Астана қаласының «ТҮГЕЛ БАСПАСӨЗ КЛУБЫ» 2015 жылдың 11 қарашасы күні күндізгі сағат 15.00 де «Турист» қонақүйінің мәжіліс залында «Қазақ тағамтану академиясы (ҚТА), Профилактикалық медицина академиясы (ПМА) және Ұлттық салауатты тағамтану орталығының (ҰСТО) ұсынысы бойынша тақырыбы : «Қазақстанда дұрыс тамақтанбау салдарынан пайда болатын аурулардың (остеопороз, темір тапшылықты анемия, семіздік, т.б. – 2012 жылмен салыстырғанда) таралуын, Қазақстанда ана сүтімен қоректендіру жағдайын, халықтың салауатты тамақтану туралы білімінің деңгейін және қазақстандықтардың тамақтану рационын зерттеулердің нәтижелері» – атты үлкен баспасөз конференциясын ұйымдастырып, өткізіп берді.
Мәслихатты «Түгел баспасөз клубының» негізін қалаушы, танымал жазушы-журналист Сәдібек Түгел ашты:
«Қайырлы күн, құрметті журналистер, әріптес-достар!
Осы басқосуымыз, кездесуіміз ерекше болайын деп тұр!
Баршамыз, үлкен тұлғамен болатын мәні де маңызы да зор баспасөз мәслихатына жиналып отырмыз.
Бізде қонақта ұлтымыздың мақтанышы, ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ Тағамтану Академиясының және Ұлттық салауатты тағамтану орталығының президенті , медицина ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының және Ресей Медициналық Ғылыми академиясының академигі, әлемдік денсаулық сақтаудың дамуына қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік денсаулық ұйымының ең жоғары марапаты – Леон Бернар атындағы медальдің лауреаты Төрегелді Шарманұлы Шарманов!
Сонымен қатар, арнайы келіп баспасөз мәслихатына келіп қатысып отырған ғалымдар:
- Шәміл Сағынұлы Тәжібаев, ҚТА вице-президенті, ҰСТО бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымының докторы, профессор.
- Феруза Еркебекқызы Оспанова, ҚТА ғалым хатшысы, ҰСТО бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор.
- Датхабаева Гаухар Көбенқызы, ҰСТО атқарушы директоры, биология ғылымының кандидаты.
Уважаемые коллеги!
Сегодня у нас знаменитый гость, ученый с мировым именем, наша национальная гордость,
Шарманов Торегельды Шарманович, президент Казахской академии Питания и Национального Центра Здорового Питания, доктор медицинских наук, академик Национальной Академии Наук Республики Казахстан и Российской Академии Медицинских Наук, лауреат высшей награды Всемирной Организаций Здравоохранения за вклад в развитие мирового здравоохранения – медали имени Леона Бернара!
Повестка Дня известны. Пресс-релизы на двух языках всем розданы.
Сөз Шарманов Төрегелді Шарманұлына беріледі.».
Осы тұста оқырмандарымызға Төрегелді Шарманұлы Шармановтың өмірбаянын ұсынамыз:
Төрегелді Шарманұлы Шарманов,
Ресей ғылым академиясының және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ тағамтану академиясының, Қазақ Балалар тағамы Қорының, Профилактикалық медицина академиясының, Ұлттық салауатты тағамтану орталығының негізін салушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. КСРО: «Дружба», «Октябрьская революция», т.б., ҚР: «Парасат» және «Достық» ордендері және медальдерімен марапатталған. Алматы қаласының Құрметті азаматы. «Ел тұлғасы» Ұлттық жобасының «Ғылым» номинациясындағы жеңімпазы. 2005 жылы әлемдік денсаулық сақтау ісіне қосқан көрнекті үлесі үшін ДДҰ-ның жоғары мәртебелі марапаты – Леон Бернард атындағы медалін иеленген (негізі салынғаннан бастап әлемде 43 адам иеленген). |
Төрегелді Шарманұлы Шарманов 1930 жылдың қазан айының 19-жұлдызында Қарағанды облысының Ұлытау аулында дүниеге келді. 1955 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын үздік аяқтап, 1958-1962 жж. аспирантураны бітіргеннен кейін Қарағанды облысының Ұлытау ауданының орталық ауруханасының бас дәрігері болып жұмыс істеді. 1962 жылдан 1968 жылға дейін Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Өлкелік патология ҒЗИ-ның тағамтану бөлімінің меңгерушісі болды. 1968-1971 жж. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректорлығымен қоса фармакология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1971-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. Т.Ш. Шарманов – 1978 жылы Алматы қаласында өткізілген Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының МСАЖ бойынша халықаралық конференциясының негізгі ұйымдастырушысы.
1973 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Т.Ш.Шарманов – Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушысы және президенті. Академия – тағамтану физиологиясы мен иммунологиясы, биохимиясы мен гигиенасы мәселелерін қамтыған кешенді зерттеулер жүргізеді. Т.Ш.Шармановтың ұсынысымен 1979 жылы Тағамтану институты дүниежүзінде бірінші болып, ДДҰ-ның тағамтану жөнінде Серіктестік орталығы, ал 1997 жылдан БҰҰ Университетімен бірлескен Серіктестік орталығына айналды.
Т.Ш.Шарманов – Қазақстандағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы. БҰҰБҚ, ДДҰ, т.б. халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүргізілген темір тапшылықты анемия мен йодтапшылық жағдайларды жою, ана сүтімен қоректендіруді қолдау, негізгі тағам өнімдерін дәрумендермен және микроэлементтермен құнарландыру, медициналық және демографиялық зерттеулердің халықаралық бағдарламаларының жетекшісі.
1985-1988 жылдары Т. Ш. Шарманов Бүкілодақтық «Вопросы питания» журналының бас редакторы және Мәскеудегі дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1994 жылы С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының негізін салды. 2012 жылдан университеттің Бақылау кеңесінің төрағасы болып сайланған.
1995 жылы Қазақстанда профилактикалық медицина Академиясын, 2011 жылы республика облыстарында департаменттері бар Ұлттық салауатты тағамтану орталығын құрды. Төрегелді Шарманұлы басқарған Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен, ҚР Білім және ғылым министрлігімен, ҚазҰМУ бірлесе отырып, семіздікпен, остеопорозбен күрес бойынша, мектеп тағамын оңтайландыру жобаларын орындайды, кең таралған аурулардың алдын алу мақсатында халық арасында салауатты тамақтану машықтарын қалыптастыру бойынша коммуникациялық іс-шаралармен айналысады.
Төрегелді Шарманұлының басқаруымен Қазақстанда Балалар тағамы Орталығы құрылды, денсаулық сақтау ісіне балалар тағамының жаңа емдік-профилактикалық түрлері енгізілді. 2010 жылы оның ғылыми жетекшілік етуімен Орта Азия өңірінде алғаш рет балалар тағамын шығаруға арналған «Амиран» Қазақ тағамтану академиясының зауыты» іске қосылды.
Т. Ш. Шарманов – 360 жуық басылымның авторы, оның ішінде, 49 монография, 46 өнертабысы бар. Ғылыми жетекшілік етуімен 44 докторлық, 170 кандидаттық диссертация қорғалды. Қазақстан Республикасының Парламентіне 3 рет депутат болып сайланды.
Отбасы: ұлы Алмаз – медицина ғылымының докторы, профессор; келіні Дана — дәрігер-гинеколог; үш немересі – Алуа Мэриленд университетін бітірген, 32 жаста; Төрехан – Мичиган университетін бітірген, 23 жаста, Microsoft фирмасында жұмыс істейді; Асқар -21 жаста, Дж.Вашингтон атындағы университетте оқиды; шөбересі – Кооннор – 8 жаста.
Төрегелді Шарманұлы Шарманов өз сөзінде дұрыс тамақтану саласындағы мына көкейкесті мәселелерге тоқталды:
«- Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша әлемдегі өлім-жітімнің 4/5 жағдайы жұқпалы емес аурулардың (ЖЕА) арасындағы төрт негізгі топтың үлесіне тиеді, оған жүрек-қантамыр (жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфаркті, инсульт, т.б.), онкологиялық, созылмалы репираторлық (өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және астма) аурулар және диабет жатады. ЖЕА дамуының негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау, ал семіздік ЖЕА дамуы үшін ашылатын «қақпаның» ролін атқарады.
Қазақстанда семіздіктің таралуы, 2012 жылмен салыстырғанда. Қазақ тағамтану академиясы (ҚТА) 2012-2014 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша «Қазақстанда артық дене салмағы мен семіздік эпидемиясының алдын алу» тақырыбындағы Ұлттық зерттеулерді орындады. Зерттеулер көрсеткендей, 2012 жылмен салыстырғанда 2014 жылы халықтың дене белсенділігі деңгейінде, артық дене салмағы, семіздік және оның алдын алу туралы ақпараттануында оң өзгерістер байқалған, тағамдық мінез-құлықтың бірқатар көрсеткіштері жақсарған, сондай-ақ, семіздіктің таралуының төмендеу бағдары анықталған.
2014 жылы артық дене салмағы (АрДС) немесе семіздік 15 жастағы және одан асқан адамдардың 53,1% (56,2% – 2012 ж.) анықталған, оның ішінде, әйелдерде – 55,5% (58,1% – 2012 ж.) және ерлерде – 49,2% (52,7% – 2012 ж.). АрДС және семіздік әйелдерде шамамен 1:1 қатынасында кездескен, ал ерлерде – 2:1.
АрДС немесе семіздік 1-14 жас аралығындағы балалардың 14,7% (15,4% – 2012 ж.) байқалған, оның ішінде, АрДС – 9,2% (8,2% – 2012 ж.), ал семіздік – 5,5% (7,2% – 2012 ж).
ҚТА 2014 жылдың соңында «Артық дене салмағы және семіздіктің алдын алу бойынша Ұлттық бағдарлама және іс-шаралардың кешенді жоспары» жобасын әзірледі және ҚР Білім және ғылым министрлігіне, сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ұсынды.
Қант диабетінің таралуы. 2014 жылы ҚТА Ұлттық зерттеулерінің нәтижелеріне сай 18 жастағы және одан асқан адамдардың 12,5% қан сарысуында глюкоза деңгейінің артуы (6,1-6,9 ммоль/л) немесе жоғары деңгейі (≥7 ммоль/л) анықталған, оның ішінде, глюкоза деңгейінің артуы адамдардың – 7,9%, жоғары деңгейі – 4,6%.
2004 – 2014 жылдар арасындағы кезең бойынша мемлекеттік регистрдің мәліметтеріне сай Қазақстан Республикасында қант диабетінің таралуы 114 355 адам санынан 244 541-ге дейін артқан (130 186 адамға немесе 113,8% өскен).
Халықаралық Диабеттік Федерацияның (ХДФ) мәліметтері бойынша ҚР диабетке 526 010 адам шалдыққан (ХДФ Диабеттік Атласы, 2013жыл) және 1 млн.асатын адам глюкозаға төзімділіктің бұзылуына (ГТБ) ұшыраған.
2014 жылы диабетке жалпы аурушаңдықтың 94% – 2 типті диабет құраған. ХДФ мәліметтері бойынша 80% жағдайда тамақтану құрылымын өзгерту, дене белсенділігін арттыру, диабет туралы білімнің деңгейін арттыру есебінен 2 типті диабеттің дамуының алдын алуға болады.
Онкологиялық патологияның таралуы. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сай 2014 жылы қатерлі ісіктерге шалдығу 100 мың.халыққа 198,7 құраған, ал қатерлі ісіктерден болған өлім-жітімі 100 мың.халыққа – 91,36 болған. 2014 жылы 34354 адамда қатерлі ісіктер жаңадан тіркелген, осы аурудан өлім-жітімге ұшырағандар саны 18558 адам, ал диспансерлік есепте 150436 онкологиялық науқастар тұрған. Осыдан, жыл сайын бұл санның 18500-ге өсетіндігін көруге болады.
Остеопороздың таралуы. ҚТА Ұлттық репрезентативтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша 2012 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасында остеопороз 40 жастағы және одан асқан адамдардың – 19,6%; 50 жастағы және одан асқан адамдардың – 25,9%; 60 жастағы және одан асқан адамдардың – 37,1%; 70 жастағы және одан асқан адамдардың – 50,8%; 80 жастағы және одан асқан адамдардың 80,8%-да анықталған. 40 жастағы және одан асқан әйелдердің арасында остеопороз – 20,2%; остеопения – 59,8%; ал ерлердің арасында, сәйкесінше, 15,2% және 58,4% анықталған. Өкінішке қарай, ДСӘМ жинақтарында остеопорозға аурушаңдық туралы мәліметтер берілмеген.
ҚТА басқа салалық мекемелермен ынтымақтастықта 2016-2020 жылдарға арналған әзірлену үстіндегі «Денсаулық» жобасына енгізу үшін Қазақстан Республикасында ЖЕА алдын алу және бақылау бойынша Ұлттық сектор аралық іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. Іс-шаралар жоспарына тамақтануды тиімді етудің үлкен бөлімі кіреді».
Шәміл Сағынұлы Тәжібаев, ҚТА вице-президенті, ҰСТО бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымының докторы, профессор.
– Бірқатар микронутриенттердің тапшылығы, немесе «жасырын аштық» Қазақстанда кең таралған және халықтың денсаулығына үлкен зиянын тигізуде. Ана мен баланың өлім-жітімінің қанағаттанарлықсыз көрсеткіштері, балалардың денелік және ақыл-ойының дамуындағы жиі кешеуілдеу, олардың диареялық ауруларға және туберкулезге төмен тұрақтылығы, жүргізілетін иммунизацияның тиімділігінің жеткіліксіздігі, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың созылымды күйге көшуі, жұқпалы және паразитарлық аурулардың асқынуы темір тапшылықты анемияның (ТТА), темірдің, йодтың, А дәруменінің және фолий қышқылы тапшылықтарының жоғары деңгейімен байланысты.
Төменде 2011-2014 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша Профилактикалық медицина академиясы және Ұлттық салауатты тағамтану орталығы өткізген микронутриенттердің ұлттық зерттеулерінің нәтижелері келтірілген.
Анемия және ТТА. Жеңіл және орташа дәрежелі анемия 5 жасқа дейінгі балалардың 35,2%; жүкті әйелдердің 43,8% және бала өрбіту жасындағы жүкті емес әйелдердің 39% анықталған. Анемияға шалдыққан адамдардың арасында 52,1% – балалар, 54,5% -жүкті әйелдер, 57,1% – бала өрбіту жасындағы жүкті емес әйелдер.
Анемия дене және ақыл-ой қабілетінің төмендеуіне, босанудағы қан кетуіне апарады, иммунитетті және организмнің қорғаныс күштерін төмендетеді, аурулардың созылымды күйге көшуіне ықпал етеді.
Темірдің тапшылығы. Балалардың 38,1%, жүкті әйелдердің 62,9%, бала өрбіту жасындағы жүкті емес әйелдердің 43,8% – темірдің жеңіл және орташа дәрежелі тапшылығы анықталған.
Темір мидың мыңдаған ферменттерінің құрамына кіреді, қандағы гемоглобиннің маңызды құрамбөлігі. Темірдің тапшылығы кезінде танымдық қызмет бұзылады, теміртапшылықты анемия дамиды, анемияның барлық түрінің ішінде 50% – темір тапшылықты анемия. Темір Қазақстанда ұнды құнарландыру қоспасының құрамына кіреді.
Йодтың тапшылығы. Балалардың 21%, жүкті әйелдердің 20,5%, бала өрбіту жасындағы жүкті емес әйелдердің 23% – йод тапшылығының жеңіл дәрежесі анықталған.
Йод – қалқанша без гормонының маңызды құрамбөлігі, йодтың тапшылығында алуан түрлі және көптеген алмасу бұзылыстары дамиды. Йодтың тапшылығында жүктілік кезінде ақыл-ойы кешеуілдеген сәбилер дүниеге келуі мүмкін.
Қазақстан аумағының негізгі бөлігі қоршаған ортасында йодтың мөлшері төмен биогеохимиялық өлкелерге жатады. Қазақстанда тағамдық тұз йодталады, республикадағы үй шаруашылықтарының 90% астамы сапалы йодталған тұзды тұтынады. Қазақстан халықаралық ұйымдармен сертификатталған және тұзды йодтау мәселесін шешкен ел ретінде танылған.
Фолий қышқылының тапшылығы. Балалардың 12%, жүкті әйелдердің 8%, бала өрбіту жасындағы жүкті емес әйелдердің 5,3% фолий қышқылығы тапшылығының (ФҚТ) жеңіл дәрежесі анықталған.
ФҚТ анемияның дамуына апарады, туа бітетін ақаулардың тікелей себебі, және Қазақстан халқының өлім-жітімінің басты себебін құрайтын қан айналымы жүйесінің (ҚЖА) және атеросклероздың дамуына едәуір дәрежеде ықпал етеді. Фолий қышқылы Қазақстанда ұнды құнарландыру қоспасының құрамына кіреді.
Феруза Еркебекқызы Оспанова, ҚТА ғалым хатшысы, ҰСТО бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор.
– А дәруменінің организмдегі қызметі көбею және өсу, эпителийлік және сүйек тінінің жетілу үрдістерімен, иммунологиялық статусты және көру қызметін (фоторецепция) қолдаумен байланысты.
А дәруменінің тапшылығы көрудің төмендеуіне және жоғалтылуына, респираторлық ауруларға, асқазан-ішек, тері және несеп-жыныстық инфекцияларға шалдығудың артуына, сондай-ақ, иммунитеттің төмендеуіне және бес жасқа дейінгі балалардың балалық шақта кең таралған аурулар – жіті респираторлық инфекциядан, қызылша мен диареядан болатын өлім-жітімді едәуір арттыруына апарады. Осыған байланысты А дәрумендік тапшылықтың алдын алу балалардың аурушаңдығын және өлім-жітімін азайтуға бағытталған аса маңызды бағдарламалардың санатына жатады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша 2011-2014 жылдары ПМА және ҰСТО өткізген микронутриенттердің биомониторингінің нәтижелері бойынша Қазақстанда А дәруменінің тапшылығы (АДТ) 5 жасқа дейінгі балалардың 23,2% анықталған. Қан сарысуындағы А дәруменінің шекаралық деңгейі балалардың 35,4%; ал тек 41,4%-да қалыпты деңгейі анықталған.
Қазақстанда А дәрумені тапшылығының деңгейі (АДТ) 6-59 айлық жастағы балалардың арасында АДТ мәселесін ДДҰ қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғары мәнді санатына жатқызу критерийі ретінде белгілеген 20%-дық шегінен асады, яғни, АДТ Қазақстанда денсаулық сақтаудың маңызды мәселесі.
2012 жылдағы зерттеулердің мәліметтері бойынша 6-59 айлық жастағы балалардың арасында А дәрумені тапшылығының орташа таралуы қазақстандағы екі пилоттық облыстарда (Ақмола және Қостанай) 21% болған, оның ішінде, 20,4% – орташа АДТ, 0,6% – ауыр АДТ. 6-59 айлық жастағы балалардың едәуір бөлігінде ретинолдың (А дәруменінің) шекаралық деңгейі: 39,1% – Ақмола және Қостанай облыстарында, 49,4% – Қызылорда облысында (2013 жылдың деректері) болған.
А дәруменінің орташа тапшылығы 2014 жылы екі пилоттық облыстардың аудандарында (Алматы және Ақтөбе) тексерілген балалардың 40%-да анықталған, А дәрумені мөлшерінің орташа деңгейі 24,24 мкг/дл құраған (ұсынылатын нормасы ³30 мкг/дл ). Қазақстанның А гиподәрумендігі бойынша мәселесі бар облыстарында 2012-2014 жылдары АДТ бар балаларда А дәруменімен сапплементация жүргізілген, нәтижесінде сапплементацияланған балаларда АДТ жойылған.
Шәміл Сағынұлы Тәжібаев, ҚТА вице-президенті, ҰСТО бас ғылыми қызметкері, медицина ғылымының докторы, профессор.
– Ана сүтімен қоректендіру – жаңа туған сәбилерді толыққұнды тамақтанумен және қорғаныс факторларының кешенімен қамтамасыз ету арқылы тірі қалуының эволюциялық қалыптасқан механизмі. Ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және септестік ету бойынша Халықаралық Бағдарламаны жаһандық деңгейде тәжірибеге енгізу соңғы екі онжылдықтың барысында балалардың өлім-жітімін азайтуға белгілі үлесін қосты.
Қазақстанда ана сүтімен қоректендіру. Баланы алғашқы ерте емізу лактацияның қалыптасуын қамтамасыз етуімен қатар сәбилердің өмірін сақтауда да маңызды. Ұлттық салауатты тағамтану орталығының мәліметтері бойынша 2012-2014 жылдары Қазақстандағы перзентханаларда 93% алғашқы ерте емізу орын алған. Медицина қызметкерлері жүктілік кезінде тексерілген барлық әйелдердің шамамен, 62% – 78% перзентханада немесе перзентханадан шығуында сәбилерін емізуге үйреткен. Медицина қызметкерлері әйелдердің 75-84% ерте емізуге, баланы емізуге дұрыс орналастыруға, дұрыс емізуге үйреткен. Медицина қызметкерлері әйелдердің 62-80% перзентханада бөлек болуында емізуге және лактацияны қолдауға, ана сүтін дұрыс сауып алуға, ана сүтінің мөлшерін көбейту үшін лактацияны ынталандырудың физиологиялық әдістеріне, қосымша қоректі дұрыс енгізуге және сәбиді емшектен дұрыс айыруға үйреткен. Перзентханада сәбиімен бірге, бір палатада респонденттердің 75% болған, сәбиге емізігі бар бөтелкелерді 23%, бос емізіктерді 24% берген.
Қазақстанда сәбилердің жоғары өлім-жітімінің басты себептері – респираторлық аурулар мен диарея. Оны ана сүтімен қоректендіру және емшектен айыру тәжірибесін жақсарту арқылы едәуір азайтуға болады. Мысалы, 6 айлық жасқа дейінгі сәбилерді тек ана сүтімен қоректендіруді тәжірибеге енгізу диареяға және респираторлық инфекцияларға аурушаңдықты және олардан болатын өлім-жітімді бірнеше есе азайтады. Біздің мәліметтеріміз бойынша, Қазақстанда 6 айлық жасқа дейінгі балалардың 52% тек ана сүтімен, 12% көбінесе, ана сүтімен және 27% аралас, 9% -жасанды түрде қоректендіріледі.
Ана сүтімен қоректендіру емізетін әйелдің өзінің организміне оңтайлы әсер етеді. Жаңа туған сәбиді алғашқы ерте емізу – босанудан кейінгі қан кетудің алдын алудың және тоқтатудың физиологиялық әдісі, баланың жолдасының тез шығуына ықпал етеді. Емшек емізу жатырдың және басқа репродуктивті ағзалардың физиологиялық қалпына келуіне ықпал етеді, босанудан кейінгі аменореялық үзілістің ұзақтығын арттырады, ал лактациялық аменорея әдісі (ЛАӘ) – отбасын жоспарлаудың тиімді физиологиялық құралы. Әйелдердің 61 % лактациялық аменорея әдісі туралы біледі және 55% осы әдісті қолданған. Емшек емізу әйелдерді анемиядан, сүт безінің, аналық бездің, жатырдың қатерлі ісіктерінен қорғайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2012-2014 жылдарғдағы «Ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және септестік ету» республикалық бағдарламасын жетілдіру және жүзеге асыру, медициналық қызметкерлерді оқыту, ауруханаларды сертификаттау және қайта сертификаттау бойынша жұмыстарды ұдайы жүргізу» тапсырысы шеңберінде Қазақстанда ана сүтімен қоректендіруді ілгерілету бойынша көлемді жұмыстар жүргізілген. Алматы қаласындағы № 2, 1 және 3 перзентханаларды «Сәбиге мейірлі қарым-қатынас» халықаралық критерийлеріне сәйкестікке қайта сертификаттау жүргізілген. Республика көлемінде емізу бойынша ақпараттанудың, білім мен машықтың деңгейі, сондай-ақ, бала өрбіту жасындағы әйелдердің тамақтану жағдайы, емізу сипаты, ана сүтімен қоректендіруді, қосымша қорек енгізуді және емшектен айыруды қоса, емшектегі және ерте жастағы сәбилердің тамақтану жағдайы, дамуы мен денсаулығы анықталған. Қазақстан Республикасындағы босануға жәрдемдесетін және балаларға арналған емдік-профилактикалық мекемелерде ана сүтімен табысты қоректендірудің 10 қадамының әрқайсысының тәжірибеге енгізілу деңгейі және енгізудегі олқылықтары бағаланған.
Датхабаева Гаухар Көбенқызы, ҰСТО атқарушы директоры, биология ғылымының кандидаты.
– Көптеген ғылыми зерттеулер көрсеткендей, адамның тағамдық рационы көбінесе, оның тамақтану мәселесіндегі сауатталық деңгейіне тәуелді: көбірек ақпараттанған адамдар дұрыс тамақтануға тырысады. Керісінше, адамның тамақтануының мәнді бұзылыстарының бірі – тамақтанудың денсаулыққа әсері және салауатты тамақтану ұстанымдары туралы танымының төмен деңгейі. Сәйкесінше, халықтың тағамдық рационын сауықтыру бойынша пәрменді құралдардың бірі – адамдардың салауатты және қауіпсіз тамақтану мәселелеріндегі хабардарлық деңгейінің артуы. 2011-2015 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік Бағдарламасының шеңберінде халықпен көлемді ағарту жұмыстары жүргізілген және қазіргі уақытта жалғасын табуда. Дұрыс тамақтану мәселелері бойынша халықтың ақпараттану деңгейін анықтау, халықтың тағамдық мінез-құлығын бағалау үшін ҰСТО 12 мақсаттық топ арасында сұрастыруды жүргізді. Бірінші рет сұрастырылғаннан кейін бір жыл өткенде қайта сұрастырылған мектеп оқушыларының, жоғары және орта оқу орындары студенттерінің, бала өрбіту жасындағы әйелдердің (18-49 жастағы), еңбекке қабілетті жастағы ерлердің (18-60 жастағы), егде адамдардың (60 жастан асқан), мектепке дейінгі балалар мекемелері тәрбиешілерінің, мектепке дейінгі балалардың ата-аналарының ақпараттануында және тағамдық мінез-құлығында оң өзгерістер байқалған.
Салауатты тамақтану және оның ұстанымдары, дәрумендер мен минералдардың жетіспеуінің салдары, белгілі бір тағам өнімдерінің зияны туралы дұрыс түсінігі бар респонденттердің пайызы: 13% – 90% болған, сұраққа және мақсаттық тобына байланысты. Орташа көрсеткішпен алғанда, респонденттердің жартысына жуығындың салауатты тамақтану тәртібінің ұстанымдары туралы түсінігі болған: «күнделікті белгілі бір уақытта тамақтану» – 50,6%, «күніне 3-5 рет тамақтану» – 49%, «кешкі асты ұйқыға дейін 2,5-4 сағат бұрын ішу (ұйқтар алдында ішпеу)» – 40,2%. Сұрастырылғандардың жоғары пайызы (73,5%) үйлесімді тамақтануды сипаттайтын мысалды дұрыс көрсеткен. Респонденттердің жүрек-қантамыр ауруларының алдын алудағы көкөністер мен жемістердің ролі туралы көбірек хабардарлығы байқалған (71%), ал тазартылмаған өсімдік майларының (27,4%) және балық майының (22,3%) аталған аурулардың алдын алудағы ролі жайында азырақ білген. Аталған ауруларды туындатудағы транс-майлардың ролі туралы респонденттердің шамамен, – 20%, ал газдалған тәтті сусындардың үлесі жайында 17,1% білген. Аталған ауруларды туындататын басқа тағам өнімдері (майлы ет, қант, кондитерлік өнімдер, рациондағы тұздың көптігі) туралы 30,9% – 49,8% адам білген. Осылайша, халықтың ақпараттану деңгейінің деңгейін орташа деп сипаттауға болады.
Жалпы, тағамдық рационды және тағамдық мінез-құлықты қанағаттанарлықсыз атауға болады. Респонденттердің 59,4% ғана көкөністер мен жемістерді күнделікті тұтынады, 25% – құрамында транс-майлар (маргарин, т.б.) бар өнімдерді күнделікті, 36,6% – аптасына бірнеше рет тұтынады, бұл денсаулық үшін қауіпті. Халық алмастырылмаған қанықпаған май қышқылдарының құнды көзі болатын тазартылмаған өсімдік майларын жеткіліксіз тұтынады: респонденттердің 26,4% – күнделікті, 28% – аптасына бірнеше рет тұтынады. Әр 7-ші оқушы (15%) қалтасындағы ақшасын газдалған тәтті сусындарға жұмсайтындығы алаңдатады.
Алынған деректер ақпараттанудың тағамдық рационға әсерін растайды. Атап айтқанда, тағам өнімдері саудасымен айналысатын еңбеккерлерге қарағанда БАҚ өкілдерінің хабардарлығы көбірек болған және денсаулық үшін оңтайлы тағамдық мінез-құлық танытқан. Мысалы, денсаулыққа зиянды өнімдерді күнделікті немесе аптасына бірнеше рет тұтынуын қарастыруда БАҚ өкілдерінің пайызы сауда еңбеккерлеріне қарағанда аз болған, мысалы, сәйкесінше, маргаринді (16,1%; 21,8%), кондитерлік өнімдерді (24%; 32,2%), газдалған тәтті сусындарды (13,4%; 26,8%), шұжықтарды (7,5%; 11,3%).
«Саламатты Қазақстан» Бағдарламасы орындалған кездегі халықтың салауатты тамақтану туралы хабардарлық деңгейінің өзгерісі туралы айтсақ, қайта сауалнамаға тарту мәліметтерін талдау келесі қорытындыға әкеледі: халықтың хабардарлық деңгейін арттыру бойынша ағарту жұмыстары тұрақты, оң нәтиже беруде.
Әр мақсаттық топтарда салауатты тамақтанудың жеке мәселелері бойынша хабардар болғандар саны 2%-дан 50%-ға дейін өскен. Атап айтқанда, денсаулық үшін пайдалы тағам өнімдер, темір тапшылықты анемияның және йод жеткіліксіздігінің салдары, фаст-фудты шамадан артық тұтыну салдары туралы балалардың ақпараттану деңгейі артқан. Мысалы, 2011 жылы оқушылардың 53,6% – чипсі және толтырғышы бар зауыттық қытырлақ нандардың денсаулыққа зиянды өнімдерге жатқызылуын білген, ал 2013 жылы бұл туралы хабардар балалардың пайызы 7,7%-ға өсіп, 61,3% құраған. Фаст-фудты (13,5% – 2011 ж. және 20,6% – 2013ж.), газдалған тәтті сусындарды (37,1% – 2011ж. және 45,1% 2013ж.) рационда неғұрлым шектеу – салауатты тамақтану ұстанымдары санайтын әйелдердің саны артқан. Темір тапшылықты анемияның себеп-салдары, йод жеткіліксіздігінің түсік тастау және сәбилердің өлі тууы секілді салдары жайында әйелдердің ақпараттануы артқан (9,1% – 2011 ж., 13,3% – 2013ж.). Халықтың сұрастырылған топтарының тағамдық мінез-құлығы да жақсы жағына қарай өзгерген. Мысалы, фаст-фудты тұтынбауға тырысатын балалардың саны екі еседей өскен және 65,73% құраған (2011 жылы- 34,3%). 2011 жылға қарағанда 2013 жылы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа жұмсайтын оқушылар 3,7%-ға кем болған.
Қазіргі уақытта студенттер мен еңбек ұжымдарында дәріс оқумен, оқушыларға тренинг өткізумен, басқа да іс-шараларды өткізумен қатар ғаламтордағы әлеуметтік желілерде «Мен салауатты тамақтануды таңдаймын!» ғаламтор-қоғамдастығы құрылып, ірі ағарту кампаниясы жүргізілуде (Фейсбук, Вконтакте, Инстаграмм, Твиттер, Мой мир, Одноклассники). Кампанияны белгілі қазақстандық блогшылар қолдауда. Дұрыс тамақтанбау салдарынан пайда болатын аурулардың алдын алу туралы біздің мақалаларымызды өздерінің беттерінде республикалық газеттер жариялайды, мысалы, «Ана тілі», «Караван», «Ұлан», «Дружные ребята».
Бүгінде орын алған тағамдық мінез-құлық балалық шақтан басталып, жылдар бойы қалыптасқан, оны өзгерту үшін жалпы жиынтық деңгейінде ондаған жылдар қажет. Тағамдық мінез-құлықтағы оң ілгерілеу тамақтануға қарым-қатынасты өзгертуден, тамақтану мәселелеріндегі білім деңгейін арттырудан, тамақтанудың денсаулық үшін аса әсерлі факторы екендігін түсінуден басталады. Халықтың салауатты тамақтану бойынша ақпараттануын айтарлықтай арттыру, денсаулықты меңгеруде тамақтанудың маңызын халықтың мойындау дәрежесін күшейту, халықтың салауатты тамақтану рационын және тағамдық дұрыс мінез-құлықты таңдауында оңтайлы жағдай жасау үшін әр деңгейде көп жоспарлы жұмыс атқару және көптеген министрліктер мен мекемелердің сектор аралық өзара тығыз әрекеті қажет. Сонымен қатар, денсаулық сақтаудың әлемдік тәжірибесі дәлелдегендей, ағарту қызметі, салауатты мінез-құлық машықтарын енгізу бойынша жұмыстар сәйкес іс-шараларды ұзақ, тұрақты және ұдайы жүзеге асырғанда; бүкіл өмір бойы бағдарланғанда; іс-шаралардың жүкті және емізетін әйелдерді, бала өрбіту жасындағы әйелдерді, жас, орта және егде жастағы адамдарды қоса алғанда, халықтың барлық жыныстық-жастық санаттарына арнайы арналуында тұрақты нәтиже береді. Бұл орайда өскелең ұрпаққа, олардың тәрбиесінде тікелей қатысатын адамдарға (ата-аналар, медицина қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері, т.б.) көбірек назар бөлінуі тиіс. Осы маңызды міндетті жүзеге асыруға халықтың кең топтарымен байланыстыратын буын ретінде білім беру қызметі, барлық буыны мен деңгейін қоса (мектепке дейінгі, мектептегі, т.б.), медициналық қызмет, бұқаралық ақпарат құралдары, басқа да ұйымдар тартылуы тиіс.
Баспасөз барысында Шарманов Төрегелді Шарманұлы мен оның әріптестері журналистер қауымы қойған барлық сұрақтарға толық жауап қайтарды. Кездесу жоғары деңгейде өтті. Жиналысқа қатысушылар «Түгел баспасөз клубының» жұмысына риза болды.
Алтынай Қашағанова
12.11. 2015 жыл. Астана қаласы