Көкбастаудағы қырандар сайысы

Алып Алатаудың бөктеріне орналасқан Көкбастау ипподромы жазда тұлпарлардың тұяғының дүсілімен сілкініп жатса, қыста қырандардың саңқылдаған дауысымен жаңғырығып жатады. Екі күнге созылған «Сонар 2011» қырандардың республикалық чемпионатына 8 облыс пен екі қаланың командалары, яғни 37 бүркіт пен 8 қаршыға қатысты. Табиғат та осы жарыстың өтуіне ерекше ықылас танытқандай жарыстың алдында бір күн бұрын қалың қар түсіп, жарыс өткен 10-11 ақпан күндері, әппақ қар күнге шағылысып жарқ-жұрқ етіп, күн де нұрын төгіп арқаны қыздырып, нағыз бүркітшінің армандайтын қансонары болды да қойды.
Жарысқа басшылықты Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының құрамындағы «Бүркітші» ұлттық спорт федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекқызы, ҚР ҰСТҚ атқарушы директоры Ерназар Әлімбетов және Ұлттық штаттық командалар және спорт резервінің саяткерлік бойынша жаттықтырушысы Зиба Абдуллаева, Алматы облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасының жауапты қызметкерлері жасады. Жарыс – ережеге сай жинақы және әсерлі өтті. Жарысты өткізуге Ұзынағаш ауданының әкімдігі де жақсы дайындық жасағаны көрініп-ақ тұр.
Төрешілер алқасы осы жолы жарысқа келген бүркіттерді қатаң тексеруден өткізді. Бүркіт тұқымдас Саржақ (Қарақұс) құстары да жарысқа келген екен, оларды Андасай мемлекеттік қорығының меңгерушісі, Америкадағы «Ханкинг» аңшы құстар клубының мүшесі, Бүркітші-Натуралист-Этнограф ғалым, белгілі ақын Жапар Тілеужанұлы Сатылғанов: «Қыранның қасына Саржақты қосу ұлтымызға ұят келтіретін жай. Бұрын қосылып жүрсе білместік болған шығар, бұл жолы жарысқа қостыра алмаймыз. Бүркіт- текті құс, жарысқа тек тектілер ғана түскені жөн!» деп оны жарыстан алғызып тастады.
Бірінші кезекте жарысқа қырандар түсті. Алдымен жарыс «Қолға шақырумен» басталды. Құстың иесі 100-150 метр жерде тұрып құсын өзі үйреткен даусқа салып шақырады. Үйренген құс төбенің басынан қалықтап ұшып келіп, иесінің қолына қонуға тиіс.Келесі кезек «Шырға тарту». Яғни, түлкіден жасалған муляжды ұзын жіпке тіркеп алып атты адам сүйретіп ала қашады. Бүркіт қалықтап келіп шырғаны шалуы қажет. Үшінші кезең «Бүркітті қоянға салу» деп аталады. 150 метр жерден жіберілген қоянды төбенің басынан жіберілген бүркіт құлдилап келіп тырнағымен бүріп ұстауы қажет.Ең соңында жарыстың үш кезеңінен мүдірмей өткен қырандар жабайы түлкіге салынды. Бұл ақтық жарысқа жолдама алған құс 7-ақ болды. Жан беру оңай ма. Түлкілер де тісін ақситып, айбар шегіп, қарсы ұмтылып айқасып бақты. Бірақ қыранның біздей тырнағынан қайдан құтылсын.
Ал, қаршығалар қолға шақырылып, кептер мен қоянға түсірілді.
Төрешілер алқасының жұмысын жүйелеп, әр қайсысына нақты тапсырмалар беріп, ұйымдастырған, жарыстың Бас хатшысы Зиба Абдуллаеваның мол тәжірибесінің арқасында, бұл жарыс дау-дамайсыз әділ өтті. Біткен іске сыншы көп, «өйту керек еді, бүйту керек еді» деушілер бұл жолы болмады.
Осы жарыс барысында байқағанымыз, аңшылық құс ұстаумен айналысатын адамдардың көбейіп, олардың арасында жастар санының артып бара жатқаны көңілді өсіріп тастады. Саяткерлік ата-бабамыздан бері келе жатқан, ұлтымыздың маңдайына біткен ерекше өнер. Қыран – ұлттық символымыз, желбіреген көк байрағымыздың қақ ортасында сән беріп тұр. Ұшқыр құс, құмай тазы, жүйрік ат, сұлу келіншек – жігіттіктің символы. Жарысқа көптен сайаткерлікпен айналысып жүрген еліміздегі жалғыз қызымыз Мақпал Әбдірзақова үстіне ұлттық киімін киіп, қолына қыранын ұстап Қарағандыдан келіп жарысқа қатысты. Оған ынталандыру силығы берілді. Және қазақи ою-өрнек салынған ұлттық киіммен қолдарына қаршығаларын ұстап мектептің 4 сыныбының оқушысы Алматы облысының Андықожа ауылынан Тастанбек Байрақ, Жамбыл облысының Өрнек ауылынан 4 сынып оқушысы Бауыржан Шернияз, мектептің нөлінші сыныбының оқушысы, ең жас бүркітші, Бауыржан Тырнияз және басқа да бірнеше оқушылар жарысқа қатысты. Бүркітшілер арасында бас бәйгені Бүркітбай Жасұлан, екінші орынды Исабеков Қуаныш, үшінші орынды Шалипов Медет, төртінші орынды Наурызбеков Бағашар, барлығы да Алматы облысынан, ал, бесінші орынды Ақтөбе облысының бүркітшісі Қошқаров Арман иеленді.
Қаршыға ұстаған саяткерлер арасында бірінші орынды Жамбылдық Бауыржан Шернияз, екінші орынды Алматылық Баетбай Өмірхан, үшінші орынды Жамбылдық Ешметов Ержан алды.
«Алғашқы жарысты өткізгенде Республикалық Чемпионтымызға 7-ақ бүркітші қатысқан еді, осы жарысқа елу шақты құстар келіп отыр. Қатарымыз жыл санап өсіп келеді. Бізді шетелдік әріптестеріміз де танып, құрметтейтін дәрежеге жеттік.
Биылғы жылы Еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қыркүйек айында үлкен мереке болып Өскемен қаласында ҚР ІІІ Ұлттық спорт түрлерінің Фестивалі өтеді. Осы мерекеге біздің бүркітшілеріміз де қатысып халыққа өнерлерін көрсететін болады. Сонымен қатар еліміздің: Алматы, Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Семей мен Көкшетау қалаларында чемпионаттар мен турнирлер өткіу жоспарланып және Қытай, Австрия, Англия, Монғол елдерінен де шақырулар келіп отыр. Біздің бүркітшілеріміз әлемдік қауымдастықтың танымал белді мүшесіне айналды. Әрине, кемшіліктеріміз де жоқ емес, көш жүре түзеледі дегендей, бірлесе отырып бәрін жеңеміз, ҚР ҰСТҚ –ның қолдауымен алда талай асуларды алатындығымызға сенемін. Біздің тәуелсіз, болашағы зор мемлекетіміздің көк байрағын талай елдерде желбірететін боламыз. Алға Қазақстан!» деп аяқтады сөзін Бағдат Мүптекқызы жарыс соңындағы жиында.
Елімізде ұлттық спорттың басқа түрлерімен қатар саяткерлік те жылдан жылға биікке көтеріліп келеді. ҚР ҰСТҚ –ның биылғы қабылдаған «ҚР Ұлттық спорттың өркендеуі» Бағдарламасында 2016 жылы Ұлттық спорт түрлерінен Азия чемпионатын, 2020 жылы Әлем чемпионатын өткізу жоспарланған еді. Осы жарыстарда біздің бүркітшілеріміздің еліміздің Көк байрағын желбіретіп өтетіндігіне әбден сенуге болатындығына көзіміз жеткендей болды.

Альберт Мурсалимов

Сондай-ақ, оқыңыз

Еркін күрес

2016 жылдың 17-18 қыркүйегі аралығында «Жезқазған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ жəне» …