркіт – Ұлы Даланың символы» атты су жаңа кітап-энциклопедия жарыққа шықты.
Авторлары: Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгел.
Ұлттық құндылықтарымызды зерттеуде және оны жинап теруде қажырлы еңбектерімен көзге көрініп жүрген азаматтар Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгелге ризашылығымызды білдіріп, рахметімізді айтамыз. Олар жазған «Қазанат» кітап-энциклопедиясы ел игілігіне жарады, оқырмандардың жүрегіне жол тапты. Аз уақытта, бұл шығарма екі рет басылып жарыққа шықты. Бұл еңбек 2006 жылы Москвада өткен «Кітап өнері» – атты беделді халықаралық байқауда ТМД-елдерінің және Қазақстанның ең үздік кітабы болып танылды. Бұған қоса осы жігіттер «Замана желімен жарысқан Қазанат» журналының үш санын жарыққа шығарып үлгерді.
Міне, енді олар, «Қыран – Бүркіт – Ұлы Дала символы» атты тамаша кітапты жарыққа шығарды. Кітаптың тиражы – 1000 экземпляр. Кітап Турцияның Стамбул қаласында басылды. Кітап үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша жазылған. Кітап жақсы безендірілген. Кітапты безендіруге ең шебер дизайнерлер қатысқан. Кітапта 200-ден аса сурет пайдаланылған.
Кітапта авторлар бүркітшіліктің тыныс-тіршілігін терең баяндайды. Онда еліміздің үздік бүркітшілерінің, ұлттық құндылықтарымыздың жанашарларының, зерттеушілерінің фотосуреттері басылған. Сонымен қатар кітапта авторлар құсбегілік жөнінен әлемдік тәжірибелерді де терең зерттеген. Кітап сонысымен құнды.
Бұл құптарлық еңбек деп бағалаймыз.
Ал құсбегілік сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасасып, атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан Ұлы дала мәдениетінің ішіндегі төл өнеріміз болып саналады. Оның екі мың жылдан астам бай тарихы бар. Оған тастағы таңбалар, жазулар, белгілер және археологтарымыздың жер астынан тапқан әр түрлі бұйымдары куә. Осындай аңшылықты, саяткерлікті, құсбегілікті нақты білдіретін дүниелер Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Алматы облыстарынан және басқа да аймақтардан көптеп табылды.
Ертеде көшпенділер құсбегілікке ерекше мән берді және терең шұғылдана білді. Соның нәтижесінде Қыран Құс – Ұлы Даланың символіне айналды. Ұлт әдебиетінде құсбегілікке арналған өлеңдер, жырлар, аңыз-әңгімелер көп. Ұлы Абайдың 19 ғасырда жазған мынандай өлеңі бар:
«-Құсты жисаң – бүркіт жи
Қыс тоныңды түлкі етер.
Бұлғын, сусын киінтіп,
Азбас, тозбас мүлкі етер».
Шынында да бүркіт дала қазағы үшін күнкөріс көзі болған. Қиын қыстау жылдары мықты құсбегілер үйретілген бүркіттермен дүйім елді ашаршылықтан алып қалған. Жаугершілік заманда әскери қару ретінде пайдаланған. Бейбіт заманда біздің қазақ қыран баптап, бүркіт пен аң аулауда алдына жан салмаған.
Егеменді ел болған тұсымызда бұл өнер қайта жалғасын тауып, жаңаша түрленіп, өсіп, өркендеп келеді. Аспан түстес көгілдір байрағымызда қыран құстың суреті бейнеленген. «Көкте Қыран Бүркіт шарықтаса, жерде Қазанаттар жүйткиді» деген жақсы мәтел бар. 2007 жыл біздің бүркітшілер үшін табысты болды. Ұлыбританияның Рединг қаласында әлем құсбегілерінің тұңғыш фестивалі өткізілді. Оған Америка, Англия, Италия, Испания, Франция, Германия, Бразилия, Аргентина, Қытай, Жапония және тағы басқа 33 мемлекеттің ең мықты құсбегілері қатысып, күш сынасты. Сол сында Қазақстан бүркітшілері шеберлік көрсетіп, тарихи жеңіске қол жеткізді, Фестивалдің бас жүлдесіне ие болды. Елімізде бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының құрамындағы Бүркітшілер Федерациясы атқарып отыр.
Іске сәт, жігіттер! Жаңа кітаптарыңыз – ел игілігіне жарасын!