Бүгін, яғни 13 сәуір күні, Республикалық Ұлттық Академиялық кітапхананың акті залында Сәдібек Түгел мен Кеңес Рақышевтің бірлесіп үшінші рет басып шығарған «Қазанат» атты кітап-энциклопедиясының тұсаукесері өтті.
Кітап түрлі –түсті суреттермен безендіріліп көлемі 200 бет, данасы 3000 болып Түркияның Ыстамбул қаласының таңдаулы баспасынан үш тілде басылып шықты.
Бұл кітап – жылқыны құрметтейтін оқырман халықтың қолынан түспейтіп өте құнды шығарма. Бұған дейін де екі рет басылып шығып тез тарап үлгіріп, үлкен сұранысқа ие болды. Кітаптың құндылығы оның терең мағнасында, жылқыға байланысты тарихи оқиғаларды, атбегілер мен бапкерлердің тәжірибелері, көптеген құнды деректерді осы кітаптан табуға болады. Мысалы қазақтың салт дәстүрлері, жылқы тарихы, жылқыға байланысты әдет-ғұрыптары, ойындары туралы баяндалады.
Қазақтың жылқыны қалай қастерлегенін кезінде Ілияс Жансүгіров жырға қосқан еді:
Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан.
Мінсең-ат, ішсең-қымыз, жесең-қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Халқымыз артық көрген атты тақтан,
Қызық-ау біздің бәйге қырда шапқан.
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,
Аттарға шаң шығарып келе жатқан.
Іляс ағамыз қазақтың жанын дөп тауып, әдемі дәл суреттеп, нүктесін қойып кеткен, бұдан артық айту мүмкін емес.
Ұлттық библиотеканың лық толған акті залында еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері: Кәкімбек Салықов, Жекен Қалиұлы, Ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, Нұрқожа Ораз, Марат Набиев, Егінбай Төкен, Жарасбай Сүлейменов, Тұрсын Жұртбай, Думан Рамазан, Кеңес Юсупов, Айбатыр Сейтақ, Ералы Ануарбек, ақын Серік Тұрғынбеков сынды біртуар азаматтары отырды.
Библиотеканың фоесінде Сәдібек Түгелдің шығармашылық туындыларынан көрме жасалып, онда оның шығарған оннан астам кітаптары, «Қазанат» және «Құлыным» журналдарының нөмірлері, «Түгел» газеті, «Қазанат» кітабының 2006 жылы Республикамыздағы ең таңдаулы кітап атанғандағы берілген Сертификаты, және жазушының әр кезеңде еңбектері, шығармашылығы үшін берілген көптеген Алғыс хаттары, Дипломдар, Құттықтау хаттар, Грамоталар, таңдаулы көркем суреттері тізіліп арнайы қондырғыға қойылды.
Залда мәжіліс басталғанша Сәдібек Түгелдің ұйымдастыруымен өткен шаралар туралы фильмдер көрсетіліп, мәжіліс кезінде экраннан слайдтар арқылы жасалған суреттер алмасып жатты.
Тұсаукесер шарасын белгілі қоғам қайраткері, атбегі Марат Набиев ашып жүргізіп отырды.
Сәдібек Түгел «Қазанат» кітабының шығу тарихына тоқталып өткен соң, өткен жылы ашылған «Құлагер» ескерткішін салуға өз мүмкіндігінше жанжақты, көмектескен азаматтар: Кәкімбек Салықов, Жекен Қалиұлы, Фариза Оңғарсынова, Нұрқожа Ораз, Марат Набиев, Егінбай Төкен, Жарасбай Сүлейменовке арнайы жасатқан «Құлагер» медалімен оның Сертификатын тапсырып жатса, Сәкеңнің мектеп жасына дейінгі кішкентай немерелері марапаттанушыларға гүл ұсынып жатты. Матапаттанушылар бірін соң бірі мінберге шығып Сәкеңнің өз қолымен жүзеге асырып жатқан игі істеріне тоқталып жылы лебіздерін жолдады. Кәкімбек Салықов ағамыз: «Мен ат қойғыш адаммын, Сәдібекке де ісіне риза болып көңілімнен шыққан соң қойған атым «Түптүгел» болатын. Себеп, шығармашылық төңірегінде жүрген адамдардың көңілденіп отырғанда үйіп-төгіп берген уәдесі, артынан жел сөз болып қалатын еді. Сәдібектің жақсы қасиеті еш уақытта бос сөйлемейді, ойланып сөйлейді де, сөзін уақытында жүзеге асырып отырады. Әр қашанда ісі де, сөзі де түгел адам. Бір-ер жыл бұрын Құлагерге ескерткіш ашу қажеттігі туралы ойын айтып, біздерді, Астанадағы жасы үлкен зиялы дегендерді жинап алып ақылдасты. Кейбір адамдар оған себеген де еді. Ал Сәдібек жасаймын деді, жасады. Әне, жолдың бойында зәулім тамаша ескерткіш тұр. Ісіне қалай риза болмассың. Қасынан өткен сайын Сәдібекті еске алып батамды беріп өтемін. Бақытты бол, халқыңа жасаған қызыметің жақсылық болып қайтсын. Сен ел басқаруға лайықты азаматсың!» деді ағамыз. Одан кейінгі сөйлеген шешендер де, Сәдібектің адресіне көптеген адамның жанын семіртер жақсы тілектерін жаудырды.
Аталарымыздың «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» дегеніндей, аузы дуалы зиялылардың шын ықыласымен берген батасы Сәкеңе нұр болып жауғай!
Осы тұсаукесерге келген адамдарға Сәкеңнің «Қазанат», «Ертуған», «Құлагер құдыреті», «Қайдасың қазағымның қазанаты» атты кітаптары мен «Қазанат» және «Құлыным» журналдары таратылды.
Марапаттаудың соңынан екінші тұсаукесер Мәдениет қайраткері Нұрлыбаева Аиданың құрған «Қазанат» атты этнографиялық-фольклерлық ансамблінің тұсаукесер тұңғыш концерті қойылды. Ансамбль, концертін Түркештің «Көңілашарымен», Құрманғазының «Балбрауын», «Адай» күйлерімен бастап, Нұрғисаның «Ата толғауымен» аяқтады. Ансамбль концертін бір деммен бастап, бір деммен аяқтап, көрермен қауымды риза етіп, батасын алды. Аиданың «Қазанатына» Қазанаттың шабысы, көркемдігі, жақсы қасиеттірі дарып ұзақ шапсын дейміз!
Фоторепортаж
Альберт Мурсалимов –ҚР Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының атқарушы директоры.