Таяуда, астанамыз Астанада, ҚР ҰСТ Қауымдастығының вице-президенті, жазушы Сәдібек Түгел мен ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың басшылығымен, барлық облыстардың ҰСТ Қауымдастығы филиалдары басшыларының, облыстық Ұлттық спорт мектептерінің директорларының, ҚР Спорт комитетінің бас сарапшысы Мақсат Қойшыбаевтің қатысуымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлерінің ІІІ Фестивалін өткізу мәселесі талқыланды.
Иншалла, Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде жылдан жылға төл спортымыз өрлеп келеді, өткен жылдың өзінде 4 Ұлттық спорттының жаңа түрлерінің федерациялары құрылып олардың саны 25-ке жетіп отыр. Үстіміздегі жыл біздің елімізде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлаумен өтпекші. Яғни жылдың әр күні мен айы мерекемен өтіп жатуы керек.
Биыл өткізілетін Ұлттық спорт түрлерінен 50-ге тарта шаралардың ішінде маңыздысы, ерекше атап өтетін шара – Ұлттық спорт түрлерінің ІІІ-ші Фестивалі. Фестивальда Ұлттық спорттың 22 түрінен: Ат жарыстары:аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс, жорға жарыс, түйе жарыс, көкпар, аударыспақ-сайыс, қыз қуу, теңге ілу, тоғыз құмалақ, хан дойбысы, қазақ күресі, алыпсоқ, жұдырықтасу, жекпе-жек, алаш алыспағы, ержігіт ойыны, бүркіт-қыран т.б. түрлерінен жарыстар өткізіліп, сұлу жылқы, әсем киіз үй, ұлттық тағам, ұлттық киімдер байқауын өткізу белгіленді. Жарыстар еліміздің барық ауылдарында, аудандары мен қалаларында, облыс орталықтарында және ақтық жарыс Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің өтініші бойынша Өскемен қаласында өтеді.
Фестивальді жоғары деңгейде, мейілінше спортшылар мен халықты қөбірек қамтып бүкілхалықтық мереке қылып өткізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, барлық облыс әкімдеріне тапсырмалар берді. Ал ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті барлық аудан, қала әкімдеріне осы шараға үлкен мағна беру қажеттігі туралы хат жолдады.
Еліміздің халқы қоғамымызда болып жатқан Ұлттық спорттағы өң өзгерістер мен жеткен табыстарды өз көздерімен көріп, өз жүректерімен сезініп, тек сырттан тамашалаушы ғана емес соның бел ортасында жүрген қатысушы болуы қажет. Ұлттық спорттың тірегі ежелден ауыл болып келген, болып қала да береді. Қай заманда да елімізді әлемге танытқан белгілі спортшылар ауылдан шыққан болатын. Сондықтан, ұлттық спортты дамыту үшін алдымен ауыл спортын көтеру керек. Ауылдың тасада қалып қоймауына көп көңіл аударып, ондағы әрбір өтіп жатқан ұлттық спорт шараларын есепке алып, жергілікті басшылардан сұрап отыру, бұл жерде, республикамыздың қай түкпірінде де елдің тірегі, ұйымдастырушысы, жанашыры, ұйтқысы болып жүрген әкімдер мен «Нұр Отан» ХДП –ның жергілікті жердегі филиал жетекшілері мұрындық болып, Елбасымыздың биылғы жылды мерекемен өткізу туралы сөзі жерде қалмауын қамтамасыз етуі керек.
Ендігі бір ауыл халқын елең еттірер қуанышты жаңалық ҚР Ауыл шаруашылық министрі мен ҚР Туризм және спорт министрлігі арасында Мемарандумға қол қойылып, биылдан бастап бұрын болған «Қайрат» ерікті спорт қоғамы қалпына келтірілетін болды. Бұл жұмысқа қолға алған Ауыл шаруашылық министрлігі.
Альберт Мурсалимов -ҚР Ұлттық ат спорты түрлері федерациясының атқарушы директоры.