Ибраева Жанар Мұхаметқалиқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ
Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану
(гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының
аға оқытушысы, тренер
Қазақстанда орта білім беру жүйесінде оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.
Әрбір қазақстандықтың үш тілді қатар білуіне арналған тіл саясатына сәйкес қазақ тілінің мәртебесі тағы бір асқақтап тұр. Жаңа бағдарламаның ерекшелігі де сол – бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар меңгерту арқылы өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру. Қазақ тілін жаңа стандарт бойынша меңгерте отырып, біз оқушының қызығушылығын арттырып қана қоймай, оны ары қарай ізденуге, алған білімін өмірмен байланыстыруға мүмкіндік береміз. Бағдарлама мұғалімдердің біліктілігін арттыруда педагогикалық әдіс-тәсілдерге толы. Жаңа бағдарламада қойылатын талап пен күтілетін нәтиже де анық көрсетілген. Осы арқылы мұғалім оқушы деңгейін әр сабаққа құрған критерилері арқылы бағалай алады. Бағалай отырып оқушының қай жерден қателесіп тұрғанын, ары қарай қалай жұмыс жасау керектігін жоспарлай алады. Жаңа бағдарлама бойынша оқушы сабақта емес, тақырыптың ішінде, яғни бәрін өз басынан өткізеді. Яғни, оқу үдерісінде оқушының белсенділігі артып, алған жаңа білімін тәжірибеде, күнделікті өмірде еркін қолданатын болады.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы мәселелерді анықтап зерттей білуді талап етеді.
Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдер (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) туралы дәрістер мен тренингтер.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Оған оқу мақсаттары зерделей отыра тапсырмаларды ықшамсабақтарды құрастыру барысында көз жеткіздік. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.
Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр.
Жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін меңгерту мақсатында орта білім беру жүйесінің мұғалімдеріне арнайы курстар ұйымдастырылды. Курста жаңартылған оқу бағдарламасы, оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту технологиялары да қарастырылды.
Сахна төріне шәкіртттерімізді шығарып, әр баланың жан-дүниесіне үңілуіміз керек. Балаға еркіндік береміз, ол өз таңдауын жасау керек. Сонда ғана олар өздерін еркін сезіне біледі. Бұл еркіндік оқушыны өз ойын дұрыс жеткізе білуге тәрбиелейді. Оқушының үлгерімі төмен болса да оның жүрек түкпірінде жатқан жасырын бір қасиетін сыртқа шығару ұстаздың шеберлігіне байланысты. Бұл қасиетті тек жаңартылған бағдарламаның әдіс-тәсілдері арқылы анықтаймыз. Осы әдістерді сабақ барысында тиімді пайдалана отырып, оқушының өз бетінше жұмыс жасауына жағдай жасалынады. Бұл бағдарламаның негізінде көбінесе топтық жұмыс жасалынады. Балалар бірлесіп жұмыс жасайды. Кейбір балалар осы топта белсенділік таныта бастайды. Оқушының ішкі уәжіне сыртқы уәж әсер етеді. Оқушының сыртқы уәжін қалыптастыратын мұғалім мен жанындағы оқушылар. Бұдан шығатын қорытынды: бала ортада дамиды. Яғни, оқушының білімді, өмірдің әртүрлі жағдайына бейім, сын тұрғысынан ойлана алатын, коммуникативті тұлға болып қалыптасуына жаңартылған білім бағдарламасының әсері мол.
Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттелді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы – кемел болашақтың жарқын бастауы болсын.