Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының еңбек етіп жатқанына биыл 12-жыл. Ол ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 29 сәуірдегі №405 «ҚР Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес құрылды. Бүгін мекеме директорының орынбасары Саят Құсайынұлымен сұхбаттасу сәті түсті.
– Саят мырза, «Оқулық» орталығының қазіргі жұмыс барысы қалай өтуде?
– «Оқулық» орталығы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне бағынысты ұйым. Орталықтың басты қызметі – барлық білім деңгейлеріне арналған оқу басылымдарына, соның ішінде электрондық басылымдарға толықтай сараптама жүргізіп отыру. Бұған қоса, орталық оқулықтану мәселелері бойынша ғылыми және әдістемелік жұмыстармен айналысады. Оқулықтану саласы бойынша зерттеулер жүргізіп, әлемдегі оқулық әзірлеу саласындағы жетістіктерді зерделеп, нәтижелерін ғылыми мақалаларда жариялаймыз. Оқулықтарға қойылатын талаптар, олардың сапасын бағалау критерийлері мен көрсеткіштері ретінде өзіміздің жұмыс тәжірибесіне енгізіп жатырмыз. Бұл бағытта отандық және шетелдік ғалымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеудеміз. Жұмысымыздың нәтижесінің бірі ретінде, жуырда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция қорытындыларын айтуға болады. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету барысына мониторинг жүргізу бойынша да біраз шаралар атқарудамыз.
– Білім берудің сапасы мен тиімділігін арттыру жолында қандай мүмкіндіктерді қолданып жатсыздар?
– Білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға қосатын біздің басты үлесіміз – оқу басылымдарының сапасына объективті баға беру, оқыту процесінде қолдануға барлық талаптарға сай келетін оқу басылымдарын ұсыну және оқушылардың қолына сапасыз оқулықтардың түсуіне жол бермеу. Осы жолда сараптама жүргізу тәртібін жетілдіріп, сарапшалардың кәсіби біліктіліктерін арттыру шараларын іске асырудамыз.
– Оқулықтардың сапасына қаншалықты мән бересіздер?
– Білім беру жүйесін сапалы оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету біздің басты қызметіміз. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарынан оқулықтар, олардағы қателіктер туралы көптеген материалдар жарияланып, хабарлар берілуде. Айтылған көптеген сындар орынды және оларды қабылдаймыз. Бірақ орынсыз айтылған, шындыққа жанаспайтын пікірлер де жеткілікті. Бір кезде баспаөз беттерінде жарияланып, елдің арасына кең таралып кеткен тарих оқулықтарындағы Ұлы Отан соғысының басталуы датасындағы қателер туралы ақпараттты айтуға болады. Іс жүзінде ол ақпарат жалған болып шықты. Осындай ақпараттар еліміздегі оқулықтардың сапасы туралы теріс пікірлер қалыптастырып отыр.
– Бүгінгі қолданыстағы оқулықтардың сапасы жайлы не айтасыз?
– Қазіргі оқулықтардың сапасы туралы айтқанда оның бірнеше жақтарын қарастыру керек. Оқулық – оқытудың басты құралдарының бірі екені белгілі. Оқулықтың мазмұны, құрылымы, оқу материалдарының берілу әдісі, тапсырмалар түрлері және тағы да басқа әдістемелік элементтері оқыту үдерісінде негізге алынған тұжырымдамаларға, педагогикалық көзқарастарға, нақты оқыту әдістемесіне негізделеді. Оқулықтың сапасы оқыту мақсатына жетудегі және қойылған оқыту міндеттерін шешудегі тиімділіктерімен анықталады. Қазіргі қолданыстағы оқулықтар білім беру стандартына, оқу бағдарламаларына сәйкес. Оның мазмұны және құрылымы, оқу материалдарының ғылымилығы, әдістемелік аппараты элементтері де бүгінге дейін қойылып келген талаптарға жауап береді. Бұл оқулықтарда кемшіліктер жоқ деген сөз емес. Отандық оқулықтардағы кемшіліктердің бірі – иллюстрациялардың сапасы, безендірілуі. Сонымен қатар оқулықтарда әр пәннің мазмұнының ерекшілігіне қатысты кемшіліктер де кездеседі. Тарих оқулықтарында тарих даталар бойынша сәйкессіздіктер баршылық. Мысалы, Бұланты шайқасы бір оқулықта 1836 жылы болды делінсе, екінші оқулықта 1838 жыл көрсетілген. Бұны әдейі қателік емес, сәйкессіздік деп отырмын. Себебі, оқулық авторлары ол даталарды белгілі бір тарихи еңбектерге сүйене отырып алады, және оларда осындай әр түрлі деректер берілген. Қазақстан тарихындағы осындай даталарды нақтылау бойынша нақты іс-шаралар атқарылуда. Енді шығатын оқулықтарда мұндай сәйкессіздіктер болмайды деп сенемін. Бұрын оқушы үшін ақпарат көзі тек оқулық болса, қазіргі кезде ондай ақпарат көздері өте көп. Соған байланысты оқулықтың атқаратын қызметі де өзгереді. Ол бірінші кезекте оқушыға білім елінде бағдар беруші қызметін атқаруы тиіс. Биылғы оқу жылы бірінші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленген жаңа оқулықтармен білім алатын болады. Бұл оқулықтардың құрылымы, безендірілуі, олардағы мәтіндер, тапсырмалар қолданыстағы оқулықтардан бөлек. Оларды әзірлеу барысында авторлар оқулықтану саласындағы замануи жетістіктерді барынша пайдалануға ұмтылған… Біздің сарапшылар да осы оқулықтардың жаңартылған білім мазмұны енгізудегі басты ұстанымдарға сәйкестілігін бағалауға тырысты. Осы оқулықтарды білім беру жүйесіне енгізу барысында әзірлеушілер ғана емес, біздің сарапшылар да үлкен тәжірибе жинақтады деп ойлаймын. Өйткені олар оқулық сарапшылар үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» арнайы өткізген біліктілік арттыру курстарынан теориялық білімдер алып қана қоймай, өз білімдерін практика жүзінде пайдаланып, қажетті іскерліктері мен дағдыларын жетілдірді.
– Ең үздік кітап шығаратын ұйымдар деп қай баспаны айтар едіңіз?
– Бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Бұдан менде баспалардың әзірлеген оқулықтары туралы көзқарас жоқ екен деген пікір тумауы керек. Біздің Орталық барлық баспалардың оқу әдебиеттеріне сараптама жүргізетіндіктен, олардың сапасына баға беретін болғандықтан мына баспаның оқулықтары жақсы десем ол бір жағынан жарнама болып кетуі мүмкін, екінші жағынан оқырмандар да осы баспаға «бүйрегі бұрады-ау» деген пікір қалыптасуы мүмкін. Біздің мақсатымыз барлық оқулықтарға ашық, бірдей талаптарға сәйкес сараптама жүргізе отырып оларға әділ бағасын беру.
– Жаңа оқу жылына қандай жоспарларыңыз бар?
– Біздің алдымызда тұрған үлкен міндет бар. Ол жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуді тиісінше сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Бұл міндет жаңа оқу жылын ғана емес, 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтиды десек те болады. Осыған сәйкес мектеп оқулықтарына қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптарды жетілдіру, сарапшылардың біліктілігін арттыру сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр. Ал жұмысымыздың негізгі бағыты бойынша 2016 жылдың қыркүйегімен 2017 жылдың қыркүйегі арасындағы басты мақсатымыз жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленген 2, 5 және 7-ші сыныптарға оқулықтармен оқу-әдістемелік кешендерді білім беру жүйесіне енгізу.
– Өзіңіздің педагогикалық тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
– Менің педагогикалық тәжірибем жиырма жылдан асады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін сол оқу орнында оқытушылық қызметке қалдым. Ары қарай Ресей білім академиясының аспирантурасында білім алдым, ғылым кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шықтым. Ұзақ жылдар жоғары оқу орнында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып педагогикалық және ғылыми жұмыстармен айналыстым. Ғылыми жетекшілігіммен 2 оқушым ғылым кандидаты дәрежесін алу үшін диссертацияларын қорғады. Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында зертхана меңгерушісі қызметін атқара жүріп білім беру стандарттарын, пәндік оқу бағдарларламарын әзірлеуге қатыстым. Бүгінде жарияланған 50 аса ғылыми, әдістемелік және оқу құралдарым бар. Олардың ішіндегі екеуі жоғары мектепке арналған оқу құралдары, біреуі басқа авторлармен біріге отырып жазған орта мектепке арналған сынақ оқулығы.
– Қазақстанның азаматы ретіндегі арманыңыз қандай?
– Ол әрине, Қазақстан білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігінде өзіне лайықты орын алуы.
– Хоббиыңыз қандай?
– Қазіргі кезде беріле айналысатын хоббиым жоқ. Ұзақ уақыт бойы спортзалға барып, футзал ойнаушы едім. Қазір өкінішке орай, оған қол тие бермейді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет!
Омаров Саят Құсайынұлы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Мадина НЕМАТЖАНҚЫЗЫ.