Оқырмандардың сұрауларына орай қайталап беріп отырмыз.
Сатый атамның тоғыз әйелі болған! «Ұлы Дала Қырандары» қозғалысының тең төрағасы, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, танымал жазушы, «ЕРТУҒАН» кітабының авторы Сәдібек Түгелмен сұқбат:
Қазақ жігіттері қандай болулары керек?! Ертуған сияқты жігіттер енді туама?
-Сәдібек аға осы тақырыпта Сізден сұхбат алуға түрткі болғаны елдің қолынан түспей жүрген «Ертуған» повесі. Бұл ерекше шығармаңыз қашан жазылды? Оны жазуға не себеп болды?
-Сұрағыңызға рахмет. Кітаптың басты қаһарманы – Ертуған өмірде болған, азаматтық қасиеттері ересен күшті болған кісі. Ол кісінің ерекше азамат болғаны туралы 12 жасымда Кеңес ағамнан естідім. Кеңес аға әңгімешіл еді. Марқұм «Ертуған ағамдай еркек бар ма, бұл жарық дүниеде? Ондай алып мың жылда бір-ақ рет дүниеге келеді…» – деп айтып отыратын. Өзі де жанып тұрған от болатын. Ағаға көзін қадап, кезінде Өскеменнің сұлулары түзіліп тұрушы еді. Ерте қайтыс болды. Ағаның аманаты деп осы кітапты 2009 жылы жазып, жарыққа шығардым. Содан бері «Фолианттан» үш мәрте басылып шықты. Қазір бұл кітаптың оқырмандардың биік талғамынан шыққан шығарма ретінде жолы болып-ақ тұр. Ертуғандай мықты еркек-ер болсын деп ата-аналар 12 балаға ат қойды. Мен біразының шілдеханасына қатысып, бата бердім. Повестің сахналық нұсқасын жасаушылар да табылуда. Кітапты жалғастыру да ойымызда бар.
-Сәдібек аға, айтыңызшы, қазір қазақ қарындастарына қорған болатын нағыз ертуғандар мен кеңес сияқты азаматтар неге азайып кетті?
-Жақсы сұрақ. Бұл үлкен проблема. Біріншіден, мемлекет тарапынан тегеурінді іс-әрекеттер жоқтың қасы.Ұлдарды ержүрек, қыздарды парасатты етіп тәрбиелейтін идеология ауадай қажет. Ол ең алдымен үкіметтік «Ер жүрек қазақ баласы»- атты 25 жылдық жалпыұлттық бағдарлама негізінде, парламентте талқыланып Елпрезидентінің қолымен бекітіліну тиісті. Ұлттық тәрбиеде ешқашан бұзылмайтын жүйе болуы шарт. Онда қазақ баласының құрсақтан бастап 25 жасқа келгеніне дейінгі аралығы қамтыланады.Жақсы ұлдарды, жақсы қыздарды тәрбиелеу алда тұрған міндеттердің міндеті. Бұл ұзақ әңгіме.
–Аға, неге 20, 30, 35 емес 25 цифрын алып тұрсыз?
-Сұрағыңыз дұрыс. 100 жылдығымыз- 4 ширек ғасырға бөлінеді. Бір ширек ғасырда 25 жыл бар. Әр қазақ баласы 25 ке келгенге дейін оқуын оқып, ержетіп, міндетті түрде үйлі-баранды болуы тиісті. Ал , кейбір ұл-қыздарымыз 25 жасқа келгенше үйленбей жүріп алса, ел-қоғам болып қам-қаракет жасау шарт деп ойлаймын. Қзір елімізде 700 мыңнан астам сүр бойдақтар бар. Олардың 400 мыңы тұрмыс құрмаған қыздар, 300 мыңы жігіттер. Міне бұл тек бір ата-ананың емес, бүкіл мемлекеттің проблемасы.
-Аға, көп әйел алуға рұқсат беретін заңға көзқарасыңыз қандай? Ертуғандай ерлер дүниеге қайта келер ме екен?
– Бірден екінші сауалыңызға жауап берейін. Ертуғандар бар. Тек оларды асыл тұқымдылар ретінде баптап, сақтап, көбейтуіміз керек. Сол, менің кітабымның басты геройы Ертуғанның бесінші атасы Сатый Жәйілмісұлының 9-әйелі болған. Олардан 32 ұл ,13 қыз туылған. Біз осы 32 ұлдан тараймыз. Марқұм атамыздың 9 әйеліне барып тұратын графигі болыпты. Тоғыз әйелін , 9 қыстаққа орналыстырған. Олар Ұлан ауданының территориясындағы мына қыстақтар: 1. «Алты бура», 2.«Топағаш», 3.«Қайыңды бет», 4.«Қарақуыс», 5. «Жылықоныс», 6.«Айыртас», 7.«Үлкен есір»,8. «Кеңтүбек», 9.«Кіші есір». Мен осы қыстақтарды арнайы аралап шықтым. Қыстақтардың аралары тура жарты шақырымды құрайды. Саткеңнің графигі кейде ең кіші әйелі-тоқалына келгенде бұзылады екен. Менің айтайын деп тұрғаным: осы 9 әйелінің бәріне Сатый атамыз күйдім-жандым деп өзі үйленбеген. Оны орта, қоғам үйлендірген.Сатыйға сонша көп әйел алдырған ауылдың, елдің үлкендері , алдымен ұлттың болашағын, ұрпақтың өсуін, қазақтың көбейуін ойлаған ғой. Әрине, олар батырдың белінің мықтылығын, қуатының тасып тұрғанын да ескерген. Міне, осыны Ұлы Дала академиясы деп айтуымыз керек.
– Аға,Сіз қандай әйелдерді жақсы көресіз?
– Моншадан шомылып шыққан әйелдерді жақсы көремін. (Күлді) Қалжыңдаймын. Ең алдымен Құдай қосқан аяулы жарым, балаларымның анасы, 38 жыл бірге тұрып келе жатқан, 1979 жылы әкемнің құлынды қара биесін сатып алып берген зайсандық Қайкен апайыңды жақсы көремін. Екеуміз өмірдің қызығын да қыйындығын да бірге көріп, қол ұстасып, жұбымыз жазылмай келеміз. Күн өткен сайын махаббатымыз өршуде. 4-5 немеренің ата-апасымыз.
– Сәдібек аға, 8 наурыз халықаралық аналар мерекесін өткізуге байланысты әртүрлі пікірлер естіледі. Біреулер қажет десе, біреулер оны қолдамайды. Осы жөнінде сіздің ой-пікіріңіз қандай?
– Жалпы алғанда, әйелдердің бірігуі 1857жылдан басталған. Сол жылы тұңғыш рет Нью-Йорк қаласында фабрикант әйелдердің өз құқықтарын талап еткен үлкен шеруі болды. Ол кезде әйелдер 18 сағат жұмыс істейтін және еңбекақылары ер адамдармен салыстырғанда өте мардымсыз еді. Сол кезден бастап әйелдер қауымы бірігіп, бас қосып осындай шеру өткізуді, өздерінің құқықтарын қорғауды әдетке айналдырды. Ал, 1910 жылы Клара Цеткин мен Роза Люксембургтің бастамасымен ресми түрде халықаралық әйелдер мерекесін атап өту күні белгіленді. Содан бері бүкіл әлем халқы бұл күнді 114 жыл қатарынан атап өтіп келеді. Менің жеке пікірім былай: «жақсыны жақсы деу керек.». 8наурыз нағыз тойлайтын мереке. Өйткені, бұл мереке аналарға арналған, әйелдерді құрметтеуге бағытталған. Сондықтан да керемет мейрам болып саналады. Өйткені, біз, өмірдегі барлық жақсылықтарды ананың атымен теңестіріп, «Ана -жер-Ана, «Отан-ана», «Ел-анасы»- деп айтамыз. Оның бер жағында, біздің қазақ халқы жаратылысынан бері қарай аналарды құрметтеп, қыздарын төрге шығарып, әлпештеген және оларды болашақ ана деп ерекше құрмет тұтқан. Азаматтар қарындастарын көздің қарашығындай қорғаған. Әкем Түгел марқұм қайталап айтып отрушы еді: -«Қазақ жігіті тек , екі жағдайда ғана жылайды деп. Біріншісі: жау тұтқиылдан шауып, күшпен қарындасын күңдікке алып кеткенде шарасыздан жылайды екен. «Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді»-деп сонда айтылған. Екіншісі: астындағы сенімді серігі әрі досы жауынгер аты, қазанаты оққа ұшып мерт болғанда жылайды.» Менің бала кезімнен білетінім, дәл осы 8наурыз күні үлкеніміз бар , кішіміз бар гүл шоқтарын алып, аналарымызға, жұбайларымызға, қыздарымызға сыйға тартамыз, оларға жүрекжарды тілектерімізді жеткізіп, өлеңдерімізді арнаймыз, құрмет көрсетеміз. Бұл дегеніңіз керемет құбылыс емес пе?! Олай болса неге біз бұл мерекеден бас тартуымыз керек. Аналарымызды, қыздарымызды құрметтеуден шаршамауымыз қажет. Сондықтан, менің айтарым , 8наурызды – халықаралық әйелдер мерекесінің күні ретінде өткізе беруіміз керек. Өйткені оның тәрбиелік, адамгершілік мәні және маңызы ерекше зор. Қайта біз аналар мерекесін өткізуді барынша жетілдіріп, шыңдай түсуіміз қажет. Барлық жақсылықтарды аналарға, әйелдерге, қыздарға арнауымыз қажет.Осы тұста атап айтарым, сүйікті аналарымыздың атына , адресіне айтылатын боқауыз, былапыт «Өй шешеңнің…………»-дейтін жамандарға тойтарыс беріп, болашақта айтпайтын қылып ауыздарын керіп тұрып сабауымыз керек. Әлбетте, қазақ аналарына тіл титтірмеуміз керек.Осыдан 15 жыл бұрын 1999 жылы бір оқиғаның куәсі болдым. Бір топ атбегілер «Жастар» сарайындағы өткізілген мәжілістен кейін, соның жанындағы «Шаробан» деген бильрд клубына келдік. Мақсатымыз, бір –екі партия бильярд ойнап, бой жазу. Ол- Астананың жаңадан салынып жатқан кезі. Жан-жақтан келген адамдар. Топ-топ болып тастаяқ ойнаушылар. Бәрі жақсы. Бірақ, біздің қасымыздан орын алған бір топ есімізді шығарды. Оның ішінде мазамызды алып, шырқымызды бұзған-«Мен проректор,мен профессор………деуші бір шашы бұйра дәу қазақ.» Жанында жап-жас өрімдей студент қазақ қыздары. Бәрінен жүйкемізге тигені оның «Қайта-қайта дауыстап «Өй шешеңнің ….; өй шешеңнің……» -деп айта беруі болды. «Горе проректордың» аналарымызды масқаралайтын былапыт сөздері менің жанымдағы жігіттердің де көңілдеріне келді. Мен оған доғарыңыз деп ескерту жасадым. Профессор одан әрі есірді. Сол кезде , әрең шыдап отырған Әлібек атты бауырымыз, әлгінің былжыраған ауызынан тартып өтті. Проректор есінен талып қалды, қыздары қашып кетті. Сонымен қойшы проректор мәңгілік сабақ алды. Содан бері ол аналарға тіл тигізбейді.
– Аға, қазіргі таңдағы қазақ қыздарының, жалпы жастар тәрбиесі жайында не айтар едіңіз?
– Көп нәрсе айтамын. Көп жағдайлар қынжылтады мені. Әсіресе, ар мәселесі. Оның ішінде қаракөз қыздарымыздың, қандастармыздың тәртібі алаңдатады. Қазақ айтады: «Қызға қырық үйден тыйым».Қазіргі кезде өзекті мәселердің бірі көптеген қазақ бауырларымыздың, қаракөз қыздарымыз бен қазақ әйелдерінің ар-ұятты аяққа таптап, арсыздықтың батпағына батулары. Турасын айтайық ұлтымыздың менталитетіне, болмысына, салт-дәстүріне, діліне, дініне өте жат тұрпайы арсыздықтар үлкен шаһарларымызға баса көктеп кіріп, жастарымызды, қазақстанның болашақтары балаларымызды ар жолдарынан тайдыру үстінде. Ұлт үшін нағыз трагедия осы.
Мысалы: тек Алматы қаласының бір өзінде 20 гей клубтар, 40 тан астап неше түрлі жын-ойнақ мекемелер күндіз-түні жұмыс істейді. Борделге айналған сауына-хауыздарда сан жоқ. Қазақ қыздарының жезөкшелігі ұлтқа қара таңба болды. Күнен –күнге бір жыныстылардың үйленуі көбейіп, қалыпты нәрсеге айналуда. Былтыр сондай оқиға Қарағанды және Тараз қалаларында орын алды. Елімізде қаптап кеткен «Гей-тур», «Гей-отель», «Гейша-клубтар» . Көзге ілінер күлкі театрларының қазақ әртіс-жігітсымақтары алдымен әйелдердің рольдерін ойнауға бейім тұрады. Сол образға кіріп алған. Театр институтынан тек әйелдердің ролін ойнауға үйреніп шығатын сияқты. Бұл не сұмдық? Олар кімге үлгі көрсетеді? Оны көрген шетелдіктер артарын көрсетіп, бізді мазақтап күледі.Ұлдарымыз әлсіз, қыздарымыз басқалардың жемі болуда. «Алаш айнасы» газетінің мәліметі бойынша 40 пайыз жас жігіттердің белдері нашар жағдайда. Оларда ұрық жоқ. Соның салдарынан жас жұбайлардың ажырасуы көп. Ол неден? Қазақта ондай бұрын болып па?
Осында сұрқия бір пәле жатыр.Біздің ата – бабаларымыздың: “Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша – арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиетін неге біз орындамай, аяқсыз қалдырып келеміз? Жоғарыда атап кеткенімдей, кейінгі жылдарда адамның жанын түршіктіретін, қанын қайнаттыратын сорақылықтар, жастардың азғындықтары барған сайын белең алуда.
Осы азғындықты тоқтатпасақ, күлкімізді жия алмай қаламыз. Болашақ ұрпақтарымыздың, немере, шөберелеріміздің жағдайын ойласақ осындай намысқа кір келтіретін, ұлттың арына дақ түсіретін сорақылықтарды болдырмайық, күресейік, алдын алайық дер едім. Мына мәселеге мен ерекше көңіл аудармақпын. Бірінші болып дабыл қағып тұрмын. Қазір біз , Қазақстанды туризм еліне айналдырамыз деп әкім, министрлер болып алашапқын болып жүрміз ғой. Ол қандай туризм??? Біздің ата-баба салтымызды құрметтейтін, ұрпақ тәрбиесіне зиян тигізбейтін болса әңгіме басқаша. Ал, жоғарыда айтқанымдай, біздің қасиетті жерімізге, елімізге гейлер, лесбиянкалар, жезөкшелік сияқты азғындық лас дүниелерді әкелетін болса оған біз төзбеуіміз керек, алдын-ала тосқауыл қойуымыз керек. Сақ болайық, ағайын! Тізе берсек ұлтымыздың ұлылығына, еліміздің елдігіне, халқымыздың тазалығына кір келтіретін, абыройын төгетін, намысын таптайтын зұлым әрекеттер барған сайын көбейіп барады. Төзіп отыра беруге болмайды. Ұрпақ кешірмейді, ата-баба рухы кешірмейді.
– Осыларды болдырмаудың жолы қандай? Болдырмауға бола ма?
– Әрине болады. Болғанда қандай. Ол үшін біз аса қажетті екі-үш нәрселерді түзетуіміз қажет. Оның біріншісі жемқорлықты жою. Егер жемқорлықтың желкесін қимасақ, осы келеңсіз жағдайлар көбейгеннің үстіне көбейе береді. Барлық былықтың басы коррупцияда жатыр. Коррупцияға белшесінен батқан тұлғалар, кейбір министрлер, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер өз жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, тек, соқыр баюдың жолына түскен. Олар жастар тәрбиесін ұмыт қалдырған. Лауазымды тұлғалар Елбасыға, мемлекетке берген анттарын бұзып ірі көлемде пара алуда. Оларға бюджеттің- қарапайым халықтың ақшасын тонаудан басқа ештеңе керек емес. Соның салдарынан осы жаман жағдайлар қоғамымыздың өмірінен ойып тұрып орын алуда. Егер де жоғарыда айтып кеткенімдей, тиісті шараларымызды уақытында қолданбасақ, күлкімізді жия алмай қаламыз. Екінші мәселе, қазақтың рухын көтеру, рухы мықты жастарды тәрбиелеу. Олардың бойына патриоттық, намыстық сезімдерді берік орналастыру болып табылады. Ол үлкен жұмыс, біздің қоғамда үлгі болатын тұлғалар қалмай бара жатыр. Жемқорлықпен ұсталынып жатқан генералдар, министрлер , вице –министрлер, әкім-қаралар кімдерге үлгі бола алады? Жастар кімнен үлгі алады?
Келесі маңызды мәселе, жастарды тәрбиелейтін бізде барлық институттар мен университеттерден артық бір академия да бар. Ол- ұлттық салт-дәстүрлерді қатаң сақтау. Қазақ айтады, қызға «қырық үйден тыю», «ұлға ұядан тәрбие» деп . Сол атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасын тауып, мирас болып келе жатқан мыңжылдық салт-дәстүрлерімізді қатаң сақтайтын болсақ, біз жастарымызды рухани азғындық апатынан сақтап қала аламыз.
– Осы мереке күні біздің әйел-аналарымызға қандай тілек айтасыз?
– Мұқағали ағаның өлеңімен бірден жауап берейін.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қандайсың?
…Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!
Бола берсін көп, мейлі.
Әйел деген әдемі ғой, әдемі
Әдемілік бізге көптік етпейді….
Құрметті, ханымдар, 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, мол бақыт және жаңа жетістіктер мен жеңістер тілеймін! Бір-бірімізді іздеп тұрайық!
- Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет.
Фариза Нұржақыпова.