Жігітте де жігіт бар,
Азаматы бір бөлек!
Жылқыда да жылқы бар,
Қазанаты бір бөлек!
1. Ат – ер қанаты
Алтай мен Атыраудың, Еділ мен Жайықтың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр даланы мекендеген киіз туырлықты қазақтың өмірінде жылқы малының алатын орны ерекше. «Ат», «жылқы» деген сөз қазақ даласының екінші атауы, есімі тәрізді. Сонау ықылым заманнан бергі үздіксіз жүріп жататын түрлі қақтығыстардың негізгі себебі – жер емес пе? Жан түршігерлік жаугершілік соғыстардың барлығы да жер үшін болды емес пе. Сол бір қиын кезеңдерде шығысындағы аузынан от шашқан аждаһа – Қытай мен солтүстігінде аюдай ақырған – орыстың ортасындағы қасиетті атамекенін қазақ халқы ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қалай қорғады? Олар елін, жерін сыртқы жаулардан қорғау мақсатында көшіп-қонып жүру үшін жалпы тұрмыс-тіршілігінің барлық жағдайларында төзімді, жүйрік аттарды пайдаланған.
Ел қорғаған қазақ батырларының астында өзінің сенімді серігі аты болған. Әріден бастасақ: Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қара қасқасы, одан беріде Исатайдың Ақтабаны, Аманкелдінің Шалқасқасы. Міне, осынау хас тұлпарлардың барлығы да жылқы атаулының арғы атасы – Қазанаттың ұрпақтары.
Қазақтың қазанатын жылқы атаулының атасы деуіміздің жөні бар. Өйткені бұған дейін жылдар бойы жүргізіліп келген түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында кең далада жортып жүрген жабайы жылқыларды ең алғаш қолға үйретіп, жауынгерлік көлік ретінде пайдаланған адамзат баласы – біздің арғы ата-бабаларымыз екендігі толық дәлелденген шындық. Оған Ботай қорымы секілді қазба орындарынан табылған ауыздық, үзеңгі секілді ат әбзелдері мен түрлі бұйымдардың табылуы, «жылқының Отаны – Қазақ жері» деген пікірдің ақиқат екендігіне толық дәлел бола алады. Әрі бұл пікірдің шындық екендігін бүгінде әлем, әсіресе Америка, Германия, Франция секілді озық ойлы елдердің ғалымдары толық мойындап отыр. Жалпы түркі әлемін жан-жақты зерттеуші, белгілі түрколог, академик Чингиз Әлиоғлы Әлиев Таулы Карбах, Нахечеван аймақтарындағы жылқы тұқымдарын зерттей жүріп, қазанаттың шығу тегі жайлы қызықты фактілерді кездестіріпті. Осы және басқа да ғалымдардың пайымдауынша, «Қазанат» сөзінің түркі тілінен алғандағы түпкі мағынасы: «Победоносный конь» – «Конь рыцарь», қазақша айтқанда «Жеңімпаз, жауынгер жылқы» деген ұғымды білдіреді екен. Ендеше, сол таза қанды хас тұлпарлар – Қазанаттың тұқымы қайда? Асыл тұқымды жануардан қасиетті атамекенінде тігерге тұяқ қалмауы қалай? Шама-шарқымыз келгенше осы бір сұраққа жауап беріп көрелік.
2. Қазанат та геноцидке ұшырады
Қазақ халқы өзінің өмір жолында қалай мың өліп, мың тірілсе, қазанат та дәл сондай тағдырды бастан кешірді. Тарихи жазбаларда келтірілген дерек көздеріне сүйенсек, өткен ғасырларда, көшпелі қазақтар Астрахань, Түмен, Орынбор маңын еркін жайлаған тұстарда қазақ даласындағы жылқы саны 20 миллионнан асып жығылған. Жылқының көптігі сонша, жалпы санын үйір-үйірлеп, өріс-өрістеп санайды екен. Мінезі шақар, мініске берік, әрі шыдамды, ұзындығы есік пен төрдей омыраулы болып келетін, алып сахараның төсін дүбірге бөлеген қазанат жылқыларының басына нәубет Кеңес үкіметі жылдарында төнгені сол кезеңнің ащы шындығы еді.
Ресей империясының 1916 жылы жүргізген санағы бойынша қазақ жерінде 5 миллион 640 мың жылқы болыпты деседі.
Адам санын, мал санын есептеп санақ жүргізудің үлкен саясат екендігі айтпаса да түсінікті. Ал әр саясаттың астарында үлкен саяси мән-мағына жататыны тағы белгілі. Яғни, Ресей империясы, қала берді кешегі Кеңес үкіметі ат үстінде көшпелі ғұмыр кешкен қазақты өзіне бағынышты етіп, мәңгілік бодандықта ұстау үшін ең әуелі аттан түсіру қажеттігін жақсы түсінген. Олардың бұл жымысқы саясаты Кеңес үкіметі ұйымдастырған «Кіші революция», яғни «коллективизация» кезінде айқын көрініс тапты.
Көшпелі қазақты отырықшы елге айналдыру саясатын өз дәрежесінде толық аяқтап шығу үшін Сталиннің «атышулы» Филипп Исаевич Голощекинді қазақ жеріне алып келгені тарихтан белгілі.
Арада жарты жыл өткенде Сталин Ф. Голощекинді Кремльге шақырып алып:
Иә, залым басшы қазақтардың сан ғасырлық жаугершілік заманда жеңіліске ұшырамай, ұлан-байтақ даланың, қасиетті атамекеннің тұтастығын сақтап қалуының сырын Сталинге осылайша астарлап жеткізсе керек.
Міне, осыдан-ақ 1930-33 жылдардағы ашаршылықта қазақтардың қынадай қырылуына астындағы аты мен алдындағы малынан (қой, сиыр, түйе, жылқы) айырылуы себеп болғанын аңғару қиын емес. Мыңдаған жылдар бойы бірге жасасып келе жатқан сенімді серігінен айырылған қазақтардың қолы жіпсіз байланып абдырап қалды. Сол бір ақтаңдақ жылдары Кеңес үкіметі басшыларының «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деп ұрандата жүргізген құйтырқы саясатының зардабын ауызбен айтып жеткізу қиын. Адамзат тарихында мұндай сұмдыққа толы «ғасыр қылмысы» жасалмаған болар, сірә?!
Сол бір зұлмат жылдары таза қанды қазанат жылқысының тұқымы құрып бітті десе де болады. Әр түрлі деректерге қарағанда Қазақстандағы 5 млн. 640 мың жылқыдан 150 мыңдай жылқы қалған деседі. Оның көпшілігі кешегі аумалы-төкпелі заманда, «кәмпеске» тұсында, шекара асып Қытай, Моңғолия жеріне өтіп кеткені де шындық. Дәл қазіргі у
уақытта таза қанды қазанат жылқыларының тұқымын Іле, Алтай қазақтарының жерінен немесе Қытай елінен ғана кездестіре аламыз.
Қасиетті атамекенінен ауа көшіп Қытай, Шыңжан өлкесі, Моңғолия (Баян Өлгей аймағы) жеріне өтіп кеткен қазақтардың қилы-қилы тағдыры жайлы жазылған әдебиеттер мен тарихи еңбектерден қасақана жасалған жантүршігерлік оқиғалар жайлы фактілерді кездестіруге болады. Әрине, қазақтардың шекараны бұзып өтуі қатерлі іске бас тігу екендігі белгілі. Тәуекел деп, үйір-үйірімен алдына салып айдап, сол қалың нөпір жылқымен бірге өздері де арғы бетке өтіп кетуге тырысқан. Ықылым заманнан бері даланың жүйткіген желімен жарысқан асыл тұқымды қылқұйрықтарды ешқандай қарумен тоқтату мүмкін емес еді.
Шекарадағы застава командирлері ызаға булығып: «Эти дикие казахи могут завтра вернутся, и снова будет нападать» – деп аттылы қазақтардың астындағы аттары мен үйір-үйір жылқыны пулеметпен атып, жусатып салуға бұйрық береді. Сөйтіп үлгергендері жылқыларын өткізіп, үлгермегендері жүгенін арқалап, бала-шағасын қолынан жетелеп, арғы бетке жаяу қашқан, – деседі сол кезді көзімен көрген көнекөз қариялар.
Қазір де Зайсан өлкесінің шекарамен шектесетін аймағынан биік обаларды кездестіруге болады. Бұл ен далада еркін жортқан, кешегі таза қанды қазанат жылқыларының туған жердің топырағында қалған соңғы тұяқтарының сүйектері.
Қысқасы, қазақ секілді қазанат та геноцидке ұшырады. Геноцидтің басы қазақ халқы патшалық Ресей құрамына бодан болып енген тұста-ақ басталды десек артық айтқандық емес. Қазанат жылқы тұқымының қасиетін жақсы біліп алған Ресей патшалығы әскерлеріне ат қажет болған тұстарда мініске берік қазақы жылқыларды өз жерлеріне үйір-үйірімен жөнелтіп жатты. Жылқыларын біздің айғырлармен, биелермен будандастырып, жаңадан жылқы тұқымдарын шығаруға құлшына кірісті. Арғысын былай қойғанда, кешегі Кеңес үкіметі жылдарында Хрущевтің тікелей басшылығымен «Бұл аймақта жүк таситын жылқы өсірген тиімді» – деп ауыр салмақты жылқы тұқымы көбірек өсіріле бастады. Ал, Л.И. Брежневтің тұсында ет-сүт өндіруге көбірек көңіл бөлініп, жылқы тұқымы мүлде құрып кетуге шақ қалды. Қостанай жылқы зауытының жылқылары орыстың «Орлов» жылқыларымен будандастырылып, одан шыққан тұқым «Қостанай жылқысы» атанды емес пе?!
Кезінде қазақ жеріне келіп, кен орындарын игерген ағылшын алпауыттары таза пайдаларынан түскен ақшаға қазанат жылқыларын (жас айғырлар мен байталдарды іріктеп) сатып алып, вагон-вагонымен Англияға жөнелткен кездері де болыпты.
Ал енді тазақанды деп жүрген араб жылқыларын алайық. Олардың да бізге түйеге мініп келгені, атқа мінуді бізден үйреніп, атқа мініп кеткені дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындық. Егер жалпы жылқы атаулының ежелгі қазақ жерінен өсіп-өніп өрбігенін ескерсек, осынау жылқы түрлерінің әрқайсысының бойында қазақтың қазанатының қаны тулап жатыр деп батыл түрде айтуға болады.
Негізінде әлем бойынша 200-ден астам жылқы тұқымы бар екен. Міне, осы жылқы тұқымдары өсіп-өнуде. Екі жүз жылқы тұқымының 10 түрі элиталық жылқы тұқымына жатады. Олар: 1) таза қанды ағылшын жылқылары; 2) араб жылқылары; 3) немістердің ганновер жылқылары; 4) америкалық жылқылар; 5) түркімен (ақалтеке) жылқылары; 6) орлов (рысак) жылқылары; 7) венгер жылқылары; 8) испан жылқылары; 9) ауыр салмақты жылқылар. 10) кавказ жылқылары.
Яғни, ғасырлар бойы адамзат баласының игілігіне айналып, мінсіз қызмет етіп келе жатқан хас тұлпарлардың арғы атасы – Қазанат, Отаны – қазақ жері болса, қазақтың қазанаты неге осы 10 элиталық жылқы тұқымының көшін бастамайды? Жоғалып кеткен, құны өлшеусіз қымбат қазынамыз – Қазанатты тарих тұңғиығынан алып шығып, өзіне тиесілі алтын тұғырына қашан қондырамыз? Жалпы, бір кездері өзгелер құрдымға батырып жіберген қазанаттың бүгінгі ұрпаққа қандай қажеттілігі бар?
3. Біз қазанатқа қарыздармыз
Қазақтың бүкіл бітім-болмысы өзгелерге қарағанда ерекше жаратылған. Көшпелі, жауынгерлік ғұмыр кешкен қазақ – жылқы мінезді. Сондықтан сан ғасырлар бойы жұптасып ғұмыр кешкен қазақ пен жылқыны бір-бірінен бөле жарып қарау әсте мүмкін емес. Қазақ атқа құлын кезінен ноқта кигізіп бас білуге үйреткен. Өз балаларын өжет, батыл болып өсуі үшін қаршадайынан құлын-тайды үйретуге баулыған. Демек, қазақ пен жылқы дүниеге тәй-тәй басып келгеннен-ақ бір-бірімен біте қайнасып өскен. Ендеше, жастарды отансүйгіштікке, елін, жерін, тарихын құрметтеуге баулудың бір жолы – ғасырлар бойғы сенімді серігі жылқы малымен қайта табыстыру. Ол үшін сан ғасырлық тарихы бар ұлттық ат спорты ойындарын қайта жаңғыртып, дамыту қажет.
Бұл ретте Ұлттық ат спорты федерациясының атқарып жатқан ұшан-теңіз игілікті істерін көзбен көріп, ой елегінен өткізгенде «Мың сөзден, бір нақтылы іс артық» деген халқымыздың қағидасы еріксіз еске түседі. Федерация аясында атқарылып жатқан істердің дені федерация президенті Сәдібек Түгелұлының тікелей араласуымен жүзеге асырылғанына қалың ел куә.
Ең бастысы, ол Қазанатты қазаққа қайтарды, қазанат ұғымын қалыптастырды. Оның жылдар бойы көз майын тауысып жазған «Қазанат» кітабы 2006 жылы Мәскеуде өткізілген «Кітап өнері» атты байқауда он екі мемлекеттің ішінен суырылып шығып, жеңімпаз атанды. Сол жылдың 22 наурызында Стамбұл қаласында жарық көрген кітап төрт рет басылып, 5000 данамен қалың жұртшылықтың қолына тиді. Игілікті іс Елбасының назарына ілігіп, нәтижесінде дүниеге ұлттық ат спортын насихаттайтын «Қазанат» және балаларға арналған «Құлыным» журналы дүниеге келді.
Ұлттық спорт түрлерін дүниежүзіне танытып мойындатты. Лондон қаласында өткен әлем бүркітшілерінің 1-ші фестивалінде С.Түгел бастаған қазақтар әлемнің 33 мемлекетінің ішінен суырылып шығып үлкен доданың бас жеңімпазы атанды. Жиырма жылдың ішінде Сәдібек Түгел бастаған ұлтжанды азаматтардың арқасында біраз шаруалар еңсерілді. Алғашқыда ҚР Ұлттық ат спорты федерациясы құрылса, ұйым қазір Ұлттық спорт қауымдастығына айналып, құрамына «Бәйге», «Көкпар», «Бүркітшілер» т.б. 17 республикалық федерацияны біріктіріп отыр.
Не нәрсе де қасиет қонған құнарлы жерде өсіп-өнеді ғой. Атбегілік қасиеті, жылқы баласына деген адал махаббат Сәдібектің бойына елге танымал атбегі, атасы Ұлан мен бар саналы ғұмырын жылқы бағумен өткізген Сәдібек ақсақалдан дарыса керек.
Ақыры не керек, өз еркіммен еңбек ақысы қомақты (көлігі, жүргізушісі, хатшысы бар) лауазымды жұмысты тастап, көк тиыны жоқ Ұлттық ат спорты федерациясына ауыстым. Бұл менің өз шешімім, жүрек қалауым. Мақсатым, қасиетті Қазанатты қазаққа қайтарып беру. Екі мың жылдық тарихы бар ұлттық ат спорты ойындары мен ұлттық өнеріміздің түрлерін өркендету, халықаралық деңгейге шығару, сол арқылы қазақтың қара домалақтарын отансүйгіштікке тәрбиелеу еді, – деген еді Сәдібек Түгелұлы ағынан жарылып.
Иә, атқарылған игі істер елдің көз алдында, соған қарағанда ұлттық спортпен әлемдік аренаға шығуға жол ашылған сыңайлы. Ең бастысы, қазақ ұлтының ат құлағында ойнаған халық екенін барлық ел мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт-санасын, этнографиясы мен тарихын танытамыз.
Түйіндей айтар болсақ, бүгінде 5500 ауылды, 2337 ауылдық округтерді, 163 ауылшаруашылық аудандарын, 80 қала, 16 облысты қамтып ықпалын жүргізіп отырған Ұлттық спорт қауымдастығының алдында шешімін табуға тиіс әлі де талай күрделі міндеттер тұр.
Ең бастысы, елімізде Жылқы институтын ашу керек. Сонда ғана еліміздегі жылқының асыл тұқымды тектерін сақтауға, әсіресе жоғалып кетуге шақ тұрған қазанатымызды қайта қалыптастыруға мол мүмкіндік туар еді. Республикамызда асыл тұқымды жылқы өсіріп баптайтын ондаған жылқы зауыты бар. Десек те, сол зауыттардың тек біреуі ғана, яғни Қостанай (Заречный поселкесінде орналасқан) жылқы зауыты ғана мемлекетіміздің иелігінде. Ұлттық спорт түрлерін өткізетін спорт кешендері, ипподромдар, сайыс өткізетін орындар мүлдем аз. Көбі жеке меншіктің иелігінде. Олар көңілі қаласа беруі мүмкін, тілін таппасаң ипподромның маңына жолатпайды. Ұлттық спорт мамандарын даярлау, іріктеу мәселелері де өте күрделі проблемаға айналып отыр. Ендеше, бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ. Құрамына 17 республикалық федерацияны біріктіріп отырған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына ендігі жерде Үкімет тарапынан қолдау-көмек көрсетіліп, мемлекеттің бақылауына алатын кез жетті. Алдағы уақытта әркімнің көкейінде тұрған ұсыныс тиісті орындардың құлағына жетіп жүзеге асатын болса, өмірге, болашаққа үлкен сеніммен қарайтын, ұлтқа қызмет етуден шаршамайтын азаматтардың қай істі де дөңгелетіп әкетері анық. Оларды алда талай асулар мен белестер күтіп тұр. Ылайым алдағы атқарылар әр істің сәтін салғай?!
Амантай ЕСІЛБАЙ.