XXI ғасыр – ақпарат ғасыры екендігі бұл күнде әбден дәлелденді. Бұл жаһандық үрдіс елімізді де өз ықпалына тартып, ақпарат ағымының өзгешеленуіне, жылдам дамуына, оперативтілігіне, әсерлілігіне жан-жақтан әсер етуде.
Ақпараттық қоғамды құру, жаһанданудың пайдасынан ортақ иіліктену мәселелерін сезіну, түсіндіру және тиімді түрде шешу мүмкіндіктері үшін дәстүрлі емес рухтанымдарды белсенді іздеуді талап етеді. Мұнда дәстүрлі журналистиканың орны ойсырап қалмай ма деген заңды сұрақ туады. Бұл қалыптасқан мәдени үрдістің өз екпіні бар. Жаңашыл көзқарастың әрине, адамзат мәдениетінің төрінен тез орын алатыны сөзсіз. Бірақ, дәстүрлі жураналистиканың да өзіндік орны ерекше. Ал белгілі деңгейде газет-журналдардың өз мүмкіндіктерін пайдалана бастауы – бұл қазақ журналистикасының өсу жолына қадам басуы деп түсінген жөн.
Қай заманда да баспасөз – қаржысыз, материалдық қолдаусыз өмір сүрген емес. Осыдан ғасыр бұрынғы «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы сияқты басылымдар ұлттық баспасөзіміздің жарқын үлгісі болды. Оның басты ерекшелігі сол – ешқандай мемлекеттік органға қызмет етпей, ұлттық мақсат-мүддеге жаршы, жоқшы, насихатшы, тәрбиеші рөлін атқарды. Олай болуы үшін ұлттық буржуазияның қалыптасуы, ұлт ісінде берекеге келушілік болуы керек. Ал ол кезде қазақ даласында ұлттық буржуазия қалыптасып, ұлт қызметін зиялы қауымның қолына тапсырып, өздері материалдық жақтан қолдау көрсетті. Соның арқасында, «Қазақ» газеті ұлттық рухтың оянуына зор үлес қосты. Көп өтпей ақпан революциясы туылып, патша өкіметі құлады. Оның орнына болшевиктер партиясы келді. Мемлекеттік құрылыс өзгеше арнаға түсті. Көп өтпей кеңестік социалистік жүйе бір жола орнығып, қоғамдық санаға бұғау түсті. Таптық тұрғыдан жаппай сыналып, бай мен кедей ара жігі ашылды. Байлық – тоғышарлыққа, надандыққа баланды. Жұрттың бәрі бай болудан безінді. Жекешіл көзқарас мүлде өмір сүрмеді. Барлығы ортақ деген қоғамдық сана дәуірлеп тұрды. Осындай қитұрқылықты қазақ журналистикасы да бастан кешіп, «Қазақ» газеті кезіндегі еркіндігінен айырылды. Барлығы мемлекеттің органы болып өзгеріп, жеке сана өмір сүруін тоқтатты. Демек, жураналистиканың өзіндік ұстанымы жоқ, белгілі бір идеологияға бағынған тар шеңберде қамалып қалды дегенді білдіреді. Осылайша, қазақ баспасөзі жетпіс жыл бойы кеңестік биліктің бұғауында болып, тәуелсіздіктен кейін ғана өз жолын таба бастады. Ол жол – басылымдардың өз мүмкіндіктерін пайдалана бастауы. Бұл сөзімізге айқын дәлел – «Түгел медиа» бірлестігі. Медиа-бірлестіктің құрамына бүгіндері 7 журнал, 1 газет, 2 баспасөз клубы, 8 сайт кіреді. Мұның сыртында Мәскеу, Үрімші (ҚХР) қалаларында және республиканың барлық облыс орталықтарында бұл медиа-бірлестіктің тілшілер қосындары жұмыс істеуде. Күн сайын өсіп келе жатқан, сөйтіп Астананың және республиканың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар «Түгел-Медиа» медиа-бірлестігінің ұстанып отырған негізгі ұраны: «Біз журналистер – әрқашанда біргеміз!». Ол өзінің жаңа бастамаларымен еліміздің жағымды имиджін қалыптастыруға, ел экономикасын көтеріп, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, рухани және мәдени шараларды іске асыруға үлкен үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда «Түгел-Медиа» бірлестігінің жанынан шығатын түрлі тақырыптық бағыттағы журналдардың алар орындары ерекше.
«Түгел медиа» бірлестігі – ұлттық қоғамдық сананың қайта өз арнасын табуына ықпал ету жолында. Әрине, біз «Түгел медиа» бірлестігін дамудың даңғыл жолын түсті деуден аулақпыз. Десе де, қазақ журналистикасын тәуелділіктен құтқарудың алқашқы қадамдарын жасағандығы үшін де ол өз орнын ұлттық журналистикадан ойып ала алады.
Жалпы айтқанда, «Түгел медиа» бірлестігі – ұлттық журналистиканың өз мүмкіндіктерін пайдалану жолындағы сәтті экспресс болды. Сонысымен қоса, ол сапалы да сәтті дүние жасай білді. Қоғамды азат ойлы санаға жетелеп, бір жағы рухани, бір жағы материалдық пайдаға кенелуде. Бұл ұлттық журналистиканың жаһандану заманындағы айқын көрінісі.
«Түгел медиа» басылымдарындағы публицистиканың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндағы мақалалардың әр түрлі маман иелерін оқырман қауымға таныстыру, оның игі істерін жалпы халыққа жеткізу ерекшеліктері көзге бірден көрінеді. Әрбір мақала журналдың сапасын арттырып, оқырман қауымның эстетикалық талғамын көтеруге көмектеседі. «Түгел медиа» бірлестігінің қүрамындағы «Қазанат» атты журнал біздің жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Бұл журнал 2007 жылдан бастап шығып, өзіндік ерекшеліктерін айқын танытып келеді. Аты айтып тұрғандай, «Қазанат» журналы – қазақтың қазанатын ұлықтауға аса көңіл бөліп, оның қазақтың ұлттық жадында қайта жаңғыруына үлес қосты. Сонымен бірге, аталған журнал белгілі тұлғаларды халықпен таныстырып, журналистиканың «алтын көпір» миссиясын орындап келеді. Әр түрлі саланың үздіктерін суретімен журнал бетіне басу арқылы өзіндік ерекшілігі мен қоса, журналдың сапалық ерекшелігін де арттыра түскен. Ең бастысы, оның публицистикалық мақалаларының орны ерекше.
«Қазанат» журналында әр түрлі тақырыптар көтеріліп, бай мазмұнды ұлттық публицистика жарық көруде. Ондағы мақалалардың көтерген жүгі ауыр, салмақты. Мысалы, «Ел сыйлаған азамат» атты мақала жарық көрген [1]. Бұл мақала белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры, өнердің жоқтаушысы Махмұт Ыбырайханұлы жөнінде жазылған портреттік мақала.
Мақала киелі Қорқыт ата мен Жалаңтөс баһадүрдің туған жерінің құт мекен екенін айта келіп, осы топырақтың тумасы М. Ыбырайханұлына тоқталып өтеді. Біз осы мақала арқылы М. Ыбырайханұлының «Марсель групп» компаниясының президенті екенін, оның жер қойнауындағы баға жетпес байлығымыз: көгілдір отын газ саласын игеріп, қара алтын мұнайды ел игілігіне айналдырған жетістіктеріне жеткенін білуге болады. Сонымен бірге, Алаштың аяулы ұлы, Түркістан автономиясының бастығы М. Шоқайды зерттеуде өзіндік еңбектер сіңіріп жүргенін де осы мақала арқылы білдік. Оның М. Шоқайдың рухының бір аунап түсетініндей еңбектері көп. Ол М.Шоқайды зерттеу делегациясының қаржылық жағын шешіп, М. Шоқай алдындағы ұрпақтық парызын өтеген.
Бұдан ары М. Ыбырайханұлының отбасын, жетістіктерін, ұлтқа еткен еңбектерін жазады. Оның бала-шағасын оқырман қауымға таныстырады. Сол арқылы, белгілі тұлға мен оқырман арасын жақындастыра түсуді көздеген.
Қазақтың «ел туған жеріне» дегендей, М. Ыбырайханұлы туып-өскен жеріне, оның халқына жасаған жақсылығы ұшан теңіз. Оның көрінісі өз туған ауылына сәулетті мешіт салып бергендігі дер едік. Осында игі істердің бастауына мұрындық болатын азаматты халықтың есіне салады. Оның мол қамқорлығын, азаматтығын, ұлт үшін тулаған асау жүрегін нақты деректермен, фактімен жеткізе біледі.
Тағы аталмыш журнал бетінде белгілі кәсіпкер Айдар Құсайыновтың бизнес жобасы мен өзінің іскерлік тәжірбиесін таныстыруға арналған мақала. Мақала «Алматы – туризмнің меккесі болуға лайық шаһар» деп аталады [2]. Мақала А. Құсайыновтың «Алма-ата» туристік орталығын таныстырады. Оның болашағы мен замануи мүмкіндіктерін айтады.
Мақалада Алматы қаласының ежелден алманың отаны екеніне тоқталады. Онда шетелдік ғалымдардың алманың отаны Алматы екенін анықтаған пікірлерін ортаға салады. Бэрри Джунипердің «Алма тарихы» атты еңбегінде: «Көне дәуірлерде болашақ алматы қаласының маңында щамамен екі мың метр биіктікте аралас жеміс ормандары жайқалып тұрған». Британдық биологтың айтуынша, алманың ең дәмдісін, ең жақсы піскенін жеп, табиғи түде дәндерін таратқан аюлар алманың алғашқы селекционерлері әрі таратушылары болғандығын жазады.
Аталған мақалада мынадай пікір ортаға қойылған. Айталық, журналист-жазушы Кристофер Робинс «Қазақстан – алманың отаны» атты кітабында: «Тиан шан баурайларында әлемге таралған алмалардың «бабасын» – malus siveversii деп аталатын нағыз қазақ алмасын кезіктіруге болады» деп жазады. Бұл пікір арқылы біз аталған мақаланы ңөзектілігін және маңыздылығын байқауға болады. Мақала авторы жоғарыдағы пікірлердің біздің Қазақстан үшін пайдасы мол екенін тілге тиек етеді. 2017 жылы Алматыда өтетін универсиада мен Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің ел беделі мен туристік кластері үшін оң әсері мол болатынын ескертеді. Бұл шындығында да оқырман қауымның қызығып оқитын мақаласы екенін даусыз. Аталған мақала белгілі кәсіпкердің идеялық жобасын туралы болғынымен, онда танымдық дүниелер көптеп кездеседі. Сол арқылы мақаланың мазмұндық ерекшеліктері арта түседі.
Қазақстанның туристік әлеуетін көтеру үшін бренттердің керектігі айтылып жүр. Демек, алмаының алмасы дайын тұрған бренттік тауар. Мақалада осы ой қозғалады. Осы бренттік тауарды әлемге таныту үшін не істемек керек? Бұл аталған мақаланың өн бойына тартылған арқау идея. «Ол үшін заманауи қызмет көрсету жүйесін құрып, ел ішінде жүріп-тұру үшін жан-жақты жағдай жасау керек. Біздің елге саяхат жасау үшін түрткі боларлықтай ақпараттық себептің де қажет екені анық. Бір кездері режиссер қиялынан туған журналист Борат Сағдиев туралы фильмде мемлекет атының аталуы Қазақстанға аталған саяхатшылар санының күрт өсуіне әкелді» деп толғанады автор. Сол арқылы автор Қазақстанды әлемге танытудың өзіндік жолдарын ұсынады. Ол алма брентін жасау екенін еске салады.
Осы шағын аңдатпа мақаладан соң белгілі журналист Түгел Сәдібектің мақала кейіпкері Айдар Құсайыновпен сұхбаты басылған. Бұл да өз кезегінде оқырман тартудың тәсілі. Осы сұхтатта «Алма-ата» бизенс жоспарының тарихи маңыздылығына тоқталып өтеді. Сұхбат иесі ол жөнінде мынадай пікір білдіреді. Айталық: «Алматы мен оның айналасын жер жаннаты деп атасақ қателеспейміз. Алматы ұлы жібек жолының қазақстандық бөлігінде ерекше маңызды роль атқарады. Тараздан бой түзеген сауда керуендері жарты мың шақырым жерді еңсеріп, осы жерде тоқтап біраз тынығатын. Саудагерлер мен саяхатшыларды бұл жердің әсем табиғаты – маңғаз таулары, сылдырлап аққан өзендері мен алма бақтары қызықтыратын. Алыс жолдан шаршап келген керуеншілер хош иісті, бал дәмді алма бақтарын жер жанатының бағымен салыстыратын» деп Алматының ежелден туристік орталық екенін аңғартады. Бұл ежелгі туристіктің жақсы дамып, өзіндік даму жолына түскенін түсіндіреді.
Сонымен бірге, «Алма-ата» сөзінің шығу тегіне тоқталып өтеді. Қазақтардың ата сөзін белгілі бір тектік байланысқа қайтысты айтатынын, оның арғы тарихына қатысты сөз екенін жазады. Ата сөзімен байлынысқан жер аттары көп екенін, мысалы, әулие ата, сейсен ата атауларының да осы жердің белгілі тарихы сол адамдармен байланысты болғандығынан екендігін логикалық тұрғыдан дәлелдейді. Демек, алманың мекені болған осы Алматы қаласының арғы аты «Алма-ата» болуы әбден мүмкін екендігіне толқаталады. Сонымен бірге, «Алма-ата» бренті шетелдерге жақсы таныс есім болуын тілге дәйек етеді.
Сұхбат иесінің мына бір қызықты жоспары барлық оқырманды арман мен үмітке жетелейді. Айталық: «Алма қала символы болғандықтан, бұл жерде биіктігі 22-25 қабатты үйдің биіктігіндей алма салынған ваза тәрізді құрылыс салу жоспарланып отыр. Оның ішінде көру алаңдары, сауда-ойын сауық орталықтары орналастырылады. Бірегейлігінің арқасында бұл құрылыс Генис кітабынан орын алуы мүмкін. Бұл саяхатшылар санының артуына әкелетініне сенімдімін» дейді. Шынымен де, бұл идея өміршең әрі заманға сай сұранысты дүние. Оның алматы қаласының сән-салтанатының арта түсуіне өзіндік септігін тигізері сөзсіз. Сонымен бірге, бұл алматының экономикалық қуатының артуына үлес қосады. Осындай үлкен жобаларды халыққа жеткізіп, халық арасындағы арман қуып жүрген азаматтарға түрлі ой салатын мақалалар «Қазанат» журналында көптеп кездеседі.
«Түгел медиа» бірлестігінің ең бір сәтті басылымдарының бірі – «Құлыным» журналы. Бұл да өзіндік мазмұндық-тақырыптық ерекшеліктерге ие. Аталған журнал туралы айтар болсақ, ұлт болашағы – ұрпақтарды отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке ерлікке, парасаттылыққа баулу мақсатында әрі жас ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру үшін «Құлыным» атты балаларға арналған республикалық әдеби-танымдық журнал 2010 жылдан бері жарыққа шығып келеді. Журнал негізінен жас жеткіншектердің шығармашылығына арналып, 2000 данамен Қазақстаның барлық өңірлеріне тарайды. Қазір басылымның «Құлыным журналының Қытайға сапары» деген атпен арнайы халықаралық саны дайындалу үстінде.
Еліміздегі республикалық әдеби-танымдық «Құлыным» журналының 2013 жылғы тұңғыш саны Қытайдағы қазақ балаларының шығармашылығына арналып шықты. Бұл жайлы «Түгел-Медиа» бірлестігінің баспасөз қызметіндегі мәліметтерден білуге болады. 2010 жылдан бері шығып келе жатқан балалар басылымы Қытайдағы қазақ балаларының тағдырынан алаңдап, оларға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында кездесу ұйымдастырады. Мұның өзі аталған журналдың тек жеке кәсіпкердің табыс көзі емес, керісінше, ұлт болашағының жанашыры, мәңгілік мұратының алғы шарты екенін аңғаруға болады.
Қытайдағы қазақ мектептері толықтай «қос тілділікке» көш түзеді десек те, онда қазақы қасиетін сақтаған қарадомалақтардың бар екеніне «Құлыным» журналы редакциясының басшылары көз жеткізіп қайтқан болатын. Сол сарқыншақтармен кездесіп келген журналдың бас редакторы, «Түгел-Медиа» бірлестігінің төрағасы Сәдібек Түгелдің айтуынша, ондағы қазақ жалынды жас ұрпақтың қазақылығы сақталып, талантымен қытайларды да тамсандырып жатқанына көз жеткізді. Бақ.кз сайтында М. Сұлтанқызының «Құлыным журналының қытайға сапары» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақалада С. Түгелдің аталған сапар туралы тебіреністі сөзін келтіреді. Айталық, «Миллиард Қытайда өсіп-өніп жатқан қазақ балаларын көргенде жүрегім елжіреп кетті. Араларында небір талантты жеткіншектер жетерлік екен. Қуаныш атты 10 жасар қазақ баласы сол екі тілде тәлім беретін мектепте оқып жүрсе де 300 шумақтан астам айтыс мәтінін және Абай Құнанбайұлы мен Таңжарық Жолдыұлы өлеңдерінің 100-ден аса шумағын жатқа айтады екен. «Қобыланды батыр» жырын іркілмей жырлаған Қуанышты көргенде жүрегім езіліп кетті. Алайда, «Қос тілді» саясаттың қамытын жамыла бастаған оларды тез арада құтқармасақ болашағы бұлыңғыр екенін де жасырмаймын. Барлық жерде қытай тілін білмесең, оқымасаң түкке жарамсыз боласың. Талап солай. Ауыл баласы сол ауыр міндетті арқалауға мәжбүр»,-дейді ол [3].
Шетелдегі талантты қазақ жастарын тарту мақсатында «Ұлы көш» деп аталатын қордың құрылатыны жайында сөз бар. Бұл туралы да С. Түгел: «Біздің Қытайдағы кездесуіміз өте әсерлі болды. «Құлыным» журналының осы реткі нөмірін алыстағы қарадомалақтарымызға арнадық. Осы жұмыстың жалғасы ретінде өзім тең төраға болып отырған «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы жанынан «Ұлы көш» атты қор құрмақшымыз. Қордың барлық бағдарламалары дайындалып, құжаттары жасалынды. Көп ұзамай жұмысты да бастамақпыз. Мақсатымыз – шетте шерменде болып жүрген қазақтың талантты жастарын елімізге әкеліп бейімдеу, оқыту және әлеуметтік көмек жасау» дейді.
Қытайдағы сапардың қиындықтары да аз болмапты. Үлкен шаһар Үрімжінің мектептері оқушылармен кездестіргенді қойып, жүздесуге барғандарды есіктерінен де сығалатпаған көрінеді. «Біз барған қазақ ең көп қоныстанған Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласының қос тілді мектептердің барлығы болаттай тәртіпті ұстанған. Үлкен шаһарда орналасқан бірде-бір мектепке кіруге мүмкіндік болмады. Барлығының күзетшісі күшейе сөйлеген, қара құлып салынған темір қақпаның бер жағынан ғана қайттық. Ақыры, үлкен қаладан алыста тұратын қазақ ауылының мектептеріне бас сұқтық. Бұл жүздесуімізге Қытайдағы «Сен-Қазақ» порталының жетекшісі Ақытбек Шеризатұлы үлкен азаматтық танытты. Естуімізше, біз кіре алмай кеткен мектептерде қазақ тілі аптасына мектеп бойынша бір-екі сағаттан ғана өтілетін қосымша пән ғана екен»,- дейді С.Түгел.
«Құлыным» журналы аты айтып тұрғандай біздің ағайындар ұрпағын: қариялар немересін, анасы баласын еркелетіп «Құлыным» деп атаған. Журнал балаларға ұлттық тәрбие беруді, атадан келе жатқан дәстүрімізді, салтымызды, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп дәріптеуді насихаттайды. Журнал 8 жас пен 16 жас аралығындағы балаларға арналған.
«Құлыным» журналының тұңғыш нөмірінің тұсаукесеріне қазақтың игі жақсылары келіп, ақ батасы бергені де оның қадамының жақсы болуының белгісі. Ол осы күнде қазақ журналистикасының балаларға арналған журналдар ішіндегі сапалысы деп атауға болады. Оның көркемдік безендірілуін айтпаған күннің өзінде, оның мазмұндық-тақырыптық ерекшелігінің өзі ерекше тоқталып, сараптауға тұрарлық. «Құлыным» журналының тұсаукесеріне атақты атбегі, Социалистік Еңбек Ері ,Ұлы Отан соғысының ардагері, ғалым Бошай Кітапбаев, академик, еліміздің танымал жазушысы Тұрсынбек Кәкішев, ақын Нұрқожа Ораз, жазушы Сәбит Досанов, Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақтай Сағдиев «Құлыным» журналына ақ жол, сәт сапар тілеп журналдың ашылуымен құттықтады. Академик Тұрсынбек Кәкішев журналға ақ батасын берді. Жоғарыдағы сөзіміздің шын дәлелі осы. Бұл журнал ұлттық тұрғыдан алып қарағанда, баланың рухани ұлттық көкжиегін қалыптастыруда ерекше рөль атқарады. Қазақ баласының қазақылыққа жетелейтін маңызы бар. Жалпы, «Құлыным» журналы өзінің мазмұнық байлығымен, тақырыптық алуандылығымен өзіне кішкентай бүлдіршіндерді тарта түсері сөзсіз.
Журналдың алғашқы нөмірінде, балалар арасында ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріп, үлкен нәтижелерге жетіп жүрген Батыс Қазақстан облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының және Орал қаласындағы ұлттық спорт мектебінің игі істері туралы материалдар жарияланған. Журналдың бастамасымен, журналдың Кубогына арналған Республикалық «Тай жарыс» бәйгесін өткізу ережесі мен жылқының жасын айыру, тағы басқа жылқыға байланысты материалдар жарияланған.
ХХІ ғасырда көпшілік батысқа еліктеп, әр түрлі шараларды соларша өткізуге тырысып жатқан тұста төл өнеріміз мен мәдениетімізді жаңғырту мақсатында өмірге келген «Керемет той» журналы ұлттық құндылықтарға, той мен салт-дәстүрге арналған алғашқы астаналық басылым екенін ерекше атап өткен жөн. Сондықтан журналдың басты мақсаты ата – бабадан мирас болып қалған, астарында терең пәлсапалық мағына жатқан ұлттық салт-дәстүрлер мен рәсімдерді ұстану арқылы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады. Аталған журналдың өзіндік ерекшелігі бар. Оның мазмұны талғамға толы. Той екен деп, келсе келмес материалдарға орын берілмейді. Оның тақырыптық ерекшелігін ұлттық тұрғыдан көріктеп, түрлі танымдық ой салар материалдар жариялап отырады. Жалпы алғанда, «Керемет той» журналы қазақ мәдениетінің жаршысы, оның салт-дәстүрін, сан түрлі жақсы қасиеттерін насихаттаушы. Оның қазақ журналистикасының орнын өзіндік ерекшелігімен толтырып, ұлттық мәдениеттің ұмытылып қалмауы үшін ұмтылыс жасап жүргені қуантады.
«Керемет той» журналында қазақтың ұлттық болмыс-бітімі мен мінез-құлқы, салт-дәстүрлері көрініс табады. Қазақ халқы ежелден тойшыл халық болғандықтан, ата-дәстүр ізімен той-думандарда салт-дәстүрлерді орындап шығады. «Тал бесіктен, жер бесікке» дейінгі аралықта өтетін адам баласының әрбір қызық-қуанышы ойын-сауықсыз, ұлттық дәстүрсіз өтпеген. Қазақилықпен бірге той мәдениетін де қалыптастырып үлгерді. Алайда, қазіргі таңда өткізілетін әрбір той-мерекелерде кейбір салт-дәстүріміз көлеңкеде қалып, ұмыт болып бара жатыр. «Керемет той» журналы қазақтың нағыз қазақтығын, салт-дәстүрінің ғажаптығын көрсететін өркениетті той мәдениеті қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасы бар. Қазақ «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасайтын думаншыл халық. Сондықтан оның тойы да сол думанға сай болмақ. Осы мәдениетті көрсетіп, халықтың танымдық деңгейін өсріуде «Керемет той» журналының атқарған қызметі ерекше. Бұл оның бай мазмұндылығының, тақырыптық ерекшілігінің көрінісі. Осы орайда, «Керемет той» республикалық бірлестігінің көздеген мақсаты мен негізгі міндеті – қазақ халқының той мәдениетін бір жүйеге келтіріп, сұрыптап, ортақ түсінік қалыптастыру.
«Керемет той» журналының өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар. Оның ұлттық ерекшеліктері – айдарларынан айқын көрінеді. Айталық, ондағы айдарлар: «Ардақты асабалар», «Ибалы қыз», «Сері жігіт», «Жас жұбайлар», «Бәрінен де сен сұлу», «Әлемді шарла», «Әнші», «Биші», «Салтымызды сақтайық» деп аталады. Міне, осыдан-ақ оның ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын журнал екенін аңғару қиын емес.
«Керемет той» журналында «Шілдехана» деген шағын салт-дәстүрге негізделген танымдық мақала жарияланған [4]. Осы мақалада қазақтың шілдехана тойы туралы жақсы мағұлмат береді. Айталық, «Шілделік, шілде күзет – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқы адам өмірге келгеннен кейін, жақындарына сүйінші сұрап жаушы жібереді. Сүйінші хабарды жеткізгендер ұл туса – «ат ұстар» немесе «жылқышы», қыз туса – «көйлек тігер», «қырық жеті» немесе «сауыншы туды» деп хабарлаған. Одан кейін туған-туыстар, көршілер және алыс-жақын ағайындар Шілдеханаға жиналады да «бауы берік болсын» деп тілек айтып, шашу шашып келеді. Шілдехана мәні алғаш нәрестені жын-періден қорғап, «күзету» деген сенімге саяды. Сондықтан оны «Шілде күзет» деп те атайды. Бұл ғұрыптың түпкі мәні бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау дегеннен туындаған. «Шіллә» («чілле») парсы «қырық» деген мағына береді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бала үшін туылғаннан 40 күнге дейін қауіпті кезең саналған, оған дейін нәрестеге көп адамды жолатпай, бала мен анасын жақсылап күткен (Қырқынан шығару). Әсіресе, жас нәресте жатқан үйде үш (кейде 40 күнге дейін) күні бойы шам жағылып, «күзетілген». Кейіннен шілдехана ұлттық ойын-сауық кешіне айналған» деп жазады. Бұл ұлттық таным-түсініктің артуына, қазақы дәстүріміздің дамуына оң әсерін береді. Жалпы алғанда, осындай дүниелер арқылы «Керемет той» қазақ журналистикасының олқы түскен орнын толтырып келеді.
«Қай ұлттың баспасөзі мықты болса, сол ұлттың өзі де мықты [5] деген сөзін басшылыққа алған «Түгел-Медиа» сол баспасөздің тірегі – журналистің тілегін, жай-күйін,мұң-мұқтажын, құқығының қорғалуын үнемі назарда ұстап отырады. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Ол әркез жаңаны жақтаушы, бар жақсылықты қолдаушы болып табылады. Сөйтіп газет-журнал немесе радио мен телевидениенің жұмысын атқарып, творчестволық қызмет жасайды. Ол редакция жүмысында бірінші — ұйымдастырушылық, екінші -әдеби өңдеу, үшінші шығармашылықпен айналысады. Бұл үшін оған білім мен қабілет керек.
Оған қоса өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет болып саналады. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазатын болуы керек. Жұртқа өмір жайлы толғап айта білу де үлкен өнер. Ол үшін тіл, сөз байлығын қолдану қажет. Тағы бір айтарлық жайт, журналист қоғамдық қайраткер бола алса тіпті жақсы. Ол уақыт, заман ағымын жақсы түсінуі тиіс. Ол идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білгені жөн. Осы ретте журналистердің ерен еңбектерін сан қырынан көрсетіп келе жатқан республикалық «Журналистер әлемі» журналын да тұрақты түрде шығарып келеді. Бұл да «Түгел-Медианың» қазақ елінің әлеуметтік өміріне әкеліп қосқан бір жақсы үлгісі екені даусыз. Қазіргі журналистика – саналы жанның әлеуетін ашуға, қоғамдық қатынастарды жетілдіруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан тануға болысатын, шығармашылық әдіс-амалды дамытуға көмек қолын созатын жанашырлық сипатты ғылым. Сол себептен салыстырымдылық қағидаты, генетика заңдары, табиғи сұрыптау әдісі, гравитация райлары, болжамдық математика амалдары, түрлі-түрлі алгоритмдер қисындық һәм қолданбалы масс-медиаға да жат емес. Бұны біз көбінесе талдамалы жанрлар блогы, журналистика социологиясы, тарихи дәстүр жалғастығы деп, ақпарат саласы мамандары мен жалпы пейілдес көпшілікке ұғымды тілмен әліптеп жүрміз. Қазіргіше айтсақ, ғылыми қызмет пен білім беру үдерісін қатар ұстап отырмыз.
Республикалық саяси-әлеуметтік «Ұлы дала қырандары» журналы да «Түгел-Медиа» бірлестігінің ұтымды да ауқымды жобаларының бірі. Журнал 2012 жылы құрылған «Ұлы дала қырандары» атты қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысқа ақпараттық жағынан қолдау мақсатында шығарыла бастаған. Бұл объективті тұрғыдан қаралған өте жоғары жауапкершілік. Объективтілік дегеніміз — шындықтың нағыз өзі деген сөз. Журналистің тағы бір ұстанатын принципі – жазған материалдарының нанымды болуы. Себебі, бұл қоғамдық қозғалыстың негізгі мақсаты халыққа адал қызмет ету, ұлы дала мәдениетін жаңғырту, ана тілімізді қастерлеу, қоғам дертіне айналған жемқорлықпен күресу, жұмыссыздықты жою, еліміздің болашағы жастарға дұрыс жол көрсету, демографияға көңіл бөлу, ауылдың жағдайын көтеру болып табылады.
Журналистиканың барлық қызметі демократиялық қоғам санасына, сөз бостандығы, пікір еркіндігіне негізделген. Базаларға сүйене отырып, ол кез келген фактіні, оқиғаны жан-жақты қарастырады. Бір жақты баға беруден бойын аулақ салады, тәрбиелі, жоғары мәдениетті журналистиканың жағымсыз эпитетті ұнатпайтыны да сондықтан. Ол сондай қылықты өз әріптестерінен де, өз оппоненттерінен күтетіні әбден заңды. Шындығын айтсақ, сана мен парасат шен-шекпенмен, жоғары лауазыммен бірге келмейді. Жалпы, жеке жоғарғы оқу орнын басқару о баста немістерден ауысқан технократтық тәсілдерге ғана, стилі мен логикасы бір сәттік эффектіге ғана емес, кемел ақыл-ойға, келешектік мәні бар жоспарларға, сенімді ғылыми болжамдарға арқа сүйеуі қажет. Реформамызға сырт жақ не дейді, анаған ұнамай қаламыз ба, мынаның көңілінен шықпай қаламыз ба деген әйеншек, қорғалау принципі бізге жат болуға тиіс. Басты өлшем – ұлттық мүдде, мемлекеттік қауіпсіздік. Журналистика – бұқаралық сипаты басым құбылыс, ешбір қоғамдық ғылым көсемсөздей, баспасөз мәтіндеріндей халық арасына кең тарай алмайды. Оның демократиялығы, ұлттық қасиеті осында. Ол халық санасымен, ұлттық және ғаламдық таныммен тығыз табысқан.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Қазанат» журналы – 2014 ж. №20, 23-б.
- «Қазанат» журналы – 2013 ж. №15, 11-б.
- baq.kz
- «Керемет той» журналы – 2014 ж. №3, 34-б.
- М. Дулатұлы. Бес томдық толық жинағы. Үшінші том-156.Алматы. Мектеп баспасы.
Ғайша Жаннат
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің магистранты