Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы жыл аяғында өтетін кеңейтілген респуликалық семинар-кеңесті желтоқсан айының 10 жұлдызы күні ҚР Туризм және спорт министрлігінің көк залында өткізді. Кеңестің жұмысына Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдыұлы, бірінші вице-президенті Сәдібек Түгел, ҚР Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов басшылық жасады. Бұл жиынға ҚР Спорт комитетінің барлық басшы қызметкерлері, Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының барлық филиалдары, ұлттық спортпен айналысатын федерациялар мен олардың филиалдарының басшылары, Ұлттық спорт мектептерінің директорлары, ұлттық спорт түрлері төрешілері, ардагерлері, жаттықтырушылары мен атақты спортшылар және ұлттық спорттың жанашыр демеушілері шақырылды.
-Қазақ халқы – ежелден еркіндікті аңсап келді. Біз, әу-бастан, ұлттық құндылықтардың ұлықтаушыларымыз, соның іздеушілеріміз! Олай толық тұжырым жасауға азаматтық та, заңдық тұрғыда да құқымыз бар. Біз ұлтымыздың алтын құндылықтары болып саналатын-ұлттық спорт түрлеріне, ұлттық салт- дәстүрдің жоғалып кетпей өсіп-өркендеуіне барынша мол үлес қосып, соған өмірін арнап жүрген жандармыз.
Ел егемендігінің арқасында-ұлттық спорттың жүйесін жасап, ұғымын қалыптастырдық. Бүгінгі таңда ұлттық спорт ҚР Туризм және спорт министрлігінің құрамында болып үлкен бір салаға, сала ғана емес-үлкен орасан зор қоғамдық күшке айналып отыр. Сөзімізді тұжырымдап айтсақ-ұлттық дала ойындары, ұлттық ат спорты-ұлттық идеалогияға сай келіп, елдің намысын көтеріп, рухын жоғарлатуда! Қазақстанның әр-бір облысында, аудандарында филиалдарымыз бен бөлімдеріміз жұмыс істейді.
Нақты цифрлармен сөйлесек, елімізде ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының-16 облыстық, 245 аудандық, қалалық, 2217 ауылдық, селолық филиалдары бар. Онымен қоса Қауымдастықтың құрамында-25 республикалық ұлттық спорт түрлерінің федерациялары бар. Қауымдастықтың тікелей ұйытқы болуымен – елімізде 11-облыстық ұлттық спорт мектептері жұмыс істейді. Қазір бізде-24 атшабарлар бар. Оның 17-жекеменшік, 7-уі ғана мемлекеттік. Қазақстан бойынша-14 ат спорттық клубтары ашылған. Бүгінгі таңда біздің есебіміз бойынша республика көлемінде 345 мың адамдар ұлттық спорт түрлерінің жарыстарына қатысады.
Соның ішінде, 139 мың адам ұлттық спорт түрлерімен кәсіби түрде шұғылданады. Биыл-Ел тәуелсіздігіне-20 жыл болды. Ал, осы өткен жиырма жылда біз – барлығы 18575 ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар ұйымдастырып, өткізіппіз. Осы 18575 ұлттық спорт жарыстарының 228-і халықаралық, 440-і республикалық денгейдегі жарыстар. Осы ұлттық спорт түрлері жарыстарын, 3 миллион 755 мың көрермендер тамашалаған. Жалпы біздің қауымдастық 1 миллионнан астам мүшелерді біріктіріп отыр. Бұл – біздің үлкен күш, үлкен қоғамдық бірлестік екенімізді білдіреді,-деді баяндамасында.
Иә, 2011 жылды Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы мерекемен бастап мерекемен аяқтап отыр. Осы жылға жоспарланған спорттық шаралардың барлығы толық жүзеге асты. Соның ішінде спотшылар мен спорт сүйер қауымның жадында қалған айтулы шаралар: наурыз айында өткен «Ұлттық спорттың үздіктері» атты ұлттық спорт түрлерінде толағай табыстарға жеткен майталман спортшыларды ұлықтау болды. Президентіміздің Мәдениет Орталығында өткен бұл шараға 37 адам, спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, ұлттық спортқа тұрақты жанашырлық көрсетіп қолдап келген үздік меценат, ұлттық спортты ең көп настихаттаған үздік журналист, үздік коментатор, тәжірибесін көп таратқан үздік ардагер марапатталды. Оларға арнап «Ұлы Дала Тұлпарлары» атты қазақ өнерінің қайраткерлері: Қайрат Байбосынов, Жамали Диханұлы, Секен Тұрысбеков, Гүлмира Сарина, Гүзира Бөкейханқызы, «Ақ жауын» оркестрі, «Наз» би театры тағы басқа әртістеріміздің күшімен тамаша концерт қойылды.
Биылғы жылды спорттық мерекеге айналдырып оған бүкіл халықты тарту мақсатында, Ұлттық спорт түрлерінен ІІІ фестиваль өткізіп, оны 4 кезеңмен: мамыр-маусым айларында барлық ауылдарда, шілде айында аудандар мен қалаларда, тамыз айында облыс орталықтарында, қыркүйек айында ақтық жарыс Өскемен қаласында өткізілді. Әрине бұл жарыс көптеген жерлерде үлкен мерекеге айналып халықтың қатысуымен өтсе, кейбір жерлерде облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін жарыстармен қосарланып өткізілді, ал кейбір аудан, облыстарда көрерменсіз, көңілсіз өтсе, мүлде өтпеген жерлер де болды. Бізде қалыптасқан жағдай, спортқа байланысты қандай маңызды шара болса да, облыс басшыларының көз қарасына сәйкес өткізіледі. Оған мысал бүкіл ел болып өткізген ІІІ фестивальдің ақтық жарысына, және осы өткізілген семинар кеңеске де Алматы қаласынан ешкім келмеді, олар «Ұлттық спорт түрлері ауылдықтырдың ғана еншісіндегі ойын» деп түсінеді екен. Осы кеңесте «Қазақ күресі» федерациясының атқарушы директоры Марат Жақит, атбегі Дербіс Бәйділдаев, «Аударыспақ» федерациясының президенті Жұмабек Жәпішев- «Ұлттық спортты менсінбейтін, спортшылары жарыстарға тұрақты қатыспай келе жатқан облыс басшыларын ойландыратындай шара қолдану қажет» деген ұсыныстарын ортаға салды. Шындығында Ұлттық спорт түрлері аулдықтарға ғана керек пе, бұл мүлде қате түсінік. Осы жөнінде Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдыұлы осы кеңесте сөйлеген қортынды сөзінде: «Әр мемлекеттің тілі, рәміздері, дәстүрлі діні, ұлттық спорты болады, соған қарап елін таниды. Біз бірлікте, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлттық мүддені әрқашан жоғары қойуымыз керек, түсінбей жүрген адамдарға түсіндіреміз» деп нүктесін қойды.
Келер жылдың жоспарында Өскемен қаласында «Көкпардан» республикалық ХІІ чемпионатты өткізу белгіленген болатын. Осы мәселе талқылана бастағанда «Бұл жарысты Өскеменде өткізуге мен қарсымын, өйткен ІІІ фестиальда ат спорты ойындары қала сыртында айдалада көременсіз өткізілді, ұйымдастыру жағы да нашар болды, егер жарыс қала ішіндегі атшабарда өткізілетін болса ғана келісуге болады» деп пікірін ортаға салды, мемлекеттік бапкер Марат Манабаев. Манабаевты қолдаушылар көп болды. Жиналыс басқарушы Сәдібек Түгел бұл мәселе жөнінде облыс басшыларына шығатындығын білдірді. Сонымен қатар халықаралық жарыстарға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Монғолия, Қытай мен Ресей және тағы басқа елдерден спортшылар толық команда әкелмей жүр, оларға шақыруды жарты жыл бұрын елшілік арқылы жіберу керек, -деген орынды ой тастады Қостанайлық пофессор Набидолла Кикебаев.
Үстіміздегі жылы көктем айы басталғаннан қыс түсіп қар жер бетін жапқанша ұлттық спорт жарыстары толастамады. Астанада семинар – кеңес өтіп жатқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында көкпардан еліміздің батыс және оңтүстік аймақтарының камандалары жарысып жатса, Алматы облысының Үшқоңыр жайлауында бүркітшілердің Тәуелсізігіміздің 20 жылдығына арналған республикалық ашық турнирі өтіп жатты.
Биыл көкпардан республикалық ХІ чемпионат, Жастар арасындағы 7-чемпионат, Қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир және көптеген әр түрлі дәрежедегі жарыстар өтті. Ал ат бәйгелерінен: дауылпаз ақындар М. Мақатаевтың 80 жылдығына, Қ. Аманжоловтың 100 жылдығын, мың жылда бір туатын дүлділ Құлагер ескерткішінің ашылуына арналған Көкшетаудағы бәйге және Дерби жарысы, Көкбастаудағы Президент кубогы үшін өткен халықаралық бәйге, Астана қаласының күніне арналған-Еуразия чемпионаты, Елжас Шаймерденов атындағы бәйге және биыл ерекше табысқа жеткен –Маңғыстаудың «Адай» тұқымынан шыққан аттардың 80-120 шақырым қашықтықта өткен халықаралық жарыстары өтті. Қазақ күресінен ауыр салмақтағы 65 палуандар арасындағы жарыста «Қазақ барысы» анықтады, ол-Ұлан Рысқұл болды. Ұлттық спорттың қай түрінен болмасын ауыз толтырып айтарлықтай табыстар көп болды. Елімізде өткен ұлттық спорт түрлерінің жарыстарын өткізуге тұрақты демеуші болған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен ENRC компаниясына алғысымыз шексіз.
Ал алдағы жылы өткізілетін жарыстар да ауқымды. Соның ішінде жиынға қатысушыларды елең еткізген шара «Ұлы Дала халықаралық ойындары «Балхаш – 2012» болды. Бұл жарысың идеясы және ұйымдастырушысы кәсіпкер, ұлтжанды азамат, «Балхаш-Нұрсая» корпорациясының президенті Бейсенбек Құттыбеков. Бұл – бұрын соңды ел естімеген, болашақта ұлттық спорттың бренді, ұлтымызды әлемге таныстыратын, олимпиадалық ойындарға пара-пар Балхаш көлінің жағасында өтетін көшпенділер фестивалі болмақ. Көшпенділер осыдан 6 мың жыл бұрын өркениеттің көшін бастаса, енді тағы да Азия елінде Қазақ жерінде халықаралық деңгейдегі ұлттық спорт фестивалі өтпек. Балхаш талай тарихи оқиғалардың куәсі болған, жан-жағынан барлық облыстар ғана емес шет елдердің келуіне де қолайлы. Балхаштың тұрған жері Қытай, Монғолия, Ресей, Еуропа елдерінің де ортасында тұрған жер кіндігі десе де болады. Бұл жерде фестиальға дайындық былтырдан бері жүріп жатыр, осы жазда киіз үйлердің нұсқасымен 50 үй салынып қойылған, енді ұлттық спорт түрлерін өткізуге қажетті барлық нысандар салынбақшы.
Қазақ елі тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлады, осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді, ең бастысы әлем халықтары мойындады, әлемдік қауымдастықтың ортасына мықтап енді, өзін танытты, енді әлем халықтарына өзінің ұлылығын ұлттық ойындары арқылы да танытатын сәттің де кезі келді, саясатта, экономикада өз орынын тапса, енді спортта да өз орынын табуы керек. Балхаштағы фестиваль жылда әлем халықтары келіп тамашалайтын аттылы қазақтардың олимпиадаға пара – пар спортық ойыны болуы керек. Болашақта бұл жерден көрермен халық төрт жағынан да келіп биікте отырып көретін футбол алаңына ұқсас көкпар алаңы салынатын болады. Телеарналар көкпар ойындарын биіктен төбесінен түсіріп тура эфирге шығарып жататын уақыт та келді. Еуропа елдерінде өздерінде көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жекпе-жек, сайыс, жамбы ату секілді ойындары болмағандықтан, батпақты езіп алаңдар жасап батпақа батып, бұқадан қашып ойнаса, біздің ата –бабаларымыз теңдесі жоқ тамаша ойындарды ертеде ойлап тауып бізге мирас етіп қалтырған. Сол ойындарымызды әлемге паш етіп, әлем халықтарының қанын қыздырып, ынтықтырып, біздің елдің ойынын көруге іздеп келетін жағдайға жетуіміз керек. Сондықтан да әр ауылда, аудан, қала, облыстарда халықтың жиналатын жерінде, әр қалалардағы футбол алаңдары секілді, көкпар алаңдары, атшабарлар, жамбы ату алаңдары тұруы керек. Біз көп ұзатпай осыған жетеміз, сондықтан, елдің болашағын ойлаған облыстар мен қала, аудан басшыларының ұлттық спорт нысандары: атшабарлар мен көкпар алаңдарын көздің қарашығындай қорғап, жөндеп қалпына келтіріп, жоқ жерде жаңадан салып болаша ұрпаққа табыс ету ұлт алдындағы азаматтық борышы болуға тиіс.
Соңғы жылы елімізде кең өріс алып келе жатқан ұлттық спорттың түрлері: жекпе-жек, алыпсоқ, жұдырықтасу, Алаш алыспағы болса, оған қазақша төбелес, Қолсанат қосылып отыр. Бұл спорттар – өзін – өзі қорғауға, қарсыласына тойтарыс беруге, ептілік пен батылдыққа тәрбилейтін ойындар. Қазір бұл ойын әр қалаларда балаларды қатты ынтықтырып кең қанат жайуда.Ойынның бұл түрлерінен республикалық, халықаралық бірнеше чемпионаттар мен турнирлер өтіп, спортшыларымыз әжептәуір ысылып, бірсыпыра спорт шеберлері шығып, халыққа таныла бастады.
Тағы бір осы жылы ат спортын сүйетін жандардың делебсін қоздырған спорттың бір түрі «Атты жорық» (конный пробег) деп аталатын 80-120 шақырымға шапқан аттар жарысы болды. Республикамызда өткен 90 шақырымдық, және Ресейде өткен Достас елдер тұлпарларының арасындағы жарыста, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан шыққан Бағдабаев Аманғалидің Адай тұқымынан шыққан қазанаты «Аққанат» барлық бәйгеде алдына жан салмай, естіген жұртты бір тамсандырмай қоймады. Құдай қаласа келер жылы «Аққанат» Франция елінде өтетін 160 шақырымдық жарысқа бармақшы. Жылқының атасы қазақтың қарабайыр жабы жылқысы болса, ол өзінің төзімділігімен, кез келген ортаға бейімделгіштігімен ерекшеленген жылқы. Ертеректе қазақ жылқы өсірушілерінде жылқылардың көптеген тұқымдары болғаны тарихтан белгілі, тек кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жылқыларды «маңқа жұқтырады» деген желеумен мыңдап, миллиондап пулеметпен атып қырып салған. Одан кейінгі жылдарда жеке адамдарға жылқы ұстауға тиым салынды. Қоғамық жылқының тұқымын жақсартудан көрі басын өсіруге назар аударылды. Енді міне қазақ жылқыларының да күні туып отыр. Қостанайдағы «Қазақ тұлпар» атты жылқы заутының директоры ғылым докторы, Набидолла Кикебаев пен атқұмар жан мұнайшы Орынбасар Құлбеков «Атты жорық» атты федерация құрып ұзаққа шабатын аттардың жарысын ұйымдастыру, аттарды сұрыптау, жарысқа дайындау жұмысымен айналысуды қолға алып жатыр.
Кезінде қазақтың жарыстарында аттар, жыртып тегістеп қойған шеңбермен айналып шаппай, төте шапқан. Сол дәстүрді қалпына келтіру мақсатында дәстүрлі Құлагер жарысын да 40 шақырым қашықтықта, төте шабуды ұйымдастыру мәселесі де осы кеңесте сөз болды. Өткен жылы осы мәселені Республикамыздың Ат спорты түрлері федерациясының президенті Сәдібек Түгел көтергенде, бапкерлердің арасында «Біздің жылқылар жыртылып құм төселмеген жермен шаба алмайды» деп қарсы болып, Құлагер жарысын да 25 шақырымдық қашықтыққа шаптырып, шеңбердің ішіне кіргізген болатын. Қазақтың ат жарыстарында еш уақытта жер жыртылып дайындалмағаны белгілі, және жылқылары әлжуаз, нәзік болмаған, сондықтан бұл жарыста тек тұқымы мықты жергілікті аттар шабуы керек.
Елімізде алғаш Ұлттық спорт қауымдастығы құрылған жылы Қауымдастықтың облыстардағы басшылары облыс әкімдері болған еді, содан кейін әкімдер ауысып жатты да, жаңа әкімдермен байланыс әлсірей бастаған. Кеңесте осы мәселе қайта көтеріліп облыс және Алматы, Астана қалаларының әкімдері Қауымдастықтың облыстардағы Құрметті президенттері болып бекітілді, ал президенті болып облыстардағы ең беделді ұлттық спорттың жанашыры, қамқоршысы болған облыс әкімдерінің орынбасарлары, әр түрлі қызметтегі адамдар, кәсіпкерлер бекітілді.
Осы кеңесте өткен 4-ші сайланған Парламент Мәжілісі қолға алып бірақ тиянақтамай тастап кеткен, «Ұлттық спорт туралы Заң» жобасы қайта қаралып келесі сайланатын жаңа Парламент Мәжілісіне қайта ұсынылатын болды.
Тағы бір өзекті мәселе ұлттық жарыстар өту барысында қазақбайшылыққа салынып, жарыс төрешісінің ісіне әр түрлі «білгіш» адамдар аралсып, өз бетінше ереже шығарып, жарыстың әділ әрі таза өтуіне кедергі келтіруіне қатаң тиым салу керектігі, кез келген жарыста төрешінің ісіне ешкім араласпау керектігі айтылып, «Төрешілер туралы ереже» қабылданып, оларды аттестациядан өткізіп куәлік беру және жиі – жиі семинар өткізіп отыру мәселесі қолға алынатын болды. Республикамыздағы ұлттық спорт түрлерінің жілігін шағып майын ішкен тәжірибелі, білікті, аузы дуалы беделді адамдардан таңдалып республикалық бас төреші мен бас бапкерлер белгіленді.
Басқа да маңызды ережелермен қоса «2012 жылдан 2020 жыл аралығындағы Ұлттық спорт түрлерінің даму Бағдарламасы» қабылданып Республика Үкіметіне ұсынылатын болды.
Республикалық кеңесте саналуан пікірлер айтылды. Алматылық атбегі Орынтай Әмірғалиев- Ұлттық спорт түрлері біріңғай үкімет бюджетінен қаржыландырылуы керек,- десе, Сәдібек Түгел -Барлық Ұлттық спорт нысандары тек үкіметтің қарамағында болуы керек,- деген ұсыныс айтты. Кеңеске қатысушылар жиналыс соңында Обылыс әкімдеріне арнап Үндеу қабылдады.
Осы кеңестен барлық қатысушылар көкейлерінде жүрген ойларын ерекін жеткізіп, ұлттық спорттың кетіп бара жатқан бағытына, істеліп жатқан шаруаларға ризашылығын білдіріп, елдеріне көтеріңкі көңіл- күймен, рухтанып қайтты. Қазақ қазақ болғалы аттың үстінде өскен халық, оның жаны да атпен бірге, рухы да аттың үстінде өседі, сондықтан ұлттық спорттың болашағы зор, және ұлттық спорттың басы –қасында рухы күштілер, елім деп еңіреген ұлтжанды азаматтар жүргенде қазақтың төл спорт түрлері биіктерге көтеріліп, әлемге танылатындығы анық. Оған толық сенуге болады. Лайым Алла соған жеткізсін!
Альберт Мурсалимов – Қазақстан Республикасы «Ұлттық ат спорты түрлері» федерациясының атқарушы директоры.