Достық туралы терең түсіну

Астана қаласы,
№68орта мектеп,
Торебекова Раушан Толыбаевна.

 Мен тәжірибе кезінде өткізген кезекті сабағымда  «Достық» тақырыбын өткіздім.  Бұл менің тәжірибе кезінде таңдап алған үшінші сабағым болатын.  Сабақты оқушылардың көңіл күйін көтеру, сабаққа деген қызығушылықтарын  арттыру  мақсатында  оқушылармен  шаттық шеңберін  ұйымдастырдым.   Шаттық шеңбері  «Достан бір тілек»   деп  аталады. Мақсаты  оқушылардың сөздік қорын байқау,тақырып бойынша білетіндерін жинақтау болды.  Оқушылар бірі-біріне жылы сөз білдіріп тілек айтады. Шаттық шеңбері  сәтті шықты деп ойлаймын. Себебі, сабақтың тақырыбы «Достық» болғандықтан  балалардың жанына жақын болды.  Қорыта айтқанда бір-біріне деген мейірімділік,  қайырымдылық  сезімдері   одан әрі жанданып, бір біріне қарым қатынасы одан әрі артты. Содан кейін балаларды «Кемпірқосақ»  әдісі арқылы топқа бөлдім. Оқушылар  кемпірқосақ түстерін өздеріне ұнағанын таңдап алып бірдей түс бойынша бірігіп орындарына отырды. Топқа бөлінуде оқушылар алдыңғы сабақтағыдай емес реттелген  Сонымен, мұғалім мен оқушылар арасындағы сенімнің арқасында сынып оқушылары ІІІ  топқа бөлініп бір-бірімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын болды. 

Сабақтың кіріспесін сыни тұрғыдан ойлау модулін қолдана отырып  ой шақыру мақсатында  «Балалар, мына тағамды татып көріңдерші, дәмі туралы не айтар едіңдер?»  деген сұрақпен  бастадым . оқушылар тағамның  дәмсіз тұзсыз болатынын  айта бастады. Осы жерде  оқушыларға доссыз адамды да осы тағамға ұқсатуға болатынын айтып «ДОС» сөзіне дәм кіргізуге шақырдым. Ол үшін мынандай тапсырма бердім.
– Сонымен, балалар, «Доссыз адам – тұзсыз тағам!» деп бекерге айтылмаған. Ендеше, «ДОС» сөзіне дәм кіргізейікші, ол қандай болу керек, ол кім? Оның қазір көркі болмай, шуақсыз көңілсіз күндей, оған қасиеттер кіргізіп нұрын шашардай күндей етейікші деп  тақтада берілген күн «ДОС» сөзіне «шуақтарын» жазуларын сұрадым. Оқушылар өздері білетін сөздер күннің айналасындағы шуақтарға жаза бастады.   Менің бұл қолданған әдісім сәтті шықты. Оқушылар  бұл тапсырманы қызыға орындады.

Осы жерде оқушылардың ойын жинақтау мақсатында АКТ-ны қолдана отырып «Достық»  туралы бейнекөрсетілім көрсеттім. Көрсетілімнен оқушылар жақсы әсер алды.

Тапсырманы орындап болған соң ойды байланыстара отырып Сергіту жаттығуын орындаттым.
Жолдас Адам, сыр бөлісетін адам сенімді ДОС көмекші, мені өте жақсы түсінетін адам    қамқоршы қиындықта бірге болар   қандай жағдай болмасын бірге болатын адам
Ендеше, бір – бірімізбен қол алыса отырып, өз ұранымызды айтайықшы.
Дос болайық бәріміз,
Жарассын достық әніміз.
Иықтасып жүрейік,
Қиындықта бәріміз. (қимылмен көрсету ).    Сергіту жаттыуын жасап болған соң   «Дос деген кім?» сұраққа  Ассоциация құруды ойластырдым да әр топқа кластер құруды тапсырдым. Кұрған кластерлерін «Екі жұлдыз бір тілек» әдісі арқылы бағаладым.
Бұл әдіс мен үшін  әрі сәтті , әрі сәтсіз болды. Сәтті болғаны оқушылар бір-бірімен  диалогтық қарым – қатынас орнатуға мүмкіндік алды. Ал сәтсіздігі оқушылардың сөздік қорының аздығы, кейбір оқушының ойлау қабілетінің төмендігі және бір бірімен таласып шулаңқырап кеткендігі кедергі болды.

Мағынаны тануда  «Мен  айтайын…», «Өз пікірім…» жаттығуларын және сөйлемді аяқта…   әдісін    қолдандым.

І топ   «Мен айтайын…» жаттығуы.  Бұл жаттығуда төменде берілген сұрақтарды басшылыққа ала отырып, балалардың «достық» жөніндегі ойларын білу.
–  Достық дегенді қалай түсінеміз?

-Кей бір адамдардың бір-бірімен өз ара тіл табысуы , жақын болуы деп жауап берді
– Досың бар ма? Ол кім? дегенде әр оқушы өз достары жайлы  айта бастады. Бұл сұрақ арқылы оқушылардың бір –бірімен қандай қарым қатынаста екенін байқауға болады.
–  Достық шынайы сезім бе, әлде жай ұғым ба?

Деген сұраққа оқушылардың барлығы бір ауыздан шынайы деп жауап берді.
– Достық жасқа байланысты ма?  Бұл сұраққа көпшілігі  «ия» деп жауап берді. Ал  Ботагөз деген оқушы «Жоқ» деп жауап беріп өзінің анасымен және бауырларымен  дос екенін айта кетті. Көпшілігі өздерінің бірге ойнайтын өзімен жастары тең балаларды атады.
– Қыз бала мен ер баланың арасында достық бола ма?
– Жақсы дос, жаман дос қандай болады.

Бұл сұраққа келгенде оқушылар ойланып барып жауап беруге тырысты. Дамира деген оқушым Досты  жақсы, жаман деп бөлуге болмайтынын, жаман деп есептейтін адаммен ешқашан дос бомайтынын айтып дәлелдеуге тырысып жатты.
– Досыңыздың басына қиындық түсті не істейсіз?
– Жақсы достың мінезі қандай болады (Дос мінезі: Адал. Қайырымды. Салмақты. Сабырлы. Ақылды. Қарапайым. Кешірімді. Төзімді. Мейірімді. Адамгершілігі мол. Жомарт. Кішіпейіл.)?
Бұл тапсырмада оқушылар сұрақтарды бөліп алды. Әрқайсысы өздеріне берілген сұрақтардың жауабын дайындап топта ортаға салды. Өзара сұрақтарды талқылап жауаптарын біріктірді. Постер қорғауға өз араларынан көшбасшы дайындады.  Бұл жерде мені таңқалдырған оқиға   «Досыңыздың басына қиындық түсті не істейсіз?»   деген сұраққа Ерасыл өзінің  қалай көмектесетінін айтып жеткізе алғаны болды. Өйткені Ерасыл мүлде сөйлемейтін, бала болатын.   Мүмкін топпен бірлесіп талқылау ол оқушыға ыңғайлы болды және өзіне деген сенімділік пайда болды. Яғни топтық жүмыс өзіне сенімі аздау балаларға көмегін тигізеді деген ойда қалдым.
ІІ топ   «Өз пікірім…» жаттығуы. Бұл жаттығуда «Достық» тақырыбында әңгіме оқылады. Балалар оны мұқият тыңдап, әңгімені талдап, өз ойларымен бөліседі.
Достық
Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде оның замандастары: Достық нешеу?  деп сұрақ қояды. Сонда Әйтімбет шешен айтқан екен:  Достықтың екі түрі болады: бірі – адал достық, екіншісі амал достық.«Енді оны қалай ажырата аламыз» дегендерге:
Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, – деп жауап берген екен.  Бұл тапсырмада әңгімені оқып талқылау барысында оқушылар бір-бірімен пікір алмаса отырып әңгімені  өмірмен байланыстыра отырып талдады. Бірақ оқушылар сыни ойлау қабілеттері төмен болғандықтан оларды сұрақтар арқылы жетелеу керек болды.
ІІІ топ   «Сөйлемді аяқта» тренингі.     Топтағы оқушыларға  сөйлемдер беріледі.

Топтағы әрбір оқушы сөйлемді жалғастыру керек.

Әрбір   адамға   дос   керек,   өйткені…

Сыйластық  бар  жерде…

Бұл тапсырма бұл топтағы оқушыларға аса қиын болған жоқ.

Тапсырмалар орындалып болған соң оқушылардың  жұмыстары тыңдалды. Тапсырма балаларға өте ұнады, аса белсенділікпен орындап шықты. Әр оқушы формативті бағаланды. Ерекше көзге түскен оқушыларға жұлдызшалар тараттым да, бүгінгі сабақта тапсырмалар орындауда белсенділік танытса жұлдызшаларға ие болатынын ескертіп бағалауға деген қызығушылықтарын арттырдым.

Бұдан соң талантты және дарынды балаларды анықтау мақсатында оқушыларға «Менің досым» тақырыбында эссе жазуды ұсындым. Бұл тапсырманы да балалар қызығушылықпен орындады. Әрқайсысы өз достары жайлы айтуға тырысқаны көрініп тұрды. Оның ішінде Ақерке деген оқушы эссені өте әсерлі жазыпты.Өз досын сипаттауы, оны калай жақсы көретіндігі, эссенің мазмұндылығы,  өз ойын толық жеткізе білгені көрініп тұрды. Келешекте осы оқушыдан жазушы шығады деген ойға қалдым. Сабақ соңында «Бағдаршам» бағалау түрін қолдандым. Бағалау түрін балалар бірден жақсы қабылдады.  Алайда,  мен сабақта оқушыларды бағалауда назарға ілмеген сәттерім көп екен. Формативті бағалауды түрлендіру керектігін түсінгенмен, «жарайсың», «тамаша» деген мадақтау сөздерімен және жұлдызшалармен бағалау сияқты түрлерімен шектеліппін. Болашақта формативті бағалауды түрлендіруді және оқушылар Жөздерін әділ баға қоюы үшін крийтерийлерді бірге талқылау сияқты жұмыс түрлерін жүргізетін боламын.    Бекіту кезеңінде «Ыстық орындық» стратегиясын қолданып сабақтан алған білімдерін жинақтадым. Бір оқушы орындыққа отырып, тақырып бойынша нені түсінді, не білді төңірегінде сұрақтарға жауап береді. Дұрыс сұрақ берген оқушыны мадақтап, бұрыс сұрақ берген оқушының сұрағын назарға алып, сұрақты қайта бағыттап дұрысын жеткізуге жетеледім. Орындықта отырған оқушыға жауап беріп болғасын формативті бағалау арқылы бағасын бердім. Байқағаным орындыққа өзіне сенімді, жақсы оқитын оқушылар ғана ұмтылады. Бұл жерде де ұшыраған кедергіні өзіме алдағы уақытта шешу керек деп жазып алдым. Яғни, болашақта сабақтарымды осындай жаңа әдістерді жиі қолдануды әдетке айналдыру керек.

Кері байланыс жасалып, оқушылар осы сабақтардан алған әсерлері, түйген ойларын жазды. Ерекше жазылған кері байланыстың бірінде «бүгінгі тақырыпты түсіну қиын болған жоқ, себебі бір-бірімізге көмектестік және маған бағалау өте қатты ұнайды. Сабақ өте қызықты өтті» деп жазылыпты. Осы кері байланысты оқыған мен де сабағымнан ерекше әсер алып шыққандаймын.   

 Әділ деген оқушым тілге де, тез қабылдауға да, ортаға шығып сөйлеуінде де сенімсіздік танытып өзін еркін ұстай алмады. Негізінде Әділ «үздік» оқушы болатын. Болашақта осы оқушымен жұмыс істеу керек, «қандай қиындық болды екен» деген сұрақ төңірегінде жұмыс жасаймын деп өзіме зерттеу парағыма жазып алдым.   Топтық жұмыс арқылы оқушыларда сөйлеу дағдылары, өзара бағалауы, пікірлесуі және бір-бірін тыңдау қабілеттері артты.
Мен өзім мұғалім ретінде кәсіби өстім, тапрсымаларды тиімді қолдануды, оқушыларды топтық жұмысқа бағыттауға үйрендім.
Тәжірибе кезінде менде келесі қиындықтар кездесті.
Қорыта келгенде, шығармашылық тапсырмалар кезінде уақытты тиімді пайдалана алмау, ортаға шығып сөйлегенде оқушылардың барлығынан жауап ала алмау сияқты кедергілерге тап болғанымен сабақтың мақсатына жеттім деп ойлаймын. Оқушыларға тапсырмалар ұнады, яғни АКТ–ны қолдану арқылы оқушының қызығушылығы мен белсенділігі артты.   Әсіресе, төмен оқитын оқушыларға көп көмегі тиді деп ойлаймын. Мысалы: Ерасыл кластермен   жасағанда өзін еркін сезініп, басқаларына қарағанда белсенділік танытты. Ортаға шығып сөйлемегенімен, тырысқаны үлкен жетістік болып саналды. Өкінгенім алдыңғы сабақтарда осындай жұмыс неге жүргізбедім деп ойладым. Бұл кемшілік әрине сыныптың керекті техникалық құралдарымен жабдықталмауы деп ойлаймын. Болашақта осы жайттардың бәрін ескеру керек екенін ұғындым. Жеке, жұптасып, топпен жұмыс жасау оқушыны еркіндікте болуына, өз бетінше білім алуына, достық қарым-қатынасын нығайтуына көп септігін тигізді. Оқушының өздігінен ойлануына көңіл бөле отырып, топпен жұмыс жасауға қолдау көрсетіп, өзін-өзі тануына жан-жақты дамуына мол мүмкіндік беру керек деп түйдім. Баланың ойлау қабілетін шыңдап, тапсырмаларды орындауда бағыт-бағдар бере отырып, белсенді де білімді тұлғаны қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Ең бастысы, оқушы өзінің ойын еркін ортаға салып, өзгелермен бөлісе білуі қажет. Зерттеу сабақтарымда оқушылардың бағалауға деген көзқарастары өзгерді.  Жақсы көзге түсіп, жоғары балл алуға талпынды.   Мен осы сабақты қайтадан өткізетін болсам, АКТ–ның мүмкіндіктерін көбірек қолданып, сабақтың әр кезеңінде уақытты  ұтымды пайдалануға талпынар едім. Сонымен қатар дарынды мен талантты балаларды анықтайтын тапсырмалар дайындау  керек екен деп ой түйдім.  Оқушының еркін ойлап, сөйлей білу деңгейіне жеткізу үшін түрлі тақырыптарға байланысты танымдық тапсырмалар дайындау жоспарымда бар. Бағалау түрлерін өзгерту, әділ бағалауға ұмтылдыру, бағыттауды болашақта ескеремін. Ең бастысы, әрқашанда әріптестермен тығыз байланыста болып, тәжірибемен алмасып отыру керек.

 

 

Тәжірибе кезіндегі өткізген сабақтардан байқағаным әрі түсінгенім әр сабақта оқушылар сабаққа белсене қатысуға. Әдебиет сабағын асыға күтіп отырады, бір біріне кеңес береді.  Сұрақтар құрастырады, қателерін тексереді. Көбінесе оқушыларға бірін-бірі оқытуына мүмкіндік берген дұрыс. Оқушылар өз қолымен жасап көрсе, талқыласа, бір-біріне білім берсе көп жетістіктерге жетеді екен. «Балаға өз бетімен зерттеуге  мүмкіндік  туғызған сайын ол одан әрі  жақсы оқи түседі»
Питер Клайн.     Мен бұл пікірмен келісемін, өйткені өзімнің іс – тәжірибемде байқадым.   Сыни тұрғыдан ойлау әдісін өте аз мөлшерде пайдаланымыз, оның өзінде ашық сұрақтар қолданбаймыз. Ендігі ойым келешекте осы әдісті әр сабағыма пайдаланамын деген ойдамын, әрі осы әдісті пайдалана отырып көптеген жетістіктерге жететініме сенемін.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

The Plan of the English Lesson

Ақмола облысы,  Көкшетау қаласы, №21 ОМ, Ағылшын тілі мұғалімі, Жетепова Жанна Рамазановна.   The Plan …