Бұл күндері еліміздің талантты әншісі Қарақат Әбілдинаның шығармашылық еңбегіне 10 жыл толып отыр. Ол аз мерзімде ғажайып дауысымен, кәсіби шеберлігімен қазақ ән өнерінің айтулы жұлдызына айналды. Қалың халық Қарақатты құрмет тұтады, мақтан етеді. Әрдайым оның жеке концертін тосып, теледидардан, радиодан ән салғанын асыға тосады, күтеді. Өйткені ол жүзден – жүйрік мыңнан тұлпар шыққан дарын иесі.
– Қарақат, алдымен Өзіңіздің ұлттық құндылықтарымызға деген жеке көзқарасыңызды білдірсеңіз?
– «Ұлттық құндылық» дегенді мен ұлтын құлай сүйетін, ұлт дегенде жанын салатын ұл-қыздардың туған еліне, жеріне деген ыстық махаббаты деп білемін. Яғни, ұлттық құндылық дегеніміз – қазақтың төл мәдениеті. Сондықтан ұлттық мәдениет, ұлттық құндылықтыр әрбір азаматтың бойында болуы керек. Мен, өзімді өз елінің, ұлтының нағыз патриот қыздарының қатарына жатқызамын. Маған «ұлттық құндылық» деген ұғым өте жақын. Жаңарқа деген ауылда туып, өстім. Балалық шағымнан ата-анам ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге баулып, санамызға сіңіріп, осы бағытта тәрбиелеп өсірді. Қазіргі кезде де өзім осы үрдісте қызмет жасаудамын. Менің сахнаға киетін концерттік киімдерімде, ұлттық үлгіде тігілген. Себебі, қазақтың нағыз қазақ екенін дәстүрлі әндер мен осындай киім үлгілері танытады ғой. Сонымен қатар, қазақы үлгіде арнайы жасалған зергерлік бұйымдарды тағамын. Себебі, біз шетелдерге гастрольдік сапармен көп шығамыз. Қазақтың ұлылығын әлемге паш ету жолында, қазақтың қызы қандай болатынын жоғары деңгейде көрсете білу біздің перзенттік парызымыз және міндетіміз.
– Қарақат, Сіздің өнер жолыңыз қалай басталды, осыған қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– Мен кішкентай кезімнен өнерге құштар болып өстім. Ән айтқанды жақсы көрдім. Ата-анаммен бір жерге қонаққа барғанда ылғи да ән айтады екенмін. 1992 жылы Алматы қаласында дарынды балалар арасында байқау өткізілді. Сол байқауда 6 баланың ішінен суырылып алға шығып, Күләш Бәйсеитова атындағы музыка мектебіне оқуға түсіп, оны үздік бітірдім. Кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық концерваториясының ән бөлімінде Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Жанпейсованың класынан дәріс алдым. Одан орындаушы-ұстаз атты мамандықтың иесі атандым. Бала кезімдегі арманымның орындалғанына қатты қуанамын, шүкіршілік етемін. Небір үлкен сахналарда ән салып, өнерімді халқыма жеткізіп жүрмін.
– Сіздің репертуарыңыздағы әндер көбінесе қандай тақырыпта?
– Дәстүрлі әнші болғандықтан халықтық, ұлттық әндерді айтқанды жақсы көремін. Бұдан артық бақыт бар ма?! Яғни, ата-бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа, асыл қазына ретінде қалдырған әндерін орындаймын. Менің мақсатым – сол ұлттық әндерді келешек ұрпаққа жеткізу болып табылады. Себебі, ол қазақтың рухы болып саналады. Бұл әндер ұлттық рухтың өшпес, өлмес әндері. Оны қайта жаңғырту біздің парызымыз.
– Сын болмай мін түзелмес демекші, сынды қалай қабылдайсыз?
– Әрине мінсіз адам болмайды, қателеспейтін адам жоқ. Әділ сынды, әділ қабылдаймын. Дұрыс қорытынды шығарамын. Сондықтан да болашақта осы қателіктерді қайталамауға тырысамын. Адамға өзін ұғыну үшін сын керек, одан ол сабақ алады, келешек даму жолын іздейді. Алла тағала берген талантты шымыр етіп шыңдау әр адамның талабы мен талпынысына байланысты. Бірақ маған, сыннан гөрі халық алғыстарын көп айтып жатады. Әрқашан қариялардан бата алып, жүрекжарды ақ-тілектерін естіп жатамын. Жаңа туған нәрестелерге маған ұқсасын деп Қарақат деп менің есімімді де қойып жатыр. Осының бәрі әрине қуантады. Демек, бұл менің өнерімнің халықтың көңілінен шығуы деп ойлаймын. Менің өмірлік принципім – адамдарға тек жақсылық жасау. Сол арқылы мен рухани ләззат аламын. Ішкі жан дүнием соны қалайды.
– Қазақ эстрадасында кімдерді үлгі тұтасыз? Қай әншімен сахнада ән шырқағыңыз келеді?
– Тума талант, бұлбұл әншілеріміз Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Майра Мұхаммедқызы, Мақпал Жүнісова ұлт мақтаныштары. Қалай олардан үлгі алмайсың. Әрине үлгі аламын. Өзім осы әншілерге ұқсағым келеді. Бұлар қазақ өнерінің мықтылары ғой. Мысалға, ерекше дауысымен, тамаша үнімен, ән айту манерасымен Мақпал Жүнісова өзіндік мектебін қалыптастырды деп ойлаймын. Барлық әндерінің мағынасы, мәні де өте терең. Мен оның орындаушылық ән айту шеберлігіне таң қаламын, өте зор құрмет тұтамын. Осы әншімен сахнада ән шырқағым келеді. Болашақта бұл арманым орындалады деп сенемін.
– «Қазанат» журналы ұлттық спортты насихаттап келеді. Сіз ат спортымен шұғылданасыз ба?
– Ауылдың қызы болғандықтан бала кезімнен жайлауда, жазық далада өстім. Жылқыны қадір тұтып, жақсы көремін. Менің ақбозатым болды. Оны өте жақсы көрдім. Әлі күнге дейін атты көрсем мініп, құйындатып шапқым келіп тұрады. Бұл қандағы өшпес қасиет қой.
– Алдағы қойған шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Алға қойған жоспарлар жетерлік. Астана қаласында балаларға арналған жеке мектеп студиясын аштым. Онда шәкірт тәрбиелеп, дарынды жастарды баулудамын. Мектептің құрылғанына бір жыл уақыт болды. Қарымды жұмыс жасаудамыз. Алда, балалар фестивальдерін, концерттерін ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, менің киелі өнер саласында жүргеніме 10 жыл толыпты. Осы орайда шығармашылық кешімді ұйымдастыруды жоспарлап отырмын.
– Келе жатқан жаңа 2010 жылда айтар тілектеріңіз?
– Менің ең жақсы көретін мейрамым – Жаңа жыл. Жаңа жылды ерекше күтемін. Жаңа 2010 жылда әр шаңыраққа тек бақыт, денсаулық, шаттық, думан, бірлік тілеймін. Әр отбасында балалардың тәтті күлкісі естіле берсін. Әр үйде береке мол болсын!
Сөз соңында 2007 жылдан басынан бері жарыққа шығып, өз оқырмандарын тауып отырған ұлттық құндылықтарымызға арналған республикалық ғылыми-танымдық «Қазанат» журналына айтар ой-пікір, ақыл – кеңестеріңіз қандай?
– Маған Сіздердің журналдарыңыз өте ұнайды. Әрқашан өзекті мәселелерді көтеріп, қызықты материалдар жазасыздар. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын бірден –бір басылым осы «Қазанат» журналы. Елдің қамын ойлап, жоғын жоқтайтын газет-журналдар бізге аса қажет. Сондықтан Сіздердің шығармашылық ұжымдарыңызға тек сәттілік тілеймін! Қаламдарыңыз шыңдала берсін! Оқырмандарыңыз көбейе берсін! Мен, әрдайым Сіздермен біргемін.
Сұхбаттасқан Аягүл САДУАҚАС